Nur.skiv@mail.ru
СӘБИТ ЖӘМБЕКТІҢ КӨРКЕМ ӘДЕБИ ТУЫНДЫЛАРЫ ХАҚЫНДА
Аннотация: ғылым тек тоқтаусыз дамып отырғанда ғана ғылым бола алады. Өйткені
ол – Адам интеллектісінің, ақыл-ой, парасатының шарықтау биігі, толассыз дамуының
шексіз көкжиегі. Ғылымның дамуы ұрпақтан-ұрпаққа үздіксіз ұласып жататын өнеге-үлгі,
дәстүр жалғастығына байланысты, ал бұл жалғастық ғылым дүниесіне жаңалық әкеліп
жатқан әрбір жаңа еңбекке ғалымдар қауымының әрдайым сергек қарап, сарапқа салып, оң
не теріс қабақпен қабылдауына, бағасын беріп, ғылым саласынан орын беріп, санатқа қосу,
қоспауына байланысты. «Ғалымды бағалау − ғылымды бағалаудан туады» деудің себебі де
осы бір қалыптасқан тамаша дәстүрге байланысты. Мақалада осындай қазақ әдебиеті
ғылымын өркендетуге үлес қосып жүрген әдебиетші ғалым Сәбит Нұрмұхамедұлының
көркем әдеби туындылар жазудағы еңбектері жайында айтылады. Жазушының көркем
әдебиеттегі әңгіме, хикаят, драма, роман-эссе жанрлары бойынша жазылған туындылары
әдебиеттің дамуына зор үлесін қосқандығы талданады. Сонымен қатар мақалада
ғалымның азаматтық поэзиясын жаңа ракурста, соны рельефте жазғандығы сөз болмақ.
31
Тірек сөздер: әдебиет, реализм, әлемдік интеграция, жаңа ракурс, аксиомалық принцип.
Әдебиеттің, соның ішінде ғылымға қатысы бар бағыттағы әдебиеттің кез-келген
қоғамда қажеттілігі орасан зор. Әсіресе, қазіргі әлемдік интеграция процесі жылдам дамып,
ғылым мен экономиканың біртұтас жүйеге түскен шағында, жасанды интеллектінің
жаңалығы күнделікті ақпаратқа айналғанда ғылыми әдебиеттің құндылығы арта береді.
Әдебиет пен ғылым егіз. Тіпті кез келген әдебиет жанрының өзі белгілікті жағдайда
ғылымның аксиомалық принциптеріне негізделіп жататыны белгілі.
Қазақ әдебиеті ғылымы әлем әдебиеті ғылымынан сәл кештеу дамыса да, ХХ ғасырдың
екінші жартысынан бүгінгі күнге дейін еркін әрі жедел дамудың арқасында үлкен
жетістіктерге жетті. Бұл жолда қазақ әдебиеті ғалымдардың қабілет қарымының, зор
интеллектуалдық біліктіліктерінің жоғары деңгейде болуы дәлел.
Көкше өңіріндегі қара шаңырақ бүгінгі Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік
университетіне өткен ғасырдың 80 жылдарының соңын ала жұмысқа орналасып, сол кездегі
әдебиеттің марқасқалары О.Сұлтанияев, Н.Ыбыраев, Ж.Мусиндердің ғылыми мектебінен
ұлағат алған Сәбит Нұрмұхамедұлы тамаша ғалым ретінде қалыптасты. Оқу орнында
ашылғанына көп уақыт өтпеген қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің аяғынан тік тұрып,
сапалы мамандар даярлануына үлкен үлес қосты.
Сәбит Жәмбектің ғылымдағы, педагогикалық қызметіндегі еңбегі елге танылған. Біз
осы мақаламызда ғалымның өз ғұмырындағы ой тоқтатып, салмақпен таразы басын тартқан
елуден кейінгі шағындағы көркем әдеби туындылар жазудағы еңбегіне тоқталсақ деп
отырмыз.
Сәбит Жәмбек – ғалымдығымен қатар соңғы жылдары көркем шығармаға да қол
тартқан тұлға. Көркем әдебиеттегі әңгіме, хикаят, драма, роман-эссе жанрлары бойынша
қалам тербеген. Ғалымның ХХ ғасырдың басында қазақ әдебиетінде найзағайдай жарқ етіп,
жаңа поэзияның соңғы бағытта дамуына айырықша өң берген қазақтың біртуар ақыны
Бернияз Күлеевтің ақындық мұрасын ғылыми айналымға енгізгені мәлім. Ал осынау
талантты тұлғаның жарқ еткен жұмбақ ғұмырындағы оқиғаны «Наган» жыры әңгімесінде
көркем беруі сәтті шыққан. Көркем прозадағы әңгіме жанрына қойылатын талапты ескере
отырып, ұзын-сонар баяндауларсыз, тек дарынды ақынның өмірінің бір ғана сәтін әсем
әсерлі суреттеу арқылы бере білген. Әңгімені оқыған санасы жетілген оқырман болса, одан
әрі Бернияздың бүкіл ғұмырын зерттеуге оның ақындық өнерінің қыр-сырларын түсінуге бет
бұратынын сезу қиын емес. Расында да ХХ ғасырдың басында, жаңа қоғамдық сана
қалыптаса бастаған шақта бұрын қазақта болмаған тосын оқиғамен есте қалдырған Бернияз
тарихы тек қазақтың ғана емес, сонымен қатар туысқан татар ұлтының да жүрегінен ұзақ
уақыт шықпай, тіпті белгілі «Наган жыры» әнінің тууына себепкер болғаны есте.
Әдебиеттің бір мақсаты ‒ бүгінгі қоғамның әлпетін, даму деңгейін, адамдар
арасындағы қарым-қатынасты көркем тілмен оқырманға жеткізе білу. Өткен ғасырдың
аяғындағы қазақ ауылындағы өтпелі кезең өмірі өте ауыр болғаны аян. Бұрынғы кеңес
жүйесі келмеске кетіп, жаңа қоғам әлі толық еніп болмаған өліара шақтағы қазақ ауылының
кейпін «Күрмеу» әңгімесі арқылы суреттеуде Сәбит Жәмбек сол кездегі қарапайым адам
психологиясындағы өзгерістерді негізгі тақырыпқа айналдырады. «Күрмеу» әңгімесінің
аяқталмауы ‒ оқырман үшін өзіне таңдау жасауға жетелейді. Әңгіменің аты «Күрмеу»
болуында да символикалық мағыналы астар жатыр. Қазақта күрмеп байлау әдісі бар, ол жай
шешілмейді. Тек арнайы тәсіл арқылы ғана білетін адам шешіп алады. Ал, әңгіменің
тақырыбындағы күрмеу сөзінің идеялық мағынасы ‒ қазақ ауылының сол кездегі әлеуметтік,
тұрмыстық, тіпті саяси-экономикалық мәселесінің тіпті бүгінгі күні де шешілмеуі, яғни
күрмеуі күрделене түскенін анықтауға апарады. Аз ғана әңгіме мәтінінің соңындағы
лейтмотивте Секеннің «Ақ жауын» күйінің ойналуы, оған дейін елден келген жары
Жазираның ауылға оралу туралы хатының әсері, тұрмыстың тауқыметін көрген Бейсеннің
түсінде отбасын көруі ‒ бәрі қазақ қоғамындағы жаңа өзгерістер басталған тұстағы ортақ
ауыртпашылықтың көрінісін байқатады.
32
Сәбит Жәмбектің келесі бір көркем туындысы «Жазмыш» деп аталады. Сәбең оны
кітабында әңгіме деп, ал мазмұнында хикаят деп қойған екен. Туындының сюжет желісі,
болған оқиғаны баяндау тәсілі негізінде өмірден нақты фактілерге сүйене отырып алынғанға
ұқсайды. Және мазмұндағы көптеген атаулар мен есімдер сәл өңі өзгеріп айтылғанмен,
меніңше, Сәбит Нұрмұхамедұлының өзі тұрып жатқан қалада, (бұл жерде облыс орталығы
Көгілдіртау) өзі қызмет атқарған білім ордасында болғанға ұқсайды.
Р.Якобсон «Реализм дегеніміз не? Бұл ‒ шындықты өмірге барынша жақын беруге
ұмтылатын көркемдік әдіс. Реалистік шығарма деп, біз өмірді шындыққа жақын бейнелейтін
шығармаларды айтамыз» [1, 267] дегені Сәбит Жәмбектің көркем туындыларының негізгі
тақырыптық кредосын анықтайды. Туынды аспаннан алынбаған, ойдан шығарылмаған, яғни
біз өмір сүрген қоғамның айнасы. «Күрмеу» әңгімесі, «Жазмыш» хикаяты да біздің қоғам,
кейіпкерлері де біз жүрген ортаның адамдары, түрін түстеп, өздік танитын жандар
(персонаждар).
Сәбит Жәмбектің осы үш көркем туындысы да қазақ ұлтына етене жақын тақырып.
Ұлттың ұлы тұлғасының портретіне терең зерделей көз жіберу «Наган жыры» әңгімесінде
көрінсе, халықтың бұл жерде қазақ ұлтының, тұрмыс-тіршіліктің өзін өмір сүрген қоғамның
көзқарасы арқылы сипаттау «Күрмеу» әңгімесі мен «Жазмыш» хикаяты арқылы беріліп
отыр. Яғни, бұл туындылар ғалым С.Жәмбекті ендігі жерде көркем суреткер ретінде
көрсетеді. Сонымен қатар ғалымның азаматтық поэзиясын жаңа ракурста, соны рельефте
көреміз. Ол ‒ жазушылық стильдің қалыптасқанын, не қалыптасу жолында екенін
айғақтайды. Меніңше, ғалым С.Жәмбектің алдағы уақытта жазушы ретінде кесек
шығармалар жазуға бара алатын қабілетінің мол екені байқалады. Екіншіден, Сәбең
әдебиеттің жілік майын шағып ішкен маман, әдебиет теориясы, тарихы, сынын жан-жақты
меңгерген, қазақ, түркі әдебиеті ғана емес бүгінгі әлем әдебиетінің жауһарларын оқып
тауысқан, оның даму тенденциясының тамырын ұстап отырған білгір. «Асылында стильдің
негізгі түп-тамыры ‒ формалық әр алуандықтан гөрі идеялық басты ой ұстанымынан нәр
алушылығында болып келеді» [2, 170] дейтін болсақ, көркем прозаға қалам тербей бастаған
С.Жәмбектің негізгі стилі ‒ идеяны бере білуінде ғой деп ойлаймын.
Біз, Сәбит Жәмбектің барлық көркем туындыларын талдауды мақсат тұтпадық.
Мәселен, «Шоқан боп сүйген жүрек» атты алғашқы драмасы бар. Оның тарихи тұлға, ғұлама
данышпан Шоқан Уәлихановқа арналғаны белгілі. Бірақ осынау атақты тұлғаның қамшының
сабындай қысқа ғұмырын зерттеген, жазған ғалымдар мен жазушылар жүздеп саналады.
Бірақ қанша айтылды, жазылды, зерттелді десек те ғалым ретінде көп білетіндігі басым
түскен С.Жәмбектің өзгелер айта алмаған бір тарихты, бұл жерде Шоқан мен Настяның
(Анастасия Николаевна Голицина) арасындағы сезім қарым-қатынасын суреттеу арқылы
көркем әдеби драманың форматында беруі тамаша әрі оңтайлы ұйғарым деп шешкен дұрыс.
Ал Сәбит Нұрмұхамедұлының «Себезгі сырлар үзігі» оның гармониялық жан-
жақтылығын әдебиетші ғалым, ұстаз-педагог, филолог-эстет жазушы ретінде танытатын
туындысы деп қараған жөн. Асылында, ішкі терең таным-түйсігі өзінің оқып-тоқығаны мол
интеллектілік қабілетімен ұштасып жатқандықтан Сәбеңде көптеген конструктивтік,
коммуникативтік, перцептивтік, дидактикалық қасиеттердің мол екенін білеміз.
Сәбеңнің өмірлік кредосын оның «Намыс философиясын сөз етсең, көп нәрсе айтуға
болатын сияқты,» (әке туралы пайымдамасы) «Күлбілте, жалтақтығымыз көп», «Біздің
ағайынға айқындық, туралық, батылдық қажет!», «Әй, осы қазақбайлығымыз-ай», «Біздер не
істеп жүрміз осы?!», «Біздегі жеңсік көңілдің сыр-сипаты осындай!», «Жұмақты да, тамұқты
да орнататын-адамдар!», «Қазіргі билікке құрақ ұшатын жантықтар!», «Бізге катарсис қажет-
ақ!», «Саналы дүниелеріміз азайып кетті» деген өз хақлиялық жазбаларынан анықтап алуға
болады.
Біз тәлім алып, тәрбие нәрімен сусындаған Шоқан атындағы білім қара шаңырағында
саналы ғұмырын ғылым мен білімге арнап келе жатқан ғалым, ұстаз, толық бітімді тұлға
Сәбит Жәмбектің алдағы уақытта да атқарар жұмыстарына шығармашылық табыстар
тілеймін.
33
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Нұрғали Р. Әдебиет теориясы. – Астана:Фолиант баспасы, 2003. – 267 бет.
2 Қалшабек А. Әдебиеттану ғылымына кіріспе. –Астана:Фолиант баспасы, 2016. – 170 б.
ӘОЖ 82.0(5Қ)
АҚТАНОВА АЙМАН СОВЕТҚЫЗЫ.
Шәкәрім атындағы Семей университеті
Семей, Қазақстан
Достарыңызбен бөлісу: |