Атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция материалдары


ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНДАҒЫ  ӨНЕГЕЛІ ҒҰМЫР



Pdf көрінісі
бет5/204
Дата06.01.2022
өлшемі3,96 Mb.
#14830
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   204
ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНДАҒЫ  ӨНЕГЕЛІ ҒҰМЫР 
 
ӘОЖ 82.0(5Қ) 
ЕСМАҒҰЛОВ АМАНЖОЛ ЫДЫРЫСҰЛЫ  
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті 
 Көкшетау, Қазақстан 
 
СЫНДАРЛЫ ДА ЗЕРДЕЛІ ҰСТАЗ 
 
Аннотация:  мақала  әдебиеттанушы ғалым Сәбит Жәмбектің өмір,  шығармашылық 
жолына  арналады.  Ғалымның  ғылыми  шығармашылық  жолындағы  мектебі,  тәлім  алған 
ордасы  сөз  етілді.  Ұстаз-ғалымның  ғылыми  ізденістерінің  ерекшеліктері  жан-жақты 
зерделенді. 
Тірек  сөздер:  шығармашылық,  ұстаздық  болмыс,  ғылыми  орта,  шығармашылық 
өмірбаян 
 
Бүгінде аға жасы алпысқа толып отырған бүтін Ақмола өңірі, талғампаз Көкше жұрты 
өзінің  зерделілігімен,  тыңғылықты  да  терең  білімдарлығымен  дараланған  ұстаз  ретінде 
таниды да ерекше құрмет тұтады. 
Осыдан 31 жыл бұрын, атап айтқанда 1988 жылдың қыркүйегінде осы өңірдегі білімнің 
қара  шаңырағы,  даңқты  жерлесіміз  Шоқан  Шыңғысұлы  Уәлиханов  атындағы  мемлекеттік 
педагогика  институтына  (бүгіндегі  осы  аттас  университетке)  Евней  Букетов  атындағы 
Қарағанды  мемлекеттік  университетінен  үш  талантты  жас  жолдамамен  келді.  Олар  сол 
уақыттан  оншақты  жыл  бұрын  ашылған  қазақ  тілі  мен  әдебиеті  кафедрасының  жұмысына 
бірден  білек  сыбана  кірісіп,  ұжымға  жаңа  леп  ала  келді.  Іргелі  оқу  орнын  сәтті  аяқтаған 
зерделі жастар аз уақыттың ішінде әріптестері алдында да, талғампаз шәкірттері алдында да 
жан-жақты  білімдарлығымен,  ізденімпаздығымен  көзге  түсіп,  зор  беделге  ие  болды,  өз 
саласының  білгір  маманына  айналды.  Олардың  ішінен    Жұпар  Жақанова  ғана  басқа  оқу 
орнына  ауысып,  Сәбит  пен Раушан  сол  күннен  бүгінге  дейін  бір  орында  абыройлы  қызмет 
етіп келеді. Бөлім ақсақалы ұзақ жылдар кафедра меңгеріп, білгір мамандарды ұйыстырып, 
өңір  мектептерінен,  республикамыздың  ілгері  оқу  орындарынан  білікті  мамандарды 
шақырып,  жинастырған  Жағыпар  Мұсаұлының  ұжымына  дес  келген  екі  жас  та  өздерінің 
ізденімпаздығымен,  өрелілігімен,  білімділігімен  дөп  келгендей-ді,  осы  ортада  сыйлы 
ұстаздық  етіп  келеді.  Осында  жүріп,  ғылым  жолында  да  талай  жетістіктерге  жетті,  білікті 
ғалым атанды, ұстаздық жолда да талай биіктерден көрінді. Раушан болса, талапшыл ұстаз, 
елімізге әйгілі тіл маманы Төлеутай Қордабаевтың жетекшілігімен ғылым кандидаты атанып, 
белгілі синтаксис маманы ретінде танылып, көпшіліктің іздеп жүріп оқитын ондаған сүбелі 
еңбектер жазып, көпке танымал болса, біз арнайы сөз етіп отырған Сәбит Нұрмұхамбетұлы 
еліміздегі ең іргелі білім ордасы Әл-Фараби атындағы қазақтың мемлекеттік университетінің 
профессоры,  ұлы  ғалымдар  Мұхтар  Әуезов,  Темірғали  Нұртазин,  Бейсенбай  Кенжебаев, 
Зейнолла  Қабдолов,  Мәлік  Ғабдуллин,  Тұрсынбек  Кәкішевтермен  қоян-қолтық  еңбек  еткен 
Ханғали Сүйіншалиев сынды зерделі ғалымның жетекшілігімен, тағдыр-талабына орай ұзақ 
жыл  зерттеп,  зерделенуден  қалыс  қалған,  тек  Бейсенбай  Кенжебаевтың  «ХХ  ғасыр 
басындағы қазақ әдебиеті» оқулығында аталған, кезінде өмірден өткеніне ұлы ақын Мағжан 
жыр  арнаған  Бернияз  Күлеевтің  шығармашылығын  зерттеп,  толымды  еңбек  жазып, 
филология ғылымдарының кандидаты атағын алуға жазған еңбегін сәтті қорғап шықты. Сол 
негізде жазған монографиясын зиялы қауым жылы қабылдады, ақын туралы қазақ әдебиеті 
тарихының  көп  томдығының  ХХ  ғасыр  басындағы  әдебиеті  қамтыған  тоғызыншы  томына 
ақын  туралы  тарауы  қосылып,  Сәбиттің  осы  көп  томдық  авторлары  қатарында  болуы 
ғылыми  орталықтан  шалғай  жатқан  ғалым  үшін  үлкен  жетістік  екені  сөзсіз.  Оның  бұл 
табыстары,  ғылыми  еңбектері  мен  көркем  шығармалары,  ауқымды  да  толымды  дәрістері 



 
салиқалы  ғалым  екенінің  дәлелі  демекпіз.  Өзге  әріптестері,  кешегі  арамыздан  өткен  ағалар 
Жағыпар  Мусин  мен  Нарбай  Ыбыраев,  Оғаз  Сұлтаньяев  пен  Оңдасын  Жауаров,  қатарлас 
еңбек етіп келе жатқан әріптестері оның білімдарлығын аса жоғары бағалайды; Жәкең болса 
бірде  «Сәбиттің  білмейтіні  бит  астында»  десе,  енді  бірде  «Сәбит  –  энциклопедист»  -  деп 
мақтайтын. 
Сәбитті  бір  көрген  адам  оны  сабырлы  тұлғасынан,  маңғаз  болмысынан,  кең  маңдайы 
жарқырап,  көзі  нұр  шаша  мөлдіреп  тіктей  қараған  жанарынан,  жарқындық  сеуіп  тұрған 
жүзінен терең білімді, ойлы азамат екенін аңғаратын. Осының түп негізі неде деп ойласақ, ол 
арғы  тектіліктен,  өскен  ортадан,  қала  берді  шыр  етіп  дүниеге  келген  сәтте  алғаш  жұтқан 
киелі  ауадан,  тәй-тәй  басқанда  табаны  тиген  топырақтан  болса  керек.  Жасынан  ғылыми 
ортадан  алшақ  кетпей,  осы  бір  өзіндік  қиындығы  да  қызығы  мол  салаға  етене 
жақындығының себебі де жоқ емес. 
Ол  өмірге  келген  өңір  (Қарағанды  облысы,  Жаңаарқа  ауданы,  Жеңіс  кеңшары)  ұлы 
даланың қақ ортасы, сайын даланы тербеп жатқан сырлы сазды, ән-жырлы өлке, сал-серілер 
мекені,  адамның  жүрек  қылын  шерткен  асқақ  поэзияның  отаны,  атағы  әлемге  танылған 
ұлылар  өскен  мекен.  Қазақ  поэзиясының  алыбы  Сәкен  Сейфуллин,  белгілі  ғалымдар  Серік 
Қирабаев  пен  Ақселеу  Сейдімбеков,  ділмар  шешен,  терең  білімді,  сөз  сырын  терең  ұққан 
Ісләм Жарылғапов пен Сәйділ Талжанов сынды қазақ тілі мен әдебиетінің білгірлері шыққан 
өлке. Ол туған өлкеден шыққан өнер майталмандары қаншама. Атақты күйші Сайдалы Сары 
Тоқа,  қазақтың  шертпе  күйінің  пірлері  Қазанғап  пен  Тәттімбет,  таңдайынан  бал  тамған 
Илияс Омаров, Қайрат Байбосынов, Бекболат Тілеуханов, тағы да талай дүлдүлдер шыққан 
өлке. 
Сәбиттің  балалық-жастық  шағы  кеңестік  дәуірге  дөп  келеді.  Ал  ол  кезде  ата-тегіңді 
қуалап, атақты бабалар еңбегімен мақтанып, масаттанатын заман емес-ті. Кеңес үкіметі бай-
бағлан,  ел  сыйлап,  абыройы  үстем  болған  жылдарды  қудалап,  ертеректе  өмір  сүрген 
жақсылардың атын атауға да тыйым салған болатын.  
Сәбиттің  де  ата-бабаларының,  арғы  тегінің  тарихына  көз  салсақ,  кезіндегі  солақай 
саясаттан зардап шеккен талай ата-бабаларын кездестіре аласың. Кезінде ел шежіресіне, ата-
баба  дәстүріне  қатаң  қараған  сәтте  де  Сәбит  тектілік  пен  ізгілік  тамырын  сезіп  өсті,  ата-
бабаларының  халық  үшін  жасаған  игілікті  істерін  мақтан  тұта  білді.  Оның  бесінші  атасы 
Жарқын  Кенесарының  ту  ұстап,  қол  бастаған  атақты  батырларының  бірі  болған,  өмірінің 
ақырғы  сәтіне  дейін  ұлы  қолбасының  жанынан  табылып,  сүйегі  де  Кенесары  қосынымен 
бірге Кекілік жерінде қалған. Оның балалары Атақай, Түсіптер ел билеп, сөз ұстаған шешен, 
билер  болған.  Кенесарының  бір  батыры  Иманның  немересі  Амангелді  Торғай  даласында 
болған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің сардары болса, екінші батыры Жарқынның ұлы 
Түсіп  Қарақойын-Қашырлы,  Қорғалжын  төңірегіндегі  көтерілісті  басқарғандығы  ел  есінде. 
Осылардың  ұрпағы  Жәмбек  бай  баласы  ретінде  қудаланып  саясаттан  көп  таяқ  жеген 
көрінеді.  Кеңес  өкіметінің  жиырмасыншы  жылдары  өткізген  байларды  тәркілеу, 
ұжымдастыру  шараларының,  Сәбит  аталарына  зарарының  мол  болғанын  ол  аталарының 
жақын-жолдастарынан, замандастарынан, олардың көзі тірі ұрпақтарынан естіп, біле жүрді, 
олардың  игі  істерін  көңіліне  түйіп,  өмір  жолының  ұстамындай  көрді.  Осылардың  үлгісін 
көрген әкесі Нұрмұхамбет те ерте есейген, көзі қарақты, ибалы азамат болатын. Сырға толы 
өлкенің  өткен  тарихын  балаларына  өсиет  етіп  ұғындыра  білді.  Содан  да  болар,  біз  білетін 
оның  екінші  ұлы  Сәрсен  де  саналы  азамат  болып  өсті.  Алдымызда  студент  болып  оқыған 
кезде  оның  асқан  дарыны,  көп  оқып-тоқығанын  білініп  тұратын,  көптеген  ғылыми 
конференцияларда  шешен  де  танымды  баяндамаларымен  көрінген  ол  оқу  орнын  үздік 
бітіріп,  өзі  өскен  өлкеге  ұстаз  болып  оралды.  Ізденімпаз  ұстаз  өз  шәкірттеріне  білім  нәрін 
сеуіп, ұстаздық жолдағы барша марапатқа ие болып отыр. Бүгінде Жоғары санаттағы ұстаз 
Ыбырай Алтынсарин төс белгісінің иегері атанып, «Құрмет» орденімен марапатталған. 
Халқымызда  «үйдің  жақсы  болмағы  ағашынан,  жігіт  жақсы  болмағы  нағашыдан»,  – 
деген  мәтел бар. Сәбиттің нағашы жұрты да ел ішінде өзіндік салмағы бар, кісілікті жандар.  



 
Алдымен  Сәбиттің  терең  білімділігіне  әсер  еткен  адам  –  әжесі  Қалам 
Жалмағамбетқызы.  Ол  ұғымтал  бала  зердесіне  көзі  көрмеген  атасының  өсиетін,  өнегесін 
сіңіре  білді.  Қалам  әжей    ерімен  бірге  замана  қиыншылығын  көп  көрді.  Оның  әкесі 
Жалмағамбет  –  Кеңес  үкіметі  саясатынан  зардап  шеккен,  ауқатты  ортадан  шыққан,  зиялы 
орта  өкілі,  қажы  болған,  иманды  жан.  Сәбиттің  дала  исламын  терең  білетіндігі  де  осыдан 
болар.  
Жалмағамбеттің  бес  ұлының  бірі  –  Қасым  болса,  оның  баласы  Есенгелді  соғыстан 
кейінгі  жылдары  Ақмола  облыстық  оқу  бөлімінің  меңгерушісі,  Қазақ  ССР  Оқу 
министрлігінде басшылық қызмет атқарған көрінеді. Қазіргі халық қалаулысы, сенатор Ғани 
Қасымовтың  әкесі.  Сәбиттің  әжесі  Қалам  Жалмағамбетқызы  мұсылманша  көп  оқыған,  көзі 
қарақты,  домбырашы,  баянды  шебер  ойнайтын  өнерпаз  әнші  болған.  Ауыз  әдебиеті 
үлгілерін, қазақтың классикалық әдебиетін жақсы білген, ел әңгімелерін көп естіп, жадында 
тұтқан. Ол жас кезінде Ақан серіні, Мәшһүр Жүсіпті көрген, олардың уәжді сөздерін естіп, 
өнерлерін  тамашалаған.  Ол  кездегі  осы  өңірдегі  атақты  адамдардың  барлығы  дерлік  Қалам 
әжейдің  қажы  әкесінің  үйін  аттап  өтпеген,  дәмін  татып,  есен-саулығын  біліп  жүрген.  Сол 
көзі  көріп,  құлағы  естігендерінің  татымдысын  зерделі  сәбиге  ұқтыра  білген  Қалам  әжей 
тәрбиеде қатал да бола білген. Діндар, турашыл, әділетті сүйген таза жан бала-немерелерін 
де  осы  жолда    имандылыққа  тәрбиелеген.  Сәбиттің  өз  қатарластарынан  анағұрлым  бұрын 
аттарын  атауға  тиым  салынған  Ахмет,  Міржақып,  Мағжан,  Сәкен  сынды  асылдар 
шығармаларын біліп, түсініп ұғынғаны  осыдан да болар:  « Сол кісіден Алаш арыстарының 
шығармаларын  алғаш  естіп  тереңдігіне,  әділетік  іздегеніне  бір  таңдансам,  қазір  кеңестік 
саясатқа  илікпей,  көкірегіне  тоқи  берген,  ақталатындарына  сеніп,  ұрпақтарының  құлағына 
құя берген әжемнің сұңғылалығына екі таңданам», - дейді Сәбең әжесі туралы толғана еске 
алып. 
Сәбиттің  тәрбиесіне  тікелей  ықпал  болған  тағы  да  бірер  адамды,  өзім  көрген, 
әңгімелесіп, сұхбаттасқан бірер жанға тоқталмай кете алмаймын. Оның алғашқысы – Шәріп 
Есжанов  ақсақал.  Сәбит  ес  біліп  есейген  жасында,  студенттік  жылдарында  Көкшетауда 
тұрған  осы  атасының  тәрбиесін  көп  көрген. Мен  ол  кісінің  суретін  біздің  ескі  корпусының 
кіре  берісінде  тұрған  фото  көрмеден  көрдім.  Көрменің  басында  «Менің  немерем  қалай 
тапсырды  екен?»  деген  сұрақтың  үстіндегі  фотодан  көзін  көлегейлеп,  тізімге  қадала  қарап 
тұрған  қапсағай  денелі,  басындағы  бөркін  кері  серпіп  тұрған  ойлы  ақсақалдың  суретін 
көрдім. Кейіннен таныса келе оның Шәріп ақсақал екенін біліп, жақын танысып кеттік. Бұл 
кісі ескіше сауатты, молдалық қылған. Ұлы Отан соғысына қатысып, зор ерлік көрсеткен жан 
екен,  даңқ  орденінің  толық  иегері  ол  өзі  ғана  қатыспай,  майданға  екі  баласымен  қатысқан 
екен.  Екеуі  де  майданда  ерлікпен  қаза  болған.  Олардың  зираттарын  өз  көзімен  көрсе  де, 
көңілі  сенбей  ұзақ  жыл  зарыға  күткен  әке  үміті  туралы  белгілі  жерлес  ақын  Еркеш 
Ибраһимнің  «Шәріп  шал»  деген  поэмасын  ақынның  өз  аузынан  естігенмін  де.    Ол  кісі 
өлкеден шыққан белгілі қоғам қайраткерлері Б.Сәдуақасов, Е.Әуелбеков, М.Дүзелбаевтармен 
жақсы 
араласқан, 
ақын-жазушылар 
І.Есенберлин, 
С.Мәуленов, 
М.Сүндетов, 
Е.Ибраһимдермен  етене  жақын  болған  адам.  Ол  ескі  әңгімелерді  көп  білетін,  тілге  шебер, 
шешен  сөйлейтін,  айтқан  әңгімелерін  әсерлеп,  тыңдаушысын  еліктіріп  жіберетін  ділмар 
шешендігі, ақындығы Сәбит бойынан әрқашан сезіліп тұрады.  
Сәбитке  ықпал  еткен  екінші  бір  адам  Көкше  өңіріне  белгілі  еңбеккер,  атақты 
теміржолшы  Жаңаталап  Баянбеков  ағаймен  сұхбаттаса  жүріп  түсінгенім  ол  кісі  Сәкен  мен 
Сәбиттің  шығармаларын  ерекше  құрмет  тұтатын  жан  екенін  білдім,  тіпті  біздің  Сәбиттің 
есімінің өзі де осыған байланысты ма дейміз. Сәбиттің ғылыми өмірімен қатар жазушылық, 
ақындық, шешендік қырларының сыры осында жатқандай ғой.  
Бүгінде алпыстың асқарына көтеріліп, өмір жолында елеулі табыстарға жеткен, ғалым, 
жазушы,  драматург  Сәбиттің  жуырда  тағы  бір  қуанышына  куә  болдық.  Ол  –  биылғы  жыл 
қорытындысында  университеттің  үздік  ұстазы  атануы.  Біз  өңірдегі  ақпарат  кеңістігінен 
Сәбит  есімі аталмаса таңырқайтын болдық. Өйткені  Ақмола өңірі мен Көкше топырағында 



 
өтіп  жатқан  қайсы  бір  елеулі  оқиға,  ғылыми  конференция,  айтулы  өнер  қайраткерлерінің 
мерейтойлары, өнер-білім шаралары Сәбитсіз өтпейтініне қанықпыз.  
Алдағы  уақытта  да  сындарлы  да  терең  білім  нәрімен  толыққан  зерделі  сөздеріңмен, 
өнегелі  өміріңмен,  сан  салалы  өнеріңмен  төңірегіңді  қуанта  бер  жақсы  іні-бауыр,  ұлағатты 
ұстаз, өркенді әріптес жаны жайсаң Сәбитім! Ізгі тілекпен әріптес ағаң Аманжол. 
 
Пайдаланылған әдебиет: 
1 С.Жәмбек. Б.Күлеев. Монография.- Көкшетау, 2006. 
 
ДЮССЕЛЬДОРФҚА ЖОЛСАПАР 
 
Маң-маң    басқан,  шудаларын  шаң  басқан,  бидай  өңді,  төртпақ,  білімі  мен  білігіне  
құрық 
бойламайтын, 
өзіндік 
әлемі 
бар 
әріптес, 
жолдас 
Сәбит 
Жәмбек! 
      
Сенде  50-дің  ауылынан  алыстадың.  Елдің  елеулісі,  халықтың  қалаулысысың.  «Бір 
қайнауы ішінде, әттеген-ай емес», бабына келіп, әбден піскен (алпыс ал+піс) шақтасың.  
60 атты мерейтойың құтты болсын!  
Өзің  туралы  дос,  әріптес,  шәкірт  атаулылар    кесек-кесек  мақала,  әзіл-шыны  аралас 
езуге күлкі  түстендірер әңгіме, повесть, роман жазса артық етпейді. Бірақ... Сен туралы жазу 
үшін  не  өзіңнен  өте  туу  керек,  не  өзіңе  жете  туу  керек.  Сондықтан  да  ақ  қағазға  ғалым 
Ж.Мусин: «Мен зерттемеген сала жоқ», – демекші, өзің жазған «Бұқпадағы» «Себезгі сырлар 
үзігі»  сияқты  бірде  егілтіп,  бірде  төгілтіп    жаза  беруге  болады.  Оған  дәйек  болатын 
дүниелерің – мынау. Сен Е.Букетов атындағы университетті  «өте жақсы» тамамдап, бірден 
ЖОО-да қызмет еттің. Әдебиеттануға кіріспе, Ежелгі дәуір әдебиеті, Хандық дәуір әдебиеті 
пәндерінен шәкірттерге дәріс берушісің. Жастай кеткен Б.Күлеевтің өмірі мен творчествосын 
зерттеуші қауымға таныстырушысың. Енді «Рухани жаңғыру» мәселесіне ден қойдың. Басты 
траекторияң – Көкшетау-Ерейментау.  Мұны қаужап болған соң, шаңқай тұста лингвистердің 
ауылына  түстене  бастадың.  Иә,  қош  дейміз!  Ол  –  профессор  О.Сұлтаньявтың  маржанын 
сүзген ономастика әлемі. Ол – Қазақстанды толғандырып жүрген латын қарпі, емле мәселесі. 
Айта берсе, жетерлік. 
Мерейтой иесіне қатысты әбден иі қанған мәселелер төңірегінде сөз етуді қойып, сәл-
пәл    ауытқысақ.  Ғалым  С.Жәмбекті  мен  «Қалыпқа    сыймайтын  адам»  деп  білемін.  Оның 
өзіне  ғана  белгілі,  өзгеге  түсініксіз,  беймәлімдеу  өмірлік  қағидаты,  беймезгіл  сәттегі 
беймарал пәлсапасы бар. Және ол өзіне ғана жарасымды. 
Теледидардың құрылғыларының бірін бассаң, сен Сәбитті көресің, бірде домбыраның 
қос  ішегіндей  күмбірлеген,  бірде  құмыға  шыққан  дауысқа  құлақ  салсаңыз,  «бұл  мәселенің 
өзектілігі де осында» деп отырған маңдайы кереғарыс тағы да сол – Сәбит.  
 «Көңіл толқыны» атты күйді шебер орындайтын, «Не пайда?» деген гитараға арнайы 
жазылған  әннің,  бірер  пьесаның  авторы  екенін  айтпасам  да  болады.  Шынында  да,  біздің 
замандас – «сегіз қырлы, бір сырлы». 
Тағы бір естелік жайлы сөз қозғасақ. 
Дюссельдорф, Келень, Хаген, Мюльхайм, Амстердам, бір сөзбен айтсақ, Германияға 
жолсапардың өзі бірнеше күнделікке азық. 
Неміс  халқының  кеңістік  пен  уақытты,  дәлдік  пен  нақтылықты  бағалай  білетін 
қасиетіне тәнті болып, «Елге – құрмет, жерге – құрмет» сияқты ілтипатты көрсетті. Сол тілде 
«Guten  Morgen»,  «Guten  tag»  деп  кете  кеткенше  жаңылмады.  Тілі  кәлимаға  келмей  жатса, 
«қалта сөздіктен» үш тоғызды үйір-үйірімен жіберетін. 
Сіз  не  ойладыңыз,  оқырман!  Әрине,  жақсы  нәрсе.  Осы  орайда,  М.Бижановтың  «Ой- 
тұмары» атты еңбегінен алынған мынадай бір анекдот еске түседі.  
Г.К.Жуков И.В.Сталиннің кабинетінен шығып бара жатып, «Усатый черт» десе керек. 
Қарсы жолыққан К.К.Рокоссовский, –  анау «усатый черт» деп барады, –  депті. И.В.Сталин 
Г.К.Жуковты кері қайтарып: 
–  «Сіз усатый черт» деп кімді айттыңыз? – дейді. 



 
–  Г.К.Жуков: «Гитлерді», - депті. 
Сонда И.В.Сталин К.К.Рокоссовскийға қарап: «Ал Сіз кімді айтты деп ойлап едіңіз? – 
десе керек.  
Оқу-сызудан  қол  босап,  қараңғы  түсіп,  жұлдыздар  жымыңдаған  сәтте,  С.Жәмбек 
И.В.Гетенің  «Қараңғы  түнде  тау  қалғып»  атты  өлеңін  жатқа  оқитын.  Құйма  құлақ 
тыңдармандары  –  екеу.  Олар:  мен  және  Б.С.Крамаренко.  Сондықтан  да  риза  болған 
Б.С.Крамеренко «барлауға баруға» тұрарлық азаматтар деп деканатқа жар салған. 
Қолымыз қалт етіп босай қалса, тамақтануға бара қалсақ, замандас С.Жәмбек әлемді 
мойындатқан  ағылшын  тілінен  де  бейхабар  еместігін,  алғырлығын  танытқан.  «Қалта 
сөздікке» бір үңіліп, тамаққа бір үңіліп, адам білмейтін және түсіне бермейтін, жеп көрмеген 
ас мәзірін зерттеп, зерделеген. 
Ақырын-ақырын,  сағатына  бір  шақырым  асықпай,  шнидель,  шморбратен,  штрудель, 
шнельклопс,  айнтопф  (шұжық  қосылған  қою  көже)  тәрізді  неміс  халқының  тағамдарымен 
«асқазан  мәселесін  де»  өте  сәтті  шешіп  жүрді.  Бұл  –  әріптестің  сіздерге  тосын  жаңа  бір 
ашылмаған қырлары. Сөйтсек, ол неміс «кухниясының» білгірі екен. Жасай алмайды, бірақ 
жасалу  технологиясына, ингридиенттеріне, теориясына келгенде алдына жан салмайды.   
Жұпар келін екеуміз Көкшетау – Германия, Дюссельдорф сапарына аттанар уақытта, 
тағы бір ғажайып оқиғаға тап болдық.  
 Иә, Сапекең екеуі бірін-бірі соғысқа шығарып салардай, енді көрер-көрмесі неғайбыл 
сияқты, мен, – жүр-жүрлеп, келін, –  бар-барлап, қоштаса алмай, күй кешкен тебіреністі сәтті 
көру. Ол – дос, жолдас, әріптеске деген құрмет, қимастық қоштасу. 
Қалайы қасықтай келіннің құлағына алтын сырға... 
Елге  жетуге  2-3  күн  қалғанда,  біз  екі  аяғын  бір  етікке  тығып:  «Ақшаң  қалса,  берші-
берші, қайтарамыз», –   деп жан алқымға алдық. 
Көп  ойланды  ...  Бет-әлпетінен  күдік  пен  үміт  табы  байқалады.  Күдігі  –  қайтара 
алмаса... Өзіме керек боп қалса... Үміті – көп сұрамас, райынан қайтар, уақытында қайтарар... 
Бермесем... тағы қиын... Әріптес, жолдас, замандас. Ақыры нар тәуекел деп қорамсаққа қол 
салып,  сұраған  «сумманы»  алақанға  жайлап  қондыра  салды.  Біз  балаша  мәз-мейраммыз. 
Бірақ... күдігі басымдау болды ма, қайдам, алмаққа ниет қылған затымыз кездеспеді. 
Десе  де,  елден  жырақ  жүргенде,  «сұрау  мен  алу»  арасындағы  интервал  ұзақтау, 
шыдамдылық пен сабырлықты, табандылықты қажет етсе де, тұрып-тұрып... «резко» шешім 
қабылдағанына риза болдық. Бұл – менің замандасымның мәрттігі. А.П.Чеховтың «Человек в 
футляре»  деген  әңгімесіндегідей,  «а  вдруг  будет  дождь»  демекші,  оның  қолында  бағыт-
бағдарды  жоғалтпау,  адаспау  үшін  үнемі  сол  өңірдің  картасы  жүретін,  С.Жәмбектің 
арқасында Көкшетауға аман-есен оралдық. Шетелден келген соң да мына  «Die tradition jedes 
landes ist schwarz, die hunde sind schwarz» сияқты оралымдарды жиі қолданып жүрді. 
Адамға  өмірінде  үш  бақ  қонады-мыс.  Біріншісі  –  мектепте,  сен  жақсы  ұстазға 
жолықсаң, ол – сенің бағың, екіншісі – қызметте, егер ортаң білімді, парасатты, өзгеге үлгі 
тұтарлық болса, ол – сенің бағың. Үшіншісі – жүрегіне иман ұялаған, ананың адал, ақ сүтін 
емген «ұядан ілгені бар» иманды да, ибалы жан жарың, ол – сенің бағың. Өмірде сен кімсің?  
Ол маңызды емес. Өмірде ең маңыздысы – сенің жүрген ортаң. Білімді ортаң болса, шығар 
биігің  бар.  Ортаң  ақылды,  сабырлы,  еңбекқор  болса,  бағындырар  белесің  шексіз.  Ж.Сәбит 
сондай ортада тәжірибе жинады, тәрбиеленді. Ол орта – Ж.Мусин, Н.Ыбраев, О.Султаньяев 
сияқты ғалымдардың ортасы. Ол – бүгінгі зейнеткерлер А.Есмағұлов, Т.Жұрын, С.Жақанова, 
Нұрғайша  тәтелердің  ортасы.  Бұл    –  білімді,  аурасы,  энергетикасы  жақсы  адамдар  нұрын 
шашқан  орта.  Ж.Сәбит  –  сондай  игі  жақсылардың  алдын  көрген  тұлға.  Олай  болса,  сізде, 
оқырман, жақсылардың жаршысы болыңыз. 
 
Кияқова Раушан Жексенбаевна 
 
 
 


10 
 
 
ӘОЖ 811 (5Қ)  
РАХЫМ БЕРІК  СЕРИКБАЙҰЛЫ 
Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті 
Қарағанды, Қазақстан 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   204




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет