Қазақ детективінің көшбасшысы- Кемел Тоқаев
Қазақ халқында әдебиет саласында айрықша көзге түсетін біртуар қаламгерлер аз емес. Солардың ішінде қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаған майдангер жазушы Кемел Тоқаев әулиелер мекені саналатын киелі Қаратал топырағында дүниеге келген. Оқырман қауымның ықыласына бөленген Кемел Тоқаев 1923 жылы 2- қазанда Қаратал ауданы, Кәлпе ауылында өмірге келген. Кемел Тоқаевтың балалық шағы ел басына күн туған қиын кезеңдерде өтті. Өткен ғасырда қазақты қан жылатқан ұжымдастыру зардабы Тоқаевтар отбасына тиді. Ашаршылық кезінде әкелері әйелі мен баларын ертіп көрші қырғыз елінің астанасы Фрунзеге бас сауғалайды. Ол жақта да көрген қиыншылықтары аз болмады. Ағасы Қасым екеуі бір күнде отбасынан ажыратылып, Шымкенттегі балалар үйіне жіберіледі. Басқа барар жер болмаған соң, екеуі бірін-бірі жетелей жүріп, білім алуға тырысты. Енді ес жиып, оң-солын тани бастағанда сұм соғыс басталып кетеді. Сұрапыл соғыс басталғанда «Отан үшін» деген ұранмен ағасы Қасым майданға аттанып, қыршынынан қиылған мыңдаған боздақтардың бірі болып соғыстан қайтпады. Кемел де майданға аттанып, 26-атқыштар дивизиясында, кейін 7-гвардиялық танк полкінің құрамында Сталинградты, Белоруссия, Украина жерлерін азат етуге қатысты. Өрімдей жас шағында оқ пен оттың ортасында жүрді. Аяғынан жараланып, елге оралған соң, Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсті. 1948 жылы оқуды бітіріп, «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жауапты қызметтер атқарды. Қазақ КСР Жоғары кеңесі «Ведомостінде» бас редактор, Қазақтан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болды. Оннан астам кітабы жарық көрді. Жазушы қазақ қаламгерлері арасынан бірінші болып, детектив жанрында қалам сілтеді. Қалам ұстаған жандардың арасында детективті екінің бірі жаза бермейді. Ондай жанрға жүрексінбей, тайсалмай баруы – Тоқаевтың қаламының жүйріктігі болса керек.
Біз КСРО құрамында болған кезде азаматтарымыздың, батырларымыздың жанқиярлық ерлігі мен ерен еңбектері дұрыс бағаланбады. Себебі, «Ұлы орыс халқы» өкілдері өздерінің шовинистік ұстанымдарын соғыс кезінде де өзгерте алмады. Олардың есебінше барлық жерде орыс ұлтының өкілі алда тұруы керек болды. Оны Б. Момышұлы, Қ. Қайсенов, С. Баймағамбетов, немістер «қара ажал» атап кеткен С. Ыбырайымов, Р. Қошқарбаев сияқты даңты батырларымыздың ерліктерінің өз деңгейінде бағаланбауынан білуімізге болады. Ол кезде бұны ашып айтуға, жазуға болмайтын да еді. Ал Кемел Тоқаев өз шығармаларында социалистік реализм дәуірлеп тұрса да, соғыстың шындығын өзгертпей астарлап жеткізе білді. Оған мысал ретінде «Солдат соғысқа кетті» романы мен Қасым Қайсеновтың ерлігі жайлы «Арнайы тапсырма» туындыларын айтуға болады. Небір сұрапыл күндерді бастан өткеріп, сұмдық оқиғаларды көзімен көрген Кемел Тоқаев бұл салада өзінің кім екенін көрсете білді. Өз шығармаларында соғыс жылдарының сұрапыл кезеңдерін көрсете білген Кемел Тоқаев қызыл сөзділік, әсірелеу сияқты әуенге қарсылық білдіргендей. Оқиғаларды шынайы жеткізу үшін көзімен көрген деректерді пайдаланған (Солдат соғысқа кетті). Сонымен қатар нақты деректермен танысып, куәгерлермен кездесіп, еңбектерін жазбас бұрын зертеу жүргізетін болған. Мысалы, Халық Қаһарманы, әйгілі партизан, жазушы Қасым Қайсенов кітапты жазу үшін Кемел Тоқаев Қасым Қайсеновпен бірге Украинаға дейін бірге барып, партизан достарымен де кездескен екен. Ал «Атаманның ақыры» фильмі жарық көріп, көрерменнің ықыласына ие болғаннан, атаман Дутовтың көзін жоюға арналған «Соңғы соққы» романын жазу үшін архив құжаттарымен танысып, адам, жер-су аттарын, оқиға желісін шынайы түрде бейнелейді. Кинода атаман Дутовты Қасымхан Шадияров өлтірсе, романда Қасымханның фамилиясы Чанышев деп тура құжатағыдай көрсетіледі және атаманды Махмұд Қожамияровтың өлтіргені (архив деректері бойынша) жазылады.
Соғыс тақырыптарынан бөлек құқық қорғау қызметкерлерінің қылмыскерлерге қарсы күресін бейнелейтін шығармаларын жазуда құпиясы мол адамдардың психологиясы мен құқық қорғау саласындағы оқиғаларды зерттейді. Қылмыскерлердің жасырынуы мен оны іздеушілердің табанды күресінің детективтік сырына қанығады. Сол мәліметтерді алып, шығармаларына кейіпкер ете білді. Сөйтіп ол қазақ әдебиетінде бұрын соңды болмаған детективтік әдебиеттің бастаушысы, әрі негізін салушысы болды. Детективтік салада жазушының «Тасқын», «Көмескі із», «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Сырғабанда болған оқиға», «Таңбалы алтын», «Соңғы соққы», «Ұясынан безген құс» сынды көптеген шығармалары жарық көрді.
Қазіргі ұлттық киноиндустрияда екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ жауынгерлерінің үлесі жайлы және детектив жанрындағы туындылар жоқ десек те болады. Ылғи төбелес, кісі өлтіру, зорлық, оңай байлыққа қол созу сияқты өскелең ұрпаққа кері тәрбие беретін фильмдердің орнына ұлттық рухқа, ұшқыр ой мен байқампаздыққа тәрбиелейтін туындылар жарық көріп жатса орынды болар еді. Осы тақырыптарда кино түсіруге Кемел Тоқаевтың шығармалары өзі сұранып тұр ғой. Тағы бір жағы кино арқылы кітап оқуды ұната бермейтін жас ұрпақтың арасында кітап оқуға қызығушылық артар ма еді.
Кемел Тоқаев өнегелі өмір жолы мен еңбекқорлығы, адами қасиеттері өскелең ұрпаққа үлгі болуға лайық тұлға. Ал шымармалары әдебиетіміздегі асыл қазына, өшпес мұра.
Имашев Асан Сатылханұлы
А. Байтұрсынов атындағы
МДШО бар орта мектебінің
тарих пәні мұғалімі
Достарыңызбен бөлісу: |