Тақырыбы: Деректі проза. М.Әуезов, Т. Ахтанов, Б. Момышұлы, Қ.Қайсенов шығармашылығы. Б. Момышұлы, Қ.Қайсенов шығармаларын оқытуда Отансүйгіштік, ұлтшылдық идеясын талдау, түсіндіру
Тақырыбы: Деректі проза. М.Әуезов, Т.Ахтанов, Б.Момышұлы, Қ.Қайсенов шығармашылығы. Б.Момышұлы, Қ.Қайсенов шығармаларын оқытуда Отансүйгіштік, ұлтшылдық идеясын талдау, түсіндіру
Қазақ ұлтының рухани темірқазығының бірі Мұхтар Әуезов сияқты ұлы тұлғаның өмір сүрген тарихи кезеңі алыстаған сайын оның шығармашылық өмірбаяны мен мұрасының өзі де сол ұлттың рухани көркем шындығына айналады.Ұзақ жылдарға созылған терең шығармашылық ізденістердің, қажыр-қайратының нәтижесінде күллі әлемге ұлы Абайды танытып қана қойған жоқ, қазақ халқы «Абай жолы» арқылы өзін де тереңірек түсініп таныды. «Абай жолынсыз» қазақ әдебиетін, халқымыздың рухани-көркемдік әлемін көзге елестету мүмкін емес» деп халық жазушысы Ә.Кекілбаев бағалағандай, тек қазақ халқының ғана емес, көшпелі түркі жұртының өткені туралы ең алғашқы кең ауқымдағы шығарма.
М.Әуезовтің қаламынан шыққан алғашқы туындылардың бірі – 1928 жылы жазылған «Қилы заман» повесі. Бұл туынды кезінде кейбір себептермен халыққа кең танылмай қалып қойған еді. Міне, сол повесть 1972 жылы Ш.Айтматовтың алғысөзімен «Новый Мир» журналында орыс тілінде «Лихая година» деген атпен жарық көрді. Аталмыш повесте Қазан төңкерісі алдындағы қазақ даласындағы ақ патшаның отарлау саясаты, екі жақты езгіде, тар қыспақта қалған халықтың ауыр тұрмысы, қайғы-мұңы, ашу-ызасы барынша шынайы көрсетілген.
XX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ сөз өнері тарихына прозалық, драматургиялық туындыларымен елеулі үлес қосқан көрнекті қаламгерлер қатарында жазушы-драматург Тахауи Ахтанов (1923-1994) шығармашылығы айрықша даралана көрінеді.
Тахауи Ахтанов драматургиясындағы пьесалардың XX ғасырдың 60-90 жылдарындағы қоғамдық-әлеуметтік орта шындығын бейнелеуге арналғанын айта келе, туындылардағы драмалық конфликт, кейіпкерлерді даралаудағы психологизм, композиция, психологиялық шегініс, монологтардағы тіл поэтикасы – бәрін де аталған пьесалар мәтіндері бойынша саралап талданған. Сахналық сомдалуы заңдылығы бойынша көрермендер – оқырмандар назарына ұсынылған кейіпкерлер галереясындағы Ғайни, Маңғас, Мырзаш («Күтпеген кездесу»), Сәуле, Айша, Бикеш, Нұрқасым, Рыскелді, Құдайберген («Сәуле»), Асқар, Балжан, Алдаберген, («Әке мен бала»), т.б. дараланған біздің заманымыздағы жақсылық жолындағы ізгі ойлы адамдар әлемі бағаланған. Жазушы-драматург пьесаларындағы маңызды ерекшелік – қайшылықтардың, тартыстардың негізгі себепкерлері екіжүзді, қатыгез, алаяқ адамдар бейнелерінің көркем шындық поэтикасы жинақтауларымен берілгендігі.
Жазушы-драматург Тахауи Ахтановтың «Ант» трагедиясы – қаламгердің бес томдық шығармалар жинағының 3-томында «Драмалық дастан әдеби варианты» деген анықтамамен берілген. Ал үш бөлімнен (Бірінші бөлім: «Түнгі сыр»; Екінші бөлім: «Аңырақай»; Үшінші бөлім: «Арпалыс») құралған осы ақ өлеңмен жазылған драмалық дастанына сөз арқауындағы монография авторымен болған сұхбатында жазушы өзіндік көркемдік шешім ұстанымын уақыт тынысына сәйкес түсіндіріпті: «Ант» шындап келгенде, Ресейге қосылу туралы пьеса емес. Қазақ шындығы туралы, қазақ трагедиясы жайлы туынды. Тарихтағы Әбілқайырдан, Төле биден менің шығармаларымдағы кейіпкерлерім терең тәрізді. ...Өтпелі кезең, тарих туралы айтқанда, фактілер шындығы мен тарихи шындық дейтін болады. «Ант» шығармасын жазудағы менің ұстанған басты нысанам – тарихи шындықты ашу еді. Пугачев көтерілісі туралы қаншама ғылыми-зерттеулер жазылғанымен, тарихи шындықты ашқан Пушкин шығармасының орны бөлек емес пе?»
Қарудан кейін қолына қалам алған Қасым Қайсенов өзінің партизандық жорықтары туралы жазған. Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезеңдері, жауынгерлердің өшпес ерліктері жайында қалам тербейді. Қасым Қайсеновтің бұл шығармалары қазақ әдебиетінің әскери тақырыбын байытты. «Соғыстан қайтып келгеннен кейін жазушылықпен айналыса бастадым. Соғысқа дейін де өлең жазушы едім. Елге, кейінгі ұрпаққа пайдасы тиер-ау деген үмітпен естелік жазуға көштім. Қазақ әдебиетіне әскери естеліктер жанрын әкелген мен едім. Қазақша, орысша, украинша шыққан кітаптарым бар», - дейді атаның өзі.Оның «Жас партизандар» атты алғашқы кітабы 1954 жылы орыс тілінде шығады. Одан кейін «Илько Витряк», «Переяслав партизандары», «Ажал аузынан», «Жау тылындағы бала», «Днепрде», «Жау тылында», «Партизан соқпақтары» сияқты басқа да әңгіме, очерк, повесть жинақтары оқырман қолына тиді және артынша орыс, украин, қырғыз, вьетнам тілдеріне аударылды. Жалпы, Қасым Қайсенов 30 шақты кітап жазып қалдырды.