8-тақырып. Көркем шығарманы оқыту
Әдебиетті оқытудың негізгі тұжырымдары
Көркем шығарманы талдау жолдары
Дәріс мақсаты:
Әдебиетті оқытудың негізгі тұжырымдарын саралау
Көркем шығарманы талдау жолдарын қарастыру
Әдебиетті оқытудың негізгі тұжырымдары
Тәуелсіз Қазақстандағы қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің негізгі бағыт-бағдары алғаш рет «Қазақ әдебиетін оқыту тұжырымдамасында» айқындалды (РБК,1997, Алматы). «Тұжырымдамада» бүгінгі өмір талабына сай, педагогикалық ғылымдағы жетістіктерге негізделген әдебиет пәнінің мақсат-міндеті анық та айқындалып көрсетілген. тұжырымдамадағы негізгі ұстанымдардың бірі ретінде әдеби пәннің мазмұнын ұлттық ізгілікті құндылықтарға бағыттау көзделген.
Көркем туындының ішкі әлеміне енуде талдау түрлерінің өзара байланысы іске асырылады. Талдау барысында түрлі амал-тәсілдерді пайдалану әдеби шығарманың жанрлық ерекшелігіне, мазмұндық-идеялық нысанасына, оқытудың мақсатына байланысты болады. Көркем туындыны қабылдау, авторлық позиция, шығарма идеясы, т.б. талдау сұрақтарының мәтінге сай берілуі ауызша, жазбаша сұрақтар, проблемалық ситуация тудыратын сұрақтар, т.б.
Талдау барысында мәтіндегі суреттеліп отырған өмір құбылыстарына, кейіпкерлеріне қатысты авторлық позицияны толық ашу, көркем шығарманың құрастырушы негіздері: сюжет, композиция, тақырып, идея, көркем образ, әдеби тип, әдеби мінез ұғымдарын, тілдік бейнелеу белгілерінің негізгі ролін анықтай білу маңызды.
Әдебиет сабақтарындағы ең басты құрал – көркем шығарманың мәтіні. Сондықтан сабақта көркем мәтінді эмоциальдық тұрғыдан әрі сапалы игертуді бірінші кезектегі мәселе деп қараған жөн. Шығарма мәтінін оқып, талдау – оның идеялық мазмұны мен көркемдік ерекшелігін түсінудің ең басты сатысы.
Әдеби шығарманың мәтін оқып, танысу – шығарманы игерудің ең басты шарты. Шығарманы толық меңгеру талдау мен жинақтау арқылы жүргізіледі. Әдеби шығармаларды оқып-үйренудің әдісі оның жанрлық сипаты мен көркемдік ерекшеліктеріне сәйкес болады. Әрине, шығарма мәтінін оқу оқушылардың өз бетімен жүргізіледі, алайда талдау барысында кейбір үзінділерді мәнерлеп оқып, жатқа айтып, талдау барысында пайдалану – күнделікті сабақтарда жүргізіліп отырылады. Шығарманың құрылысы, тілі, көркемдігі оның идеялық мазмұнын ашатын құралдары (әдеби тәсілдері) ретінде қаралуға тиіс.
Жоғары сыныпта әдеби талдаулар негізінен, ішінара талдау түрінде жүргізіледі. Себебі, барлық шығарманы, немесе бір шығарманы толық талдауға уақыт жетпейді және ол мақсат та етілмейді. Жазушының көрнекті шығармаларының кейбіріндегі өзекті проблематикалар немесе жеке көрініс-эпизодтар талданады. Кейбір тараулар, жалпы мазмұн шолу арқылы қамтылуы мүмкін. Шығарманың жанрына, көркемдік ерекшелігіне қарай оқытушы шығарманы оқыту әдісін түрлендіріп отыруы мүмкін. Әсіресе әңгімелесуді, кейде сабақ-диспут, проблемалық оқу, семинар сабақтарды орынды пайдалана білу керек. Дәрістерде ақын-жазушы шығармашылығы шолу түрінде өтетіндіктен талдау жұмыстары тәжірибелік, лабораториялық сабақтарда кең көлемде жүргізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |