4-тақырып. Әдебиетті оқытудағы базалық білім курсы мен тарихи-әдеби жоспарлау әдістері
Әдебиетті оқыту процесінің сипаты
Әдебиетті оқытудың түрлер
Әдебиет сабағындағы кіріспе жұмыстар
Дәріс мақсаты:
Әдебиетті оқыту процесінің сипатын түсіндіру;
Әдебиетті оқытудың түрлерін қарастыру
Әдебиет сабағындағы кіріспе жұмыстарға сипаттама беру
Әдебиетті оқыту процесінің сипаты
Оқыту процесі дегеніміз – мұғалім мен оқушының мақсатқа бағындырылып, жүйелі түрде кезектесіп жүргізілетін іс-әрекеті. Бұл әрекеттер кезінде білім берудің, тәрбие берудің және оқитын адамның дамуына қажетті мәселелер шешіліп отырады.
Негізінен дидактика 3 сұраққа жауап береді: кімді оқытамыз? Нені оқытамыз? Қалай оқытамыз? Қазіргі оқытуға қойылып отырған жалпы мақсат бойынша оқу процесінде осы 3 міндет іске асырылады. Бұл міндеттер бір-бірімен сабақтастықта жүзеге асырылады.
Оқу процесі – таным процесінің бір бөлігі. Оқу процесінде танымдық әрекет ерекше белсенді жағдайда өтеді. Бұл туралы белгілі педагогтер айтып кеткен. Оқушы оқу барысында жаңа бір фактімен, құбылыспен, заңмен, теориямен танысады. Осы жағынан алып қарағанда, танымның жалпы заңдылығы бұл процеске де қатысты. Ғылыми-зерттеу жұмысындағы таным теориясының қолданылуымен салыстырғанда, оқу процесінде қолданудың өзіндік ерекшелігі:
Оқу процесінде жаңа бір ғылыми жаңалық ашукөзделмейді, оқушының шығармашылықпен меңгеруі талап етіледі.
Зерттеу жұмысына жұмсалатын уақыт ұзақ болады, ал бұл оқу процесінде шапшаңдатылады.
Оқу процесінде оқушылардың жас ерекшеліктері есепке алынады. Сөз жоқ, бұл жағдай танымдық іс-әрекет түріне, әдісіне ықпал етеді.
Сабақ барысында оқушылар білім түрін, нақты объектінің өзін байқау нәтижесінде емес, мұғалімнің суреттеуі, баяндауы және түсіндіруі арқылы және оқулықтың көмегімен алады.
Оқушының жан дүниесінде әдебиетті оқуға әдеби материалды ұғынып меңгеруге мотив, себеп болуы керек. Сондықтан, олардың бойына әдебиетке қызығушылық, оқуға ынталылық қалыптастыруда ұстаз шеберлігі, оның сабақ өткізу, сабақ процесін ұйымдастыру әдіс-тәсілдері үлкен маңызға ие болады.
Әдебиет пәні – мектептегі негізгі эстетикалық пән. Оқу оқушының бойына биік адамгершілік мұрат, эстетикалық талғам, тарихи-әлеуметтік таным дарытады, шығармашылық қабілет-қарымын өсіреді. Әдебиет пәнінің негізі – көркем шығарма, мәтін. Сондықтан, оқу материалдарын меңгертудегі негізгі мақсат – мәтінді оқыту, талдау, ұғындыру болып табылады.
Сабақ процесінде мұғалімнің теориялық және әдіскерлік даярлығының ролі ерекше. Себебі, мұғалім сабақ процесін ұйымдастырушы, қозғаушы күші. Әдебиет сабағын ұйымдастыруда мұғалім, ең алдымен мемлекеттік білім стандарты мен типтік жоспарға сүйеніп, сол арқылы білім мазмұны мен көлемін анықтайды. Сабаққа жүйелі, жинақы даярлану үшін мұғалімде мынадай жоспарлар болуы керек. Қазіргі жүйе бойынша: қысқа мерзімді жоспар; орта мерзімді жоспар және ұзақ мерзімді жоспар.
Сабақ процесі осы жоспарлар бойынша жүзеге асырылады. Сабақ процесінде мұғалім оқушыға әдеби материалды түсіндіру, оқыту, түрлі әдіс-тәсілджер арқылы меңгертумен қатар, керек кезінде әр түрлі көмек көрсетіп отырады (қажетті әдебиеттерді ұсыну, библиографиямен қамту, қосымша сабақтар мен консультациялар, жеке жұмыс, т.б.).Сондай-ақ сабақ процесінде оқушының белсенді әрекетін тудыру жолдарын іздестіру керек.
Достарыңызбен бөлісу: |