Қазақ әдебиетінде
әуезовтану ғылымының
қалыптасуы. Әуезов және
оның шәкірттері.
Ұлы жазушы М.Әуезов жайында әр дәуір ұрпағының өз айтатын
әңгімесі таусылмақ емес, бұл ақиқаттан біз де алыс кете алмаймыз.
Иә, дара Мұхтар Әуезов қайшылығы мол, күрделі ғасырда, халқының
қабырғасы қайысқан аласапыран дәуірде ғұмыр кешті. Күреске толы
өмір сүрді. Тіктеп келген зұлматтарға қасқая қарсы тұрып, мерт
болғандарды көрді, тайқып кетіп, халқының қанын мойнына
жүктегендерді де көрді. Сөйтіп қиын-қыстау мезгілдің дүрбелеңін
басынан кешіріп жүріп өзінің мәңгі өлмейтін мұраларын қалдырды. Ол
оның адами жақсылығы, қазақы тектілігі, дара туған данагөйлігі
болатын.
Бүгінгі біздің мақсатымыз – дарынды ғалымның, классик жазушының
баға жетпес жақсы қасиеттерінің куәсі болған әдебиетші шәкірттерінің
естеліктерін жаңғырту, ой зердесінен өткізу, қысқасы кемеңгер
Әуезовтің рухына бас ию.
Жазушы-ғалымның ең бір асыл қасиеті ерінбей еңбек ететін жалынды
шәкірттерінің адал қамқоршысы, көреген көмекшісі еді. Ұлы Мұхтардың көп
арманы орындалып, әсіресе, басты арманы «Абай жолы» жазылып бітіп,
шабыттанып жүрген шағында Қазан төңкерісінің 40 жылдығына (1957ж.) арналған
алқалы мәжілісте былай деп тебіренеді:
«Қазақ совет әдебиетінің өсу, даму жолдарын шолып өткенде сол әдебиетіміздің
өрлеу табысына көп көмек ететін бір топ жандардың аттарын қоса атамасақ, сөз
сыңаржақ болар еді. Олар – білекке білек жалғасып, қатар жалғасып келе жатқан
біздің сыншыларымыз бен әдебиетші тарихшыларымыз. Зерттеуші сыншылар
аттарын атасақ олар: Ысмайылов,Кенжебаев,Жұмалиев, Шалабаев, Ғабдулин,
Ахметов,Қирабаев, Қабдолов т.б. жолдастар. Осы аталған адамдардың бәрі бірігіп
еңбек еткелі біздің республикада ғылымдық зерттеу жұмысы дамып, сыншыл
ойдың өрісі ұзарып кеңейіп келеді».
Әдебиеттану ғылымының білгірі, шын жанашыры, кемел ойлы ғұламаның сенім,
үміт арта сөйлеген ғалымдары уақыт өте ұстаз сенімін адал орындап, филология
ғылымының нағыз корифейлеріне айналды. Сыншыл ойдың өрісін ұзартып, білекке
білек жалғасып еңбек еткен Ахметов, Қирабаев, Қабдолов Қазақстан Республикасы
Ұлттық Ғылым академиясының танымал академиктері Әуезов шәкірттері.
Жоғарыда келтірілген ұзақтау цитатадағы үміт арта, сенім білдіре сөйлеген ғалымдардың ең
алғашқысы болып тұрған Е.Ысмайылов туралы бір-екі ауыз сөз айта кетейік. Ол Қазақ ССР Ғылым
Академиясының мүше-кореспонденті, филология ғылымдарының докторы, профессор Есмағамбет
Самратұлы Ысмайылов (1911-1966) білімдар ғалым, әдебиет теориясы оқулығының авторы, халық
фольклорының, ақындарының, әсіресе, атақты Жамбылдың бірден-бір зерттеушісі. Соның бір
дәлелі ғалымның 1996 жылы «Санат» баспасынан қайта жарық көрген (алғаш 1956 жылы шыққан)
«Жамбыл және халық ақындары» деп аталатын зерттеу кітабы дей аламыз. Творчестволық толысқан
шағында, бергенінен берері көп мезгілінде мерт болған Есағаң жөнінде өз халқының ұлы перзенті
Мұхтар ағаның не дейтініне бір сәт құлақ түрелік:
«Мен сені қазақ әдебиетінің, әдебиет ғылымының айнымас,қажымас, жылдар жүрсе арымас
жегіндісі – Еңбек торысы деймін. Сол үшін сүйемін де бек бағалаймын». Ғұмыр бойы әдебиет өнері
үшін аянбай еңбек еткен ғалымға бұдан артық қандай баға берілуі мүмкін.
Ұлағатты ұстаз Әуезов пен еңбекқор шәкірттері арасындағы ертерек басталған достықты, ғылыми
түсіністікті, қатар жүріп еңбек етудің үлгісін белгілі ғалым, профессор Тұрсынбек Кәкішев былай
деп көрсетеді:
«1944 жылы жазушылар мен ғалымдардың жиналысында Е.Ысмайылов «Абай және роман туралы»
деген тақырыпта баяндама жасады. Бұл ұлы шығарманың қадір-қасиетін анықтауға бағытталған
алғашқы лебіздің бірі еді. Сыншы алдымен жалпы романның қазақ әдебиетіндегі орнын анықтап,
тарихи романдардың жазылу ерекшелігіне тоқталып, М.Әуезовтің диапазонының, қамтыған
обьектісінің молдығын, оны оқушыға жеткізуде автордың талай шеберлік асулар іздегенін ашып
берді... Романның қазақ әдебиетіне әкеліп жатқан жаңалықтарының алғашқы нысандарын сыншы
дұрыс аңғара білді және қажетті деген сыни ойларын айтулан да тартынбады».
Сөз реті келгенде айтатын нәрсе, роман дүниеге келген 1942 жылы өзінің «Абай» атты
мақаласында Б.Кенжебаев айтқан мына пікірлер осы уақытқа дейін заманмен үндесіп жатқан
секілді. «Абай» романы – қазақ халқының халықтық қасиетін, сын-сыпатын, сапасын, елдігін
көрсететін, қазақ оқушыларының патриоттық, халқын сүюшілік сезімін күшейтетін, қазақты жете
білмейтін «жат» жұрт оқушыларына: қазақ осындай халық екен деп айтқызатын роман,
патриоттық роман деуге болады», - дейді.
Ұстаздары мен шәкірттерінің арасында қимас достық дүниеге келіп, ғұмыр бойы кіршіксіз таза, ақ,
адал күйінде өтті. Кемел ойлы, кең пейіл Мұхаңның Бешім деп (Бейсенбай Кенжебаев, 1904-1987)
аялап өткен ниеттес досы, бауырмал інісі:
«Мұхаң өте сабырлы, ұстамды, асып-тасуды, көкірегін көтеруді, кейіп, күйіп пісуді, қайғыға
омырылып, уайымға салынуды білмейтін, сәтті-сәтсіздікке төзімді еді. Абайдың «Қайғы келсе
қарсы тұр, құлай берме» деген өсиетіне берік, құштар еді» деп еске алады. Шынында да осындай
асыл қасиетті бойына жиған адам ғана қайғыны жеңіп, мейірім шуағын, қамқор-қасиетін, даналық
нұрын адамзат баласына шапақ етіп шаша біледі. Бұл Әуезовке тән асыл қасиет. «Мұхтар Әуезов»
деп аталатын жоғарыда келтірілген мақаланың тағы бір жерінде «Әсіресе, жастарды оқыту, үйрету,
тәрбиелеу оның салты, сүйген жұмысы, негізгі мақсаты болатын»,-дейді.
Жиырма жылға жуық уақыт (1930-1950) қуғын-сүргін, қиянатты басынан кешірсе де, сүйген
ұлтының рухын құлатпай қалған Мұхтар Әуезовтің өзіне де бір сәт құлақ түрелік. Өзінің ең
сүйікті, сенімді, айнымас шәкірттерінің бірі Е.Ысмайыловқа жазған хаттарының бірінде былай деп
жазады: «Мен тегі өмірдің ой-қыры, биігі мен ойпаңы, қысталаңы, шатқалаңы дегенді көбірек
көргенмін... Бірақ бәрінен де ұдайы сау, сергек кеудемен, әсіресе өмірді таза, мол сүюмен өткенмін.
Солай топшыласам: күйгенімнен сүйгенім көп, түңілгенімнен сенгіштігім көп, жиренгенімнен
құмартқаным көл, бүгінгі өмірді шабыттана сүюім анық мол».
Адал ініге деген ақиқат сыр. Қалай ғажап айтылған, қандай мықты рух десеңізші:
«Күйгенінен сүйгені, жиренгенінен құмартқаны көп». Сол себепті де өмір дейтін теңдесі
жоқ бақытты, қымбатты шабыттана сүйеді.
Мұхтар дана өмірден өткеніне де біршама уақыт болыпты. Бүтін ұрпақтар өсіп жетілді.
Ғасырлар бойы аңсаған бостандыққа қолымыз жетті. Қызыл империяның отты құрсауында
жүрсе де елдігіңді ұмытпа, дәстүріңді сақта, данышпандарыңды аяла деп өткен Ұлы
Мұхаңның ерлігіне еріксіз бас иесің, таң қаласың. Сондықтан алмағайып заманды басынан
кешіріп жүрсе де аманат етіп қалдырған «Абай жолын» қайта-қайта оқи бергің келеді.
Ақындық, даналық, кемеңгерлік сияқты қасиетті ұғымдарды санаңа сіңіру үшін Абайыңа
жүгініп, Мұхтарыңа табынсаң болғаны да.
Ұлы адамдардың айналасымен тұрмыстық және творчестволық қарым қатынасы күрделі
болары белгілі жайт. Өйткені, оған жағынғысы келер жандар қатары күн өткен сайын молая
береді. Ал, олардың арасында періште пейілділілерімен бірге пенде көңілділілері де көп
болады. Содан араға сөз жүреді, біреу жорта мақталады, біреу мақсат үшін жамандалады
дегендей. Осындай жағдайлардан келіп ұлы жандардың аралас-құралас жүретін
айналамен қарым қатынасы күрделене түседі. «Мен Мұхаңмен дос-жар болып едім...»
деушілер қаншалық мол кездесуіне қарамастан, ұлы адамның тұрмыстық қарым қатынасына
аса сақтықпен, творчестволық ынтымағына дәйек көзімен қарау керек-ақ.
Document Outline - Қазақ әдебиетінде әуезовтану ғылымының қалыптасуы. Әуезов және оның шәкірттері.
- Slide 2
- Slide 3
- Slide 4
- Slide 5
- Slide 6
- Slide 7
Достарыңызбен бөлісу: |