ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫ: ТАРИХЫ МЕН ДАМУ КЕЗЕҢДЕРІ
Т. Кенжебаева М.Әуезов атындағы ОҚУ филология факультетінің магистранты
Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к., доцент Н. Омаров
Түйіндеме:Қазақ әдебиеттану ғылымы – қазақтың ұлттық көркем әдебиетін зерттейтін ғылым. Қазақ әдебиетінің тарихы, теориясы, сыны, сондай-ақ текстологиясы мен библиографиясын қарастыратын салалары бар.
Мақалада, қазақ әдебиееттану ғылымының тариына шолу жасай отырып, отандық алымдардың қазақ әдебиеттану ғылымының даму кезеңдері бойынша берген ғылыми тұжырымдарын қарастырдық.
Тірек сөздер: фольклор, библиография, мақала, роман, салыстырмалы әдебиеттану.
Аннотация:Национальную художественную литературу. Казахская литература включает в себя историю, теорию, критику, а также текстологию и библиографию.
В статье, проведя обзор истории казахской литературоведческой науки, мы рассмотрели научные выводы отечественных сборников по этапам развития казахской литературоведческой науки.
Ключевые слова: фольклор, библиография, статья, роман, сравнительное литературоведение.
Abstract:Kazakh literary science is a science that studies Kazakh National fiction. Kazakh literature includes history, theory, criticism, as well as textology and bibliography.
In the article, after reviewing the history of Kazakh literary science, we examined the scientific conclusions of domestic collections on the stages of development of Kazakh literary science.
Key Words: folklore, bibliography, article, novel, comparative literature.
Қазақ әдебиеті – қазақ халқының ұлттық мәдениетінің үлкен бір саласы. Оның дамуы ұлттың тарихымен, тілімен, дүниетанымымен, ділімен, ұғым-түсінігі, парасатымен тікелей байланысты. Осының бәрі көркем туынды арқылы көрініп, халықтың санасына сіңеді, оның рухани өмірін қалыптастырады. Әдебиет туралы ғылым (әдебиеттану) көркем әдебиеттің осы жолдағы ізденісін, жетістіктерін, халықтың ұлттық бейнесін ашудағы еңбегін, ойлау мен бейнелеудің жолдарын жинақтайды, қорытындылайды. Сол арқылы бүгінгі ұрпақтың ұлттық ой-санасының жаңғыруына әсер етеді. Әдебиеттің көркемдік-эстетикалық, тәрбиелік-танымдық қызметі – бәрі де сын еңбектер мен зерттеулерде ашылады.
Қазақ әдебиеттану ғылымы тәуелсіздік тұсында, яғни соңғы он бес жыл шегіндегі даму бағдарын бағамдамас бұрын, ең әуелі оның осы кезеңге дейінгі тыныс-тіршілігі – тууы мен қалыптасуын, даму жолын және әдебиеттанудың әр кезеңдегі даму бағытына әсер ететін факторларды анықтап алған абзал. Себебі кез келген дүниенің негізін түсінбей, оның бүгінгі жай-күйін сипаттауға ұмтылу мүмкін болмас еді.
Әдебиеттанушы ғалымдар қазақ әдебиеттануының ғылым ретінде қалыптасып, орнығуын ХХ ғасырдың басымен байланыстырады: Е.Ысмайылов: «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихына көз жіберсек, оның негізінен екі кезеңді басынан кешіргенін байқауға болады. Біріншісі – үйрену, идеялық творчестволық принциптерді игеру кезеңі. Екіншісі – соғыстан кейінгі дәуір, яғни қалыптасу, даму дәуірі» ,-десе, профессор Т.Кәкішев сын мен әдебиеттану ғылымы сабақтаса дамитындығын, сынның бара-бара әдебиеттануға айналатындығын ескерте келіп: «Қазақ әдеби сыны мен ғылымының тарихи белестерінен үш кезеңді анық байқаймыз. Бірінші кезең - қазақ әдеби сынының туу дәуірі. Қазақ әдеби сынының туу процесі Қазан төңкерісіне дейін созылған. Екінші кезең – қазақ әдеби сыны жанр ретінде қалыптасу және әдебиеттану ғылымының туу дәуірі. Бұл процесс 1917-37 жылдар арасын қамтиды. Үшінші кезең - қазақ әдебиеті сынының өсіп-өркендеу және әдебиеттану ғылымының қалыптасу дәуірі 1938-85 жылдар аралығы», - дейді [1, 6 б.].
Қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасып, даму тарихы туралы зерттеуші Ж.Смағұлов:
«Ұлттық әдебиет туралы ғылым тарихын былайша жүйелеген дұрыс секілді. Бірінші кезең - қазақ әдебиеттану ғылымының тарихи алғышарттардан тұратын арғы бастаулары, яғни тарих алдындағы дәуірі. Бұл ежелгі дәуірден бастап ХХ ғасырға дейінгі уақыт аралығына созылады. Екінші кезең - қазақ әдебиеттану ғылымының туу дәуірі. Ол 1900-1940 жылдар арасында жүзеге асты, үшінші кезең - қалыптасу дәуірі. Бұл 1941-1970 жылдар аралығын қамтиды», - дейді [2, 6 б.].
Ойға орамды, көңілге қонымдысы да – соңғысы, яғни қазақ әдебиеттануы ғылым ретінде 1900 жылы қалыптасты деген ой.
Себебі егер жоғарыдағы ғалымдар әдеби сынның жанр ретінде қалыптасуын Қазан төңкерісімен байланыстырса, біз Т.Кәкішев еңбегінде әдеби сын «Түркістан уалаятының газеті» (1870-1883 ж.ж.), «Дала уалаяты газеті» (1882-1902 ж.ж.) басылымдарындағы әдебиетке қатысты жарияланған мақалалар көбіне жекелеген әдеби фактілерге, жаңадан жарық көрген кітаптарға, ақын-жазушыға қатысты, сондай-ақ Ә.Бөкейхановтың 1905 жылғы
«Семипалатинский листок» газетіндегі «Абай» мақаласы, К.Ысқақовтың 1909 жылғы Петербургте шыққан Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағындағы соңғы сөзі, А.Байтұрсыновтың 1913 жылғы «Қазақ» газетіндегі «Қазақтың бас ақыны», С.Сейфуллиннің 1914 жылғы «Манап» драмасы турасында», М.Дулатовтың 1916 жылғы «Надандық құрбаны» мақалалары, С.Торайғыровтың 1913 жылғы «Айқап» журналындағы «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» сияқты әдеби-сыни ой-пікірлер айтылғанын білеміз. Ендеше сынның жанр ретінде қалыптасуына аталған еңбектер мен аталған басылымдар негіз болса, ол қазақ әдебиеттануының қалыптасуына да жол ашты.
Айталық ХХ ғасырдың алғашқы жиырма жылында еліміздегі қоғамдық-саяси оқиғалар ұлттық санаға, қоғамдық ой-пікірдің дамуына әсер етті. Ол ұлт зиялыларының ел басқару ісіне араласу, жер-су бөлінісі, ұлттық тәуелсіздік, дін, оқу-ағарту мәселелеріне белсене араласуына жағдай жасады.
Сондай-ақ баспасөздің пайда болуы, жазба әдебиеттің өркен жайып, жанрлық тұрғыдан түрленуі, әдебиеттің жаңа көркемдік ізденістерге ұмтылуы, кітап шығару ісінің қолға алынуы фольклорлық, классикалық (Шоқан, Ыбырай, Абай, Дулат, Мұрат т.б.) мұралардың үлгілері, оқу құралдары мен ғылыми еңбектердің жеке-жеке кітап болып бастырылуы (М.Кәшімов «Ақыл кітабы», «Әдеп», «Үгіт», М.Малдыбаев «Қазақша ең жаңа әліппе», Т.Жомартбаевтың
«Балаларға жеміс», С.Көбеев «Үлгілі бала», А.Байтұрсынов «Тіл құралы», «Оқу құралы» т.б.) әдеби-тарихи бағыттағы ой-пікірлердің туындауына әкелді.
М.Сералиннің «Шахнамеден» аударған «Рүстем-Сүһрапқа» жазған «Сөз басы», Ә.Бөкейхановтың «Абай», К.Ысқақовтың «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбаевтың өмірі», А.Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны», С.Сейфуллиннің «Манап» драмасы турасында», М.Дулатовтың «Ш.Ш.Уәлиханов» атты зерттеу мақалалары сияқты әдебиеттанушылық, әсіресе, ғұмырнамалық сипаттағы ғылыми зерттеулердің болғандығын айғақтайды. Өкінішке орай, кеңестік әдебиеттануда қазақ зиялыларының осы сияқты төңкеріске дейін жазылған мақалалары аталмай келді, аталған күннің өзінде социалистік көзқараспен түсіндіріліп келді.
Ғасыр басында фольклортануда да соны ізденістер жасалып, ғылыми тұрғыдан зерттеуде едәуір нәтижеге жеткені байқалады. Қазақ баспасөзі бетінде фольклорлық мұралар жарияланып, олар туралы сыни ой-пікірлер айтылды. Мысалы, А.Баржақсиннің «Мақалдар», Ж.Басығарин
«Өлең-жыр, әндер», Ә.Бөкейханов «Қара қыпшақ Қобыланды» т.б. Өзі жинастырған фольклорлық үлгілерді жүйеге келтіріп, хатқа түсірген М.Ж.Көпеевтің «Қара мес», «Қара кітап» қолжазбалары да фольклортануда маңызды орын алады. Әдебиеттану ғылымының бір саласы болып табылатын әдебиет теориясына қатысты әдеби-теориялық ой-пікірлер де ғасыр басында қалыптаса бастады. Бұл бағытта А.Байтұрсыновтың «Роман не нәрсе?» деген мақаласында роман туралы теориялық ұғымды меңгеруге талпыныс жасалады.Әдебиеттің қосалқы саласы библиографияның тұсауы да осы кезеңде кесілді. «Айқап» журналының бетінде «Баспашылдық дүниесінен», «Жаңа шыққан кітаптар», «Бірадын Каримовтар кітапханасы», «Бұған да көз салыңыз», «Қазақ басқармасында сатылатын кітаптар» деген атпен қалың жұртшылықты жаңадан басылып шығып жатқан кітаптармен таныстырады.
Бұл қазақ әдебиеттануы жеке ғылым ретінде сол кезеңдегі қоғамның ұлттық сипаттағы дамуына сәйкес қалыптасқанын дәлелдейді.
Осылайша ғасыр басында әдебиеттану саласында жоғарыда аталғандай сәтті қадамдар жасалып, бірқатар жетістіктерге жеткенімен, 1917 жылдары келіп жеткен Қазан төңкерісінен кейін дағдарысқа ұшырады.
Қазақ даласына зор тарихи өзгерістер: 1921-22 жылдардағы аштық, 1925 жылғы Ф.Н.Голощекиннің «Қазан төңкерісі қазақ ауылының сыртынан құйындай ағып, өте шыққан. Ауылдың бейнесіне ешқандай өзгеріс жасамаған» деген желеуімен ұйымдастырылған «Кіші Қазан» төңкерісі, коллективтендіру, күштеп ортақтастыру, ауқатты әулеттерді «бай», «үстем тап адамдары» деген атпен тәркілеу, 1931-32 жылдардағы аштық қазақ халқын жаппай жүдеушілікке ұшыратты. Осындай сананы тұрмыс билеген уақытта рухани дүниенің дамуы мүмкін емес екені белгілі. Оның үстіне қазақтың ел билеген білімдар азаматтарын «халық жауы» деген жала жауып, қудалай бастады. Баспасөз бетінде «Байтұрсынов және байтұрсыновшылдық», «Сәкен және сәкеншілдік» атты мақалалар басылып, нәтижесінде небір зиялы қазақ азаматтары түрмелерге тоғытылды.
Осының бәрі, әрине, Қазақстандағы әдебиет пен әдебиет туралы ғылымның дамуына белгілі дәрежеде ықпал етті.
Жаңа дәуір әдебиеттану ғылымына маркстік-лениндік ілімге сүйенген өзіндік теориялық негіз әкелді. Әдебиеттанудың эстетикалық-танымдық маңызы, лениндік бейнелеу теориясы, әдебиеттің партиялығы, әдеби мұраның таптығы мен халықтығы сияқты маркстік-лениндік теорияның идеялары әдебиеттанудың ғылыми негізіне айналуы керек болды.
Сонымен қатар бұл теория 20 жылдардағы қазақ әдебиеттану ғылымынан көрініс тапты. Ол ескі мен жаңаның, ұлтшылдық пен төңкерісшілдіктің, алашшылдық пен кеңесшілдіктің тартысы түрінде саяси мәнге ие болды. Сөйтіп ұлт тәуелсіздігі үшін бір мақсатта жүрген қазақ зиялылары екіге жіктеледі. Баспасөз бетінде алашшыл ақын-жазушылар (А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, М.Әуезов, Ж.Аймауытов т.б.) мен кеңесшіл-революционерлер (С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Б.Майлин, Т.Рысқұлов т.б.) арасында көркем әдебиет пен әдеби процеске қатысты айтыстары баспасөзде беріліп отырды.
Бұл кезеңде сын мен әдебиеттануға жоғарыда аталған қаламгерлермен қатар С.Садуақасов, Қ.Кемеңгеров, Ғ.Тоғжанов, Ә.Тәжібаев, М.Дәулетбаев, Ы.Мұстамбаев т.б. ат салысты.
20-жылдардағы саяси-әлеуметтік, қоғамдық-өмірдегі өзгерістерден туындаған халық арасында сауатсыздықты жою саясаты қазақ зиялыларының тарапынан кең қолдау тапты. Бұл мақсаттағы алғашқы қадам әр түрлі сауат ашқыш құралдар, әліппе, оқу құралдарын жасаудан басталады. Айталық, А.Байтұрсынов «Әліпби» (1921), «Оқу құралы» (1921), «Әліпби. Жаңа құрал» (1926), Т.Шонанұлымен бірігіп жазған «Оқу құралы» (1927), М.Жұмабаевтың «Сауатты бол», «Педагогика», Ж.Аймауытовтың «Жаңа ауыл» (1929) т.б. оқу құралдарымен қатар, қазақ әдебиеттануындағы алғашқы әдеби-теориялық еңбек А.Байтұрсыновтың «Әдебиеттанытқыш» (1926), ұлттық әдебиет тұңғыш зерттеу еңбегі М.Әуезов «Әдебиет тарихы» (1927), Х.Досмұхамедовтың «Қазақтың халық әдебиеті» (1928) сияқты көлемді зерттеу еңбектері дүниеге келді. Бұл зерттеу еңбектері 20-жылдардың өзінде әдебиеттанушылық ой-пікірлердің өресі өсіп келе жатқанын, яғни қазақ әдебиеті туралы ғылымының кемелдене, тереңдей түскендігін танытты.
Аталған еңбектердің бүгінгі әдебиеттану үшін маңыздылығы зор, себебі олар ғылыми зерттеу ой-пікірлердің таза кескін-келбетін сақтап, жаңа заман, яғни социалистік заман идеологиясына бой алдыра қоймаған еңбектер еді. Ал 30-жылдардың басынан бастап «ұлтшыл- алашордашыларды әшкерелеу» басталғандықтан, бұл сипаттағы мақалалар сиреді.
Заманының талабына байланысты қаламгерлер екі түрлі идеялық көзқарасты қолдап, екіге жарылғаны жалпы ұлттық әдебиеттің дамуына кедергі болғанына қарамастан, ұлттық әдебиеттануда бірқатар соны ісденістер жасалды.
Осы кезеңдегі қазақ әдебиеттануындағы негізгі жетістіктерінің бірі – қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеу теориясының қалыптасуы. Қазақ әдебиетін тарихи дәуірлерге бөлудің жобасын алғашқы болып ұсынған Р.Мәрсеков, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, М.Әуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Ә.Қоңыратбаев т.б. ғалымдар болды.
Салыстырып байқасақ, ғасыр басындағы маркстік-лениндік әдіснама бекігенге дейінгі әдебиет туралы ғылым әдебиетті таза ғылыми тұрғыдан тануды негізге алса, аталған әдіснамалық негіз орныққан тұстан бастап ғылымдағы басты ұстаным осы идеяның төңірегінде шоғырланды.
1930-жылдардың бас кезінде әбден орныққан социалистік идеяны, маркстік-лениндік әдіснаманы негізге ала отырып, осы кезеңнің ұраны - «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» әдебиет жасауға қадам басталды. 1930 жылдардың басында «Сталин жолдастың хатына байланысты Қазақстандағы күрес міндеттері туралы» қаулы жарияланды. Бұл қаулыға сәйкес осы күнге дейін тек алашордашыл ақын-жазушылар қудаланса, енді төңкерісшіл, кеңесшіл
ақын-жазушылар шығармаларынан «байшылдық пен ескішілдікті көксеудің, ақсүйектік дәуірді жырлаудың, ұлтшылдықтың белгілерін» іздеу науқанға айналды. Оған КазАПП сыншылары белсене араласты, әсіресе, осы сарындағы мақалалар жазуда Ж.Садуақасов, М.Қайыпназаров, Қ.Өтепов, Ә.Мусин, С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев т.б. ерекше көзге түсті. Олардың сынына С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Әуезов, Ғ.Тоғжанов, С.Садуақасов сияқты көрнекті қаламгерлер ілікті.
Әдебиеттанудың басты мәселесі - көркем әдебиет қандай болу керек, әдебиеттанудағы негізгі ұстаным қандай деген сауалдар қойылды. 1931 жылы И.В.Сталин партия мектебін бітірушілер алдында сөйлеген сөзінде алғаш қолданған «социалистік реализм» деген түсінік кейін мәдениеттің барлық саласында басты мәнге ие болды. 1932 жылы Орталық Комитеттің
«Әдебиет, көркемөнерді ұйымдастыруды қайта құру туралы» қаулысы дүниеге келді. Осыдан бастап социалистік реализмге сүйенген кеңес әдебиетін негізгі әдебиет ретінде теориялық негіздеу, оның негізгі ұстанымын анықтау, әдебиеттің партиялық, таптық, халықтық екендігін және оның негізгі идеологиялық құрал екендігін дәлелдеу науқаны басталды. Осындай социалистік реализм дәуірлеп тұрған шақта Абайдың қайтыс болғанына 30 жыл толуына орай оны атап өту мәселелері көтерілді. Осы мақсатта Абай «қазақ әдебиетінің көшбасшысы», «жазба әдебиеттің негізін салушы» екендігін таныту жолында ғұмырнамалық зерттеулер жасау қолға алынды. Бұл салада 30-жылдары М.Әуезовтың «Абай ақындығының айналасы», Қ.Жұбановтың
«Абай – қазақ әдебиетінің классигі», Ә.Мәметованың «Абай – кезеңнің дана ақыны», Ш.Әлжановтың «Абайдың педагогика туралы көзқарасы», Қ.Қуанышұлының «Абай» т.б. мақалаларымен қатар, Ғ.Тоғжановтың «Абай» атты монографиясы абайтануда тың бастама салды.
Бұл жылдары әдебиетті зерттеу саласында қазақ халық ауыз әдебиеті мен әдебиет тарихын жүйелеу, жанрларға жіктеу, әдебиет тарихын дәуірлеу бағытында мол жұмыс атқарылды. Бұл тұрғыда С.Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» (1932), С.Мұқановтың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1932), М.Жолдыбаев, М.Әуезов, Ә.Қоңыратбаевтың «ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетнің оқу кітабы» (1933) т.б. еңбектерді атауға болады. Бұл оқулықтар мектепте ұзақ уақыт қолданылып, әдебиетті оқыту ісінің орнығуына себепкер болды. Әдебиеттің негізгі салаларының бірі - әдебиет теориясы бойынша алғашқы талпыныстар 20- жылдары-ақ болғанымен де осы жылдары дендеп қолға алынды. Бұл салада оқулық-зерттеулер
Қ.Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы» (1938), Е.Ысмайыловтың «Әдебиет теориясының мәселелері» (1940) жазылды. Міне, осылайша қазақ әдебиеттануы түрлі айтыс-тартыстардан біршама айығып, ғылымға тереңдеп ден қоя бастағанда, қазақ ұлты үшін қайғылы 1937 жыл да келіп жетті. Елде қоғамның даму заңдылығы бұзылып, «халық жауларын», «шпиондарды» іздеу науқаны жаппай белең алды. Алашордашылар, олардың соңынан іздерін жалғастырушылар ретінде кеңесшіл ақын-жазушылар ұсталды. Әдебиет ісіндегі кезеңнің басты оқиғасы осы болғандықтан, бұл тұстағы әдебиет сыны толықтай олардың қателерін әшкерелеуге, «халық жауларын» табуға, шығармалар мен зерттеулерден социалистік идеалогияға жат ойларды іздеуге бағытталды.
Шоқпардың басы тұтқындалған қазақ әдебиеті классиктерімен қатар, кейінгі жас буын М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсіреповтерге де тиді. Мұндай жағдайда қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының дамуы дағдарысқа ұшырады.Осындай рухани жүдеушіліктен кейін қазақ әдебиеттануында жаңа ізденістер болмады, негізінен Жамбыл бастаған халық ақындары мұралары сөз болды. Түйіндей айтқанда 30-жылдары ұлттық әдебиеттану ғылымы үшін елеулі кезең болып табылады. Әдебиеттану көп дүниені жоғалтып, көп арыстарынан айырылса да,
олардың мұралары бүгінгі күні қайта жанданып, өткен кезеңнің жетістіктері де болғанын көрсетіп отыр. Соғыс жылдары заманның талабына сай халықты жеңіс үшін жанқиярлық еңбек ету, патриоттық рухта тәрбиелеу қажеттігіне байланысты кеңестік бағдарға сәйкес әдебиеттану ғылымына екі түрлі міндет жүктелді: бірі – орта мектептер мен оқу орындарына заманының сұранысына жауап беретін оқулықтармен қамтамасыз ету, екіншісі – фольклорлық мұраларды жариялау және зерттеу. Бұл бағытта Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, М.Ғабдуллин, Ә.Мәметова, Т.Нұртазин, Ә.Қоңыратбаев т.б. қажырлы еңбек етті.
Бұл кезеңде қазақ әдебиеттануында ақын-жазушылдардың мұраларын монографиялық тұрғыдан зерттеуге қадам жасалды. Мысалы, Абай, Ыбырай, Шоқан, Махамбет, Сұлтанмахмұт мұраларына қатысты зерттеулер. Осындай ізденістері іркілістерінен басым түсіп, зерттеушілердің жаңа буынымен толықтырылып жатқан тұста әдебиеттану ғылымына Қазақстан ОК-ның 1947 жылғы «ҚазССР ҒА-ның Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел қателер туралы» қаулысы кесе көлденең шықты. Ол ғылымдағы тың бағыттағы қадамдарды жоққа шығарып қана қоймай, еркін шығармашылық ойлауға тыйым салды [3, 56 б.]. Осы қаулының негізінде Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, Ә.Мәметова, Т.Нұртазин, Ә.Қоңыратбаев т.б. «ұлтшылдық» қателері үшін қатал сынға ұшырады. Олар «мәдени мұраға сын көзбен қарамағандығы», Шортанбай, Дулат, Мұрат, Нарманбет, М.Көпеев, Сұлтанмахмұт сияқты «ескішіл», «байшыл», «алашордашыл» ақындардың мұрасын зерттегендері үшін сыналды. Тағы да репрессия, тағы да қуғындау дауылы соғып, ғалымдар түрмелерге қамалып, кейбірі елден кетуге мәжбүр болды. Бұл жағдай тек И.В.Сталин қайтыс болып, Н.С.Хрущев жеке басқа табынушылықты заңсыздық санап, демократиялық жол бастаған кезең, яғни «жылымық» кезеңі орныққан тұста ғана өзгере бастады.
Әдебиетке қуғындағы талантты әдебиетші ғалымдар қайта оралып, ғылымда жаңа күрделі зерттеулер жасады. Әдеби процеске, әдебиет тарихына арналған «Қазақ әдебиетінің тарихы» (1948), «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» (1949), «Совет дәуіріндегі қазақ халық поэзиясының очерктері» (1955) сияқты ұжымдық зерттеулермен қатар, жеке ақын- жазушылардың шығармашылығына арналған Қ.Жұмалиевтің «Махамбет» (1948), Т.Нұртазиннің «С.Мұқанов творчествосы туралы» (1950), З.Кедринаның «М.Әуезов» (1951) сияқты зерттеулері дүниеге келді. Күнделікті әдеби сынға Т.Нұртазин, Қ.Жармағамбетов, С.Сейітов, С.Төлешев т.б. белсене араласты.
Фольклортануда жеке жанрлар тарихы, поэтикасы басқа халықтардың фольклорымен байланыстырыла отырып зерттелді. Бұған дейін «тұрпайы социализм» әсерімен шеттетіліп келген, жарияланбаған халық ауыз әдебиеті мұраларының үлгілері жарық көре бастады. Бұл бағытта М.Ғабдуллиннің «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» (1958), Е.Ысмайыловтың «Ақындар» (1951), жеке жанрлар бойынша С.Қасқабасов, Б.Адамбаев, Р.Бердібаев, Ш.Ыбыраев, Б.Уахатов, Е.Тұрсынов т.б. зерттеулері құнды. Қазақ әдебиеті тарихын дәуірге бөлуге, әр кезеңнің тарихи, қоғамдық сипатын анықтауға қатысты 1959 жылғы ғылыми-теориялық конференцияның маңызы зор. Бұл конференцияда Б.Кенжебаев қазақ әдебиетінің тарихы өз бастауын, Қ.Жұмалиев ұсынғандай, Бұқар жыраудан емес, ежелгі тасқа қашалып жазылған жазба мұраларынан басталады деген тың пікір айтты. Алайда аталған конференцияда қанша дәлелді болғанымен, маркстік-лениндік әдіснама бойынша ұлттық тамырды іздеуге, ұлттық санамен ойлауға жол берілмегендіктен, Қ.Жұмалиевтің қазақ әдебиетінің тарихын Бұқар жыраудан бастау туралы ұсынысы басшылыққа алынды. Әрине кейін Б.Кенжебаев пікірінің дұрыстығы дәлелденіп, аталған кезең әдебиетін зерттеу бағытында Б.Кенжебаев бастаған жас ғалымдар (М.Мағауин, М.Жолдасбеков, А.Қыраубаева, Н.Келімбетов, Х.Сүйіншәлиев, т.б.) тобы қыруар еңбек атқарды.
1960-70 жылдары салыстырмалы тұрғыда зерттеу нысанына ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті көбірек алынғандығы байқалады. Оның ішінде, әсіресе, 1956 жылы Сәкен, Ілияс, Бейімбеттердің ақталуына байланысты олардың мұрасын монографиялық тұрғыдан зерттеу ерекше қарқынмен жүргізілді. Бұған С.Қирабаевтың «С.Сейфуллин» (1962), Е.Ысмайыловтың «Ақын және революция» (1967), Т.Кәкішевтің «С.Сейфуллин» (1967), М.Дүйсеновтың «І.Жансүгіров» (1965), Т.Нұртазиннің «Б.Майлин творчествосы» (1966), Б.Ысқақовтың «С.Дөнентаев» (1966), Ы.Дүйсеновтың «С.Торайғыров» (1967), Б.Наурызбаевтың «Б.Майлин прозасы» (1967) т.б. еңбектері дәлел. 60-80 жылдары қазақ әдебиеті теориясын, проза мен поэзия, драматургияның өсу-өркендеу жолын, жанрлық ізденістері мен табыстарын зерттеуге көп назар аударылды. Бұл бағытта Р.Бердібаевтың («Роман және заман», 1967), Ш.Елеукеновтың («Қазақ романы және қазіргі дәуір», 1968), А.Нұрқатовтың («Идея және образ»,1962), Қ.Жұмалиевтің («Стиль - өнер ерекшелігі», 1966), С.Ордалиевтің («Қазақ драматургиясының очеркі», 1964), Т.Қожакеевтің («Қазіргі қазақ сатирасы мен юморы», 1966), М.Атымовтың («Қазақ романынының поэтикасы», 1975), Р.Нұрғалидің («Қазақ драматургиясы», 1979), Б.Майтановтың («Қазақ прозасындағы замандас бейнесі», 1987) т.б. еңбектерін атауға болады.
Байқап отырғанымыздай әдебиеттану ғылымы бүгінгі жеткен биігін бағындыру жолында қалыптасу, даму мен дағдару, жетілу мен жығылу, өрлеу мен іркілу кезеңдерін басынан кешірді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Ысмайылов Е. Әдеби мұра және оны зерттеу. -Алматы: ҚазССР ҒА баспасы, 1961.-376 б.
Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы. - Алматы: Санат, 1994.- 448 б.
Смағұлов Ж. Ұлттық әдебиеттану әлемі. Монография. - Қарағанды: Болашақ- Баспа, 2005.-317 б.
Достарыңызбен бөлісу: |