Ш.Құдайбердиев қазақ қоғамының өмірінен алып, үш поэма жазды. Олардың алғашқы eкeyi («Қалқаман — Мамыр», «Еңлік — Кебек») 1912 жылы Семейдің «Жердем» баспасында басылып шықты да, үшіншісі («Нартайлақ — Айсұлу») бiзгe қолжазба күйінде жетті. Ақынның бастапқы eкi поэмасын 1912 жылы жарық көргенше қарап, дәл сол жылдары жазылған дүние екен деп кeciп айту қиын. Шамамен алғанда, олар eкi ғасыр аралығында, дәлірек айтсақ, Ақылбай, Мағауия Құнанбаевтың романтикалық поэмаларына жалғас жасалған туындыларға ұқсайды.
«Еңлік-Кебек» – екі жастың махаббатын жыр ететін шығарма. Бірін-бірі сүйген екі жастың қасіретін ескілікті салт-сананың қатып қалған дәстүрлерімен байланыстырады. «Бұл әңгіме - 1780 жылы шамасында осы Шыңғыс тауында Матай мен Тобықты арасында болған іс. Шариғатта әкесінің атастырғаны жас қызға неке есепті десе де, өзге дүниелік пайдасын ойламай, жалғыз ғана қызының қамын ойлап берер дегені. Әйтпесе «жас баланы сатып, пайдаланып, кем-кетікке беріп обалына қал» демейді. Мен соны ойлап, Еңлік-Кебекті соншалық жазалы демеймін»,- деп қара сөзбен бастаған Шәкәрім ақын. Оқиға Найман мен Тобықты арасында бітіспес дау орын алған уақытта болған еді. Тобықты руының қос басшысы Тоқтамыс деген кісі болады. Оның артынан ерген Кебек есімді інісі бар. 15 жасында-ақ көпшілік ішінде батырлығымен, кішіпейілдігімен танымал болған Кебек аузы дуалы Нысан абызды әдейі іздеп барып, бал ашуын сұрайды. Қобызын сарнатып, қалшылдап-дірілдеп Кебектің болашағын болжаған Нысан абыз жігітке:" Ажалың биік қабақ сұрлау қыздан, Батырым, ондай жанға көңіл берме", - деп ескертеді. Абыздың сөзін көңіліне алса да, жын сөзіне сенбеген батыр өз жолымен жүре береді. Арада біраз уақыт өткен соң Кебек аң аулап жүріп адасып кетеді. Кешқұрым жолында кезіккен үйге кіреді. Ол Матай ауылына келген екен. Кірген үйінде кемпір-шал мен қойшы бала отырады. Және кемпір-шалдың бой жетіп отырған Еңлік есімді қызы бар еді. Ас ішіп, жөн сұрасқаннан кейін Кебек өзін таныстырады. Оның есімін естіген қыз Кебекке ұзақ қарап қалады. Ұйықтар уақыт болғанда Еңлік Кебекке өз төсегін салып береді. Кебек оны қыздың жеңілтектігіне балайды. Көз байланып, барлығы ұйқыға батқанда Еңлік Кебекті оятып, өз сырын айтады. Өзінің бір байдың баласымен атастырылғанын, оны өзіне тең көрмейтінін, атасқан жігітінің ездігі мен ынжықтығын айтады. Сырын ақтарған қыз Кебектен өзіне тең көрер болса алып қашуын өтінеді. Кебек те қызды сынап, оның ой-пиғылы таза екеніне көзі жетіп, алмаққа уағдаласады. Қыз Кебекке Тобықты мен Найман бітіскен уақытта алып қашуы керектігін айтып, оған дейін жартас маңында кездесіп жүрелік дейді. Екеуі солай уағдаласқан соң жігіт еліне аттанады. Осылайша олар 6 ай бойы кездесіп жүреді. Осы уақытта Найман мен Тобықты да бітімге келеді. Бір күні Еңлік сүйгеніне қол ұстасып, бірге қашар уақыт келгенін айтады. Ол кезде Еңліктің аяғы ауыр еді. Араға біраз уақыт сала екеуі бірге елден қашып, жартасты паналап жатады. Қыздың қашып кеткенін естіген қалың Матай оны іздей бастайды. Сұрастыра келе оның Кебекпен қашқаны белгілі болады. Матай Тобықтыға кісі салдырып, Кебекті өз қолдарымен ұстап берулерін талап етеді. Тағы да бір-біріне өшіккен екі рудың арасына бұл оқиға бітіспес дау салады. Жартаста тығылып жатқан қос ғашық ұлды болып, соны қызықтап өмір сүріп жатады. Ақыры екеуін тауып алған Найман мен Тобықты адамдары ғашықтарды өлтірмек болады. Осы тұста Еңлік өлер алдында үш тілегін орындауларын сұрайды. Алдымен Кебекпен араздастыруларын, өлтірсе бірге жерлеулерін және кінәсіз балаларын Кеңгірбай биге тапсыруын сұрайды. Көпшілік Еңліктің сұрауына рұқсатын береді. Бір-бірімен қоштасып, құшақтасқан екі жасты ашулы жұрт ат құйрығына байлап, сүйреп өлтіреді. Екеуін бірге жерлеп, бала жайлы ұмытып кете барады. Ертесіне бала естеріне түсіп, іздеп келсе оны жартас маңынан таба алмайды. Поэма осылайша аяқталады.
«Қалқаман-Мамыр» дастаны алғаш рет 1912 жылы Семейде кітап болып басылып шыққан. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңіндегі халықтың хал - ахуалы, тұрмыс - тіршілігі де анық көрсетілген.«Қалқаман – Мамыр» поэмасының басты кейіпкерлері: Қалқаман, Мамыр, Әнет баба, Көкенай. Шығарма сюжеті: 1)Тобықты руының таралуы; 2)Еркекшора Мамыр. Қалқаман мен Мамырдың бір-бірімен кездесуі; 3)Қалқаман мен Мамырдың бірін-бірі ұнатуы. Бастаңғы.; 4)Мамырдың біреуге айттырылуы. Екі жастың серттесіп қашуы; 5)Мамырдың өлімі. Мәмбетейлер мен Тобықты руының жанжалдасуы; 6)Қалқаманға шығарылған үкім. Қалқаманның елден кетуі. Жоңғар шабуылы. Жас жігіт Қалқаман мен ару қыз Мамыр бір- біріне ғашық болып қосылғанымен, олардың бір рудан шыққандығына байланысты, екі жас "дәстүрді бұзғаны үшін" өлім жазасына кесіледі. Мамыр өз туысы Көкенайдың қолынан қаза табады. Ал Қалқаман өзін өлім жазасына кескен Кеңгірбай бидің "Енді жазадан құтылдың" дегенін тыңдамай, үстем тап өкілдеріне өкпелеп, Бұхар жаққа кетеді. Дастанда Қалқаманның ол жақта өсіп-өніп, ұрпағы жүз үйге жеткені айтылады. Халықтық шығармаға айналған дастан сюжеті феодалдық-патриархалдық дәуірдегі озбырлық пен әдет-ғұрыпты әшкерелейді, еркіндікті аңсаған халық идеясын паш етеді.