Қазақ фольклоры арқылы эстетикалық тəрбие берудің мазмұны
Фольклор мен әдебиет. Қазақ халқының бағзы заманнан бергі негізгі рухани азығы, мәдениеті, әдебиеті, философиясы, даналығы – ауыз әдебиеті болғандығы мәлім. Фольклор – жазба әдебиеттің іргетасы. Онсыз ешбір елдің әдебиеті кемел болмақ емес. Бүгінгі күні фольклор мәселесінің өзектілігі күннен күнге артып, барған сайын оған деген жан-жақты қызығушылық артуда. Этнография, тарих, тіл білімі, тіпті әдебиет тарихы сияқты гуманитарлық ғылымдардың ешқайсысы фольклорсыз өмір сүре алмайды. Яғни, ол – халықтың сан ғасырлық көркемдік ақыл-ойының жемісі, жазу білмеген тұстағы халықтың көркем тарихы. Фольклор қай замандардың көшінен өтсе де, әрбір кезеңнің жанды эстетикалық құралы ретінде талай уақыт сынынан да, талай ғасырлар асуынан да мүдірмей, шашырамай осы күнге жетіп отыр. Жалпы, фольклор халықты біріктіретін мәдени-интегралды жүйе ғана емес, этностық, тұтас халықтың дүниетаным ерекшеліктерін айқындайтын философиялық-адами феномен. Әрбір есейген, кемеліне келген жазба әдебиеттің өткен тарихы оның ауыз әдебиеті дәстүрінен тыс емес. «Адамзаттың көркемдік дамуында фольклор мен әдебиеттің алатын орны үлкен. Өзара күрделі ұқсастықтары да бар бұл құбылыстардың мәні мен өзгешелігін нақтылы біліп отыру – рухани жолдарын түсіну үшін де аса қажет. Фольклор мен әдебиеттің жалпы заңдылықтары мен шарттылықтарын саралап ажырату – ауыз әдебиеті қоры мен дәстүрі күшті халықтар үшін өте-мөте керек»– дейді Р. Бердібаев. Жалпы, фольклор мен жазба әдебиет байланысы мәселесі орыс әдебиетінде терең де жан-жақты, әрі ертерек зерттелді. Ал, қазақ әдебиеттану ғылымында бұл проблема кешеуілдетіп қолға алынды десе де болады. Бұған ең бірінші себеп – тоталитарлық жүйенің көп жылдар бойы фольклорға ескінің қалдығы деп қарап, зерттеуді екінші орынға қойып келуі. Осы көзқарастың салдарынан қазақ әдебиетінің көрнекті классиктерінің шығармаларында тұнып тұрған фольклорлық дәстүрлер күні бүгінге дейін зерттеуден тыс қалып келді. Фольклорлық сюжеттерге шығарма жазу дәстүрін немесе көркем туындыларында фольклорлық дәстүрлерді молынан пайдаланған қазақ әдебиетінің іргетасын қалаған жазушылар творчествосының осы қыры, яғни фольклорлық айшығын айқындау – бүгінгі әдебиеттану мен фольклортану ғылымының ең өзекті мәселесінің бірі боп отыр. Осы проблема аясында бүгінгі әдебиеттану ғылымында соңғы кезде жүйелі зерттеулер жасалуда, сөйтіп өз алдына бір дербес ғылым тармағының өзекті мәселесі ретінде күн тәртібінен маңыздылығы бір де бәсеңдемейтін зерттеу объектісі боп қалыптасуда. Жалпы, фольклор мен әдебиеттің арасындағы байланыс, ең алдымен, олардың біртұтас даму заңдылықтарымен айқындалады. Ол заңдылық – дәстүр мен жалғастықтың сабақтасуымен тығыз байланысты. Дәстүрді, әдетте, халықтың рухани көркемдік-эстетикалық өмірі жағдайындағы асыл мұраттары, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, дамытып жалғастырудың тарихи қажеттілігі деп түсінеміз.
Қазіргі таңда қазақ әдебиеттану ғылымы жаңа, тың да соны бағытта зерттеулерді қолға алып, бірталай рухани серпіліс дарытып отыр дедік. Сол бағытта профессор Ә. Молдахановтың М. Әуезов көркем шығармаларындағы фольклорлық дәстүрлерді зерттеген ғылыми еңбегі жарық көрді. С. Мұқановтың шығармаларындағы фольклорлық дәстүрлерді Қ. Байтанасова арнайы зерттеді. Б. Қанарбаева Мағжан шығармашылығының фольклорлық қырларын зерттеп, ғылыми жұмыс қорғады. І. Жансүгіровтің халық ауыз әдебиетін пайдалану әдістері жөнінде Е. Естаев зерттеді. Ж. Ахметова ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі фольклорлық дәстүрлерді Шәкәрім, Сұлтанмахмұт шығармаларының негізінде зерттеп шықты. Бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады. Яғни, бұдан шығатын қорытынды сонау қазақ әдебиетінің іргетасын қалаған классиктерімізден бастап бүгінгі күнге дейінгі ақын-жазушыларымыздың шығармашылығындағы халықтық негізді айқындау, ғылыми айналымға енгізу ғылымдағы кезек күттірмейтін мәселе екендігі.