287
Біздің лиро-эпикалық жырларымыз басқа халықтардікіне типологиялық
жағынан ұқсас: үлкен елдік, яки Отанды қорғау мәселесінің жоқтығы, әңгіме
өзегі – отбасылық болуы, сюжеттің күрт өзгеруі, оқиғаның кейде
трагедиямен аяқталуы. Тегі, мұндай типологиялық ұқсастықтың болуы
жалпы фольклордың даму заңдылығынан туындаса керек. Ғалымдардың
айтуынша, фольклорлық баллада – феодалдық қоғамда пайда болатын
көрінеді. Бұл кезде фольклор өмір талабына сәйкес өзгеріске түсіп, оның
құрамында жаңа жанрлар қалыптасады. Сондай жанрдың бірі –
халықтық
баллада деп есептеледі.
Қазақ қоғамы да көп уақыт феодалдық-патриархалдық болғаны белгілі.
Оның өзіндік ерекшеліктері болғаны сияқты қазақ фольклорында да
типологиялық заңдылықтармен бірге көптеген өзіндік қасиеті болды. Мұның
бір көрінісі – ХІХ ғасырда пайда болған лиро-эпикалық жырлар. Оларды
балладалық сипаттағы шығармалар деудің өзі белгілі дәрежеде шартты,
бірақ, жоғарыда айтылғандай, өзінің бүкіл болмысы, нысанасы, объектісі
бойынша балладаға жақын. Сөз жоқ, біз атап
отырған шығармалар таза
баллада емес, олар қазақтың өмірінен туғандықтан әрі басқа фольклор
жанрларының әсерінен таза баллада жанрының ауқымынан шығып кетеді.
Мұнда эпикалық сарын басым, сондай-ақ бірнеше жанрдың белгілері бас
қосқан: айтыс, қоштасу, арнау үлгілері кездеседі, ал, мұның өзі жырға
лирикалық сипат береді. Сонымен бірге қазақ балладалық жырларында
ежелгі
заманның салты мен ұғымдары, рулар арасындағы тартыс, көне
сюжеттер мен мотивтер ұшырасады және трагедиялық та, бақытты да финал
бар, тарихи адамдардың жаңа дәуірге сәйкес жаңаша әрекеттері бейнеленеді,
кейіпкерлердің мінез-құлқы мен іс-қимылдарында ескі ұғым-түсініктер
өзгертілген түрде көрсетіледі. Жалпы, бұл жырларда бұрынғы мен кейінгі
жағдаяттар шебер ұштастырылған, сөйтіп, олар жаңа жанрдың пайда
болғанын айғақтаған деп айта аламыз.
Достарыңызбен бөлісу: