Қазақ фольклоры: МӘНІ, теориясы, тарихы


«Қазақ халық поэзиясында»



Pdf көрінісі
бет54/115
Дата16.02.2023
өлшемі2,12 Mb.
#68529
1   ...   50   51   52   53   54   55   56   57   ...   115
Байланысты:
e185fe133cb926283d53f1af83c8f984

«Қазақ халық поэзиясында»: 
«Бұрынғы өткен заманда халқына пайдалы бір әділ патша болған екен. 
Әрбір тәртіптері халқына еш тоқтаусыз уақытымен орындалып тұрады 
екен. Бір күні бұл патша ойлапты: «Мен әр уақыт халық пайдасына қылған 
әмірім орнына нақпа-нақ келіп тұрады және халқым да мені жақсы көреді, 
сондықтан мен олардың да пайдасын ойлаймын. Енді мен бұқара халқыма 
зиянды бір әмір таратайын, халқым тыңдап орнына келтірер ме екен, болмаса 
келтірмес пе екен», – деп ойлап, уәзірлеріне әмір қылады: «Халыққа естірт, 
ешкім басына пайда қылмасын және кеш болғанда шам жақпасын!» – деп. 
Бұдан соң уәзірлер халыққа естіртіп болып, патшаға білдіреді: «Халқыңыз 
әміріңізді нақпа-нақ айтқаныңыздай орнына келтіретін болды , – деп. Патша 
уәзіріне еш жауап айтпай, түн болған соң үстіне бөтен, ескі жаман киім 
киіп, «Халқым залал әмірімді тұтқаны рас па екен», – деп, аралап жүрсе, 
шетте бір үйде шам жанып тұр. Сонда патша қайыр сұраған кісі болып, шам 
жанып тұрған үйге кіріп, қайыр сұрайды. Үйдің ішінде бір етікші етік тігіп 
отыр екен, етікші қайыршыны көріп, түре келіп(Дұрысы: «түрегеліп» 
болар), патшаға бір кішкене нан береді. Сонда патша айтады: «Сен 
патшаның әмірін тұтпаған не қылған адамсың, патшаның бұйрығы бар емес 
пе еді? Ешкім басына пайда қылмасын және шам да жақпасын деген...» (65-
бет). 


100 
Міне, екі мәтіннің екі рет басылған нұсқасы. Екеуінде текстологиялық 
біраз өзгешеліктер бар. Екеуінің қайсысы дұрыс? Қолжазба қорындағы 
текстің түпнұсқасымен салыстырғанда, 1964 жылы Ә.Диваевқа арналған 
жинақтағы мәтін дұрыс болып шықты. Келтірілген мысалдардағы курсивпен 
берілген өзгешеліктер былай қарағанда ертегіге айтарлықтай нұқсан келтіріп 
тұрған жоқ сияқты. Алайда, олай емес. Жіті қараған ғалымға бұл 
текстологиялық өзгерістердің терең мәні бар. 
Біріншіден, 
салыстырудың 
нәтижесінде 
байқағанымыз, 
«Қазақ 
ертегілері» жинағында шыққан мәтін біраз текстологиялық «жөндеуге» түсіп, 
әдеби редакцияланған. Құрастырушылар мәтіндегі кейбір сөздер мен 
сөйлемдерді қысқартқан, өзгерткен, тіпті кейбірінің орнына өздерінің 
жанынан қосқан. Соның салдарынан ертегінің тілі шұбарланған, ауызекі 
сөйлеу тілінің ерекшеліктері жойылған: халық ауызекі тілде қолданатын 
сөздер әдеби сөздермен ауыстырылған, ауызекі әңгімеде жиі кездесетін, төл 
сөзбен берілетін экспрессивтілік жай ғана авторлық баяндаумен 
алмастырылған. Редакция жасаушылар ертегі тілін халықтың ауызекі тіліне 
жақындатамыз деп, қарапайымдылыққа ұрынған, стилистік ақаулар жіберіп, 
ертегіге тән стильді жоғалтқан. 
Екіншіден, «Ақылды етікші» атты ертегідегі текстологиялық өзгертулер 
зерттеушіге ертегі жанрына тән кейбір ерекшеліктерді аңғартпайды. 
Мысалы, 1957 жылғы жинақта «Бұрынғы өткен заманда бір патша болған 
екен» деп жазылса, қолжазба мен 1964 жылы шыққан текстіде «Бұрынғы 
өткен заманда халқына пайдалы бір әділ патша болған екен» делінген. 1957 
жылы шыққан жинақтағы «халқына пайдалы», «әділ» деген сөздерді 
қысқарту дұрыс емес. Бұл жерде құрастырушылар идеялық жағына мән 
беріп, ертегіні «идеялық нашарлықтан» тазартпақ болған болуы керек. Бірақ 
олай жасамау керек еді. Себебі бұл ертегі ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың 
бас кезінде жазылып алынған. Ал, бұл ертегіні айтқан Қазалының қазағы 
Қансабай Амандықов өзінен бұрынғы қариялардан естігені күмәнсіз. Олай 
болса, бұл ертегі ертеден келе жатыр. Басқа сөзбен айтқанда, бұл ертегіде 
жалпы фольклорға тән бұқара халықтың «әділ, пайдалы патша», «жақсы хан» 
туралы арман-түсінігі айқын көрінеді. Бұл философтар үшін өте мәнді
фактілердің бірі. 
Жарыққа шыққан ертегіні қайта бастыру – өте жауапты іс. Ал, егер оның 
қолжазба түпнұсқасы сақталған болса, онда ол мәтінді тағы да жаңа жинаққа 
енгізу шығарушыдан көп жұмысты талап етеді. Ең алдымен жинаққа 
енгізетін ертегінің қолжазбадағы түпнұсқасы мен жарыққа шыққан мәтінін 
өте жіті салыстырып алу керек. Соның нәтижесінде олардың арасындағы 
өзгешеліктер анықталынуы тиіс. Бұл өзгешеліктер екі себептен болуы 
ықтимал. Бірі – Кеңес өкіметі тұсындағы цензураның кесірінен болған 
өзгерістер; екіншісі – құрастырушы мен баспадағы редактордың еркімен 
болған «жөндеулер». Алғашқысы Ә.Диваев материалдарын қайта
бастырғанда кездеседі. Кейінгісі Г.Н.Потанин фольклорлық мұраларын 
шығарғанда ұшырасты. Екі жағдайда да анықталған айырмашылықтар 
текстің кейінгі басылымында берілген түсініктемелерде көрсетілді. Мысалы, 


101 
1972 ж. шыққан «Казахский фольклор в собрании Г.Н.Потанина» атты 
жинаққа жинаушының өзі бастырып шығарған мәтіндер де кірді. Бірақ көп 
жағдайда олардың архивтегі түпнұсқасы қарастырылып, араларында
алшақтық бар ма, жоқ па, сол анықталып отырылды. Сондай-ақ 
Г.Н.Потаниннің өзі бастырған текстерге берген түсініктемелердің 
түпнұсқасы табылғанынша ескеріліп отырды. Егер текстің варианты болса, 
ол негізгі текстермен бірге, немесе түсініктемеде берілді. 
Кез келген ертегіні баспаға дайындағанда, мәтіннің ішінде кездесетін 
ертекшінің немесе жинаушының түсінік сөзін анықтап, көрсетіп отыру керек. 
Және жинаққа енген шығармаларды түгелдей нөмірлеген абзал. Халық 
әдебиетін жинаушы-фольклоршы ертегіні жазып алғанда, кейбір түсініксіз 
жерлерді анықтау үшін, немесе логикалық байланысын күшейту мақсатымен 
мәтінге өз жанынан анықтама сөздер мен сөйлем қосатыны белгілі. Мұндай 
сөздер мен сөз тіркестерін, сондай-ақ құрастырушының өзі қойған ертегінің 
атын квадрат жақшаға алу қажет. Сонда оның ертекшіге қатыссыз екені 
білініп тұрады. Бұл ғылыми жинақтың бірден-бір шарты. Алайда, біздің 
жарық көріп жүрген жинақтарымызда бұл шарт іске асып көрген жоқ.
Қазақстанда жарыққа шығып жүрген фольклорлық, әсіресе, ертегі 
жинақтарында тағы бір кемшілік орын алып жүр. Ол – жинаққа енген 
текстерді нөмірлемеу. Егер ғылыми жинақта ертегі текстері түгелдей 
нөмірленіп отырса, ол ғалым-фольклоршыға зерттеу жұмысын әжептәуір 
жеңілдетеді. Жинаққа енген мәтіндерді нөмірлеу салтын қазақ фольклортану 
ғылымында тұңғыш рет Г.Н.Потанинге арналған еңбектен көріп отырмыз. 
Бірақ құрастырушылар текстерді түгел бірыңғай нөмірлемей, әр бөлім, әр 
жанр бойынша нөмірлеген. Соның салдарынан жинақты ғылыми зерттеу 
жұмысында пайдалану өте ауыр. Айталық, ғалым-фольклоршы өз
жұмысында осы жинақтағы «Ер Төстік», «Қу бала» т.б. ертегілерді 
пайдаланса, ол бұлардың нөмірін көрсету үшін «қараңыз: «Богатырские 
сказки» №1, немесе «Бытовые новеллистические сказки» №3», – деп, ұзақ
жазуға мәжбүр болады. Ал, егер жинақта мәтіндердің нөмірі болмаса, ғалым 
бір ертегіні бірнеше рет толық аты мен бетін көрсетіп әуре болады. Жалпы, 
жинақтағы мәтіндерді нөмірлеу – әлем фольклортану ғылымында заңға 
айналған ереже. Оның дұрыс екеніне көз жеткізу үшін үлкен монографиялық 
зерттеулердің фактологиялық негіздеріне көз салсақ та жеткілікті. 
Енді бір әңгіме етуге тұратын нәрсе – фольклорлық жинақтың ғылыми 
аппараты. Ол қандай болуы керек? Оның құрамы мен мазмұны қандай болуға 
тиіс? Онда не айту міндет? – Міне, мұның бәрі жинақтың түрі мен
мақсатына байланысты. Мәселен, жинақ тек ғалым-мамандарға ғана арналған 
ба, немесе көпшілік оқушы қауымға бағышталған ба, болмаса тек бір ертекші 
айтқан ертегілерден, әлде бір аймақта жазылып алынған текстерден құралған 
ба, жоқ, жас өспірімдер үшін шығарылған ба? Демек, осылардың 
әрқайсысына орай түрлі-түрлі аппарат беру керек. 
Қазақ ертегілерін қамтитын жинақтар, негізінен, көпшілік қауымға 
бағышталған. Сол себепті оларда мәтіндерден басқа жалпылама кіріспе сөз 


102 
және азын-аулақ түсініктемелер беріліп жүр. (Бұл принцип қазақ 
фольклорының қай жанрына болсын арналған жинақтарда қолданылып жүр). 
Әділін айтсақ, ғылымымыздың қазіргі дәрежесі мұндай жинақтармен 
қанағаттана алмайды. Жоғарыда айтылғандай, енді таза ғылыми жинақ 
шығарып, оған шын мәнінде ғылыми аппарат беру қажет. Дамыған елдердің 
фольклоршылары бұл істі баяғыда қолға алған. Солардың үлгісі мен 
тәжірбиесін пайдалана отырып, ғылыми аппаратқа тағы да бірнеше қосымша 
енгізу керек. Қосымшаға әр түрлі көрсеткіштер (сюжеттік, географиялық, 
есімдік т.т.), диалектілер мен аз қолданылатын сөздердің сөздігі, кейбір 
текстердің басқа варианттары, жыршылар мен ертекшілер туралы 
мәліметтер, т.б. енуге тиіс. 
Кіріспе сөз (мақала немесе алғы сөз) қандай талаптарға сәйкес болуы 
шарт? Қазақстанда арнайы ертегілік жинақтарға кіріспе сөзді, әдетте, 
құрастырушының өзі (1957 жылғы жинаққа шейін), кейде маман-ғалым 
жазып жүр. Осы күнге дейін жарық көрген жинақтардың ішінде 1957 жылы 
шыққан «Қазақ ертегілерінің» І томына жазылған М.Әуезов пен 
Е.Ысмайыловтың кіріспе сөзін ерекше атаған жөн. Онда авторлар қазақ 
ертегілері туралы толық мәлімет беріп, бұл жанрдың көнелігі мен байлығын, 
шығу төркінін, қазақ ауылында ертектің жоғары бағаланатынын, тіпті 
өнердің бір түрі ретінде танылатынын кеңінен әңгімелейді, қазақ ертегісінің
көркемдік табиғатын ашуға көңіл бөледі. 
Бұдан кейін шыққан жинақтардың ішінде Ә.Диваев пен Г.Н.Потанинге 
арналған кітаптарға жазылған Н.Смирнованың үлкен мақалалары өзінің 
ғылыми мәнділігімен құнды. Аталмыш мақалаларда Ә.Диваев пен Г. 
Н.Потаниннің өмірі мен ғылыми қызметі толық баяндалған, олардың саяси-
әлеуметтік, ғылыми көзқарастары жан-жақты ашылған. Олардың еңбегін 
бағалауда автор біржақтылыққа ұрынбай, ғылыми дәлелді түрде 
кемшіліктерін де көрсеткен. 
Қазақ ертегісіне арналған ендігі жинақтарда, біздіңше, кіріспе сөзден 
басқа да бірнеше зерттеу мақалалар болуы керек. Ең алдымен, ертегінің әр 
жанры жеке том болып шығуы абзал. Айталық, қиял-ғажайып ертегісіне бір 
кітап арнасақ, ол кітапта кіріспе сөздің орнына бір үлкен зерттеу мақала 
болғаны дұрыс. Мақала қазақ қиял-ғажайып ертегісінің жиналуы, басылуы 
және зерттелуі жайлы, сонымен бірге оның негізгі көркемдік ерекшеліктері 
мен кейіпкерілері туралы сөз қозғаса нұр үстіне нұр болмақ. Осыған қоса 
жинақта ертегі мен әдебиеттің арақатынасы, қазақ ертегісінің басқа халықтар 
ертегісімен байланысы, ертегінің шындыққа қатысы сияқты мәселелерге 
арналған шағын мақалалар да болса жаман емес. Сонда ғана бұл жинақ 
қазақтың қиял-ғажайып ертегісі туралы толық түсінік бере алады. Ал, бұл 
мақалалар қалай және жинақтың қай жерінде берілуі керек? Біздіңше, 
мәтіндерден тыс берілетін «қосымша» деген бөлімге енгізген жөн. 
Ғылыми аппараттың енді бір бөлігі – түсініктемелер. Ғылымда 
қалыптасқан дәстүр бойынша, түсініктемелер мәтіннен кейін, кітаптың 
соңында беріліп жүр. Бұл дұрыс та болар. Қазақ фольклортану ғылымында 
түсініктеменің мазмұны, құрамы, түрі, негізгі шарты әзірге дәйекті түрде 


103 
шешілген жоқ. Әркім өзінше жазып жүр. Бірақ осы уақытқа дейін шыққан 
ертегілік жинақтарымызда шын мәнінде ғылыми түсініктеме жоқ. Ең тәуір 
делінетін үш томдығымыздың түсініктемелері толық емес. Текстердің толық 
паспорты берілмеген, варианттары көрсетілмеген, сюжеттердің географиясы 
мен ерекшелігі аталмаған, ертегілердің халықаралық сюжеттер көрсеткіштері 
ескерілмеген т.б. Әрине, бұлар құрастырушылардың кінәсі емес. Бұл 
кемшіліктер сол кездегі қазақ фольклортану ғылымының даму дәрежесінен 
туған еді. 
Ал, сонда ғылыми түсініктемелер қандай болуы керек? Біздіңше, бұл 
сұраққа Г.Потанинге арналған жинақтың түсініктемелері жауап бере алады 
деп ойлаймыз. Себебі, онда 1957 жылғы жинақтың түсініктемелерінде 
жіберілген кемшіліктер түгел ескерілген, сондай-ақ тарихи, фольклорлық 
этнографиялық және лингвистикалық түсініктер берілген. Бұл жинақта оның 
үстіне қосымша ретінде шартты белгілердің шешімі, кісі аттары мен 
фольклорлық терминдердің көрсеткіштері бар. 
Келешектегі міндет – қазақ ертегілерінің әр жанрына арналған шын 
мәнінде ғылыми жинақ шығару. Ол үшін бірінші кезекте текстологиялық 
жұмысты атқару керек. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   50   51   52   53   54   55   56   57   ...   115




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет