Жиембет жырау (XVII ғасыр) Бортоғашұлы XVI ғасырдың соңғы ширегі, XVII ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүреді. Алшын руын ежелден билеген ірі феодалдар тұқымынан шыққан Жиембет Еңсегей бойлы Ер Есімнің Кіші жүздегі ел басқарушы биі, әскербасы батыры қызметін атқарады. Есімнің көрші хандықтармен арадағы соғыстарына қатысады, ерлігімен, іскерлігімен танылады. Жиембет әсіресе 1620 жылы ойраттармен арада шыққан соғыста қазақтардың жауды ойсырата жеңуіне мұрындық болады. 1627 жылы Қазақ Ордасы құрамынан бөлініп, өз алдына тәуелсіз хандық құрғысы келген Ташкент ханы Тұрсынның көтерілісін басу кезінде де Жиембет елеулі роль атқарады. Алайда, көп ұзамай-ақ орталық үкіметке сөз жүзінде ғана бағынып, кіші жүзде дербес билік құра бастаған Жиембеттің өзі де ханның қаһарына шалынады.
Достарыңызбен бөлісу: |