ЛАБОРАТОРИЯЛЫҚ ЖҰМЫС N 2 Компьютерде есеп шығаруға дайындау кезеңдері
Жұмыстың мақсаты: Есептің қойылысын түсіне білу, математикалық моделін құра білу, алғашқы мәліметтер мен нәтижелерді анықтап, оларды байланыстыратын математикалық қатынасты жаза білу, есепті шығару алгоритмін құра білу, алгоритмді нақты бір программалау тіліне аударып, оның нәтижелерін талдай білу іскерлігі мен дағдысын қалыптастыру.
Тапсырмалар. Төмендегі есептерді шығаруға математикалық модель құрыңыздар.
Тіктөртбұрыш формалы плотинадан өзенге бөгет қойылған. Плотинаға судың жасайтын қысымын анықтаңыздар.
Оқушы таңертегілік жаттығуын жасаймын деп қабырғаға бекітілген пружиналы экспандерді қандай да бір қашықтыққа тартты. Бұдан пружинаның тартылу күші қандай жұмыс атқарғанын анықтаңыздар.
Екі кедергіден тұратын электр тізбегі тізбектей немесе параллель жалғанған. Әрбір кедергінің және тізбектегі жалпы кедергінің шамасын белгілі деп есептеп, кедергілердің жалғану типін анықтаңыздар.
Екі шар бір-біріне қарама-қарсы түзу сызықты қозғалып келеді. Әрбір шар үшін олар соқтығысқаннан кейін сол бағытта немесе қарама-қарсы бағытта қозғалысын жалғастыратынын немесе тоқтайтынын анықтаңыздар.
Сутегі мен оттегі қоспасында судың түзілу реакциясы жүрді. Реакция нәтижесінде қандай заттың қандай мөлшерде пайда болғанын анықтаңыздар.
Натрийі бар колбаға 15%-тік тұз қышқылының қандай да бір мөлшері қосылды. Реакция нәтижесінде қандай заттар қаншалықты мөлшермен алынды?
«Балмұздақ» сататын дүкенге бағасы 30 теңгеден балмұздақ түсірілді. Балмұздақ сататын сатушының жұмысын сипаттайтын математикалық моделі мен алгоритмін құрыңыздар.
Бір ауданда 4 елді-мекен орналасқан. Сол ауданның аймағынан темір жол өтеді. Аудан тұрғындарының өтініші бойынша темір жол бекетін және әрбір елді-мекеннен шығатын жолды салу жоспарланды. Ең ыңғайлы теміржол бекеті орналасатын орынды анықтаңыздар.
Екі моторлы қайық өзен ағысының бағытымен көлге қарай жүзіп келеді. Олар теңескеннен кейін бір қалыпты үдемелі қозғала бастады. Өзенге қай моторлы қайық бұрын жетеді?
Бөлменің 1 есігі, 4 қабырғасы, едені және төбесі (олардың формасы тітөртбұрышты) бар деп есептеп, оны майлы және сулы бояумен бояу үшін қаншалықты материал жұмсалатынын анықтаңыздар.