Бірінші Мемлекеттік Дума– Ресейдегі мемлекеттік басқарудың конституциялық-монархиялық жолға түсуін әйгілеген заң шығарушы жоғары өкілетті билік органы. 1906 ж. 27 сәуірден 9 шілдеге дейінгі аралықта, 72 күн қызмет етті. 1905 ж. 11 желтоқсандағы Сайлау заңы бойынша Думаға 524 депутат қатысуы керек еді. Сайлаудың шет аймақтарда кеш өткізілуіне байланысты оның жұмысына 499 депутат қатысты. 1-Мемлекеттік Думаға қазақ өкілдерінен 4 депутат: А. Бірімжанов (Торғай облысы), А. Қалменов (Орал облысы), Ә. Бөкейханов (Семей облысы), Ш. Қосшығұлов (Ақмола облысы) сайланды. Алайда, қазақ депутаттарының ішінде Бірімжанов пен Қалменов қана дума жұмысына қатыса алды. Дума мүшелері қатарында қазақ жерінен тысқары өңірлерден сайланған С. Жантөрин (Уфа губ.) мен Д. Тұндыт (Астрахан губ.) сияқты қазақ азаматтары да болды. Қазақ депутаттары думадағы мұсылман фракциясы құрамында қызмет етті. 1- Мемлекеттік думада ірі фракцияны кадеттер құрады. Кадеттерді ұлттық аймақтардың депутаттары да қолдады. Думаның құқын кеңейту, саяси кешірім жариялау жөніндегі кадеттердің ниеті Ресей патшасы тарапынан қолдау таппады. Оған жауап ретінде дума патша билігін тоқтатуды талап етті. Жер мәселесін талқылау өте тартысты жүрді. Жағдай осылай шиеленіскен соң, 9 шілдеде дума патша жарлығымен таратылды.