ЖОСПАРЫ: 1.Мемлекеттік думалар 2.Думаға сайланған қайраткерлер 3.Думадағы жер-су мәселесі
Бірінші Мемлекеттік Дума– Ресейдегі мемлекеттік басқарудың конституциялық-монархиялық жолға түсуін әйгілеген заң шығарушы жоғары өкілетті билік органы. 1906 ж. 27 сәуірден 9 шілдеге дейінгі аралықта, 72 күн қызмет етті. 1905 ж. 11 желтоқсандағы Сайлау заңы бойынша Думаға 524 депутат қатысуы керек еді. Сайлаудың шет аймақтарда кеш өткізілуіне байланысты оның жұмысына 499 депутат қатысты. 1-Мемлекеттік Думаға қазақ өкілдерінен 4 депутат: А. Бірімжанов (Торғай облысы), А. Қалменов (Орал облысы), Ә. Бөкейханов (Семей облысы), Ш. Қосшығұлов (Ақмола облысы) сайланды. Алайда, қазақ депутаттарының ішінде Бірімжанов пен Қалменов қана дума жұмысына қатыса алды. Дума мүшелері қатарында қазақ жерінен тысқары өңірлерден сайланған С. Жантөрин (Уфа губ.) мен Д. Тұндыт (Астрахан губ.) сияқты қазақ азаматтары да болды. Қазақ депутаттары думадағы мұсылман фракциясы құрамында қызмет етті. 1- Мемлекеттік думада ірі фракцияны кадеттер құрады. Кадеттерді ұлттық аймақтардың депутаттары да қолдады. Думаның құқын кеңейту, саяси кешірім жариялау жөніндегі кадеттердің ниеті Ресей патшасы тарапынан қолдау таппады. Оған жауап ретінде дума патша билігін тоқтатуды талап етті. Жер мәселесін талқылау өте тартысты жүрді. Жағдай осылай шиеленіскен соң, 9 шілдеде дума патша жарлығымен таратылды.
Екінші Мемлекеттік Дума– Ресей империясындағы мемлекеттік басқарудың 2-рет сайланған конституциялық-монархиялық бағыттағы заң шығарушы жоғары өкілетті органы. 1907 жылы 20 ақпаннан 3 маусымға дейін жұмыс жасаған 103 күн ішінде 2 рет сессия ашып, 53 мәжіліс өткізді. Қазақ халқынан Думаға сайлау 1905 жылы 11 желтоқсандағы сайлау заңы бойынша жүргізілді. Қазақ халқынан депутаттыққа ОралданБ.Қаратаев, АқмоладанШ.Қосшығұлов, ТорғайданА.Бірімжанов, СемейденТ.Нұрекенов, ЖетісуданМ.Тынышбаев, СырдарияданТ.Алдабергенов, АстраханнанБ.Құлманов сайланды. Мұсылман фракциясына 36 депутат енді. Бұл фракция "мұсылман фракциясы" және "мұсылман қызмет фракциясы" болып екі топқа бөлінеді. 1907 жылдың 21 сәуірінен мұсылман депутаттары "Дума" газетін шығарып, Думада қаралып жатқан мәселелерді жариялап тұрды. Мұсылман фракциясыРесейдің шет аймағындағы отарлау саясатын әшкерелеп, парламенттік жолмен күрес жүргізді.
Қазақ депутаттары Нұрекенов, Алдабергенов, Қосшығұлов, Бірімжановмұсылман фракциясының құрамына, Тынышбаев конституциялық-демократиялық фракция құрамына кірді. Қаратаев алғашқы кезде тіркеу тізімі бойынша кадет партиясының құрамына, кейін партиялық фракция мен топтарды толықтай құрған кезде мұсылман фракциясының тізіміне енгізілді. Үкіметтің аграрлық және отаршыл саясатын сынға алған бұл Дума депутаттары құрамы жағынан да, күн тәртібіне қойылған талқылау жағынан да Бірінші мемлекеттік Думадан төрі солшыл болып шықты. Думаның 39-пленарлық отырысында қазақ өлкесіндегі жер саясатына байланысты Егіншілік пен жерге орналастыру ісінің бас басқармасының бастығы князь Васильченко мен Министр Кеңесінің төрағасы Столыпиннің қазақ жеріне қатысты жүргізіп отырған қанаушылық, озбырлық істерін дәлелді фактілер келтіре отырып сынға алып, "қоныстандыру" саясаты қазақ шаруашылығын күйзеліске ұшыратуы мүмкін деген алаңдаушылықтарын білдірді. 1907 ж. 3-ші маусымда таратылды.
Ресей империясындағы халықтардың тағдырына тікелей әсер етіп жатқан өте өткір де өзекті жер-су мәселесі Мемлекеттік думаның алғашқы екі шақырылымында да билікке жағымсыз сипатта қарастырылғаны мәлім. Ахмет Бірімжанов Торғай облысынан депутат болып келген І Думада бұл шаруамен тікелей шұғылдану үшін арнайы Аграрлық комиссия құрылған болатын. Комиссияға әр бес Дума мүшесінен бір адам енгізіледі, сөйтіп аграрлық комиссия мүшелерінің жалпы саны 99 адам болады деп белгіленген.Алайда Мемдумаға депутат сайлау кешігіп басталған өңірлерден келіп жатқандар көбейіп, аграрлық комиссияның құрамы 99 адамнан тұру керек деген шешімнің дұрыс болмайтынын байқатты. Соған байланысты 19 Дума мүшесінен құрылған комиссия 1906 жылғы 30 маусымда болған 36-шы пленарлық мәжілісте «Аграрлық комиссияға қосымша сайлау өткізу туралы» ұсыныс жасады. Сөйлегендер қазірдің өзінде империяның әр қиырынан келген 27 депутат Дума мүшелігіне тіркелу алдында тұрғанын, Сібір мен Түркістаннан тағы 25 депутат сайланады деп күтілуде екенін айтып, аграрлық комиссиядан оларға қосымша орындар бөлінуін талап етті.Осы кезде мінбеге Мемлекеттік дума мүшесі Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов көтерілді.