«Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы» пәнінің негізгі мақсаты – отандық тарихтағы негізгі оқиғалардың мазмұны туралы ғылыми дәлелденген фактілер негізінде міндетті толық білім беру, тарихи-мәдени дамудың үздіксіздігі мен сабақтастығын дәлелді көрсету, рухани мұрагерліктің терең тамырларын, бұрынғы ұрпақтың қажырлы еңбегін, халықтың жеке тұлғаларын, тарихи тәжірибені және ұлттық дәстүрлерді құрметтейтін жастардың ұстанымын қалыптастыру.
«Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы» пәнін оқытудың рөлі мен мәнін төмендегідей кешенді міндеттермен байланыстыра қарастырды:
Қазақстанның тәуелсіз мемлекеттілігі мен ұлттық қауіпсіздігін қалыптастыратын стратегиялық міндеттерге бағытталған тарихи білімнің теориялық және әдістемелік негіздерін қалыптастыру;
Полиэтникалық және поликонфессионалды қазақстандық қоғамды біріктірудің идеологиялық және рухани негіздерін қалыптастыру;
Дүниежүзілік тарих, Шығыс және Батыс мәдениеттерінің диалогы ауқымындағы бүгінгі Қазақстан тарихының қайталанбас ерекшелігі мен маңыздылығын анықтайтын ғылыми қағидаларын ашу;
Қазақ халқының этногенезі мәселесін, Ұлы Дала аумағындағы мемлекеттілік пен өркениеттер түрлері эволюциясын, аса маңызды тарихи фактілер мен оқиғалар жиынтығын, тарихтың сабақтары мен заңдарын тұтастай және объективті түрде қарастыруды көздеген қазіргі Отан тарихының ғылыми-негізді тұжырымдамасын жасау;
Жеделдетілген модернизация мен республиканың экономикалық және идеялық-мәдени жетістіктерге қол жеткізген даму моделін шынайы ғылыми тарихи білім мазмұнымен толықтыру.
ХV ғасырдың ортасында Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігінде Керей мен Жәнібек хандар құрған ұлыс көп ұзамай бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақтағы мемлекеттің бірден-бір көрінісі болды. Қазақ хандығы біртұтас, бір орталықтан басқарылатын мемлекеттік құрылым ретінде 1465 жылдан бастап 1847 жылы ең соңғы қазақ ханы Кенесары өмірден озғанға дейін төрт ғасыр бойы өмір сүріп, тарих сахнасында мәңгіге өз еншісін алды. Қазақ хандығының генезисін, яғни қалыптасу, даму кезеңдерін сараптағанда дамыған шаруашылық формаларының орныққанын, яғни көшпенді және жартылай көшпенді өмір салтын ұстанып, жер өңдеу ісінің, кәріздік суару жүйесінің, кен өндірісінің болғанына көз жеткіземіз. Ұлы Жібек жолы бойындағы көне шаһарлар өркен жайып, қалалық сауда-саттық жүйесі қалыптасып, «Жеті Жарғы» аталатын дала заңының жиынтығы бекітілді. Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығының басқару жүйесі сол заманға сай болып, орасан зор аймақты қамтыған, әрі өзін басқа көршілеріне мойындатқан Орталық Азиядағы ірі құрылымның біріне айналды. Төл тарихымыздан сыр шертетін аса құнды еңбектің авторы, ғұлама ғалым Мұхаммед Хайдар Дулати Қазақ ордасының туы тігілген киелі Шу өңірін «Моғолстанның мәшһүр жері» деп атайды. Бұл уақыт мемлекеттік құрылымның түзілуіне негіз болған, өзіне тән тілі, салт-дәстүрі, мінез ерекшелігі, атамекені, сондай-ақ, ортақ мүддесі бар халқын «қазақ» деген атаумен қалыптасудың алғашқы сатысы еді. Қазақ хандығының құрамына енген ру-тайпалардың өзара экономикалық, мәдениет және қоғамдық-саяси байланыстарының нығая түсуі, этностық аумағының анықталуы, осының негізінде ортақ жалпы ұлттық мүдденің калыптасуы және оны сырттан төнген қауіптен ұйымдасқан түрде қорғау қажеттігі белгілі дәрежеде орталықтандырылған басқарушы билік жүйесінің пайда болып, оның ширай түсуіне алып келді. Қазақ хандығының жүйесіндегі тағы бір ерекшелік, елдің билеушісі хан болса, оның жанында билер мен батырлар тұрды. Бұл тұлғалар, ұлттың өзін өзі тануы, басқа этностармен қатынаста өз мүддесін түсінуі нәтижесінде өмірге келсе, өз ретінде олар ұлттық ұйысудың тезірек жүруіне, ұлттық құндылықтардың пісіп-жетілуіне ықпал жасады. Осылайша, Қазақ хандығы біріншіден, қазақ даласында өмір сүрген қағанаттар мен мемлекеттердің заңды мұрагері болса, екіншіден, қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасының құрылуына тарихи сабақтастық ретінде идеологиялық тұрғыдан бірден-бір негіз қалады. Мемлекет басшысы өткен жылы Ұлытау төрінде берген сұхбатында: «Қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталатынын, ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасатынын, одан кейін Алтын Орда орнығып, әрі қарай хандық дәуірге ұласатынын және біртіндеп бүгінгі Тәуелсіздікке келіп тірелетінін» атап өтті. Қазақ хандығы өзінің дамыған мемлекеттік басқару жүйесімен, құқықтық ережелерімен және сол замандағы өңірдегі ірі геосаяси мемлекеттер – Ресей және Цин империяларымен орнықты әлеуметтік-экономикалық байланыстар жасау, сауда және дипломатиялық қарым-қатынастар жасаумен ерекшеленгені белгілі деп бекерден-бекер ерекше атамаса керек. Қазақ хандығының тарихындағы маңызды және күрделі, әрі аса қызықты мәселенің бірі – хандықтың құрылуы мен Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы 2,5 мың жылдай уақытқа созылған этнопроцесс өзінің мәресіне жетіп, ұлттық сипатқа ие болып, қазақ халқының қалыптасуымен бір кезеңде жүзеге асты. Қазақ хандығының құрылуын, мемлекеттіліктің дамуы тұрғысынан қарастырсақ, онда ол жалпылама түрде Қазақстанның ежелгі тарихындағы сақ, ғұн, үйсін, қаңлы, ерте орта ғасырлардағы Түрік, Батыс Түрік, Түргеш, Қарлұқ, Оғыз, Қимақ, Қыпшақ, Қарахан, одан кейінгі Алтын Орда және Ақ Орда тарихымен тікелей байланысты. Бұл құрылымдардың атаулары әртүрлі болғанымен оларға ортақ тән нәрсе бір аймақ пен сол жерде өмір сүрген ру-тайпалар мен тайпалық бірлестіктердің тегі мен тілі, шаруашылығы мен мәдениеті, діни-рухани жағынан ортақтығы жатты. Бұлардың атауы бұрын билеуші әулеттерді шығарып отырған тайпалар атауларымен байланысты болып келсе, Қазақ хандығы алғаш рет қазақ халқының құрамына енген тайпалардың бірінің емес, барлық тайпаларға ортақ атпен атала бастайды. Бұл дегеніміз – Қазақ хандығын бір тайпаға емес, елдік бірігуінің нәтижесі болатын. Бұнымен қатар, бұл жаңа этноқауымдастық немесе жаңа этнос атауына қатысты екендігін көрсетеді. Сондай-ақ, Қазақ хандығының құрылуы саяси жағынан алғанда ХІV-ХV ғасырларда қазақ даласы мен оған көршілес аумақтарда өмір сүрген Әбілқайыр хандығы, Ноғай Ордасы, Моғолстан және Мауереннахрдағы Темір әулеті билеген кездердегі саяси қарым-қатынастардың дамуының заңды қорытындысы болып табылады. Қазақ хандығы құрылуының маңызы осындай этникалық саяси дамулармен тығыз байланыста ерекшеленеді. Алайда, Қазақ хандығының құрылуы мәселесі ғылыми жағынан маңызды, өзекті мәселелердің бірі болса да, тәуелсіздік алғанға дейін кеңестік биліктен қаймыққан отандық тарихшылар тарапынан жете көңіл бөлінбегені рас. Тек Қазақ елі егемендік алғаннан соң ғана зерттеушілер басқа да мәселелермен бірге Қазақ хандығының құрылуы тарихына қызығушылықтар таныта бастады. Нәтижесінде Қазақ хандығының тарихы жас мемлекетіміздің идеологиясын қалыптастыруға септігін тигізді. Оған бірнеше дәйек келтіруге болады. Біріншіден, 1991 жылы өзінің саяси дербестігін жариялаған Қазақстан Республикасы мен ХV ғасырдың ортасында өз туын тіккен Қазақ хандығы арасындағы тарихи сабақтастық, жалғастық, үндестік және идеологиялық өлшемдердің болғандығын сезіну, соларды дәлелдеуге бағытталған талпыныстар; Екіншіден, Қазақ хандығының тарихы арқылы қазақ халқының шығу тегін білуге деген қызығушылықтар; үшіншіден, қазақ халқының ХV-ХVІІІ ғасырлар және ХХ ғасырдың соңындағы мемлекеттілігі атауларының негізінде «Қазақ» сөзі тұрғандықтан, екі тарихи кезең арасындағы байланысты бағамдау; Үшіншіден, қазақ хандығының тарихы негізінде қоғамды мемлекетшілдік идеяға жұмылдыру, жас буынды өз мемлекетін сүюге, патриотизмге тәрбиелеуге шыңдау, т.б. Жалпы алғанда, Қазақ хандығының тарихын қоғамға паш ету ғылыми жағынан ғана емес, бүгінгі күннің идеологиялық талаптарынан туындап жатқан құбылысқа айналуы тиіс. Яғни, ХV-ХІХ ғасырлар арасын қамтыған Қазақ хандығы Қазақстан тарихында ерекше орын алып қана қоймай, осы кезеңде қалыптасқан ұлттық сана мен халықтың өзіне тән ерекшеліктері қазіргі біздің қоғаммен тікелей ұштасып жатыр. Сонымен қатар, сол кезде өмір сүрген хандар мен сұлтандар, батырлар мен билер, бектер мен әмірлер, ақындар мен жыраулар, абыздардың жүріп өткен іздері және ерлік пен елдікті дәріптеген небір айтулы тарихи қызметтері қазіргі таңдағы жас ұрпақ үшін өшпейтін үлгіге айналып отыр. Тіпті, ХХ ғасырдың бас кезіндегі Алаш қозғалысының негізгі мақсаттарының бірі де – қазақ халқының мүддесіне сай қызмет ететін, ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыру жоспары да Қазақ хандығымен байланыста дамыған. Алайда, тарих үрдісі көрсеткендей ол жүзеге аспай қалды. Ал кеңестік негізде құрылған Қазақ АКСР-ы, одан кейінгі Қазақ КСР-да қағаз жүзінде егеменді деп аталғанымен, іс жүзінде орталықтың толық бақылауында болып, ұлттық мүддеден гөрі орталықтың мүддесіне сай саясат жүргізілді. Сөйтіп, қазақтардың санасына мемлекетсіздік идеясы бірте-бірте сіңіріліп, мемлекеттілікті Ресейдің әкелгендігі сияқты қасаң қағида бірте-бірте қалыптаса бастады. Тіпті, өткен ғасырдың 90-жылдарының басында Ресейдің орталық мерзімді басылымдарында «Қазақстан Республикасы ұзақ өмір сүре алмайды. Өйткені, тарихта қазақтардың өз мемлекеті болмаған, оларға мемлекеттілік идеясы жат», деген пиғылдағы ойлардың белең алғаны бәрімізге белгілі. Мұндай пікірлер әлі де толық өшпей жатқаны шындық. Сондықтан, осындай теріс пиғылдағы көзқарастарға тек тарихшылар тарапынан жүргізілген ғылыми негіздегі объективті зерттеулер ғана тосқауыл бола алады. Осылайша, жоғарыда айтылған ойларымыздың бәрін қорытындылай келе, Қазақ хандығының құрылуы – Қазақстан тарихындағы аса маңызды оқиғалардың бірі деп есептеліп, сол кезде басталған этникалық дамуларды қазіргі уақытта ұлттық деңгейге жеткізіп, Қазақ халқының ұлт болып қалыптасуына ықпалын тигізіп, Қазақстан Республикасы деп аталатын жаңа мемлекеттің құрылуына негіз қалап, идеологияның тарихи өлшеміне айналды.
Қазақстанның қазіргі заман тарихы - тарих ғылымында салыстырмалы түрде алғанда жаңа бағыт. Бір жағынан қарағанда, ол тәуелсіздікке қол жеткізу және жаңа мемлекет құру тарихы болып табылады. Сондықтан да жаңа тарихтың басталар тұсы - кеңестік жүйенің ыдырауы және соған байланысты елеулі геосаяси дағдарыс кезеңі. Екінші жағынан қарағанда, Қазақстанның қазіргі заман тарихы бүкіл адамзаттың дамуындағы жаңа белеспен сәйкес келіп отыр. Біздің көз алдымызда қағидатты түрде жаңа әлемдік тәртіп қалыптасып жатыр. Олардың арасында біздің мемлекетіміз бен қоғамымыздың өтпелі кезеңінің көзге түсер ерекшелігі ретіндегі үш еселенген транзит; мемлекеттік менеджмент пен стратегиялық басқару жүйесі; мемлекеттік құрылыстың жүріп өткен әр белесіндегі әлеуметтік-саяси үдерістер; қоғамның жаңа әлеуметтік құрылымы; жаһанданудың ұлттық мәдениетке ықпалы және басқа да көкейкесті тақырыптарды бөле айтуға болады. Ұлттық тарихта шешілмей келген ауқымы жағынан аса үлкен міндеттер ретінде мыналар. Біріншіден, жинақталған тарихи фактілер мен куәгерліктер, материалдық мәдениеттің жәдігерліктері, нышандық мәні бар пішіндер мен әдет-ғұрыптарды зерттеу, филология мен лингвистиканың мәліметтері, тарихи география мен демография, тарихи зерттеудің жаңа тәсілдері, пәнаралық көзқарастар бізге қазақтардың этногенезі бұған дейін тарих ғылымы дәйім пайымдап келген кезден анағұрлым ерте қалыптасқан деп болжам жасауға мүмкіндік береді. Этнос көкжиегін біздің дәуіріміздің бірінші мыңжылдығына дейін кеңейту және оны ғылыми тұрғыдан орнықтыру бүкіл ұлттық тарихқа жаңаша қарауға, біздің халқымыздың планетаның осы алып өңіріндегі алатын нақты орны туралы түсінігімізді өзгертуге мүмкіндік береді. Мұның өзі ұлттық сәйкестіктің маңызды факторына айналып, ұлттық сана-сезімімізді қағидатты түрде өзгертеді. Екіншіден, біз өзіміздің қазіргі тарихымыздың басты мән-мағынасын жүйелі, ғылыми негізде түсініп алуға тиіспіз. Тәуелсіз егемен мемлекеттің өмірінде үшінші онжылдық басталды. Осы жылдар ішінде расында да ғасырларға тең жолдан өттік. Ойымызды жинақтайтын кез жетті. Қазақстанның өтпелі кезеңінің ерекшелігі неде еді, қалыптасқан мемлекет дегеніміз не, нақты тәуелсіздіктің негізгі белестері қандай, қандай қауіп-қатерлерден өттік, қоғамның экономикалық, саяси және мәдени жүйесі қалай құрылды?
Алайда, елдің даму стратегиясын ондаған жылдарға алдын-ала айқындап және оған болжам жасап қана қоймай, сол жоспарды іске асыра білу - бұл стратегиялық пайымдай алатын саясаткерге тән қасиет. Бұған қоса, Көшбасшы өзімен барлық жағдайда келісе бермейтінін ұғына отырып, оның табысты болашағына деген жауапкершілік жүгін өзіне артып, кей жағдайларда қоғамдық пікірге қарсы жүре алатын күш-жігері жеткілікті болуы тиіс. Екіншіден, айқындылық. Көшбасшылардың барлығы дерлік мұндай қасиетке ие емес. Олардың көпшілігі оны сайлауалды науқан кезінде берілетін жалаң уәделермен шатастырады. Біздің Елбасы ешқашан әлеуметтік қиял-ғажайыптарды уәде еткен емес, ал уәде берген жағдайда дәл есептей біледі және оны әрдайым іске асырады. Үшіншіден, басқарудың инновациялық стилі. Көмірсутегіне бай көптеген елдер мұнай қайнарының айналасында дағдарып қалды. Қазақстан Президенті күш-жігерді инновациялық дамуға, технологиялық үдеріске бағыттап келеді. Елдің бәсекеге қабілеттілігі тек қана жедел технологиялық дамуында. Төртіншіден, интеллектуалдық ауқым. АӨСШК-тен Әлемдік діндер форумына дейінгі, ЕҚЫҰ саммитінен ЭКСПО-2017-ге дейінгі, елорданы көшіруден «2030» және «2050» стратегияларына дейінгі ішкі және сыртқы сипаттағы барлық ірі жобалардың негізінде жатыр. Барлық осы деректер, идеялар, оқиғалар жүйелі әрі объективті бағаға ие болуы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |