Қазақ орфографиясының негізгі принциптері қандай ?
Қазақ орфографиясының негізгі принциптері қандай ?
Көптеген тілдердің емле заңдарына көбінесе үш-төрт түрлі принцип негіз болады. Олар: фонематикалық, фонетикалық, морфологиялық, тарихи-дәстүрлік т.б. принциптер (Р.Сыздықова). Ал С.Мырзабеков бұған қоса дифференциалдаушы принципті қосады.
Морфологиялық принцип бойынша сөз бөлшектерінің түбір тұлғалары сақталып жазылады. Фонематикалық принципке дыбыстардың бір сөз ішіндегі немесе сөз аралықтарындағы бір-біріне тигізетін әсерлері ескерілмей, негізгі фонемалық түрі (мәні) сақталып жазылуы жатады. Фонетикалық принцип бойынша сөз бөлшектерінің дыбыстық өзгеріске ұшырауы есепке алынып, олар айтылуынша (естілуінше) жазылады. Тарихи-дәстүрлік принцип бойынша жазу сөз бөлшектерінің түбір тұлғасын сақтау ережесіне де, естілуінше жазу ережесіне де сай келмейді, мұнда сөздердің бір кездегі қалыптасып, үйреншікті болып кеткен жазылу түрі сақталады. Белгілі бір тілдердің орфографиясында бұлардың біреуі не екеуі негізгі, басым принцип болады. Сонымен қатар осы тілде емле принциптерінің қалған түрлері де орын ала алады.
Қазақ емлесі қандай мәселелерді қамтиды?
Зат пен құбылысты атайтын күрделі сөздер орфографияда үш түрлі таңбамен беріледі: бөлек жазу, дефиспен жазу және бірге жазу. Бөлек, дефиспен және бірге жазу – бұлар орфографиядағы сөздің жасалуын бекітетін дыбыстық емес графикалық таңбалар.
Бөлек жазу – сөйлемде сөз мағынасының дербестігін білдіретін, тіркесте сыңардың тура мағынада тұрғанын білдіретін орфографиялық таңба. Дефис //қосарлық – күрделі сөз сыңарларының теңдігін білдіретін таңба және сыңарлардың жақындығын білдіретін таңба және бірге жазылудың алдында тұрған процесті білдіретін, сыңарларды қосушы орфографиялық таңба.
Бірге жазу – көрші сыңарымен бірігіп қана толық мағынаға ие болатынын білдіретін, сөзжасам процесін бекітетін орфографиялық таңба.
Сонымен, бірге, бөлек, дефиспен таңбалану - сөз мағынасындағы үдерістерді - мағыналық жылжу, ауысу, жалпылану, тарылу сияқты өте баяу процестерді таңбаламай тұра алмайтын емледегі жазу тұрпаты, дыбыстық емес графикалық белгі.
Біріккен сөздер – сөзжасамның бір тәсілі. Қазақ тіліндегі біріккен сөздер табиғи жолмен бірігеді және жасанды жолмен біріктіріледі. Табиғи жолмен бірігетіндер сөзжасамдық айналымда үнемі қозғалыста болады. Мысалы: қолдың сыртынан киетін қабы<қолға киетін қабы<қолдың қабы<қолқабы<қолқап<қолғап деген сияқты процестерден «жылдап өткен» біріккен сөздер қазақ тілінде баршылық. Сондықтан қазақ тілінде бірге немесе бөлек және дефис арқылы жазылатын сөздердің арасында бірінің шекарасынан өтіп екіншісіне айналып жататын процестер тоқтамайды. Емле сөздігі оны кейде тіркеп үлгереді, кейде тіркелмей, бірақ жазу тәжірибесінде нормаға айналып отырады.
Қазақ тілінде бірнеше күрделі атаудың құрамында қайталанып, мағыналық, дамуға түсуі, сөйтіп, біріккен сөз жасаудың бір жолына айналған сыңарлар бар. Олар негізінен соңғы сыңар болып келеді. Және алдыңғы сыңармен біріккенде ғана зат не ұғым атауы болады. Ондай сыңарлар мыналар: аралық, ара, ішілік, құмар, жанды, тану, таным, жай, хат, ақы, қап, бау, той және т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |