Бірбуынды: Екібуынды:
бо-л= *жөн-е-л=
б-л= *жөт-е-л=
бі-л= *қақ-а-л=
жұ-л = *шаш-а-л=
ке-л= *кен-е-л=
қа-л= *су-а-л=
қы-л= *ом-а-л= және т.б.
ма-л=
са-л=
со-л=
та-л=
то-л=
ті-л=
ша-л=
шо-л= және т.б.
Бірбуынды императивтер құрамынан түбірлерді ажырату мұнда тек жорамалданып қана беріліп отыр. Түркітануда осы тәріздес талдау жасалған болатын. Мысалы, Б.М.Юнусалиев және Х.Г.Нигматов112 *то= жорамал түбірін теориялық тұрғыдан қалпына келтіреді. Олар қазақ тілінде той=, тоқ= гомогендік сөздерінің құрамында кездеседі, ал бұл түбір көнетүркі тілдерінде дербес кездеспейді. Ғалымдар морфо-құрылымдық талдауға сүйене отыра, оның бөлінуі ықтимал деп санайды.
Хакас және әзірбайжан тілдерінде -ал/-ел аффиксі -ай//-ей тұлғасының орнына да қолданылады. Мысалы: хакасша харал=(қарай), әзірбайжанша сағал=(сақай=) «есею», азал= «азаю».
4. √-ар//-ер//-р:
Біз осы аффикс қолданылатын қазіргі қазақ тіліндегі 34 ИЕ – ге модельдік талдау жүргіздік. Олардың 17-сі диахрондық тұрғыдан жіктеледі, яғни осы сөзтудырушы морфема мен жорамал түбірді біріктіреді: *без-ер, *доғар, *жіб-ер, *ит-ер, *кез-ер, *көт-ер, *қаб-ар, *қас-ар, *қоп-ар, *қот-ар, *саз-ар, *ұз-ар, *үд-ер. Осындай безер=, сазар=, қабар= және т.б. сияқты осындай етістік түбірлердің императивтік тұлғасы осы тұлға шығу тегінің түпкілікті анықталмағандығын тағы да дәлелдей түседі. Келтірілген етістіктерде «белгілі бір заттың өзіндік белгілерін, ерекшеліктер мен сапасын белгілеуде немесе субъектінің бір сападан екінші сапаға көшуін білдіретін» жалпы сөз жасау мағынасы көрінеді113 (өйткені барлық осы ИЕ қимыл-әрекетті атаудан жасалған). Н.А.Баскаков -ар/-ер және -қар/-кер, -ғар/ -гер жұрнақтарын бір қосымшаның әртүрлі фонетикалық варианттары деп қарайды. Батманов әр (быть) етістігімен байланыстырады.
5. √-ас//-ес//-с:
Қазіргі тілде осы етіс тұлғасы көп жағдайларда дербес түбірлерге қосылып, ортақ етістің грамматикалық мағынасын білдіреді. Алайда тілде тек диахрондық тұрғыдан ажыратылатын ИЕ-тер біршама мол кездеседі. Олардың құрамындағы -ас//-ес аффиксінің жіктелуі аса күрделі. Мысалы: *ад-ас, *ал/ж/-ас, *ег-ес, *жар-ас, *күр-ес, *тал-ас, *ұл-ас, *түг-ес және т.б. Осы қатардағы етістіктердің бәрі бірдей -ас, -ес тұлғасы арқылы ортақ әрекет мағынасын білдірмейді. Мысалы, адас=, алжас=, жарас= (киімі жарасу), ұлас=. Бұл арада, біздің пікірімізше, таза етістік сөзжасамына тікелей қатысты деп айтуға болады.
Осы модельдер бойынша жасалған көптеген ИЕ -тер мысалы, «кеңес», «күрес», «талас» синкретті етістік-есімдік негізді білдіреді. Бұл олардың көне екендігін дәлелдейді. Қазақ тіліндегі, мысалы, «үлес» негізінің синкретизмі айтарлықтай қызығушылық тудырады. Мұнда көбінесе есім тұлға қолданылады. М.Қашғаридің Диванында: ϋlä «бөлісу» /МК. ІІІ Т. 255 С./ Мысалы: Olar ikki tavarin ulasdi (олардың екеуі де мүлкін бөлісті) / МК. 1Т. 189 С. /.
Қазіргі алтай тілінде етістіктің түбірлері ÿле=«бөліктерге бөлу», «ажырату», сондай-ақ, ÿлиш тұлғасының «үлес», «бөлік» және «үлестір» синкретті жұптары сақталған /ОРС.172 С./. Сол ÿла және ÿлаш тұлғалары ортатүркі ескерткіштерінде кездеседі114.
Қазіргі қазақ тілінде бұл етістіктің мағынасы, негізінен үлестір= тұлғасының көмегімен беріледі. Бұл осы түбір морфеманың құрылымдық дамуын көрсетеді.
Ұқсас процестер түк>түг-ес = «бітір», «тауыс» мағынасындағы етістіктің түбір морфемасының даму барысында орын алған сияқты. Қазіргі түгес= етістігінің түбір морфемасы (түк) «барлығы», «ештеңе емес» мағынасында қазақ тілінде дербес қолданылады. Ол да диахрондық тұрғыда екі бөлікке жіктеледі: (тү-к). ДТС – те tϋ «барлығы», «әркім», «әртүрлі» түбірі көрсетілген /ДТС. 594 С./. Осыған қарамастан, түгес= ИЕ -гі қазіргі қазақ тілінде тұтас тұлға ретінде қолданылады.
Алтай тілінде «аяқталу», «түгесілу» мағынасында басқа түген= тұлғасы қолданылады, ал өзгелік етіс тұлғасында түгел қолданылады /ОРС. 180 С./.
6. √-ба//-бе туынды түбір құрылымынан синхрондық тұрғыдан оңай ажыратылатын қазіргі тілдегі өнімді сөзжасамдық модель –ма//-ме, -па//-пе-нің фонетикалық варианты болып табылады. Қараңыз: *ар-ба, *тер-бе, *көл-бе. Салыст. *жал-ма=; *қар-м=а, *сер-ме=, *шыр-ма=, т.б.
7. √-да//-де:
Қазіргі қазақ тіліндегі -ла//-ле моделі - қазіргі түркі тілдеріндегі етістікжасамдық ең өнімді модель болса, ал -да, -де соның фонетикалық варианты. Мысалы: *жал-да=, *аң-да=, *боз-да=, *ал-да=, *дән-де=, жаз-да=, *маз-да=, *мең-де, *сыз-да = т.б.
8. √-жы//-жі:
Модель бойынша анықталған осы аффикстер кездесетін тарихи дериваттар аз емес. Олардың барлығы дерлік синхрондық деңгейде морфемалық жіктеуге келе бермейді. Мысалы: *аб/ыр/-жы, *ал-жы, -жыл-жы, *мы-жы, *рен-жі.
Өзінің етістікжасамдық ықзметі бойынша -жы//-жі моделі -сы//-сі, -ы//-і, -шы//-ші тұлғаларымен үйлеседі. Осы аффикс ұяң дауыссыз дыбыстарға аяқталатын түбірлерге жалғанады да, қимылдың созылыңқылығын, үздіксіз қозғалысын береді.
9. √-жи:
Осы модель бойынша жасалған ИЕ – дің көнелігін оның негізінен дыбысбейнелеуіш сөздерден шыққандығын көрсетуі мүмкін. Мысалы: *бақ-жи, *кір-жи, *қыр-жи, *тыр-жи, *ыр-жи, *қыл-жи, *қон-жи, т.б.
10. √-қа/-ке//-ға/-ге:
Бұл модель де өнімділер қатарына жатпайды. Қазіргі қазақ тіліндегі құрылымында осындай аффиксі бар ИЕ - тер синхрондық тұрғыда түбірлер болып саналады. Диахрондық талдау нәтижесінде анықталған түбір морфемалар дербес мағынасын жоғалтқан. Мысалы: *бай-қа, *бұл-ға, *бүр-ке, *был-ға, *жай-ға, *жөр-ге, *жыр-ға, *жас-қа, *қар-ға, *қор-ға, *құр-ға, сү/й/-ке, *тай-қа, *тал-ға, *тір-ке, *шай-қа, *ыр-ға.
Сонымен қатар, осы модель бойынша етістіктен жасалған есімдер бар. Мысалы: *қол-қа, *өк-пе, *қап-қа, *бәй-ге, *жор-ға, ұйғыр тілінде *уй-қа «ұйқы», *кул-ка «күлкі»115.
Олар бұрын синкретті сипатта болуы мүмкін, алайда уақыт өте келе етістік мағынасын жоғалтқан.
Г.И.Рамстедт -ға тұлғасын етістікке тән тұлға деп санайды. Л.С.Левитская осы модельді айқын каузативтер көрсеткіші ретінде қарастырады, себебі үнді дауыссыздардан кейін өзгерістер нәтижесінде ץа/-а варианты бар116. Осындай вариант бурят және моңғол тілдерінде кездеседі. Бұл тілдерде салт етістік -а-ға, ал сабақты етістіктерде -ға-ға аяқталады. Мысалы, бурят-моңғол һун-а «созылу», «тартылу», ал һун-га «сайлау», «дауысқа түсу», моңғолша сун-у «тарту», «созылу», ал сун-га «тарту», «созу» және т.б.117
Осындай тәртіптегі жекелеген деректер басқа түркі тілдерінде, мәселен қазақ және қырғыз тілдерінде де кездеседі: тара-тарқа=; тай-тайқы=; шай-шайқа=, қоры-қорға=, тай-тайқа= және т.б. Бұл параллельдерден мағыналық реңк байқалғанмен, бұл варианттардың аса мағыналық маңызы жоқ. Бір варианттың бір тілде, екінші варианттың басқа тілде кездесуі сирек. Мысалы, қазақ және қырғыз тілдерінде –тал= «есінен тану» морфемасы алтай тілінде –талға да осы мағынада қолданылады. Еле= «тор арқылы себелеу» негізі алтай, қазақ тағы да басқа түркі тілдерінде қолданылса, ал қырғыз тілінде оған –елге= негізі сәйкес келеді. Л.С.Левитская да осындай мысалдарды келтіреді: түрікменше bula «араластыру, алайда ноғайша bulga «қол бұлғау» және bilga «араластыру»; түрікменше їra= «тербету», «қозғау», алайда қырғызша їrya= «қозғау», «жылжыту» және қазақша ырға= «әрі-бері қозғау» т.б118. Осылайша қазақ тіліндегі оян=, оят= ИЕ-дің көне өзбек тіліндегі ойған=, ойғат=пен салыстыруға болады /ФСЯ. С. 167-168 /.
Осындай мысалдар келтірілген жұптағы екі варианттың да бір грамматикалық жүктемені көтеретіндігін, яғни екеуінің де иә салт, иә сабақты екенін көрсетеді. -а/е, -ға/-ге, -қа/-ке тұлғаларының ортақтығы немесе варианттылығы туралы айта келе, Э.В.Севортян әзірбайжан тіліндегі етістік жасайтын аффикстер туралы жұмысында былай деп жазады: «-га//-гы аффикстері -а -и -ы -и көрсеткіштерімен өте жақын байланысты және олардың өте көне фонетикалық күйін білдіруі мүмкін. –а және –ға көрсеткіштерінің фонетикалық сабақтастығына К.Фой мен Г.Рамстедт те арнайы назар аударды, кейбір зерттеушілер екі тұлғаны бір тұлғадағы тарихи сатылар ретінде қарастырады»119.
В.В.Радлов –қа/-ке моделінің түркі тілдерінің шығыс топтарында ХІ ғасырға дейін өнімді болғандығын жазады120. П.М.Мелиоранский оны өнімсіздер қатарына жатқызады121.
11. √-қай//-кей:
Осы аффикс мазмұны мен тұлғасы бойынша –ай/-ей моделіне жақын. Мына мысалдардан көрінеді: *аң-қай, *ең-кей, *қай-қай, *шал-қай, *ұл-ғай=, *қай-қай=, *қал-қай=, *қас-қай=, *қи-қай=, *мар-қай=, *тоң-қай = және т.б. Салыстырыңыз: шош-ай=, сер-ей=, қақ-ай = және т.б.
12. √-қар//-кер:
Осы императивтік тұлға –ар/-ер моделінің нұсқасы болып табылады. Мысалы: *ай-қар=, *аң-ғар=, *ат-қар=, *құт-қар=, *үл-гер=, *ес-кер=, *көм-кер=, *төң-кер=, *ұй-ғар=.
13. √-қи//-ки: негізінен дыбысбейнелеуіш түбірлерге жалғанады. Осы модель бойынша қазақ тілінде бірнеше ИЕ ғана жасалған, олардың мәнінде бірнәрсеге ұқсату, бейнелеу мағынасы бар. Қараңыз: *қал-қи=, *маң-қи=, *тең-ки=, *дөң-ки=, *қас-қи=, *өң-ки=, *тың-қи=, *шоң-қи= және басқалар.
Достарыңызбен бөлісу: |