ҚАЗАҚ ТІЛІ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ САБАҒЫНДА САРАЛАП ОҚЫТУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ Дүсіпова Нұрлыгүл Әйіпқызы Алматы қаласы «№72 жалпы білім беретін мектеп» КММ Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Саралап оқыту тəсілі оқу үдерісін оқушылардың əртүрлі топтарына арнайы бағдарлауды, оқушылардың жеке қабілеттерін ескеру мақсатында түрлі топтар үшін əртүрлі нысанда ұйымдастыруды көздейді. Саралап оқыту тəсілі əртүрлі оқушылар тобының оқу əрекетін ұйымдастыру үшін арнайы оқыту əдістерін жəне іс-əрекеттерді саралау тəсілдерін қамтиды.
Саралау дегеніміз – әлсіз оқушыларға көмек беруге және қабілеті жоғары оқушыларға қолдау көрсетуге жағдай жасау. Саралап оқыту жағдайында үш түрлі деңгейдегі тапсырмалар әзірленеді. [1].
Саралау – біріншіден, мұғалімнің белгілі бір іс-әрекетті жүзеге асыруда қолданылатын ресурстардың ішінен ең қажеттісін, маңыздысын, өзектісін, тиімдісін таңдап алу, саралап алу, екіншіден, жоспарланған шараны жүзеге асыру кезіндегі оқушының әрекетін саралау, сол арқылы күтілетін нәтижеге бағыттау. Мұғалімдер «саралау қай кезде жүзеге асырылады?» деген сұрақты жиі қояды. Саралау сабақты жоспарлаудан басталады:
1. Сабақтың тақырыбына сәйкес оқу мақсатын оқу бағдарламасындағы ұзақ мерзімді жоспардан дұрыс, нақты таңдау. Оқу мақсатының нақты, шынайы, қолжетімді, өлшенген, уақыты шектеулі болуы, яғни, СМАРТ-қа негізделуі.
2. Оқу мақсатынан сабақ мақсатын нақтылау: оқушылардың барлығы, көпшілігі, кейбіреуі орындай алатын мақсаттарды анықтау.
3. Ойлау дағдыларының деңгейлерін анықтау: Блум таксономиясына негізделген білу, түсіну, қолдану, талдау, жинақтау, бағалау.
4. Оқу мақсатына сәйкес бағалау критерийлерін нақты құрастыру.
5. Бағалау критерийлеріне сәйкес тапсырмаларды саралап алу. Тапсырмаларды саралауда оқушылардың жас ерекшелігі, қажеттілігі, қабілеті, деңгейлері ескерілуі тиіс.
6. Тапсырмаларға сәйкес дескрипторды дұрыс, дәл, нақты құрастыру.
7. Сабақ соңындағы оқушының рефлексиясын ұйымдастыру.
8. Пәнаралық байланыс, сабақ үдерісінде қолданылатын ақпараттық – коммуникациялық құралдар, ресурстар, қалыптастырушы бағалау жүргізу тәсілдері - барлығы жоспар жасау барысында мұқият сараланып, жан-жақты талдаудан өткізілуі керек. Қысқа мерзімді сабақ жоспарын жасауда сабақ үдерісі кезіндегі мұғалім мен оқушының әрбір әрекетіне жете мән беру маңызды. [2].
Мысалы: 10-сынып қазақ әдебиеті пәніндегі « Абай Құнанбайұлы Он жетінші қарасөз» тақырыбын оқытуда жүзеге асатын оқу мақсаты - 10.1.2.1 әдеби шығарманың жанрлық табиғатын тану 10.1.3.1 көркем шығармадағы кейіпкерлер жүйесін жинақтау мен даралау; [4].
Оқу мақсатынан нақтыланған сабақ мақсаттары:
Оқушылардың барлығы: шығарманың мазмұнын түсінеді, кейіпкерлерін біледі.
Оқушылардың көпшілігі: -қарасөз жанрының ерекшелігін түсінеді, басты идеяны анықтайды; көркем шығармадағы кейіпкерлер жүйесін жинақтайды.
Оқушылардың кейбірі: қарасөз жанрының ерекшелігін түсінеді, негізгі идеяны аргументтермен байланыстырып айтады; көркем шығармадағы кейіпкерлер моделін жасай алады;
Оқу мақсатына сәйкес құрастырылған бағалау критерийлері:
-Қарасөз жанрының ерекшелігін түсінеді, басты идеяны анықтайды;
-Көркем шығармадағы кейіпкерлер моделін жасай алады;
- Негізгі идеяны аргументтермен байланыстырып айтады;
Бағалау критерийлеріне сәйкес алынған тапсырмалар:
Оқушылар «Лездеме сұрақтар» әдісі арқылы Абай өлеңдері бойынша сұрақтарға жауап берді. «4 сурет, бір сөз» әдісі арқылы тақырыпқа болжам жасады.
Сабақ мақсатына жетуде «РРР» әдісін қолдандым.[1]
Р – Абай Құнанбаевтың «Он жетінші қарасөзінің» аудио мәтінін тыңдату. (танысу)
Р – «Он жетінші қара сөзін оқып, жанрлық ерекшелігін анықтаңыз.(тәжірибе)
Р – Кейіпкерлерге сипаттама беріңіз. (қолдану)
«Танысу» кезеңінде аудио мәтінін тыңдап, сұрақтарға жауап берді. Бұл тапсырма жалпы сыныпқа берілді.
Саралап оқыту тәсілі оқу үдерісін оқушылардың әр түрлі топтарына арнайы бағдарлауды, оқушылардың жеке қабілеттерін ескеру мақсатында түрлі топтар үшін әр түрлі нысанда ұйымдастыруды көздейді. Осы бағытта төмендегідей тапсырмаларды ұсындым. «Тәжірибе» кезеңінде оқушылардың көпшілігіне: қарасөздің тақырыбы мен идеясы, мәтіннің құрылымы, мәтінде көтерілген мәселе, жанрлық ерекшелігін ажырат деген кестені толтыруды ұсындым, төмен деңгейдегі оқушыға тест сұрақтарын құрастырдым. Қабілеті жоғары оқушыға: «Балық қаңқасы» әдісі арқылы.[5] он жетінші қарасөзге талдау жасаңыз» деген тапсырмалар бердім. Оқушылар қарасөз жанрының ерекшелігін түсініп, басты идеяны анықтай алды. Қолдану кезеңінде топтық жұмыс жасады. «Кейіпкерлерге тән ерекшеліктерді анықтаңыз» тапсырмасын «Қайрат» тобы: Қайратың, «Ақыл» тобы: Ақылдың, «Жүрек» тобы: Жүректің өздеріне тән ерекшеліктерін мәтіннен мысалдар келтіре отырып анықтады. Іс –әрекетіндегі кемшіліктерін саралап, ой -тұжырым жасады. Төмен деңгейдегі оқушы «Сәйкестендір», «Қай кейіпкердің сөзі?» тапсырмалары арқылы кейіпкелер жүйесін жинақтады. Ал қабілеті жоғары оқушы «Толық адам» моделін ұсыныңыз» тапсырмасын орындады. Бекіту кезеңінде «Бір сөйлеммен түйінде» әдісі арқылы шығармадан алған әсері түйіндеп, қорытынды жасады. Cабақ соңында оқушылар «Үш сөйлем» әдісі [3] бойынша рефлексия жасайды:
Мен бүгінгі сабақтан ...... білдім;
Мен ............... түйдім;
Мен ............. ұсынамын;
Қалыптастырушы бағалау ауызша (Жарайсың, пікірің жақсы, нақты дәлелдер ұсыну керек, пікіріңді жақсы дәлелдедің, толықтыр), «Шапалақ», «От шашу», «Басбармақ», «Мадақтау сэндвичі» әдісі бойынша бағаланды.
Осылайша сабақта саралау тапсырмаларын беруге болады.
Сонымен, дұрыс ұйымдастырылып, жүргізілген саралау нәтижесінде:
Мұғалімде әлсіздерге көмектесуге, мықтыларға назар аударуға мүмкіндік болады;
Қоғамдық нормаларға бейімделе алмайтын қиын балалармен тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік туады;
Мықты оқушылардың білім беру үдерісінде жылдам және тереңінен білім алуға деген ынталары жанданады;
Мен концепциясы: мықтылар өз қабілеттеріне көз жеткізеді, әлсіздер оқудағы жетістіктерін сезінуге мүмкіндік алады, толыққанды емес комплекстен арылады. [2].