Байланысты: Әдебиеттік оқу пәнінен отансүйгіштік, елжандылық бағытындағы тапсырмалар
Зерттеудің өзектілігі. Бастауыш буын – қайталанбайтын кезең, ақиқаты сол, білім негізі бастауыштан басталады. Бастауыш білім беру сатысы оның үздіксіз білім беру жүйесіндегі басқа буындармен тек сабақтас болуымен ғана емес, ең алдымен оқушы тұлғасы ұйытқысының қалыптасуы мен дамуы қуатты жүретін аса маңызды, құнды, қайталанбайтын буын екендігімен ерекшеленеді. Бастауыш сатыдағы білім берудің бағдарлы мақсаты – оқу әрекетін қалыптастыру; айналадағы дүниемен белсенді әрекеттестік тәрбие түрлеріне сай сезім қатынас қарым – қатынасқа дайындау; өзін қоршаған және өмір сүрген жаңа табиғи және әлеуметтік ортаны тануға, сүюге, қорғауға, өзін ұстай білуге үйрету болып табылады. Оны оқу, ойын, еңбек, қарым – қатынас сияқты түрлерін меңгерумен қамтамасыз етуге болады [1; 12-13].
«Қазақстан – 2050» бағдарламасына қатысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Оқушыларды Қазақстандық патриотизмге, шығармашылық жағынан дамыған жеке тұлға ретінде тәрбиелеу қажет. Бүгіннен бастап ұлттық мінез – құлық, биік талғампаздық, тәкаппарлық, тектілік, білімділік, биік талғам, ұлттық намыс қасиеттерін сіңіріп қалыптастыруымыз керек», - делінген [2; 26-27].
Басты назар аударатын мәселелердің бірі – отансүйгіштік. Отаншылдық отансүйгіштік тәрбие құндылықтары арқылы жүзеге асатыны белгілі.
Бастауыш сынып оқушылары оқу сабағы, тәрбие сағаттары, сыныптан, мектептен тыс жұмыстар арқылы танымдық, тәрбиелік әрекеттерін қалыптастырады.
Оқу адамның жеке басы танынымының ерекше түрі. Оқи жүріп оқушылар өздерін қоршаған дүниені, елін, жерін, ұлтын, мәдениетін, тілін таниды. Өмір ағымы талап етіп отырған жаңа қоғамға лайықты саналы, білімді, жетілген жеке тұлғаны дайындау бүгінгі мектеп алдында тұрған негізгі міндет. Сондықтан мектептің бастауыш оқыту сатысындағы оқу – тәрбие жұмыстарын жан – жақты толықтырып, халықтық тәлім- тәрбиенің озық үлгілерімен сабақтастырып, бойында еліне, жеріне деген сүйіспеншілік сезімі дамыған азамат тәрбиелеу бүгінгі күн талабының өзекті мәселелерінің бірі болып отыр [3; 8-9].
Отаншылдыққа, туған жерін қорғауға баулу мектептің тәрбиелік жұмыстарының аса маңызды бөлігін құрайтындықтан, өмірде болып жатқан бетбұрыстар, қоғамдағы саяси көзқарастар, әлеуметтік – экономикалық өзгерістер – еліміздің тарихына, ұрпақтан – ұрпаққа жалғасқан салт – дәстүріне құрметпен қараумен қатар, оны бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне пайдалануға жол ашып отыр.
Ұрпақты ата – салтымызбен ұлтжанды етіп тәрбиелеу ұстаздар қауымына үлкен талап қоюда. Себебі бала мектеп табалдырығынан көрсем – білсем деген алып – ұшпа құмарлық сезіммен келеді. Осы сәтті ұтымды пайдаланып, білімді ұлттық тәрбиемен ұштастыра білген мұғалім ғана жемісті жетістіктерге қол жеткізеді. Жас ұрпақты халқымыздың әдет – ғұрып, салт – санасымен сусындату ел ертеңін ойлайтын саналы азамат қалыптасуының бірден – бір кепілі [4; 32].
Мектепке келген баланың отбасында бойына сіңірген мейірімділік, сүйіспеншілік, бауырмалдық секілді қасиеттерін одан әрі шыңдап, соның негізінде патриоттық сезімді аша білу үшін әрбір мұғалім жүйе бойынша белгіленген нақты іс- шараларды аса шеберлікпен үйлестіріп жүргізуі тиіс.
«Елдің елдігін оның тарихы, әдебиеті, салт – дәстүрі сақтайды» деген ұғымды бастау етіп алатын болсақ, әдебиеттік оқу сабағында отансүйгіштікке тәрбиелеу үрдісін шартты түрде мынандай іс – шараларға бөлуге болады:
- тілді құрметтеу;
- ұлттық салт – дәстүрді зерделеу;
- елдің тарихы мен мәдениетін оқып зерттеу;
- ата – бабалар өсиетін орындау;
- жер байлығы мен табиғатты қастерлеу.
Яғни, отансүййгіштікке тәрбие беруде, ең алдымен әдебиеттік оқу, табиғаттану, әліппе сияқты пәндер едәуір үлес қосады. Тарихты оқу үйрену, әсіресе Отанымыздың тарихын оқу еліміздің қаһармандық өткені мен теңдік алған қазіргі күніне сүйіспеншілік сезімдері нығаяды. Халқымыздың әдебиеті мен тіл өнері – бабаларымыздың бізге қалдырған бай мұрасы.