Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы Қазіргі қазақ тілі морфологиясы



бет1/44
Дата10.03.2022
өлшемі88,61 Kb.
#27397
түріСабақ
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   44
Байланысты:
практикалық сабақ морфология


Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті

Филология факультеті

Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы

Қазіргі қазақ тілі морфологиясы

пәні бойынша практикалық тапсырмалар жинағы



Шымкент 2021

1 – практикалық сабақ

Тақырыбы: Грамматика және оның салалары
Қаралатын мәселелер:

  1. Грамматиканың зерттеу нысаны мен салалары

  2. Зерттеу мақсатына қарай грамматиканың түрлері.

  3. Қазақ тілі морфологиясының зерттеу нысаны

Грамматика- грек тілінің gramm ( жазу, жазу өнері) деген сөзі.Қазір грамматика- лингвистиканың негізгі терминінің бірі, тілдің грамматикалық құрылысын зерттейтін дербес саласы. Бір тілдегі грамматикалық мағына мен сол мағынаның берілу амал-тәсілдері-сол тілдің грамматикалық құрылысы деп те аталады. Ал ондай амал-тәсілдер тілдегі жеке-жеке сөздердің басын қосып біріктіріп, бір-бірімен байланыстырады. Соның нәтижесінде айтылмақшы ой-пікір мағыналы сипатқа ие болады. Екінші сөзбен айтсақ, тіл атаулының негізгі коммуникативтік функциясы, яғни тілдің қарым-қатынас, пікір алысу, адамдардың бір-бірімен өзара түсінісу құралы болу қызметі, сол тілдің грамматикалық құрылысы арқылы атқарылады.Бұдан шығатын қорытынды: грамматика-тілдің негізгі функциясын, қарым-қатынас құралы болу функциясын, жүзеге асыру жолдары мен амал-тәсілдері туралы ілім. Грамматиканың негізгі объектісі-тілдің сөзжасамдық, морфологиялық және синтаксистік жүйесі; оның ішінде грамматикалық форма, грамматикалық мағына, грамматикалық категория, бір тілдегі грамматикалық формалардың көріну амалдары менсол арқылы айтылмақшы мағыналардың берілу тәсілдері, олардың байланысу, тіркесу жолдары мен типтері. Осыған орай грамматика үлкен-үлкен 3 салаға бөлінеді: сөзжасам, морфология, синтаксис. Сөзжасам- тілдегі сөздердің жасалу процесін зерттейтін грамматиканың бір саласы.

Морфология- гректің morphe (форма) деген сөзінен алынған термин. Морфология- тілдің морфологиялық категориялары жөнінде ілім. Дәлірек айтсақ, морфология-белгілі бір тілге тән сөздердің грамматикалық категориялары мен сөз формалары , грамматикалық категориялардың жиынтығы мен жүйесі.

Синтаксис –гректің syntaxis ( құрастыру, түзу) деген сөзінен алынған термин. Синтаксис тілдегі сөздерді байланыстырып сөйлеу құрылысын зерттейді. Синтаксис- сөйлеудегі негізгі единицаларды, яғни сөз тіркестері мен сөйлемді зерттейтін ілім. Өзінің объектілеріне орай синтаксис бірнеше салаға бөлінеді: сөз және оның формалары синтаксисі, сөз тіркесі синтаксисі, сөйлем синтаксисі, мәтін синтаксисі. Синтаксистің негізгі нысаны-синтаксистік құрылымдар. Синтаксистік құрылым дегеніміз-бір бірімен грамматика ережелері бойынша байланысқа түскен сөздер тобы мен сөз тіркестері немесе сөйлемдер тұтастығы.

Баяндау жүйесі мен тәсілі, зерттеу нысаны мен әдісі қамтыған материалдары және олардың кімге, не үшін арналу мақсатына қарай, грамматика құралдары түрлі болып келеді. Олардың ішінде кең таралғандары: мектеп грамматикасы, ғылыми грамматикасы, академиялық грамматикасы, нормативті грамматикасы, тарихи грамматикасы, салыстырмалы грамматикасы, салғастырмалы грамматикасы, салыстырмалы-тарихи грамматика, сипаттамалы грамматика, жалпы грамматика, сондай-ақ, белгілі бір тілдің морфологиясы мен синтаксисі.

Осылардың ішінен сипаттамалы грамматика-жоғары оқу орындарында күнделікті өмірде жиі қолданылатын құралдың бірі. Грамматиканың бұл түрі белгілі бір тілдің қазіргі, бүгінгі таңдағы, осы замандағы грамматикалық құрылысы мен қалпы, нормалары жөнінде мағлұмат береді. Белгілі бір тілдің сөздерін, сөз тіркестерін, сөйлем құрылысын тек синхрондық тұрғыдан баяндайтын сипаттамалы грамматиканы германистикада дескриптивті грамматика деп те атайды.

Грамматиканың басты объектісі тілдің грамматикалық құрылысын танып, оның негізгі ерекшеліктерін анықтауда ( сол арқылы ғана сөздің грамматикалық сипаты ашылмақ ) оған ( тілдің грамматмкалық құрылысына) тән басты-басты грамматикалық ұғымдарды ажыратып, олардың ерекшеліктерін, сипатын айқындап алу қажет. Өйткені тілдің грамматикалық құрылысы сала – сала жүйелерден құралады да, олардың тұтастығы сол жүйелерге тән белгілі заңдылықтардың негізінде болып отырады. Ол жүйені айқындап, заңдылықтарын ашу үшін, ондағы грамматикалық әр түрлі амал-тәсілдерді, сөздердің белгілі бір ортақ қасиеттері арқылы топ-топқа бөлінуін, олардың мағыналары мен сөйлеу процесіндегі қызметтерін білу қажет. Демек, сөздің сөйлеу процесіндегі басқа сөздермен әр түрлі қатынастарының негізінде пайда болатын ішкі мәндері, оның көрінісі болатын сыртқы түр – тұлғасы, солардың барлығы негізінде сөйлемдегі, т.б. тілдің грамматикалық құрылысымен байланысты болса, оның өзіндік ерекшеліктері тағы да сол сөздің грамматикалық сипатымен анықталады. Сөйтіп, ең басты грамматикалық ұғымдарға грамматикалық мағына оның берілу тәсілінің бір түрі грамматикалық форма және осы екеуінің жүйелі жиынтығы құрайтын грамматикалық категория дегендер енеді. Бұл үшеуі бір –бірімен диалектикалық бірлікте болып, тілдің грамматикалық құрылысын құрайды да, қалған жекелеген грамматикалық единицалар мен құбылыстар, жүйелер осы ұғымдардан туындайды.

Түркі тілдерінің грамматикалық жүйесін зерттеу ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысында басталса, Ана тіліміздің грамматикалық жүйесін зерттеу ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталады. Қай кезде болса да морфологияның ең өзекті, ең басты мәселесі сөздерді топтарға бөлу болғаны белгілі. Сөздерді бұлай топқа бөлу жыл санауымыз алдындағы Ү-ІҮ ғасырдағы көне Үндістан лингвисті Панини грамматикасынан, байырғы Греция ойшылдарынан бері қарай айтылып келе жатыр. Тілдегі сөздерді есім, етістік, шылау деп үш топқа бөлу Платон мен Аристотельден басталған.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   44




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет