Қазақ тілінің сөзжасам уәжділігі А. Б. Салқынбай – ф.ғ. д., профессор І. Сөзжасам – тіл білімінің жеке саласы



бет2/43
Дата01.03.2023
өлшемі0,78 Mb.
#70996
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   43
Байланысты:
Дәріс -әдістемелік оқу құралы. 2022

Сөзжасамның тіл білімі Ғылым салаларының
салаларымен байланысы бір-бірімен байланысы,
сабақтастығы оның ішкі табиғатының кешенді құбылыс екенін аңғартады. Тіл – танымның көрінісі, сондықтан рухани және материалдық мәдениет жетістіктерінің бейнесін таңбалайды.
Тіл білімі – кешенді жүйе. Әлем бейнесін белгілі дыбыстардың заңдылықтарға негізделген жүйесі арқылы таңбалап, танылған ұғымды сөз мағынасы арқылы белгілейтін СӨЗ – лексиканың да, фонетиканың да, морфологияның да, сөзжасамның да зерттеу нысаны. Әңгіме олардың қай аспектіден, қай қырынан қарастырылуында болса керек.
Дәстүрлі грамматикада құрылымдық жүйе негізінде бөлінген тіл білімінің салалары бір-бірінен мүлде ерекше бола алмайды. Өйткені негізгі зерттеу нысаны сөз болғандықтан, оның дыбыстық жағы, құрамы, жасалуы, тіркесуі, ойды білдіруі бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста ғана анықталады. Тіл білімі салаларының бір-бірімен тығыз байланыстылығы тілдің кешенді жүйелілігін танытады.
Қазақ сөзінің жасалу жүйесін талдап, танытатын, атау жасау процесін танымдық (когнитивтік) тұрғыда зерделейтін сөзжасам, ең алдымен, лексикологиямен тығыз қарым-қатынаста. Сөзжасамдық процесс, түптеп келгенде, жаңа мағыналы туынды сөз жасауға қызмет етеді. Ал кез келген сөз – лексикологияның зерттеу нысаны. Демек, сөзжасамның нәтижесі саналатын туынды сөз лексикалық құрамды толықтырады. Сөзжасамдық процесс нәтижесінде туындаған сөздер мағыналық дамудың барысында жаңа мағынаға ие болады. Тілді дамытып, жетілдіріп отыратын да осы процесс. Яғни лексикология сөзжасамдық процесс нәтижесінде пайда болатын дайын тілдік материалдардың сөздік құрамын, мағынасын анықтаумен айналысады. Сөзжасамдық процесс нәтижесінде барлық жұрнақ арқылы жасалған туынды сөздер, қос сөз бен біріккен сөз, фразеологиялық бірліктер, тіркесті сөздер жасалады. Сөзжасам – процесс те, оның нәтижесі – атау.
Сөзжасам мен морфологияның да бір-бірімен байланысы бар. Сөзжасам сөздердің құрамын өзгертіп, оның мағыналық құрылымына өзгеріс енгізсе, морфология сөздердің құрамын, грамматикалық сипатын зерттейді. Морфологияның негізгі зерттеу нысаны – сөздерді сөз таптарына топтастырып жіктеп, олардың құрамын айқындау, грамматикалық категорияларын саралау болса, сөзжасам негіз сөздің мағынасы арқылы жаңа туынды атау туғызады. Мұндағы ортақтық негіз сөз бен қосымшаларға байланысты. Морфологияда негіз сөз сөздің түбірі делініп зерттелсе, сөзжасамда сөзжасамдық тұлға ретінде айқындалады.
Ал қосымшалар екіге бөлінетіні белгілі. Жалғаулар мен сөз түрлендіруші жұрнақтар морфемдік талдауға түсіп, морфологияның зерттеу нысанына айналады да, сөз тудырушы жұрнақтар жаңа мағына жасайтын тұлға ретінде сөзжасамның зерттеу нысаны болады.
Бір қарағанда, сөзжасам морфологиядан жіктеліп шыққан сала ретінде көрінуі ықтимал. Бұл пікір түбірінен дұрыс емес. Өйткені, дәстүрлі грамматика бойынша, морфологияда сөзжасамның тек синтетикалық тұлғалар арқылы жасалған тәсілі ғана бірге қарастырылған болатын. Сөзжасамның бұдан өзге де бірнеше тәсілдері (фонетикалық, семантикалық, аналитикалық) мен теориялық ұғымдары морфологияда анықтала алмайды.
Әлемдік дериватология ғылымы кең өрісте дамуда. Өйткені тілдің даму бағытын айқындап отыратын, сөз жасаудың негізгі принциптері мен тәсілдерін талдайтын, атау мен ұғым, ұғым мен зат арасындағы байланыс сырын ашатын осы дериватология ғылымы. Қазақ сөзінің жасалу жолы мен даму жүйесін саралауға көңіл бөлетін, атаудың табиғатын ономасиологиялық тұрғыдан саралайтын уақыт келді.
Сөзжасам мен фонетиканың байланысы сөз мағыналарын айқындаудағы дыбыстардың өзгерістерінің болуы арқылы көрінеді. Дыбыстардың сәйкесуі арқылы да сөз мәні мен мағынасының өзгеретіні әсіресе тілдің тарихи дамуын зерделегенде жақсы аңғарылады. Зат немесе құбылыс туралы ұғымның дамуы сөз мағыналарының жіктелуіне әкелетіні белгілі. Бір ұғымның әртүрлі сипатта өзгере дамуын белгілеп, жаңа мағына туғызуда аллофондық дыбыстар келе-келе жеке фонемалық деңгейге көтерілген немесе сәйкес дыбыстарға жіктеле дамыған. Осыған байланысты тілде дыбыстар сәйкестігі нәтижесінде жаңа атаулар пайда болған. Бұл сөзжасамның зерттеу нысанына айналатын күрделі теориялық мәселелердің бірі.
Сөздердің тіркесуі арқылы жаңа атау жасалу процесі синтаксис пен сөзжасамның тығыз байланысын танытады. Яғни синтаксис сөздердің бір-бірімен еркін байланысын зерттесе, осы еркін тіркес мағынасы кейде бірте-бірте шектеле келе, жеке ұғымды анықтайтын дәрежеге жетіп, лексикаланады. Соның нәтижесінде жаңа екіншілік мағыналы атау сөз жасалады. Еркін сөз тіркесінің тіл дамуы барысында лексикаланып, жаңа атау сипатына ену процесін сөзжасам саласы қарастырады да, оны арнайы аналитикалық тәсіл арқылы зерделейді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   43




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет