Қазақ тілінің сөзжасам уәжділігі А. Б. Салқынбай – ф.ғ. д., профессор І. Сөзжасам – тіл білімінің жеке саласы



бет15/43
Дата01.03.2023
өлшемі0,78 Mb.
#70996
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   43
Байланысты:
Дәріс -әдістемелік оқу құралы. 2022

Сөзжасамдық уәждеме дегеніміз – екі түбірлес сөздің бірінің мағынасы екіншісінің жаңа мағынасының тууына негіз болатын, мағыналық себептілікке негізделген сөзжасамдық қатынас. Сөзжасамдық-уәждемелік қатынас орындалу үшін кемінде екі түбірлес сөз болуы шарт. Түбірлес сөздердің бірінің мағынасы екіншісіндегі жаңа мағынаның жасалуының басты шарты болып, ондағы туынды семаға негіз болады. Сөйтіп себепші негіздер мен туынды сөз арасында мағыналық ерекшелік пен сабақтастық пайда болады. Бұл ерекшелік туынды, екіншілік мағыналы сөздің семантикалық ерекше көрсеткіші ретінде бағаланады. Адамның дүниетанымында бұрыннан таныс денотат пен оның өзіндік номинативтік белгілері арқылы, жаңа ұғымның атауы негізделіп, екіншілік мағыналы туынды сөз жасала алады. Сөзжасамдық-уәждемелік қатынаста пайда болатын тілдік бірліктің қасиеті – тұлғалық және мағыналық жағынан себепші негіз арқылы негізделетіндігі. Сондықтан сөзжасамдық-уәждемелік қатынаста тіл бірліктері тек мағыналық жағынан ғана емес, тұлғалық жағынан да жақын болады. Сөзжасамдық уәждеме – тек номинативті туынды атауларға ғана қатысты анықталады. Еркін сөз тіркестері уәждемелік аядан қарастырыла алмайды, өйткені еркін сөз тіркестері атаулық мағына туғызбады. Атаулық мағына болмаған жерде уәждеме болуы да мүмкін емес. Сөзжасамдық-уәждемелік қатынас – деривация негізінде себепші негіз бен туынды сөз арасында болатын сөзжасамдық қатынас. Уәждеме процесі – жаңа мағыналы туынды сөздің жасалу, қалыптасу процесі үстінде болатын күрделі процесс.
Сөзжасамдық ұя Сөзжасамдық процес
нәтижесінде жасалған атаулар сан алуан. Оларды жүйелеп, белгілі ізге салу үшін әртүрлі теориялық ұғымдар айқындалады. Осындай ғылыми-теориялық ұғымның бірі – сөзжасамдық ұя. Себепші негіздерден сөзжасамдық тәсілдер арқылы жасалып, атау қызметін атқаратын белгілі құрылымдағы түбірлес туынды сөздердің жиынтығы – сөзжасамдық ұя деп аталады. Яғни сөзжасамдық ұя болу үшін: 1) бір негізден тарайтын түбірлес сөздердің жиынтығы болуы қажет; 2) түбірлес сөздердің әрқайсысының жеке номинативтік мағынасы болуы шарт; 3) түбірлес туынды сөздер әртүрлі тәсіл арқылы жасалуы ықтимал; 4) түбірлес туынды сөздердің мағыналық жақындығы себепші негіз арқылы сақталып, бір семантикалық өрісте жатуы қажет. 5) Омонимдес тұлғалар сөзжасамдық ұяға ене алмайды.
Сөзжасамдық ұяға енетін сөздер бір түбірден тараған тұлғалар болғандықтан, формалық және мағыналық жағынан бір-біріне жақын келеді. Мысалы: Оқы, оқу, оқығыш, оқығыштық, оқырман, оқыған, оқығандық, оқымысты, оқымыстылық, оқыту, оқытушы, оқытушылық, оқулық, оқулықтай, т.б.
Ой, ой-арман, ойдағыдай, ойлан, ойлағыш, ойлампаз, ойлап-пішу, ойластыру, ойлау, ойлы, ойсыз, ойлылық, т.б.
Көрсетілген мысалдардағы сөзжасамдық ұяға енетін сөздердің тұлғалық жақындығы олардың түбірінде оқы, ой сөздерінің болуы арқылы анықталса, мағыналық жақындығы барлық сөздердегі арнайы семаның оқу мен ой ұғымына қатыстылығы арқылы көрініс табады. Яғни сөзжасамдық ұядағы сөздер себепші негіз мағынасы арқылы уәжделіп тұрғанын аңғарамыз. Сөзжасамдық ұя термині қолданысының өзі оның ішкі мәнін ашады. Яғни қандай тәсіл арқылы жасалғанына, қандай тізбек құрамына енетініне т.б. белгілеріне қарамастан, бір себепші негіз арқылы жасалған екіншілік мағыналы туынды сөздердің барлығы сөзжасамдық ұя құзырына ене алады. Сөзжасамдық ұядағы сөздердің сандық және сапалық сипаты әртүрлі бола алады. Сөзжасамдық ұяға кіретін сөздердің санының молдығы оларды негіздеп тұрған түбірдің немесе негіздің ішкі мағыналық құрылымымен байланысты. Егер түбір сөздің мағынасы ауқымды, кең болса, оған негізделетін сөздердің тобы да мол болады. Түбір мағынасының кеңдігі мен ауқымдылығы оның өзге туынды сөздерді негіздеп, екіншілік мағына жасай алуының кепілі. Бұл жөнінде түркологиядағы ғылыми зерттеулерде кеңінен айтылған (А.А.Юлдашев, А.Н.Кононов, Н.К.Дмитриев, Ф.Ганиев, Ә.Ибатов, Е.З.Қажыбеков, Б.Сағындықұлы, т.б.).
Сөзжасамдық ұядағы сөздер өздері негізделіп тұрған түбір сөздің негізгі мағынасы арқылы уәжделіп, ұғымды таңбалау процесінде одан әрі мағыналық жіктеліске түседі. Түбірдің омонимдігі арқылы жасалған сөздер бір сөзжасамдық ұяға ене алмайды, әрқайсысы жеке сөзжасамдық ұя құрайды. Өйткені омоним сөздердің мағынасы бір-бірінен мүлде басқа болатындықтан, олар бір сөзжасамдық ұяда бола алмайды. Біз омонимдерді мағыналық жағынан мүлде бөлек, басқа, тұлғалық жамылғышы кездейсоқ ұқсас болған атаулар деп танимыз. Біздің пайымдауымызша, омоним сөздерге тарихи синкретизм ретінде танылатын түбірлер енбейді. Тарихи синкретизм сөздер тілдің тарихи дамуы барысында мағыналық жіктелістің нәтижесінде жасалғандықтан, олардың арасында мағыналық байланыс пен ортақ сема сақталады. Сондықтан ондай сөздер бір сөзжасамдық ұядан тараған тізбек ретінде таныла алады. Айталық, ана себепші негізінің мағынасы арқылы жіктелетін мынадай семалар бар: 1) туған ана; 2) жалпы ана мәні; 3) негіз, түп, тамыр мәні; Осы мағыналар мен себепші негіз арқылы таралатын барлық туынды сөздер сөзжасамдық ұяға енеді. Мысалы: аналық, ана сүті, ана тілі, су анасы, отанасы, жер ана, анадай, аналау, аналы-балалы, аналы, анасыз, ана сүті аузынан кетпеу, анадан туғандай, т.б. Ал омонимдес тұлға болып танылатын сонау, ана бір деген мағынада жұмсалатын ана сөзі бұл сөзжасамдық ұяға ене алмайды. Анадай (жерде), анау, анау-мынау, анадағы, анада, анағұрлым, анадан-мынадан, т.б. атаулар ана есімдігі арқылы негізделіп, өзінше жеке сөзжасамдық ұя жасап, өзіндік сөзжасамдық жұп пен тізбектерді құрайды. Ал қазіргі тілімізде әртүрлі мағында жұмсалып, әртүрлі сөз табының қызметін атқаратын синкретті түбірлердің терең семантикалық құрылымында мағыналық жақындық, тектестік, генетикалық бірлік болғандықтан, бір сөзжасамдық ұядан табыла алады.
Сөзжасамдық ұя сөзжасамның басқа бірліктерімен салыстырғанда, ең маңызды, әрі күрделісі саналады. Сөзжасамдық ұя – түбірлес туынды сөздердің басын құраушы негізгі орталық. Ұяда түбірлес сөздердің әртүрлі тәсіл арқылы жасалған туынды мағыналары көрінеді. Бір сөзжасамдық ұядағы туынды атаулар бір семантикалық өрісте жатады да, ортақ, өзек мағына иеленеді. Бір себепші негізден тараған түбірлес туынды сөздер бір сөзжасамдық ұяда жатқандықтан, өзара парадигматикалық, синтагматикалық қатынаста болатыны заңдылық.
Сөзжасамдық ұя өзіндік парадигмалық шеп құрай алады. Сөзжасамдық парадигмалық шеп дегеніміз – сөзжасамдық жаңа мағынасы бар туынды түбірлес сөздердің тарамдық қатары. Кез келген бір түбірден таралған түбірлес тұлға сөзжасамдық парадигмалық шепке ене алмайды. Парадигмалық шепке енудің негізгі шарттары: 1) сөздердің бір түбірден тарауы; 2) екіншілік мағына иеленуі. Осылайша сөзжасамдық ұяның парадигмасын танысақ, ондағы сөзжасамдық жұп пен сөзжасамдық тізбектің сипатын да айқындауға болар еді. Сөзжасамдық ұяға енетін туынды сөздердің қай-қайсысы да олардың мағынасын негіздеуші түбір сөздің негізгі, өзек семасына тәуелді. Туынды сөздің семантикасын жеке атау ретінде зерттеу үшін, оның басқа түбірлес лексикалық бірліктермен терең жүйелі байланысы бар екенін айқындау қажет. Мұның өзі тілдің ішкі дамуымен байланысты жаңа мағыналық номинациялық атаудың пайда болуы мен сөз құрамы дамуының жүйелілігінен, кешенділігінен келіп шығады. Жаңа атаудың пайда болуын сөз жүйесіндегі өзге құрылымнан бөлек қарау мүмкін емес. Ал олардың мағыналық жүйелілігі мен мағыналық сабақтастығы, ең алдымен, сөзжасамдық ұяның негізінде қалыптасады. Сөзжасамдық ұядағы сөздер себепші негіз мағынасына негізделеді. Сөзжасамдық ұяның құрамындағы сөздер іштей сөзжасамдық тізбек пен сөзжасамдық жұпқа, сөзжасамдық сатыға жіктеледі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   43




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет