I Мемлекеттік Думаға (1906) Қазақстаннан 9 депутат, оның ішінде 4 миллион қазақ халқынан 4 депутат: Ә.Бөкейханов, А.Бірімжанов, А.Қалменов, және Б.Құлманов сайланды, ал 5 депутат орыс халқынан сайланды. Патша халық бұқарасының назарын алаңдату үшін шақырған I Мемлекеттік Дума оның үмітін ақтамады, ал оның мінберін партиялар өз мақсаттарына пайдаланды. І Мемлекеттік Думада А.Қалменов пен заңгер А.Бірімжанов ерекше белсенділік көрсетті. А.Бірімжанов аграрлық мәселе бойынша ескертпелер мен ұсыныстар айтты. Думаның мұсылман фракциясындағы басқа депутаттармен бірге А.Бірімжанов Қазақстандағы жер реформасы туралы бірқатар пікір айтты. Бұл мәселе бойынша жарыссөзде депутаттар Т.Седельников, В.Недоносков, Н.Бородиндер де белсенді түрде сөз сөйледі. Патша II Николай 1906 ж. 8-шілдеде Думаны қуып таратты (72 күн өмір сүрді).
1906 ж. желтоқсанның соңында ІІ Думаға сайлау науқаны басталып, онда Қазақстан мен Сібірдің төмен жалақы алатын темір жол жұмысшылары кемсітушілік заң бойынша сайлау құқықтарынан айырылды. ІІ Мемлекеттік Дума негізінен кадеттерден, социал-демократтар мен октябристерден тұрды. ІІ Мемлекеттік Думаға қазақ даласынан 14 депутат, оның ішінде 6 қазақ:Ақмола облысынан – молда Ш.Қосшығұлов, Семей облысынан – би Т.Нұрекенов, Орал облысынан – адвокат Б.Қаратаев, Торғай облысынан екінші рет – сот тергеушісі А.Бірімжанов, Сырдария облысынан – Т.Аллабергенов, Жетісу облысынан – қатынас жолдары инженері М.Тынышбаев сайланды. Орыс халқынан 8 депутат сайланды.
ІІ-Думадағы қазақ депутаттары кадеттерге қосылды және мұсылман фракциясына кірді. Олар шет аймақтарға орыс және украин шаруаларын Қазақстанға қоныстандыруды және қазақ халқының жерлерін тартып алуды тоқтатуға мүмкіндік беретін аграрлық заңды өткізу мақсатында Дума трибунасын белсенді пайдаланды. Қазақ депутаттар патша өкіметінің қоныс аудару саясатына үнемі қарсы шығып отырды, мысалы, депутаттар Б.Қаратаев, А.Бірімжанов, Ш.Қосшығұлов, Х.Нұрекенов заң шеңберінде патша өкіметінің қоныс аудару саясатына ықпал етуге тырысты. Бірақ депутаттар қоныс аудару істері жөніндегі ведомствоны басқарған кінәз Васильчиковтан: «ХХ ғасырда қазақтардың көшпелі тұрмыс салтын тоқтату үшін қоныс аударушыларды көптеп жіберу қажет», - деген айқын жауабын алды. Мемлекеттік Думада депутаттар Т.Седельников (Орынбор облысынан), Н.Бородин т.б. қазақ халқының мүдделерін қорғап сөз сөйледі. Демократиялық оппозициямен келіскісі келмейтін патша 1907 ж. 3 маусымда ІІ-Думаны қуып таратты (ол 103 күн өмір сүрді), реакцияның жүгенсіздігі басталды, алайда халықтың бой көрсетулері (митингілер, демонстрациялар) жалғаса берді.
Сонымен, 1905 – 1907 жж.Бірінші орыс революциясы кезіндегі Қазақстандағы оқиғалар, әсіресе, жұмысшылар, шаруалар, зиялылардың бой көрсетулері, ұлт-азаттық қозғалыс және т.б. олардың әлсіздігіне және бытыраңқылығына қарамастан жергілікті еңбекшілер үшін үлкен саяси мектеп болды, бұл тәжірибені олар ұлттық және әлеуметтік азаттық жолындағы, демократия мен прогресс жолындағы бұдан кейінгі күресінде пайдаланды.