Қазақша нұсқасы Орта бойлы, қолаң шаш



Pdf көрінісі
бет1/3
Дата03.12.2023
өлшемі0,49 Mb.
#133947
  1   2   3
Байланысты:
Қыз-Жібек



ҚЫЗ ЖІБЕК 
(қазақша нұсқасы) 
Орта бойлы, қолаң шаш, 
Қазақтан өткен қыз Жібек. 
Қырғи мүше, қыпша бел 
Қырғыздан өткен Айшөрек. 
Халық ішінде айтылып, 
Халыққа болсын бұл ермек. 
Тамақ керек əркімге, 
Бір тоқтыны соялы. 
Қыз Жібектен сөз қозғап, 
Қызығына тоялы. 
Ай нұрындай Жібекті, 
Айтпай қойсақ бола ма?!.. 
Айтпаса сырды жиналған 
Кетпесін іштен жоғалып. 
Өткен Жібек сұлуды 
Ескеріп, қозғап қоялық. 
Жаралып өмір бір келмек, 
Өзекті жан бір өлмек. 
Əлем қайыра жаңарып, 
Елде болсын бұл ермек. 
Ендігі сөздің қысқасы – 
Арманда болып өтіскен 
Төлеген менен Қыз Жібек. 
Армансыз өмір болмайды, 
Жалыны оттай қыз сүймек. 
Қазақ жерінде, Жағалбайлы елінде байлығы асқан Базарбай атты қадірлі кісі 
болған екен. Базарбайдың екі ұлы болады. Үлкені – Төлеген, кішісі Сансызбай, 
екеуі тең, ержүрек батыр ұлдар болады. Үлкені Төлеген ер жетіп, он сегіз жас 
шамасына келгенде, атасы Базарбай ұлы Төлегенге əйел алып бермекші 
болып, талай жерден қыз көрсетеді. Бірақ Төлегенге ешқайсысы да ұнамайды. 
Базарбай ұлына қапа болып, «Өзі жақтырғанын алсын», – деп тоқтайды. 
Төлеген өзі де қыдырып, қыз іздемей жүре береді. Күндердің бірінде 
Базарбайдың үйіне бір қарт саудагер қонады. Аты – Наурызбай. Қырағы 
Наурызбай Базарбаймен сөйлесіп отырып, Базарбайдың байлығына разы 
болып, Төлеген сынына толып, былай дейді:


-Е, Базарбай, ұлыңа келіншек алып берген бе едің? 
– Жоқ, – дейді Базарбай. – Енді елімізден қыз жақпаса, не істейміз, өзі 
білсін. 
Сонда Наурызбай:
– Олай болса, Төлеген мырзаңызды маған қосып беріңіз. Біздің еліміздің 
қыздары сұлу болып келеді. Жақтырған қызын алып береміз, – дейді. 
Базарбай ойланып:
– Е, ұлым, бұл атаңның сөзін ұқтың ба? Енді өз еліңнен қыз жақтырмай 
қойдың. Атаңменен қоса барып, қыз таңдап көр, – дейді. 
Төлеген айтты:
– Ата, бар десеңіз, барып келейін. 
– Солай болса, жақсы болады, – деп Базарбай Наурызбайды қонақ 
қылып, бір ат мінгізіп, достасып, Төлегенге батасын беріп, қыруар ақша беріп, 
Төлегенді Наурызбайға қосып жібереді. 
Сөйтіп, бұл екеуі Ақ Жайық ауылына келеді. Төлеген Наурызбайға 
айтады:
-Біз түтін басына қыдырып, дуанаша жүргеніміз ұят болады ғой. Олай 
етпейік. Сіз мақұл көрсеңіз, жар салалық. Қызы жақса да, жақпаса да, бір 
жорғадан берелік. 
Наурызбай күліп:
– Ойбой, Төлеген мырзам, қызы жақпаса да бере беріп, бекер 
шығынданамыз ба? – дейді. 
Төлеген айтты:
– Жомарттың жолы ашық деген, ештеңе етпес. 
– Олай болса, мейліңіз, – деп, ел ішіне жар салды. Естігендер қыздарын 
алып келіп, мейлі жақсын-жақпасын, Төлегеннен бір-бір жорға алып кетіп 
жатты. Сол елдің төресі Сырлыбай еді. Оның уəзірі Қаршыға сөзге шешен 
адам екен. Төлегеннің жайын естіп, атына қамшы басып, ентігіп жетіп келеді. 
Сол жерде тұрған кісілер Төлегенді Қаршығадан жасырып айтпайды. Төлеген 
бір үйде отырған. Қаршығаның үнін естіп:
-Бұл ел неге жасырып айтпай жатыр? – деп, өзі шығады. Сонда 
Қаршығаның амандасып, айтып тұрған жері: 
– Ассаламуалейкүм, Төлен балам, 
Даңқыңды жұрттан естіп келдім саған. 
Жасырмай сырың болса, маған айтқын, 
Жаныңды тындырады Қаршыға ағаң. 
– Алейкүмассалам, Қаршыға ағам, 
Келіпсіз ат сабылтып арнайы маған. 
Жұмысың менде болса, айта бергін, 
Көңіл сізде, сөйлей бер, құлақ салам. 


Қаршыға ойланып: «Оңаша сөйлеспесем болмас», – деп, атынан түсіп, 
Төлегенге қолын беріп, мұнысына баға беріп: 
– Мырзам, сізбен оңаша сөйлесемін, – деп үйге кіріп, төрге отырады. 
Сонда Қаршыға Төлегеннің арғы-бергі ата-тегін жəне не шаруамен 
жүргенін сұрап білді. 
– Олай болса, қарағым, сөзіме құлақ сал. Біздің еліміздің басшысы 
Сырлыбай деген болады. Оның айдай сұлу бір қызы бар. Аты – Жібек. Сол 
өзіңізге лайық келеді, – дейді. 
Төлеген айтты: – Оның дидарын қалай барып көреміз? 
Сонда Қаршыға:
– Көрімдігі бола ма? – дейді. 
Төлеген:
– Болады. Бір жорға аласыз. 
Қаршыға:
– Жоқ, қарағым, алыстан ат сабылтып келген мені басқалардай көрмеңіз. 
Маған екі жорға лайық қой, қарағым. Егер қыз көңіліңізге жақпаса, 
жорғаңызды алмаймын, – деді. 
Төлеген күліп, Қаршығаның сөзіне ұйып, екі жорға берді. Сонымен 
сөздері бітіп, Ақ Жайыққа аттанды. 
Базарбайдың Төлеген 
Батыр сынды секілді, 
Қаршығаға ілесіп 
Атқа қылды өкімді. 
Сөзге шешен Қаршыға 
Аялдамай жүргізді. 
Көрсетпекке Жібекті 
Ауылға жетіп келісті. 
Келсе, елі жайлауға көшіп кеткен екен. Қаршыға Төлегенге: «Бұл ел 
көшіп кеткен екен ғой. Енді Жібекті көш үстінен көрсетейін», – деп, 
Төлегенменен мақұлдасып, жөнеп берді. 
Жанын салып Қаршыға, 
Қамшы ұрып атқа асыға, 
Бір көшке жетіп келеді. 
Көш соңынан қараса, 
Бір қыз кетіп барады. 
Шытырма көйлек етінде, 
Нұр сəулеті бетінде, 
Бұралып кетіп барады. 


Қаршыға қызды көреді, 
Жібек емес болған соң, 
Одан өтіп жөнеді. 
Бір көшке жетіп келеді, 
Көш алдынан қараса, 
Бір қыз кетіп барады. 
Таң мезгілі болғандай, 
Шолпандай жарық жұлдызы, 
Пейіштен шығып келмесе, 
Адамзаттың бір қызы. 
Осы ма деп Төлеген 
Жетіп келді қасына, 
Соңынан келіп Қаршыға, 
Жібек емес деген соң, 
Одан ары өтеді, 
Қаршығаменен ілесіп, 
Көңілі біраз түзелді, 
Бір көрмекке Жібекті 
Төлеген мырза кезенді. 
Қаршыға менен Төлеген 
Жағалай салды өзенді, 
Тағы бір көшке жетеді, 
Көш алдынан қараса, 
Бір қыз шықты сəулетпен. 
Отыз түйе жетелеп, 
Сары майдай еріген, 
Тай-құнандай керілген. 
Мұрындығы сары жез, 
Бұйдасын ескен жібектен, 
Толған айдай толықсып, 
Ақ маралдай бұлықсып, 
Бұралып кетіп барады. 
Мұны көріп Төлеген, 
Атының басын бұрады. 
Осы ма деп Төлеген, 
Қаршығадан сұрады. 
Қаршыға жетіп келеді, 
Бұл да Жібек емес деп, 
Əзіл айтып күледі. 
Одан өтіп Төлеген, 
Атқа қамшы басады. 
Тұлпар туған көк жорға ат 


Аузынан көбік шашады. 
Алдындағы белестен 
Орғып келіп асады. 
Белестен асып жөнеді, 
Ойға түсіп желеді, 
Бір көшке жетіп келеді. 
Көш астынан қараса, 
Бір қыз кетіп барады, 
Он қызы бар қасында, 
Он төрт, он бес жасында, 
Ақ маңдайы жарқырап, 
Танадай көзі жарқылдап, 
Алтын нұры басында; 
Қырық нарға жүгін арттырған, 
Жібектен арқан тарттырған. 
Осы екен деп Төлеген, 
Жетіп келді қасына. 
Артынан келіп Қаршыға, 
Жібек емес деген соң, 
Одан да өтті Төлеген. 
Тау басында қарағай, 
Төлегеннің мінезі 
Болып кетті баладай. 
Осындай болып бұл жерден, 
Он бірі өтті сəулетпен, 
Бірі де қалды жарамай. 
Тағы айқасты бір көшке, 
Бір қыз кетіп барады, 
Орта бойлы жеңеше 
Алтын сырға жалтылдап. 
Қыз сипатын қарасаң, 
Бұрынғы қыздан өзгеше, 
Алтын шыны кеседей, 
Екі көздің шарасы. 
Кешке жанған шамшырақ – 
Көзінің гауһар қарасы, 
Ай нұрының баласы. 
Туған айдай иілген, 
Көз жауын алған сымбаты. 
Сымға тартқан күмістей, 
Бес саусақтың саласы. 
Сондай сұлу болмас-ты 


Адамзаттың баласы. 
Осы екен деп Төлеген 
Жетіп келді қасына. 
Соңынан келіп Қаршыға, 
Жібек емес деген соң, 
Одан да өтіп жөнелді. 
Жаңа бір көшке жетеді. 
Көш алдынан қараса, 
Бір қыз кетіп барады. 
Қара жорға мінгені, 
Қара торқа кигені, 
Екі көзі сүрмелі, 
Бұл сияқты перизат 
Қыз іздеген Төлеген, 
Жоқ еді мұндай көргені. 
Сексен түйе қомдаған, 
Сексен түйе үстінде, 
Қазына қалы кілем бар, 
Жібектен гүлін торлаған. 
Қыз сипатын қарасаң, 
Ақ бетінде кіршік жоқ, 
Айдын көлдің қуындай, 
Екі көзі жалтылдап, 
Алтын-күміс буындай. 
Сөйлеген сөзі биязы, 
Қызығып көпке ұққандай. 
Осы екен деп Төлеген, 
Жетіп бір келді қасына, 
Соңынан келіп Қаршыға 
Жібек емес деген соң, 
Одан да өтіп жөнеді. 
Базарбайдың Төлеген 
Атқа қамшы салады. 
Тұлпар туған көк жорға ат, 
Көзі оттай жанады, 
Сымға тартқан күмістей, 
Сүмбідей болып жарады. 
Тағы айқасты бір көшке, 
Жетіп келіп қарады. 
Көш алдынан қараса, 
Бір қыз кетіп барады. 
Бір бəйбіше нұр жүзді, 


Көшті тартып барады. 
Көш үстінде бəйбіше, 
Келіскен дүние барлығы. 
Екі жүз дүние қазына, 
Қызыл алтын сандығы, 
Жазығы əйел болмаса, 
Қартайса да жайдары, 
Айдың өткен нешесі; 
Ай қараңғы кешесі, 
Ертесіменен кешінде 
Ерте кеугім бесінде, 
Зорға жеткен сықылды, 
Қыз Жібектің көшіне. 
Есебі жоқ дүниені, 
Есептейін несіне! 
Келсе Жібек жоқ екен, 
Сол сықылды көшінде. 
Мұны көріп Төлеген, 
Шешесінен сұрады, 
Атының басын бұрады. 
Жібек ерте кеткен деп, 
Бетіме күн тиер деп, 
Көк пəуеске күймеге, 
Түсіп ерте кеткен деп, 
Шешесі берді жауапты. 
Жырақтамай жолынан, 
Жақсы іс болды оңынан, 
Қаршыға менен Төлеген, 
Жөнеді Жібек соңынан. 
Көк жорға ат сартылдап, 
Екі көзі жалтылдап, 
Ұршықтай саны бұлтылдап, 
Төлегендей мырзаның, 
Алмас қылыш белінде, 
Қолында найза қылтылдап. 
Жанның жанған шырағы, 
Пақырдың болмас жарағы. 
Неше қырдан асқанда, 
Күмбірлеген қоңырау, 
Естіпті сонда құлағы. 
Нелер келіп, не кетпес, 
Ер жігіттің басына, 


Көк жорға атты тайпалтып, 
Базарбайдың Төлеген 
Келді Жібек қасына. 
Келсе, үш қара жорғаны арбаға жеккен екен. Пəуескенің есігі жабық. 
Ешкім көрінбейді. Төлеген алдына бір шығып, артына бір шығып 
дыбыстайды. Үн жоқ. Қаршығаны қараса, көз жетпес жерде қалыпты. Төлеген 
тағат қылып тұра алмайды: 
Кім бар деп бұл күймеде дауыстайды, 
Кім болса да бір көрініп таныспай ма? 
Төлеген үш қайтара шақырса да, 
Қыз Жібек жауап бермей намыстанды. 
Төлеген сонда тұрып қапа болды, 
Өз елін ойлай-ойлай іші толды. 
Қыз емес өз елімде еркек қорыққан, 
Қайран басым бұл жерде бекер болды. 
Төлеген қапа болып қалды тұрып, 
Тізгінін тартып, атының басын бұрып, 
Атына қамшы басып екпіндетіп, 
Сол кезде Қаршыға да жетті келіп. 
Төлеген Қаршығаға өкпелеп: «Сөйлеспекке бұл қызыңды шақырсам, жауап 
бермей қойды. Ақымақ адамдарша мұнысы несі?», – дейді. 
Қаршыға: «Бұдан бұрын Жібекпен ешкім сөйлескен емес, мен өзім 
сөйлесіп көрейін», – деп, Жібекке қарай Қаршығаның үн қатып тұрған жері: 
Ұядан ұшқан балапан 
Қанаттарын тарайды, 
Асыл туған анадан 
Əрбір іске жарайды. 
Данышпан адам дүниенің 
Ағысына қарайды. 
Атаға қызмет қылғанда, 
Ескеріп, елеп санайды. 
Көтергін, Жібек, басыңды, 
Ертіп келдім бір жігіт, 
Нақ өзіңе лайық. 
Нұр сəулетті жүзі бар, 
Бал секілді сөзі бар, 
Талай бекзат көрінген, 
Қалмады ешкім кызығар, 


Жетпейді басқан ізіне, 
Қаршыға сынды көкеңді, 
Қапа қылмай қарағын, 
Бір көрінші жүзіме. 
Жібек сонда сөйлейді, 
Сөйлегенде бүй дейді: 
– Көке болмай жерге кір, 
Салмаймын құлақ сөзіңе. 
Жігіт болса тауып кел деп, 
Қашан айттым өзіңе? 
Бет-алдыңа сандалмай, 
Көрінбей жəне көзіме, 
Жөндеп баққын малыңды, 
Жолама менің ізіме, 
Екі тайға ұялмай, 
Мені сатып сыртымнан, 
Не бетіңмен сөйлейсің? 
Қаршыға сонда сөйлейді, 
Сөйлегенде бүй дейді: 
– Рас, менің, Жібекжан, 
Екі жорға алғаным. 
Сөзімнің жөнін байқамай, 
Отырып жанжал салғаның, 
Екі жорға мен алдым, 
Төлегенге дос болып. 
Илан, маған, қарағым, 
Көңілім менің қош болып, 
Сегіз күндей жол жүріп, 
Ерте шығып, кеш қонып, 
Басыңды көтер, Жібекжан, 
Кетпесін ісім бос болып. 
Жібек ойланды: «Қаршыға арнайы келген екен назарын салып. Бұған бір 
көрінбесем, сөзге қалып, ұят болар», – деп, Жібек пəуескенің есіктерін 
аштырып, ілгектерін ағыттырып, Төлегенге көрінді. Қайтадан ілгектерін 
бекіттіріп, көрінбей қалды. Сол уақытта Жібектің сəулеті Төлегенге жақты. 
Қасында ойнап–күліп қоса бара жатқан үш қызы бар, өзімен төртеу екен. 
Сонда Төлеген Жібектің дидарына қызығып, айтып тұрған жері: 
Қыз Жібектің дидары 
Жаннан асқан сəулеті, 


Лəйлі-Мəжнүн болмаса, 
Өзгеше екен келбеті. 
Үш қызы бар қасында, 
Өзі он төрт жасында. 
Қыз Жібектің дидары, 
Ұялтты көзді нұрлары. 
Қыз сипатын қарасаң, 
Нұр қызының шырағы. 
Сырғалары жарқылдап, 
Көтере алмай құлағы. 
Бой нұсқасын қарасаң, 
Пері сипат секілді. 
Нұр жүзінің ақтығы, 
Қыстың соңғы қарындай, 
Ақ бетінің қызылы 
Ақ тауықтың қанындай. 
Екі беттің ажары 
Алаулап жанған жалындай, 
Білегі бар жұп-жұмыр, 
Айбалтаның сабындай. 
Оймақ ауыз, құмар көз 
Іздеген ерге табылды-ай. 
Өткірлігін байқасаң, 
Ұсталар соққан кетпендей. 
Жарқыраған жүзінен 
Нұр төгіліп кеткендей. 
Екі ауыз сөйлескен, 
Мұратына жеткендей. 
Тірісі түгіл Жібектің 
Өлігін адам өпкендей, 
Мұратына жеткендей. 
Қыз Жібекті Төлеген 
Ақылымен таныпты, 
Көзі солай қаныпты. 
Қыз Жібектің көркі Төлегеннің көңілінен шықты. Тал бойынан тарыдай мін 
таба алмай, «Қой, осыны алайын. Енді кесірленіп, біраз əзілдеп тиісіп 
көрейін», – деп, Төлеген Жібектің қасына келіп, айтқан жері: 
Басыр, басыр, басыр-ды, 
Аққа құлпы жасыл-ды. 
Басыңды көтер, Жібекжан, 


Төлеген келді қасыңа, 
Қыз басыңмен алшаңдап, 
Бүйте берме, ей, Жібек, 
Жұртыңа тиер кесірің. 
Қыз Жібек сонда сөйлейді, 
Сөйлегенде бүй дейді: 
– Олай болса, Төлеген, 
Мен жайында айтайын. 
Ағыным судай ағады, 
Жұртым қойдай бағады, 
Менің қылған кесірім 
Саған кесір болса да, 
Өзіме майдай жағады. 
Жалғыз атты жолаушы, 
Жақындамай ары тұр. 
Үстімдегі кесірлер 
Саған таман барады. 
Ат байлаған ақыр тас, 
Арқама біткен қолаң шаш, 
Қайдан келіп тап болдың 
Қаңғырып өскен бір қу бас?! 
Төлеген сонда сөйлейді, 
Сөйлегенде бүй дейді: 
– Қыз Жібек мінген күймесін, 
Күймеге салып түймесін. 
Қайдан білдің, Қыз Жібек 
Қыз іздеген Төлеген 
Мал беріп сені алмасын, 
Ал қойныңа кірмесін, 
Шытырма Жібек көйлегің 
Басыңа таман түрмесін, 
Ал төсіңе мінбесін? 
Жібек сонда сөйлейді, 
Сөйлегенде бүй дейді: 
– Келсең келдің қасыма, 
Алуа-шекер беремін. 
Келмесең, ары кете бер, 
Менің бар дамбалым басыңа! 


Сөйтіп екеуі айрылысты. Төлегеннің көңілі көтеріліп, ет–жүрегі елбіреп, 
Жібектің сөзіне есеңгіреп, «Жібекті алмасам болмайды», – деп, Қаршыға екеуі 
базарға барып, екі жүз жорға сатып алды. 
Мұны Жібектің атасы Сырлыбай ханға бермек болды. Бұлар айдап бара 
тұрсын. Сырлыбай ханға біреулер хабар жеткізген екен: «Сіздің сыртыңыздан 
Қаршыға білдірмей Жібекті бір жолаушыға көрсетіп жүр», – деп. Сырлыбай 
ашуы келіп, он шақты жігітін дайындап: «Қаршыға мен Төлегенді алып 
келіңдер, жазасын берейін», – дейді. Жігіттер екеуіне барып: «Біздің ханымыз 
кейіп жатыр, сіздерді алып кетеміз», – десті. Төлеген сонда: «Ханыңыздан 
қорықпаймыз, өзіміз де бара жатырмыз», – дейді. 
Сонда Қаршыға Төлегенге: «Ашулының алдынан шықпа деген сөз бар. 
Мен жылқыларға көз бола тұрайын. Сен өзің барып сөйлес», – деді. Төлеген 
Қаршығаның сөзіне мақұл болып, тоқтамастан, Сырлыбай ханның аулына 
келді. Үй жанында сұхбаттасып, бір топ ақсақалдар отыр екен. Төлегеннің 
соларға амандасып тұрған жері: 
Ассаламуалейкүм, ақсақалдар, 
Сөйлесіп сəулетпенен отырғандар. 
Алыстан ат сабылтып жұмыспенен, 
Төлеген келді сіздерге амандасып. 


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет