Қазақстан археологиясы



бет25/138
Дата02.10.2024
өлшемі0,76 Mb.
#146547
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   138
Байланысты:
атбасар (копия) (копия)

Ботай мәдениеті. Аталмыш мәдениетті (неолиттік атбасар мәдениетін де) ғылыми айналымға археология профессоры В.Ф.Зайберт енгізген. Ботай мәдениеті біршама түрде Солтүстік Қазақстан далалық энеолитін (Орал-Ертіс өзендері аралығын) толыққанды сипаттайды. Оның хронологиялық шеңбері б.з.б. ІІІ-ІІ мыңжылдықтарды қамтиды. Әйтсе де, 2008-2009 жылдары алынған жаратылыстану ғылымдарының мағлұматтары (Англияда жасалған) Ботай қонысындағы кейбір төменгі мәдени қабаттар б.з.б. Ү мыңжылдыққа баратындығын дәлелдеп берді. Бұрын бұл мәдениеттің қалыптасуында атбасар және маханжар мәдениеттері елеулі рөл атқарғандығы айтылып келсе, ендігі жерде соңғы мәліметтер бойынша энеолиттік Ботай мәдениеті осындағы жергілікті неолиттен бастау алатындығы айқын болып отыр. Бірақ көршілес археологиялық мәдениеттердің де оған тигізген ықпалы зор болғандығын жоққа шығаруға болмайды.
Алғаш рет 1980 жылы ашылған Ботай қонысынан қазіргі таңда ондаған мың заттар – еңбек құралдары, қару-жарақтар, ыдыстар, әшекейлер жинастырылған. Сонымен қатар осы қоныс пен өзге ескерткіштерде (Васильковка-4, Баландино, Сергеевка, Красный Яр, т.б.) жүргізілген зерттеулер негізінде «ботай мәдениеті» 1983 жылы бөлініп көрсетілді. Негізгі ескерткіші – Ботай қонысы. Далалық ізденістер барысында одан бірнеше баспана орындары аршылған. Баспаналардан қырғыштар, пышақтар, қыш ыдыстары, жебе мен найза ұштары, сүйектен жасалған бұйымдар көптеп табылған. Қоныстың шаруашылық бөлігінен сан алуан заттар жиынтығы аршылып алынған. Әсіресе хайуанаттар сүйектері мен олардан жасалған бұйымдар көп ұшырасады. Адам қолымен жасалған заттардың (артефактілердің) арасындағы ең көбі шақпақ тастан жасалған бұйымдар болып табылады. Қоныстан табылған сүйектердің басым бөлігі – жылқы сүйектері. Зубр, бұлан, елік, тур-өгіз, аю, қасқыр, түлкі, күзен, ит, түйе, қарсақ, қабан, т.б. түз тағылары мен құстардың сүйектері аздап болса да кездеседі. Ботай қонысынан алынған көптеген артефактілерге жасалған типологиялық-трассологиялық талдау оның тұрғындары көп салалы кешенді шаруашылық жүргізгендігін, қоныс тұрғындары негізінен жылқы өсірумен айналысқандығын дәлелдейді. Гарпун секілді құралдардың табылуы мұнда балықшылық та дамығандығын көрсетеді. Баспана тұрғызу үшін пайдаланылған құрал-саймандар (балта, қашау, жонғы, кескіш, т.б.), қосымша құрал-саймандар (балға, кескіш, ұршық, болас, т.б.) да жеткілікті дәрежеде табылған. Қоныстан алынған сүйек сулықтар, айылбастар, ветеринарлық мақсатта пайдаланылған тескіштер, сонымен қатар өзге де сан мыңдаған еңбек құралдары ежелгі ботайлықтардың өнім өндіруге толық көшкендігін аңғартады. Ботай қонысының өзінен ғана қыш ыдыстарының 10 мыңнан астам сынықтары жиысырылған. Сақталу дәрежесі жақсырақ сынықтар негізінде 60 шақты қыш ыдыстар қалпына келтірілген. Бұлар, негізінен, мойын тұсы ашық немесе қабырғалары тік қыш ыдыстар еді. Ою-өрнек ыдыстың барлық жеріне түсірілді, ернеуіне дейін және мойын тұсының ішкі жағына да түсірілген. Өрнектері тарақ, жіп және цилиндр тәрізді бірнеше штамптармен түсірілгендігі байқалады. Ежелгі ботайлықтардың үй кәсібінде сүйектен заттар жасау кеңінен қолданылды. Сонымен қатар тері илеу, тоқыма бұйымдарын дайындау, ағаш өңдеу де дамыды. Сүйектен және мүйізден жасалған бұйымдарға аралау, бұрғылау, жону және жалтырата тегістеу, т.б. әдістер кеңінен қолданылды, тіпті оларды өңдеуге мыс құралдар да қолданылғандығы аңғарылады.
Әдетте өзен жағалауында орналасқан қоныстардың ауданы бірнеше гектар жерді алып жатады. Аталған мәдениеттің жарқын ескерткіші саналатын жоғарыдағы 15 га-лық Ботай қонысынан 158 баспананың іздері анықталған. Қазба барысында бір-біріне белгілі жүйе бойынша жапсарластырыла орналасқан, сөйтіп өзіндік махалла (квартал) құраған бірнеше баспаналар тобы анықталған. Баспана салу үшін алдымен тереңдігі 1 м, ауданы 20-70 м-ге дейін баратын 4-8 бұрыш тұрпатындағы (пішіндегі) қазаншұңқыр қазылған. Шұңқырдан қазып алынған топырақ оның шетіне үйіліп, биіктігі 1 м-дей жал құраған. Осылайша тұрғызылған қабырғаға бөренелер қойылып, олар төбеге қарай күмбезделе жабылған. Күмбез пішінді төбесі ағаш бұтақтарымен және шым қабаттарымен жабылып, оның ортасынан түтін шығатын тесік қалдырылған. Кірер есігі қабырғасынан түсірілді және оған шағын дәліз жалғасты. Ішінде, орта тұсындағы шұңқырда ошақ жағылды. Ошақ пен кірер есік арасын шаруашылық аймақ алып жатты. Баспана бүйірінен, әдетте, азық-түлік сақтайтын шұңқыр қазылды.
Ал Тобыл өзені бойындағы құмдақ қабаттарда өзгеше архитектуралық ерекшелік сақталған. Сірә, мұндағы баспана қабырғалары ағаштан тұрғызылған болуы ықтимал.
Ежелгі ботайлықтардың дүниетанымы біршама күрделене түскендігін жерлеу салты мен бірқатар символдық заттар да аңғартады. Көпшілік заттар (бойтұмар, т.б.) тотемизм, ата-баба аруағына табыну секілді ғұрыптардың қоғамда орын алғандығын нақты көрсетеді. Ботайлықтар туыстастарын қоныс аумағындағы көне баспаналарда жерледі, мүрде жанындағы қабырғаға жылқының бас сүйектері де қойылды. Баспаналардың біріндегі қабырға астынан сазбен мумияланған ер адамның бас сүйегі шыққан. Табалдырыққа итті жерлеу де жиі ұшырасады.
Қазақстан солтүстік аймақтарындағы энеолит жайын қозғаған кезде Торғай өңіріндегі терсек мәдениеті жайлы да айтып өтуге болады. 1946-1951 жылдары азды-кемді жинастырылған материалдар негізінде А.А.Формозов энеолиттік терсек-қарағай мәдениетін бөліп көрсету қажет екендігін айтқанымен, мұнда далалық жұмыстар ұзақ уақыт жүргізілмегендіктен, бұл мәдениеттің ғылымдағы орны нақтылана қоймады. Осында 1970 жылдардан бастап зерттеулер жүргізген В.Н.Логвин кейіннен терсек мәдениетін бөліп көрсеткенімен, оның да тарихнамадағы орны нақты көрсетілген жоқ. В.Н.Логвин, С.С.Қалиева сынды археологтар ойынша «терсек мәдениеті» өз алдына жеке мәдениет болып табылады. Ал белгілі ғалым В.Ф.Зайберт оны ботай мәдениетінің батыс нұсқасы деп есептейді. Келесі бір ғалымдар (В.С.Мосин, С.В.Захаров) екеуінің өзара ұқсастығын айта келіп, оларды «ботай-терсек» мәдениеті деп атауды ұсынады.
Қалай болғанда да, «терсек мәдениетіне» жататын Қожай-1, Құмкешу-1, Бестамақ сынды ескерткіштер материалдары өзіндік бірегейлігімен көзге түседі. Әсіресе толымды түрде зерттелінген Қожай-1 қонысының материалдары назар аударуға тұрарлық. Бұл қоныс 1983-1985 жылдары зерттелінген. 1983 жылы 360 шаршы м жер аршылып, одан алты баспана орны мен тоғыз шұңқыр анықталған. 1984 жылы төрт баспана орны мен 17 шұңқыр 492 шаршы м телімнен аршылған. 1985 жылы жалпы ауданы 372 шаршы м телімнен төрт баспана мен 40 шақты шұңқыр аршылған болатын. Қазба барысында ондаған мың шақпақ тас пен басқа жыныстардың сынықтары, өзектастар мен өзектас тәрізді сынықтар, түзетілмеген тас жаңқалары, түзетілмеген тас тіліктері, тас тіліктерінен, жаңқаларынан жасалған құралдар (пышақтар, қырғыштар, жонғыштар, үшкіртастар, т.б.) шапқылар, үтікшелер, әшекей бұйымдар (моншақ, алқа, т.б.) дәнүккіштер, дискілер, т.б. аршып алынған. Олардан басқа сүйектен жасалған сан алуан бұйымдар мен қыш ыдыстар сынықтары да көптеп табылған. Сондай-ақ қоныстан қола дәуірінің де мол материалдары кездескен. Мамандардың есептеуінше, Қожай-1 қонысы маусымдық жазғы кент болған. Мұны қоныстағы жартылай жертөле секілді баспаналар орны анықтап берген. Қоныс баспаналарының сырты жеңіл ағаштармен немесе мал терісімен жабылған және де ішіндегі ошақтардан аса қалың емес күл орны анықталған. Остеологиялық материалдардың басым бөлігі қолға үйретілген мал сүйектерінен тұрады және де мұнда қысты күні тіршілік етпейтін түз тағыларының сүйектері де ұшырасады. Мәдени қабаттан алынған еңбек құралдарына қарағанда Қожай-1 тұрғындары мал шаруашылығымен және ішінара аңшылықпен айналысқан. Қоныс тұрғындары қыста Сырдария өңірін мекендеуі мүмкін екендігін орта-азиялық қосөзен аңғарындағы мәдениеттерге ұқсас қыш ыдыстары мен мыс бұйымдарға жасалған спектральды талдау да нақты көрсетеді. Терсектік бұл «мәдениет» зерттеушілер пікірінше б.з.б. ІІІ мыңжылдықпен белгіленеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   138




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет