ҚОЛА ДӘУІРІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАН ЕСКЕРТКІШТЕРІ Андронов мәдениеті: шығу мен кезеңдестірілуінің сауалдары
Неолит дәуірінің өзінде-ақ байқала бастаған шаруашылықтағы өзгерістер б.з.б. ІІ мыңжылдықта егіншілік пен мал шаруашылығына негізделген дамыған экономиканың және жоғары деңгейдегі металлургияның қалыптасуына алып келді. Өнім өндіру типіндегі экономикаға көшу Қазақстан аумағындағы жағдайды түбегейлі өзгертіп жіберді.
Қола дәуіріндегі қоғамның үрдісі екі факторға тікелей байланысты еді, оның бірі палеометалл жасау болды. Ендігі жерде, қола – еңбек құралдары мен қару-жарақ жасау үшін пайдаланылатын негізгі шикізат көзіне айналды. Қазақстан кен байлықтарында қалайы-мыс кен көздерінің мол болуы, еліміздің аумағын ертеден-ақ металлургиялық ошақтардың біріне айналуына жол ашқан еді.
Экономиканы қайта құруға табиғи-климаттық өзгерістер де өз септігін тигізген болатын. Айталық, кейінгі қола дәуіріндегі суық-ылғалды фазаның орнына ендігі жерде құрғақшылық орнады. Бұл кездері далалы аймақтардың басым бөлігінде өзен арналарыныңдағы судың азаюы, кейбір шағын өзендердің тартылып қалуы, көлдердегі су деңгейінің төмендеуі халықты экономикалық қайта құруларға жетелегендігі анық. Мұны археологиялық мағлұматтар да растап отыр.
Жалпы алғанда, Еуразияның төскейіндегі Сібір, Орал, Қазақстан мен Орта Азияның далалы аймақтарын туыстас тайпалар мекен өтті. Олар өзіндік жарқын мәдениеттер қалдырды. Ғылымда әсіресе ескерткіштері тұңғыш рет Батыс Сібірдегі Ачинск маңындағы Андроново елді-мекені жанынан ашылған «андронов мәдениеті» кеңінен танымал. Ұзақ уақыттар бойы зерттеушілер қола ғасырына жататын тек осы андронов мәдениетін ғана бөліп көрсетіп келді. Қазіргі таңда оның бірнеше мәдениеттерге тарамдалынатындығы белгілі болып отыр. Сондықтан да қола ғасырының тарихнамасында оны «андронов мәдени-тарихи қауымдастығы» деп атайды. Бұл кезеңнің қаншалықты дәрежеде өткендігі, шығу тегі, қалдырған ізі, халықтың заттық жағдайы, тұрмыстық, ғұрыптық салты қандай екендігі, ол кезде кімдер мекендегендігі, мәдениеті қай сатыда тұрғандығы, палеоэкономикасы мен әлеуметтік құрылымы, дүниетанымы, қоршаған ортаға көзқарасы, генетикалық байланысы, көрші қауымдастықтармен мәдени қарым-қатынасы сынды сан алуан сауалдар бірнеше археологиялық мәдениеттердің бөліп көрсетілуіне жол ашты. Жекелеген проблемалар бойынша қордаланған дүниелер бірқатар ғылыми конференцияларда көтерілгенімен, жылма-жыл жинақталып отырған мағлұматтар әлі де болса тың зерттеулер өз жалғастығын табуы қажет екендігін айғақтап берді.
Одақ көлемінде (бұрынғы КСРО) бірнеше рет ғалымдар арасында андронов мәдени-тарихи қауымдастығына арналған бас қосулар, пікір алмасулар өтті. Олардың арасында 1964 жылы желтоқсанда Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербург) өткен бүкілодақтық жиынды, әлденеше рет өткен «Андронов мәдени-тарихи қауымдастығының проблемалары» атты семинарларды ерекше атап кетуге болады. Өйткені, бұл форумдарда осы өркениетті зерттеуге ат салысқан мамандардың жиылып, кезеңдестірілу, хронология, таралу аймағы, мәдениеттермен ара-қатыстылығы сынды көптеген өзекті мәселелерге өз көзқарастарын білдіруі, андронов мәдени-тарихи қауымдастығын теориялық-методологиялық жағынан негіздеуге нақты жол ашқан еді. Алғаш рет 1970 жылдардың соңында осындай жиындардың бірінде «андронов мәдениетін» өз кезегінде «андронов мәдени-тарихи қауымдастығы» деп атауға шешім шыққанымен бұл атаудың ғылыми айналымға түпкілікті енуі ұзақ уақытқа созылды. Тіпті қазақстандық оқулықтарда әлі күнге дейін оны «андронов мәдениеті» деп атаумен шектеліп жатады. Сайып келгенде, андронов мәдени-тарихи қауымдастығының қалыптасуы мен орнығуы бірнеше ғасырларға, соның ішінде б.з.б. ІІІ-ІІ мыңжылдықтар шегіне дейін созылған еді. Көпшілік мамандардың есептеуінше андронов мәдениеті өз кезегінде мәдени-тарихи қауымдастық ретінде б.з.б. ХVІ-ХV ғасырларда қалыптасты. Бұл бірлестік ішінде алакөл және федоров мәдениеттерінің белгілері басқа мәдениеттерге қарағанда басымырақ байқалады. Алакөл мәдениеті Орталық және Батыс Қазақстанда, ал федоров мәдениеті Шығыс Қазақстан аумағында кеңінен таралды. Орталық Қазақстан мен Жетісу жерінде екі мәдениеттің белгілері қатар ұшырасып оырады.
Шындығына келгенде, қола дәуірі өркениетінің кезеңдестірілуі мен хронологиясын анықтау өткен ғасырдың 20-30 жылдары басталды. 1927 жылы С.А.Теплоухов Оңтүстік Сібірдегі қола дәуірі молаларының классификациясын жасады да, алғаш рет «андронов мәдениетінің» ескерткіштер тобын анықтап берді. Осы кезден бастап аталмыш мәдениетке ден қойылды да, ескерткіштері зерттеліп, орасан зор материалдары жинастырыла бастады. Республика аумағынан табылған қола дәуіріне жататын ескерткіштерді хронологиялық тұрғыдан М.П.Грязнов (1902-1987) алғашқылардың бірі болып 1930 жылдары таратып берді. Ол өзінің «Погребение бронзовой эпохи в Западном Казахстане» атты еңбегінде андронов мәдениетінің таралу аймағын батыс өңірлерге дейін белгілеп береді де, жергілікті жерде қалыптасқан екі нұсқасын көрсеткен еді. М.П.Грязновтың жорамалдауынша, батысқазақстандық андронов мәдениетінің нұсқасына тас сақина құрылысы, мүрдені жерлеу, қыш ыдыс иық тұсында түсіңкілік пен ою-өрнегіндегі кейбір элементтер тән болды. Бұл жайында көптеген ғылыми әдебиеттерде де айтылған. Әсіресе, М.П.Грязнов Қазақстан мен Алтай өңірінен табылған ескерткіштерден алынған қола бұйымдарды ерте, ортаңғы және соңғы қола деп бөле келе, жергілікті ерекшеліктерін сипаттап, соңғы қола дәуірі ерекшеліктеріне баса назар аударды.
Одан кейін 1933 жылы Шерубай-Нұра өзендері алаптарында зерттеу жүргізген П.С.Рыков «Работы в совхозе «Гигант» деген еңбегінде бірқатар ескерткіштердің (Дәндібай, Беғазы, т.б.) қазылуын сипаттап берді де, мұнда қалыптасқан өзіндік ерекшеліктерге кеңінен тоқталды. Кейіннен экспедиция мүшелері аршыған нысандарды М.П.Грязнов қарасұқ типіне жатқызады. Оның ойынша: Дәндібай, Беғазы секілді ескерткіштер қарасұқ мәдениетінің жергілікті нұсқалары; орталыққазақстандық қарасұқ уақытында өмір сүрген тайпалар мәдениеті алдыңғы андронов мәдениетінің негізінде, көршілес тайпа топтарымен тығыз мәдени қатынастар жасаудың әсерінен қалыптасқан; Дәндібай қорымындағы №2 оба ыдыстары жасалуы мен ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөлінеді. Шындығына келгенде, бұл ескерткіштердің қазіргі таңда беғазы-дәндібай мәдениетін құрайтын эталонды нысандар екендігі белгілі. Бірақ, археолог тарапынан ХХ ғасыр алғашқы жартысындағы археологиялық ізденістерге сай ескерткіштердің өзіндік ерекшеліктерін бөліп көрсетілуі, болашақта далалық жұмыстар нәтижесінде жеке мәдениеттің (беғазы-дәндібай) орнын белгілеудің ғылыми іргетасын қалаған еді.
Өткен ғасырдың орта тұсында О.А.Кривцова-Гракова қола дәуірін зерттеуде зор табыстарға қол жеткізді. Бұл археолог 1931-1939 жылдары Қостанай облысындағы Алексеев кешенін, 1948 жылы Садчиковское қонысын зерттеді. Нәтижесінде, археолог тарапынан андронов мәдениетінің екі кезеңі бөліп көрсетілді. Ерте кезең, автордың пайымдауынша, қима мәдениетінің бірінші кезеңімен синхрондалынады, бұл кезде иық тұсы түсіңкі қыш ыдыстар таралса, кейінгі уақытында бүйірі шығыңқы және жапсырма валикті (мойын-білікті) құмыралар таралған. Оның ойынша: үшінші, өтпелі кезеңді бөліп көрсетудің реті жоқ, себебі, қыш ыдыстардың бәрі де Садчиковское және Алексеевское қоныстарындағыдай; екі ескерткіш бұйымдары бойынша б.з.б. І-мыңжылдық бас кезіне, яғни қола дәуірінің соңғы кезеңіне жатады. Дегенмен авторда абсолюттік мерзімдеудің болмауы, сонымен қатар «біртектес ескерткіштерді, не қорым, немесе қоныс» материалдарының біріне ғана сүйеніп хронологиялық классификацияны жасауға болады деуі оның пайымдауын едәуір олқылыққа ұшыратты.
Сонымен қатар осы кездері ғалым тарапынан Қожамберді қорымына қатысты батысандроновтық ескерткіштер дамуы жайлы да сөз өрбітілді. Мұны С.В.Киселев та қолдады. С.В.Киселевтың өзі 1949 жылғы еңбегінде андронов мәдениетінің бас кезін б.з.б. ХVІІ-ХVІ ғасырлармен, қарасұқ мәдениетінің басталуын б.з.б. ХІІІ-ХІІ ғасырлармен белгіледі.
Зерттеушілердің көпшілігі 1948 жылы К.В.Сальников ұсынған кезеңдестіру мен хронологияны қолдап, ұзақ жылдар бойы оған сүйеніп келді. Бұл археологтың өзі де уақыт өте келе кезеңдестіруі мен хронологиясын сәл-пәл өзгертіп, нақтылап отырғандығын айта кеткен жөн. Ол Орал өңіріндегі андронов мәдениеті ескерткіштерінің кезеңдестірілуін федоров (б.з.б. ІІ-мыңжылдық ортасы мен екінші жартысы), алакөл (б.з.б. ХІ-ІХ ғасырлар) және замараев (б.з.б. VІІІ-VІІ ғасырлар) сынды хронологиялық кезеңдерге бөлді. Кейіннен жаңа археологиялық мәліметтерге сай бұл хронологияға археолог тарапынан өзгертулер енгізілді: бірінші кезең - федоров (б.з.б. ХVІІІ-ХVІІ ғасырлар); екінші кезең - алакөл (б.з.б. ХV-ХІІ ғасырлар); үшінші кезең - замараев (б.з.б. ХІІ-VІІІ ғасырлар).
Өткен ғасырдың 50-60 жылдары осы ғалымның кезеңдестіруі мен хронологиясына бірқатар ғалымдар сүйеніп, жергілікті жерлерде өзіндік нұсқаларды ұсына бастады. Айталық, Ә.М.Оразбаев Солтүстік Қазақстан қола дәуірінің ескерткіштерін дәл К.В.Сальников секілді хронологиялық кезеңдерге бөлді де, үшінші кезеңді жеке мәдениет деп көрсетті. К.А.Ақышев болса, Орталық Қазақстаннан федоров және алакөл кезеңдерін атап, соңғы кезеңдегі ескерткіштерді дәндібай мәдениетіне жатады деп қорытынды жасады. «Этапы развития хозяйства скотоводческих племен Казахстана и Южной Сибири в эпоху бронзы» деп аталатын 1957 жылы шыққан еңбегінде М.П.Грязнов замараев пен дәндібай кезеңдерін ерекше құбылыс екендігін атап көрсеткен еді. Ол андронов мәдениетінің хронологиялық мерзімін б.з.б. ХV-ХІ ғасырларға жатқызды. Бірақ, М.П.Грязновтың бұл пайымдауы кейбір зерттеушілер (В.И.Мошинская, Г.Чайльд, К.Иеттмар) тарапынан сынға ұшырады.
Сондай-ақ 1955 жылы Е.А.Агеева мен А.Г.Максимова Павлодар облысы аумағынан қола дәуіріне жататын бірқатар ескерткіштерді тауып, ғылыми айналымға енгізгеннен кейін қола дәуірі ескерткіштерінен үш кезеңге тән нысандарды анықтады. А.Г.Максимова Шығыс Қазақстан қола дәуірі ескерткіштерінің де үш сатыға лайық кезеңдестірілуі мен хронологиясын жасады. Ғалымның айтуынша қарасұқ уақытымен синхрондалынатын нысандар бұл аймақта ерекше басымдық танытады.
1960 жылы С.С.Черников Шығыс Қазақстан қола дәуірі ескерткіштерін ұзақ жылдар бойы зерттей келе, қола дәуірінің бастапқы кезі б.з.б. ХVІІІ-ХVІІ ғасырларда басталады да, б.з.б. VІІІ-VІІ ғасырларда аяқталады деген тұжырымдаманы қабылдады. Өзі Шығыс Қазақстан қола дәуірі ескерткіштерін төрт кезеңге бөлді: бірінші, усть-буконь (б.з.б. ХVІІІ-ХVІІ ғасырлар); екінші, қанай (б.з.б. ХVІ-ХІІ ғасырлар); үшінші, мало-красноярск (б.з.б. ХІІ-VІІІ ғасырлар); төртінші, трушниково (б.з.б. ІХ-VІІІ ғасырлар).
1956 ашылып, 1959-1960 жылдары зерттелген Тастыбұтақ қонысы мен қорымының материалдарына сүйенген В.С.Сорокин де қола дәуірінің кезеңдестірілуі мен хронологиясына қатысты өз ойын білдірді. Бұл археолог барлық ор-ақтөбе нұсқасындағы ескерткіштер өзара синхронды, олар федоров типіндегі ескерткіштерден кейін, алакөлдік зират материалдарының алдындағы уақытқа жатады деп есептеді. Бұдан басқа көзқарас Е.Е.Кузьмина тарапынан айтылды. Қоныстар мен қорымдар кешенін талдау нәтижесінде Е.Е.Кузьмина үш хронологиялық сатыны атап өтті. Бұл сатылар: кейінгі – атакеңсай (Алакөл қорымы материалдарымен бір уақытта), өтпелі және ерте - үшқатын (Қожамберді /Кожумберды; қазіргі атауы - Кожанберля/ зиратымен замандас). Сонымен қатар кожамберді ескерткіштерінің федоровтық нысандармен ұқсас кейбір элементтер жайы да айтылды.
1964 жылғы симпозиумда К.В.Сальников «Об этапах и локальных особенностях западного варианта андроновской культуры» тақырыбында баяндама жасады да, бұрын андроновтық ескерткіштерге жасаған хронологиялық сыныптауын қайта қарастырды. Енді ол федоров пен алакөл кезеңдерінің арасында қожамберді (кожумберды) кезеңі болғандығын атап көрсетті. Оның ойынша қожамберді кезеңі алдыңғы және кейінгі кезеңдермен генетикалық байланыста болған.
Кейінірек, ондаған жылдардан кейін барып Е.Е.Кузьмина андронов мәдени-тарихи қауымдастығының кезеңдестірілуін арнайы көтерді де, бұрыннан келе жатқан пікірлерге түзетулер енгізді. Ендігі кезекте зерттеуші ескерткіштерді төрт типке бөлді: петров (б.з.б. ХVІІ-ХVІ ғасырлар); алакөл (б.з.б. ХV-ХІІІ ғасырлар); федоров (б.з.б. ХV-ХІІ ғасырлар); дәндібай (б.з.б. ХІ-ІХ ғасырлар) және амангелді (б.з.б. ХІV-ХІІІ ғасырлар; Солтүстік Қазақстан), атасу (б.з.б. ХҮ-ХІІІ ғасырлар; Орталық Қазақстан), алексеев (б.з.б. ХІІ-Х ғасырлар) секілді аралас топтар. Басқа да аралас топтарға сольилецк (Оңтүстік Орал маңы), қожамберді (кожумберды; Батыс Қазақстан), жетісу (Жетісу мен Ферғана) жатқызылды.
Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы және басқа да ғылыми зерттеулерді негізге алған Ә.Х.Марғұлан мұнда энеолит, ерте, ортаңғы және соңғы қола бір-бірімен генетикалық байланыста екендігін тұжырымдады. С.В.Киселев, Н.Л.Членова, т.б. зерттеушілердің беғазы-дәндібай мәдениетін қарасұққа тіреуіне тойтарыс беріп, оның шығу тегі жергілікті мәдениеттерден тұратындығын дәлелдеді. Сонымен қатар автор бастапқыда Л.Р.Кызласовпен бірге беғазы ескерткіштерін б.з.б. VІІ-VІ ғасырлармен мерзімдеуінен бас тартты. Қазіргі таңда Ә.Х.Марғұланның Орталық Қазақстандағы ескерткіштерді, мәдениеттерді кезеңдестіруі мен хронологиясын жасауы былайша өрбітілген: «Археологиялық зерттеулер Орталық Қазақстандағы қола дәуірі мәдениеттерінің басталуы мен дамуын анықтауға мүмкіндік береді. Оны негізінен үш кезеңге топтастыруға болады. Алғашқы пайда болу кезеңі (б.з.б. ІІІ мыңжылдықтың аяғы мен б.з.б. ХVІІ ғасыр арасы); ортаңғы, өркендеп дамыған кезеңі: екі сатыдан – Нұра (б.з.б. ХVІІ-ХV ғасырлар) және Атасу (б.з.б. ХІV-ХІІІ ғасырлар); соңғы кезеңі: ол да екі сатыдан – соңғы кезеңге өтпелі сәт (б.з.б. ХІІ-ХІ ғасырлар) пен Беғазы-Дәндібай мәдениетінен (б.з.б. Х-VІІІ ғасырлар) тұрады».
1970-1980 жылдары қола дәуірі ескерткіштерін зерттеу ісі зор қарқынмен дамығандығы белгілі. Алынған соны мәліметтер кейбір ескерткіштердің материалдары бұрынғы айтылған кезеңдестіру мен хронологияны қайта қарастыруға мүмкіндік берді. Мысалы, В.С.Стоколос алакөлдік және федоровтық ыдыстардың бір ескерткіштен ұшырасатындығын, тіпті алакөл қыш ыдыстары федоровтық ыдыстармен көмкерілгендігін айтып, кезеңдестіру мәселесіне сын көзбен қарау қажет екендігіне назар аударды.
Солтүстік Қазақстанда жүргізілген археологиялық ізденістер негізінде Г.Б.Зданович та өзінің жаңа кезеңдестіруі мен хронологиясын ұсынды. Ол қола дәуірін «дамыған» (өркендеген) және «соңғы» деген екі кезеңге бөлді. Алғашқысын үш кезеңге бөліп, оның біріншісіне – петров (б.з.б. ХVІ-ХV ғасырлар), екіншісіне – алакөл (б.з.б. ХІV-ХІІІ ғасырлар), үшіншісіне – амангелді-бескөл (бишкуль) кезеңдерін (б.з.б. ХІІ-ХІ ғасырлар) енгізді. Соңғы кезеңде оның ойынша мұнда федоровтық тайпалар келіп, алакөл тұрғындарымен белсенді қарым-қатынас жасаған. Соңғы қоланы Г.Б.Зданович екі кезеңге жіктеді: замараев (явленка) кезі (б.з.б. ХІ-Х ғасырлар) және ильинск (б.з.б. ІХ-VІІ ғасырлар).
Басқа археологтар да осы кездері өздерінің кезеңдестіруін қайта зерделей бастады. Т.М.Потемкина Тобыл өңіріндегі қорымдар мен қоныстардың қыш ыдыстарын саралай келе, энеолит пен қола дәуірінің кезеңдестірілуі мен хронологиясын 1980 жылдар орта тұсында былайша жіктеді: 1) энеолит – б.з.б. ІІІ-мыңжылдық алғашқы жартысы; 2) ерте қола дәуірі: а) бобрыкин кешендері – б.з.б. ІІІ-мыңжылдық екінші жартысы; б) одинов (вишневск) кешендері – б.з.б. ІІІ-ІІ мыңжылдық тоғысар шегі – б.з.б. ІІ мыңжылдық алғашқы ширегі; 3) дамыған (өркендеген) қола дәуірі: ерте алакөл: а) петров кезеңіне дейінгі ерте алакөл кешендері – б.з.б. ХVІІ ғасыр екінші жартысы, б) петров типіндегі ерте алакөлдік кешендер – б.з.б. ХVІ ғасыр; алакөл кезеңі: а) петровтан кейінгі саты – б.з.б. ХV ғасыр; б) классикалық саты – б.з.б. ХV-ХІV ғасырлар шегі мен б.з.б. ХІV ғасыр; в) кейінгі саты – б.з.б. ХІV-ХІІІ ғасырлар; 4) соңғы қола дәуірі: а) ерте алексеев және олармен мерзімдес межов кешендері – б.з.б. ХІІ-Х ғасырлар; б) кейінгі алексеев кешендері – б.з.б. Х-ІХ ғасырлар.
Мәдени-тарихи қауымдастықтың кезеңдестірілуі Н.А.Аванесова тарапынан да жасалды. Металл бұйымдарын саралай келе ол төмендегідей кезеңдестіруді ұсынды: 1) алакөл алдындағы кезең – б.з.б. ХVІІ-ХVІ ғасырлар; 2) андронов мәдениеті – б.з.б. ХVІ-ХІІ ғасырлар, ол алакөл (б.з.б. ХVІ-ХІV ғасырлар), қожамберді (б.з.б. ХІV ғасыр) және федоров (б.з.б. ХІV ғасыр соңы мен б.з.б.ХІІІ ғасырлары) кезеңдеріне бөлінеді; 3) замараев-беғазы мәдениеті – б.з.б. ХІІ-ІХ ғасырлар. Автор алакөл ескерткіштері федоровтық кешендерден бұрынғы уақытқа жатады, алакөл нысандарында полтавкин және абашев тайпаларына тән ыдыс жасау дәстүрінің элементтері кездесетіндігін көрсететін ерте хронологиялық көкжиек (горизонт) байқалады, қожамберді типіндегі қыш ыдыстар алакөлден федоровқа өтетін кезеңге жатады деп жорамал жасады. Қыш ыдыстарды кезеңдестіруде кеңінен пайдаланған Н.А.Аванесова тұжырымдары көпшілік тарапынан нақты қолдау таба қойған жоқ. Сірә, металл бұйымдарға сүйенемін деуі кейде бекер болғандықтан да шығар.
Әйтсе де бұл зерттеуші кейіннен жоғарыда көрсетілген мәдениеттер кезеңдестірілуіне қатысты өз пікірлерін біршама өзгертті. Н.А.Аванесованың «Культура пастушеских племен эпохи бронзы азиатской части СССР» атты 1991 жылы жарық көрген монографиясында петров мәдениеті б.з.б. ХVІІ-ХVІ ғасырларға, алакөл мәдениеті б.з.б. ХV-ХІV ғасырларға, қожамберді б.з.б. ХІV ғасырға, федоров б.з.б. ХІІІ-ХІ ғасырларға жатқызылған.
Негізінен алғанда, Н.А.Аванесова көп ретте Г.Б.Зданович сынды зерттеушілердің ізденістерін толықтай қолдады. Кезінде Г.Б.Зданович қола дәуірі мәдениеттерін Солтүстік Қазақстан материалдары бойынша былайша таратып берген еді: петров (б.з.б. ХVІІ-ХV ғасырлар); алакөл (б.з.б. ХV-ХІV ғасырлар); федоров (б.з.б. ХІV-ХІІ ғасырлар); мойын-білік (валиковая) қыш ыдыс (б.з.б. ХІІ-ІХ ғасырлар) мәдениеттері. Бұлармен бірге өтпелі бірқатар кезеңдер аталынады, олар – кулевчинск (петров және алакөл мәдениеттері аралығы), қожамберді (алакөл мен федоров мәдениеттері арасында) және федоров пен мойын-білікті (валиковая) қыш ыдыс мәдениеттері аралығындағы кезең.
1990 жылдардың бас кезінде КСРО-ң ыдырауы зерттеушілер арасындағы ғылыми байланыстарды біршама әлсіретті. Сондықтан да кейбір ғалымдардың андронов мәдени-тарихи қауымдастығына деген көзқарастары біршама уақыт көпшілік назардан қалыс қалып келді.
Бұл кездері М.Қ.Қадырбаев пен Ж.Қ.Құрманқұлов Бетпақдаланың солтүстігіндегі ескерткіштерді жүйелеп, кезеңдестірілуін жасады. 1992 жылы шыққан еңбектерінде аталған археологтар қола дәуірін екі кезеңге бөлді. Біріншісі: ерте кезең, б.з.б. ХV-ХІІІ ғасырларды қамтиды, екіншісі – кейінгі (соңғы) кезең, ол б.з.б. ХІІ-VІІІ ғасырлар. Алғашқысы б.з.б. ХV-ХІV ғасырлардан және б.з.б. ХІV-ХІІІ ғасырлардан тұратын екі кезеңге бөлінеді. Сонымен қатар федоров-нұра, алексеев-атасу, беғазы-дәндібай, алексеев-сарғары типіндегі қыш ыдыстары жіктелді.
Оларға дейін Қостанай облысындағы Тобыл өзені бойындағы ескерткіштерді зерттеген В.В.Евдокимов та өз кезеңдестіруін ұсынған болатын. В.В.Евдокимовтың пікірінше дамыған қола дәуірі: 1) алакөл мәдениетінің а) петров (б.з.б. ХVІ-ХV ғасырлар) және б) алакөл (б.з.б. ІІ-мыңжылдық үшінші ширегі) кезеңдерін қамтыған; 2) алексеев мәдениеті: а) алексеев кезеңінен (б.з.б. ХV-Х ғасырлар) және б) сарғары кезеңінен (б.з.б. Х-VІІІ ғасырлар) тұрады. Бұл археолог өркендеген қола дәуірі ескерткіштері алакөл мәдени-хронологиялық тобына енеді деп жорамал жасады. Б.з.б. ІІ-мыңжылдық соңғы ширегінде черкаскуль және федоров мәдениеттерінің ескерткіштері пайда бола бастайды. Сондай-ақ алакөл және федоров мәдениеттерінің қатар өмір сүруі мүмкіндігі де айтылды. Кейінгі жылдары В.В.Евдокимов Солтүстік және Орталық Қазақстан өңірі үшін бірін-бірі алмастырған алакөл, беғазы-дәндібай, доңғал мәдениеттері тән деген пайымдауға көше бастады.
Осы жерде археолог В.В.Варфоломеевтің Орталық Қазақстан қола дәуірі ескерткіштерін кезеңдестіруге көп еңбек сіңіргендігін айта кеткен жөн. Ол ұзақ жылдар бойы қола дәуірі ескерткіштерін зерттеумен айналысып, бірқатар құнды пікірлерін ғылыми жұртшылық назарына ұсынды. 1980 жылдардың соңына қарай ұсынған ескерткіштерді, мәдениеттерді кезеңдестіруі мен хронологиясына уақыт өте келе ол да түзетулер енгізіп отырды. Қола дәуірінің соңғы кезін В.В.Варфоломеев кентке дейінгі (б.з.б. ХІ (ХІІ?) ғасырлар), кент (б.з.б. Х-ІХ ғасырлар) деп бөлді де, олар беғазы-дәндібай мен сарғары-алексеев мәдениеттерімен қатар өмір сүрді деп есептеді; одан кейінгі уақытқа доңғал мәдениетін (б.з.б. VІІІ- VІІ ғасыр бас кезі) жатқызып, оны кейінгі қола мен тасмола мәдениеттері аралығындағы өтпелі кезең деп көрсетті.
В.В.Варфоломеев кейіннен Сарыарқа соңғы қола кезеңін былайша таратты: дәндібай-сарғары мәдениеті (б.з.б. ХІІІ-ІХ ғасырлар), ол «мойын-білікті (валиковая) кешендермен» байланыстағы ерте және «алексеев-сарғары кешендеріне тән қыш ыдыстары бар» кент (б.з.б. ХІІ-Х ғасырлар) секілді екі сатыдан тұрады, ал үшінші кезең – доңғал (б.з.б. ІХ ғасыр) сатысы, бұл өңірдегі қола дәуірінің ақыры деп жүйелеу жұмыстарын жүргізді.
Орталық Қазақстан аумағында андроновтық дәстүрдің қалыптаса бастауын А.А.Ткачев нұртай кешендерімен байланыстырады. Өз дамуында оның ойынша нұртай мәдениеті екі кезеңнен өтеді: біріншісі (ерте) – бозінген (б.з.б. ІІ-мыңжылдық бірінші ширегі), екіншісі (кейінгі) – сатан (б.з.б. ХVІІІ-ХVІІ ғасырлар). Кейінгі нұртай уақытында Шығыс Қазақстаннан мұнда қанай мәдени дәстүрі біртіндеп ене бастайды. Бұл ғалым нұра мәдениетін ерте (балықты; б.з.б. ХVІІ пен б.з.б. ХVІ ғасыр бас кезі), ортаңғы (б.з.б. ХVІ-ХV ғасырлар) және кейінгі (б.з.б. ХV-ХІV ғасырлар) деп ажыратып көрсетеді. Кейінгі қола дәуірінің дамуын А.А.Ткачев ерте (алексеев-сарғары, трушниково) және кейінгі кезеңдерге жіктейді. Дәндібай мәдениеті ерте кезде қызылтас және қарасұқ тұрғындарының араласуынан қалыптасқандығын айтады да, оның жоғарғы мәдени қабаттары доңғал мәдениетімен жалғасады дейді. Доңғал мәдениетін А.А.Ткачев ерте, доңғалға (б.з.б. Х-ІХ ғасырлар) және кейінгі, красногорға (б.з.б. ІХ ғасыр соңы – б.з.б. VІІІ ғасыр) бөлген.
Осы кездері А.А.Ткачевпен қатар В.В.Евдокимов та өзінің жаңа кезеңдестіруін жасады. Бұл археолог кезеңдестіруді жасаған кезде басқаша келіп, өзгеше кезеңдестіру матрицасын ұсынды. Автор алдымен Солтүстік және Орталық Қазақстан қола дәуірін оратаңғы және кейінгі кезеңдерге бөлді. Оларды полтавкин-петров, қима-андронов, мойын-білік қыш ыдыстар мәдениеті, нұр-доңғал этаптарына жіктеді. Полтавкин-петровқа (б.з.б. ХХ-ХVІ ғасырлар) – петров, қима-андроновқа (б.з.б. ХVІ-ХІІІ ғасырлар) - алакөл мен федоров, мойын-білік қыш ыдыстар мәдениетіне (б.з.б. ХІІІ-ІХ ғасырлар) – дәндібай-сарғары, нұр-доңғалға (б.з.б. ІХ-VІІІ ғасырлар) – доңғал мәдениеттері енгізілді. Сондай-ақ автор археологиялық мәдениет жүйе ретінде өз мәнін жоғалта бастағандығын айтады да, орта алакөл және классикалық федоров сатысын (б.з.б. ХV-ХІV ғасырлар) және алакөл-федоров сатысын (б.з.б. ХІІІ ғасыр) бөліп көрсетеді. Мойын-білік қыш ыдыстар мәдениетіне келгенде зерттеуші өз кезегінде В.В.Варфоломеевтің «дәндібай-сарғары» терминін қолдана отырып, дәндібай-сарғары мәдениетінің аймақтық кезеңдестіруінде кент-алексеев сатысын (б.з.б. ХІІ-ІХ ғасырлар) да атап өтеді. Ол Нұр-доңғал кезеңінің ескерткіштері Орталық Қазақстанда доңғал мәдениетінен, Солтүстік Қазақстанда загарин типіндегі нысандардан кездеседі деген де пікір айтады.
Жалпы алғанда, Солтүстік және Орталық Қазақстаннан басқа аймақтарда да қола дәуірі ескерткіштерін, мәдениеттерін кезеңдестіру мен хронологиясын жасау ішінара болса да жүргізіліп келеді. Мұны басқа өңірлерде қола дәуірі ескерткіштерін зерттеу қарқыны төмен екендігімен де түсіндіруге болады. Мамандардың біршама ден қойған аймағы - республиканың батысы өңірі. Батыс Қазақстанда өткен ғасырдың 70-80 жылдары зерттеулер жүргізген көрнекті археолог Г.А.Кушаев Орал-Еділ қола ғасырын сол кездердегі тарихнамаға сай үш кезеңге бөлген: 1) шұңқыр сатысы (б.з.б. ІІІ-мыңжылдық) – ерте қола ғасыры; 2) катакомба (және полтавкин) сатысы (б.з.б. ІІ-мыңжылдықтың алғашқы жартысы) – ортаңғы қола ғасыры; 3) қима (б.з.б. ІІ-мыңжылдық екінші жартысы – б.з.б. І-мыңжылдық бас кезі) – кейінгі қола ғасыры.
Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу жеріндегі қола дәуірі материалдарын зерделеген К.М.Қарабаспақова мұндағы ескерткіштерді үш хронологиялық топқа бөледі. Біріншісі - дамыған қола кезеңі (б.з.б. ХVІ-ХІІІ ғасырлар). Екінші хронологиялық кезең (б.з.б. ХІІ-Х ғасырлар) - «кейінгі қола». Сонымен қатар ол қоладан ерте темірге көшер тұстағы өтпелі кезеңге (б.з.б. ІХ-VІІІ ғасырлар) тән ескерткішті де (Биен обасы) атап көрсетеді.
Қазіргі таңда бірқатар зерттеушілердің (Марьяшев, Горячев, Потапов, т.б.) далалық ізденістерінің арқасында кейінгі қола уақытымен мерзімделінетін Жетісу өңірінде осы аталған биен (Жоңғар Алатауы), көлсай (Күнгей Іле Алатауы), беғазы-сарғары (Шу-Іле таулары) мәдениеттері анықталып отыр. Олардың хронологиялық мерзімі жаратылыстану ғылымдарының мәліметтерімен бекіген. Болашақта Жетісу жеріндегі қола дәуірінің мәдени дамуын сатылап нақты көрсету де қолға алынары анық.