Қазақстан археологиясы


Оңтүстік Қазақстан қола дәуірі ескерткіштері



бет38/138
Дата02.10.2024
өлшемі0,76 Mb.
#146547
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   138
Байланысты:
атбасар (копия) (копия)

Оңтүстік Қазақстан қола дәуірі ескерткіштері

Мұндағы ортаңғы қола дәуірін Қаратаудың солтүстік беткейлеріндегі Таутары қорымы сипаттайды. Оны А.Г.Максимова зерттеген. Бейіт үсті ескерткіштері – бүйірінен қазылып қойылған тақта тастардан (тас плиталарынан) немесе жер бетіне қойылған тастардан тұратын тікбұрышты, шаршы түріндегі, сопақша, дөңгелек келген қоршаулар. Жерлеу кейде тақта таспен жабылған топырақ шұңқырларда атқарылды. Мүрдені өртеу ғұрпы басым болған. Өртелген сүйектерді көбіне қабір шұңқырының батыс жағына бір немесе бірнеше жерге үйіп қойды немесе түбіне шашып тастады. Қабірге бірден беске дейін тағам салынған ыдыстар қойылды.


Ыдыстардың түбі жалпақ, олар екі тұрпатты: банка мен иық тұсы дөңгеленген немесе мойынынан денесіне өтер тұсы аздап кертпіштелген қыш ыдыс. Олардың өрнегі, негізінен, тарақты штамппен көмкерілген. Әдетте ыдыстың мойын тұсы, денесінің жоғарғы бөлігі, кейде түп жағы және де түбі өрнектелген. Тең бүйірлі кескінді үшбұрыш, үзілген сызық, меандр, басылған үшбұрыш түріндегі ою-өрнектер кеңінен таралған. Банка түріндегі ыдыстардың ою-өрнегі жоқ немесе тең бүйірлі үшбұрыштармен өрнектелген. Қоладан және алтыннан жасалған ұсақ бұйымдардың дені әшекейлер болып табылады. Олардың арасында «табанды» және тесігі бар сопақша алқалар, сауытшалар, жүзіктер, тескіштер, моншақтар, алтынмен қапталған сымнан жасалған самай сырғалар, пастадан, шыны тәрізді массадан жасалған моншақ, киімге тағылатын қола қапсырмалар бар.
1976 жылы жүргізілген жүйелі де жоспарлы археологиялық жұмыстар Қазақстанның оңтүстік аймақтарынан да қола дәуірінің ескерткіштерін табуға септігін тигізген болатын. Мұнда Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясының бағыттық-іздестіру (обалық) отряды Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында далалық жұмыстар жүргізеді де, аудан жерінен бірнеше археологиялық кешендер табады. Отряд Бесарық өзені жағасындағы қола дәуіріне жататын Күйікті қорымынан бірнеше тік бұрышты қоршауларды қазады. Зираттағы көлемі әрқилы алты секциядан тұратын қоршаудан Таутары кешенінің материалдарына ұқсас сан алуан заттар алынады. Зерттеушілер (Ә.К.Ақышев) Күйікті зиратын андронов мәдениетінің кейінгі кезеңіне жатқызады да, онда жерленген тайпа өкілдері Орталық Қазақстан тайпаларымен мәдени байланыс орнатқан деп жорамал жасайды. Оны ең алдымен қыш ыдыстары, қабір құрылыстары айқындап берген еді.
Жалпы алғанда, Оңтүстік Қазақстаннан 1970-1990 жылдар аралығында табылған қола дәуірі ескерткіштерінің зерттелу тарихы А.А. Рүстемовтың «К вопросу изучения эпохи бронзы Южного Казахстана» мақаласында бір жүйеге түсірілген. Онда автор республиканың оңтүстігінде зерттеулер жүргізген ғалымдардың (А.Г. Максимова, Ә.К. Ақышев, т.б.) жұмыстарын қорытындылай келе 1980 жылдары ашылған бірқатар ескерткіштердің материалдарын ғылыми сараптамадан өткізеді. Автор ең алдымен қола дәуірі ескерткіштері шоғырланған аудандар қатарына Арыс, Келес өзендері алабын, Қаржантау, Қазығұрт, Боралдай тауларын қосады. Ол әсіресе қазіргі Бәйдебек ауданындағы (бұрынғы Алғабас – авт.) Жамбыл ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 20 км жерде орналасқан Ақтөбе атты қорым обаларына ерекше көңіл бөлген. Мұнда №43 обаны қазған кезде тас плиталы қабірден (100х60 см, тереңдігі 70 см) түбі жалпақ андроновтық типтегі өрнексіз құмыра сынықтары шыққан. А.А. Рүстемов мұндай құмыралар Таутары ыдыстарына ұқсас дейді де, ескерткішті жас баланың бейіті болған деген пікірге келіп, хронологиялық мерзімін б.з.б. ХІ-ІХ ғасырлармен белгілейді.
1982 жылы Шымкент педагогикалық институты жабдықтаған археологиялық экспедицияның іздестіру отряды қазіргі Ордабасы ауданындағы Бөген су қоймасы (оған құятын Бөген өзенінің сол жақ жағасындағы су шайған жалдан) аймағынан андроновтық типтегі өрнегі әлсіз байқалатын екі құмыра (бірінің биіктігі 20 см, дене тұрқы 20 см, ернеуінің дм 18 см, түбінің дм 11 см; екіншісі одан кішілеу) аршып алады. Бұл қыш ыдыстарды мамандар Орталық Қазақстандағы беғазы-дәндібай мәдениетіне жақын және б.з.б. ХІ-ІХ ғасырларға жатады деп есептейді.
2000 жылы сәуір айында Түркістан археологиялық экспедициясы (жетекшісі Е.А.Смағұлов) Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 5 км жерден қола дәуірінің Шербай қорымын тапты. Қорымның аумағы 1800 шаршы м, одан әр дәуірге жататын 20-дан астам жерлеу құрылыстары анықталған. Олар үш топқа (Шербай-1-3) бөлінеді. Қазба кезінде ерте темір дәуірінің бастапқы кезіне жататын 1 қабір (ерте сақ заманы, Шербай-1, №7-қабір), одан кейінгі уақытқа жататын 2 мола (қауыншы мәдениетіне тән; Шербай-1, №4, 13 қабір) аршылған. Қола дәуірінің ескерткіштерінен (Шербай-1, №1-3 қабірлер; Шербай-3, №1 қабір) андроновтық мәдени-тарихи қауымдастыққа тән мал өсірушілердің материалдары алынған. Қабір шұңқырларынан (беті ағашпен жабылса керек, үсті топырақпен үйілуі де мүмкін) 1-5 дана қыш ыдыстар, кремацияланған адам сүйектері (Шербай-1, №11 моладан ғана басы батысқа қаратылған, аяқ-қолы бүгіліп, сол жағымен жерленген мәйіт қалдықтары шыққан), металл бұйымдар алынған. Металл бұйымдар арасында қоладан, күмістен жасалған білезік, кеудеге тағылатын тоғалар, моншақтар да кездеседі. Зираттағы қола дәуіріне жататын ескерткіштер материалдары Оңтүстік Қазақстандағы Таутары қорымына өте ұқсас екендігі анықталған. Археологтар Шербай қорымын андронов мәдени-тарихи қауымдастығына енетін федоров мәдениетіне жатқызады. Мұны С14 әдісімен қабірлерден алынған б.з.б. ХҮІ-ХІҮ ғасырлар деп көрсеткен мерзім де нақтылай түседі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   138




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет