Қазақстан археологиясы



бет75/138
Дата02.10.2024
өлшемі0,76 Mb.
#146547
1   ...   71   72   73   74   75   76   77   78   ...   138
Байланысты:
атбасар (копия) (копия)

Лебедевка-3 қорымын қазған кезде обаның барлық орталық бөлігінен күл қабаттарының қалдықтары анықталған. Күл қабаты ортада орналасқан және диаметрі 30 м-дей болған ағаш конструкцияның қалдығы болып табылады.
Обаның орта тұсында қазіргі жер беті деңгейінен тік бұрышты, ауданы 6,4х7,6 м, ұзын белдеуі бойынша батыстан шығысқа қарай бағытталған қабір шұңқыры табылған. Шұңқырдың жоғарғы қабатынан тастан жасалған алтарь сынығы аршып алынған. Тереңнен екі қабір қалдығы аршылған.
№1 қабір моланың орталық бөлігінде орналасқан. Ондағы мүрденің оң қолынан батысқа қарай қола жебе ұштары, білегінен оңға қарай темір умбон мен қола жапсырма жатқан. Аталмыш қаңқадан шығысқа қарай, шұңқыр қабырғасының жанынан ішіне екі темір шпенька орналасқан қасқыр тұмсығы сияқты сүйек бұйым табылған.
№2 қабір моланың батыс жағында жатқан ересек адамның қаңқа сүйектерінің шоғыры іспеттес. Сүйектердің айналасында қола жебе ұштары шашылып жатқан. Олардың басым бөлігі қалдық сүйектердің оңтүстік-шығыс жағына шоғырланған. Бұлардан оңтүстікке қарай 40 см жерден шағын темір пышақ табылған.
Топтағы ең ірі әрі басқаларына қарағанда жақсы сақталған №6 оба болып табылады.
Обаның өлшемдері: диаметрі – 30 м, биіктігі – 2,25 м; обалар тізбегінде орталық бөлікте орналасқан. Жерлеу қабірі топырақтан тұрғызылған сағана ретінде қалпына келтіріледі, ол сыртқы және ішкі екі бөлмеден (қабырғалары шикі кірпішпен өрілген) тұрады. Сағана мөлшері – тұрпаты бойынша шаршы түрінде, - 22х24 м. Сағананың ішкі бөлігі 17х17 м және толығымен қылқан жапырақты және ақ қайың ағаштардың қабығымен жабылған, үстіне бұталар мен ағаш қабықтары төселген. Төсеніш ортасынан, қабық астынан обаның орталық бөлігіндегі қабір шұңқырын жауып тұрған ақ қайың бөренелері аршылған. Сағаны тік бұрышты жал қоршап тұрған. Қабырғаның қирандысына қарағанда, жал негіздеме ретінде пайдаланылған, оның үстіне ірі балшық блоктары қаланған, олардың араларына жұқа сары топырақ лай төселіп отырған. Жалдың ені 1 м-ден 4 м-ге дейінгі аралықта.
Өлшемі 4,2х4,6 м, тереңдігі 3,8 м моланың түбі тік бұрышты тұрпатта, оған киіз төселген сияқты. Шұңқырдың ортасынан басы батысқа қаратылып, шалқасынан жатқызылған, сақталуы нашар қаңқа шыққан, ол әйел адамның қаңқасы секілді. Қолдары денесін бойлай жайғастырылған. Қаңқаның үсті бұтақты жабындымен жабылған.
Қабірде бай құрал-саймандар болған. Бас сүйегінің артқы жағынан бай бас киім қалдықтары шыққан, мұнда конус тұрпатты алтын тоғалардың шоғыры анықталған. Олардың арасында сыртқы жағында екі ілгегі бар бұғының басы түріндегі пластинкалар, сонымен қатар түсі әртүрлі және де тұрпаты әркелкі моншақтар да болды. Қайтыс болған бұл әйел адамның жанынан көптеген әшекейлер табылды: мойын тұсынан шыны моншақтардан жасалған алқа мен дөңгелек тұрпаттағы алтын тоғалар; кеудесінен алмұрт тәрізді пішіндегі 9 алтын моншақтан тұратын алқа; самай тұсынан жіпті ілгектен, ұзындығы 20 см шамасындағы «бұрым тәрізді» шынжырдан, аяқталар тұсында сақинасы бар, оған ұзындығы 13 см екі шынжыр бекітілген, оларға 24 шарик жапсырылған екі алтын салпыншақ-алқа шыққан. Шынжырдың аяқ жағына жарты сфера түріндегі диаметрі 1,8 см тоға жапсырылған, оған геометриялық өрнектер түсірілген. Астыңғы жағынан сфераға ромб пішінді ұзындығы 2,2 см 5 алқа тағылған, олардың ұшына үш дән жабыстырылған. Көйлек етегі мен аяқ киімге моншақтар тағылса керек.
Қаңқадан солға қарай сапты қола айна жатқан, ол үш қола бекітпе арқылы жалпақ дискке бекітілген. Сабының ұшына қабан мен самұрық бейнесі түсірілген, оның дискіге жалғасқан жеріне самұрықтың басы салынған. Бас сүйектен оңға қарай қара-көк түсті шыныдан жасалған ыдыс жатқан. Оның тұрқы бірін-бірі алмастырған ақ және қоңыр түсті ирек сызықтар өрнегімен әшекейленген. Тағы бір шыны ыдыс жамбас сүйегінің сол жағынан табылған. Оның жанында меруерттей құлпырған жарқыл заттары бар қара түсті бояу шашылып жатты. Осы жерден қызыл түсті бояу толтырылған қабыршақ табылды, оның қасынан ашық қоңыр түсті сопақша малта тас алынған. Аяқ жағынан биконус тұрпатындағы қыштан жасалған ғұрыптық ыдыс аршылған.
Қаңқадан оңға қарай, кеуде тұстағы омыртқаларға қарама-қарсы жақтан қайрақ тас алынған. Қайрақ тастың қасында саз балшықтан жасалған биконус тұрпаттағы ұршықбас жатты.
Қазба жүргізілген екінші нысан Қырық-Оба-2 обалар тобы болды.
Қырық-Оба-2 тобы батыстан шығысқа қарай тізбектеле 5 км-ге созылған жиырма алты обалардан тұрады.
Қазылған №16 обаның диаметрі 29 м, биіктігі – 1,2 м. Қазба нәтижесінде күрделі архитектуралық конструкция анықталды. Периметрі бойынша жерленген қабатқа балшықтан диаметрі 38 м, ені 4 м-дей және биіктігі 0,5 м сақина жал тұрғызылған. Оңтүстік бөлігінде қабір шұңқырына өтетін ұзындығы 7,4 м, ені 5,3 м орын болды. Ұзын қабырғалары бойынша мола солтүстіктен оңтүстікке қарай бағытталды. Молаға кіретін жер (дромос) обаның оңтүстік табанынан басталған. Оның ұзындығы 14 м, ені 1 м, тереңдігі 1,5-1,8 м шамасында.
Мола үстіне шаршы түріндегі мөлшері 11х11 м сағана тұрғызылған. Қабырғасы 4 кірпішпен қаланған. Олардың қирандылары 0,9 м биіктікте сақталған. Қабырғаның ені 1 м-ді құрады. Өртеу нәтижесінде сағананың үлкен бөлігі қабір шұңқырына құлаған. Кірпіш қаландысының өртеліп үлгермей обаның сыртқы жағындағы балшық жалға қарай құлаған. Сағана ішіндегі кеңістік қамыспен толтырылған.
Молаға кіретін есік маңындағы жерде жылқылар өлтірілсе керек, бұл маңайданүлкен қола сақина табылған, ал жылқы қаңқасына қарама-қарсы жатқан дромос түбінен шеті самұрық басы түріндегі қола сулық шыққан. Жылқының аяқтары бүгілген, басы солтүстікке қаратылған.
Мола ежелгі замандарда-ақ тоналған. Оның түбінен шашылған қаңқа сүйектерінің бөліктері мен құрал-саймандар кездескен: темір пышақ, жапсырылған ыдыс, алтынмен және күміспен құрсауланған ағаштан жасалған ғұрыптық ыдыстар, т.б.
Жоғарыда сипатталған қабірлердің барлығы б.з.б. VІ ғасыр соңы мен б.з.б. V ғасырдың орта тұсына жатады. Жебе ұштарының кейбірі б.з.б. VІІ-VІ ғасырлармен мерзімделінеді. Алайда қорамсақтарда б.з.б. V ғасырға тән үш қалақты қола жебе ұштары басым. Қайрақ секілді ұштығы мен көбелек тәрізді айқыштамалы (балдақты) темір семсерлер, түбі жалпақ ыдыстар Орал маңындағы далалы аймақтарда б.з.б. VІ ғасырда пайда болып, б.з.б. V ғасырда кеңінен таралады. Көрсетілген уақытқа аң стилінде жасалған жылқы жүгендерінің жекелеген бөліктері де тән. Қырық-Оба-2, Лебедевка-2 қорымдарынан кездескен қалған материалдар (шыны моншақтар, алтын алқа мен тағылатын тоғалар) да жоғарыда аталған мерзіммен сәйкес келеді.
Батыс Қазақстанның тарихи савроматтармен байланыстырылатын ең жарқын әрі айқын археологиялық кешендері Елек өзенінің орта ағысы аңғарында шоғырланған. Електегі обалардың басым көпшілігі осы мәдениеттің гүлдену кезеңіне - б.з.б. VI-V ғасырлардың аяғына жатады.
Сынтас қорымындағы №1 обадан ежелгі замандардағы жер бетіне бөренелерден орнатылған шатыр конструкциясының астынан үш қаңқа шыққан, олардың басы батысқа қаратылған. Қайтыс болған адамдар жанына қойылған құрал-саймандар – қару-жарақтан (қола жебе ұштары, темір қанжарлар мен қорамсақ ілгектері), аттың жүген-әбзелдерінен (темір сулықтар, қола айылбастар, т.б.) тұрмыстық заттардан (қыш ыдыстар, темір пышақ, т.б.) тұрады. Әсіресе Сынтастан табылған сүйек қасықтарға баға жетпейді. Мұндағы қасықтарға басы арт жағына қайырылған қасқыр мүсіні, қарақұйрық басы, тау текелердің мүсіні мен жыртқыш аңдардың бастары асқан шеберлікпен бедерленген. Бұл заттар көне замандарда Қазақстанның байырғы халқы жарқын мәдениет туындыларын қалдырғандығын білдіреді.
Нагорный қорымында көп адам жерленген дромостық қабірлер тобы ерекше көрінеді. Көлемі 200-250 шаршы метрге дейін жететін орасан зор үлкен ағаш құрылыстардың астында кейде ор қазып нобайланған, 10-15 өлікті орналастыруға жететіндей көлемдегі төрт бұрышты құрылыстар бар, еліктер мазарға бөренеден жасалған арнаулы дәліз арқылы біртіндеп енгізілген. № 2-обаға он екі елік жерленген, олардың 11-і - жауынгерлер де, біреуі – жасөспірім қыз, оларға арнаулы табыну құрылысын жапқан бөренелерге салынған 12 аттың бас сүйегі мен терісі сәйкес келеді.
Елек тобы ескерткіштерінің негізгі ерекшеліктері мыналар: ағаш құрылымдар пайызының көп болуы, олар кейде әдейі өртелген; жерлеу құрылыстарының әр алуан үлгіде болуы (тікбұрышты, дөңгелек және сопақ шұңқырлар, дромостық молалар, жер бетіне жерлеу және т. б.), көп адам жерлеудің (соның ішінде - көп қабатты) көптеп кездесуі, басын оңтүстікке қаратып жерленгендер пайызының жоғары болуы.
Тұрмыс заттары арасында құрал-саймандардың ең көп кездесетіндері жапсырып істелген, жайпақ түпті ыдыстар болып табылады. Әдетте кішкене немесе керісінше, көрінеу ұзартылған, жүзі шағын темір пышақтар кездеседі. Қару-жарақтар үстіңгі жағы жалпақ және көбелек тәрізді, кейде алқымы дөңес темір семсерлер мен қанжарлардан тұрады. Б.з.б. V ғасырдан бастап Електе жүзі доға тәрізді және алқымы күрт кесілген сияқты семсерлер таралғандығы мәлім. Жебелердің екі қырлы (ертеректегі жиынтықтар) және үш қырлы ұңғылы қола ұштарынан тұратын қорамсақ кешендері ерекше көп және типологиялық жағынан алуан түрлі; олардың арасынан сапты ұштылары да жиі кездеседі. Қорғаныш жарақтарының қалдықтары өте сирек. Ат жүгендері тура немесе «S» тәрізді сулықтары бар темір ауыздықтар, қола айылбастар және түрі мен мақсаты әр алуан тоғалардан тұрады. Заттардың көбісін өрнектегенде аң стилі жиі қолданылған.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   71   72   73   74   75   76   77   78   ...   138




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет