Қазақстан археологиясы


Суслов мәдениеті (б.з.б. І ғасыр – б.з. І ғасыры)



бет77/138
Дата02.10.2024
өлшемі0,76 Mb.
#146547
1   ...   73   74   75   76   77   78   79   80   ...   138
Байланысты:
атбасар (копия) (копия)

Суслов мәдениеті (б.з.б. І ғасыр – б.з. І ғасыры). Аталмыш мәдениет Шығыс Еуропа аумағындағы далаларды алып жатты. Мәдениеттің негізгі ескерткіштері молалар болды. Ортаңғы сармат уақытындағы молалар б.з.б. І ғасыр мен б.з. І-ғасыры аралығын қамтиды. Бұл ең мардымсыз зерттелген кезең болып табылады.
Суслов мәдениетінің шығу тегі ғылымда аз қарастырылмағанымен, әлі толыққанды шешімін таба қойған жоқ. Бірқатар авторлар (Б.Н.Граков, т.б.) оны автохтондық мәдениет деген пікір айтады. Кейбір зерттеушілер (М.Г.Мошкова) оның өзегі сыртқы Дон бойында қалыптасты десе, басқалары (А.С.Скрипкин, И.В.Сергацков) бұл мәдениеттің қайнар-бастаулары Орта Азия мен онымен іргелес аймақтар болған (аландар ықпалы) деп есептейді. Қалай болғанда да, суслов мәдениеті алдыңғы (прохоров) және кейінгі (шипов) мәдениеттер сияқты көп құрауышты болғандығы анық.
Осы уақытқа жататын обалардың материалдары аталған тайпалардың мәдениеті одан ары дамығандығын дәлелдейді. Әдетте көшпенділер өз туыстарын диаметрі 8-20 м, биіктігі 0,2-1,0 м обаларға жерледі. Обалардан кейде от қалдықтары да байқалады. Ұзын тікбұрышты пішінді мола шұңқырлары кеңінен таралды. Мола шұңқыры мен мүрделердің бұл кездегі оңтүстік бағыты сақталынды, ол аздап оңтүстік-шығысқа және оңтүстік-батысқа ауытқыды да.
Қабір құрылыстарының негізгі түрі тар, тікбұрышты, бұрыштары сопақ күйінде дөңгеленген мола шұңқырлары болды, олар кейде батыс қабырғасынан үңгіп те қазылды. Шұңқыр беті бөренемен, сырықпен жабылды, үстіне бұтақтар төселді.
Тар да, үңгіп қазылған молалардың бағыты оңтүстік, оңтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс болды. Бұл кезеңдегі Орал маңындағы далалы аймақтарда тіршілік еткен ежелгі тайпалардың тарихи дамуында жаңа қарқын (серпін) пайда болады, мұны б.з.б. І ғасыр мен б.з. І ғасыры аралығында жаңадан пайда болған қабір құрылыстары да айғақтайды, ендігі жерде бұрынғы ерте кезеңдерде белгісіз болған диагональ қабірлер қазылды. Жасалынған шаршы түріндегі мола шұңқырлардың ауданы аса үлкен емес, ол 1,8х2 м шамасында болды; әрбір шеті әлем тараптарына бағытталды, ал олардағы мүрде міндетті түрде шаршыға диагональ күйінде қойылды. Мүрде ағаш қабығынан, қамыстан жасалынған төсеніш үстіне жайғастырылды. Кейде қабірдің түбіне тақтайшалардан немесе бір қатар бөренелерден табыт секілді қондырма жасалды (Барбастау-1 қорымы, №2 оба; Барбастау-3, №4-5 обалар). Шаршы шұңқырдың кейде ағаш жабындысы болды немесе ол белгісіз бір ағаш конструкциясынан тұрды. Қабір шұңқыры көп жағдайда әлем тараптарына, ал мүрденің басы оңтүстік-батысқа немесе оңтүстік-шығысқа бағытталды. Мүрдесі диагональ қойылған шұңқырлар да кездеседі. Шұңқыр бұрыштары әлем тарапына бағытталған кезде, мүрденің басы оңтүстікке қаратылды, кейде аяқ-қолдары бүгілді. Мүрденің жанына қойылған қабір құрал-саймандары көп әрі сан алуан: міндетті түрде қару-жарақ, түбі қалың әрі иық тұсы ирек сызықтармен өрнектелген шар пішінді ыдыстар кездесіп отыырады.
Бұл кезеңдегі жерлеу құрылысының жаңа түрі катакомба болды.
Балалардың қабірінен ыдыс, моншақ, әшекейлер, кейде асықтар алынады. Ер адамдардың жанына қару-жарақ қойылады: семсер, қанжар және жебе ұштары. Бұл кезеңде қойылатын негізгі қару түрі ұштығы дөңгелек және айқыштамасы тік семсерлер болған еді, олардың әдетте ұзындығы 50-60 см-ден асқан жоқ. Прохоров мәдениетінде кеңінен таралған ұзындығы 70 см-ден асатын семсерлер бұл өңірден табылған семсерлер мен қанжарлардың тек 5% -ын ғана құрайды. Семсерлер мен қанжарлардың сабы әдетте қызыл түспен боялған ағашпен қапталды. Темір жебе ұштары үш қалақты, бұлар б.з.б. І-ғасырға қарай ұңғылы қола жебелерді ығыстырып шығара бастайды. Біздің заманымыздың шебіндегі молалардан алынатын әдеттегі олжалар қоладан, темірден, тіпті кейде күмістен және алтыннан дайындалған айылбастар болған еді. Олар белдікті, жүгенді қаусырып тұрды, белбеуге тағылған қанжарды, пышақты, қайрақ тастарды және тағы басқа заттарды ұстап тұруға арналған бөліктерді қапсырып тұрды. Әдетте айылбастар дөңгелек және сегіз саны секілді болып дайындалды. Әйел адамдардың қабірінен алынған құрал-саймандар сан алуан. Әшекейлерден шыны және тас моншақтар, сырғалар, алқалар, металдан және ірі моншақтардан дайындалған білезіктер (сирек ұшырасады), сақиналар мен сәндік заттар – айна, сүйек қасық кездеседі. Әйел адамдардың қабірінен саздан жасалған түтіндеткіштер де ұшырасады. Үлкен түтіндеткіштерден иіс шығаратын заттар мол салынғандықтан оттың іздері анық байқалады. Бір молада үлкен және кішкентай түтіндеткіштердің кездесу тек суслов мәдениетіне тән деуге болады.
Ендігі кезекте б.з.б. І ғасыры мен б.з. І ғасыры аралығындағы уақытпен мерзімделінген нақты ескерткіштерге тоқталып кетелік.
Барбастау-1 қорымы, №2 оба үйіндісінің диаметрі 16 м, биіктігі 0,55 м. Үйіндіден 0,3 м тереңдіктен басы оңтүстік-батысқа бағытталған жас бала қабірі үңгіп түсірілген. Қаңқаның аяқ жағында қой сүйектері, бас сүйегінің қасынан жанышталған сармат типіндегі мойыны қысқа, ернеуі қайырылған алмұрт тәрізді пішіндегі құмыра бөлшектері алынған. Обаны аршығаннан кейін оның орталық бөлігінен әлем тараптарына бағытталған шаршы түріндегі ауданы 1,4х1,4 м мола шұңқыры анықталынады. Шұңқыр ағаш тақтай жабындысымен бекітілген. Оңтүстік, батыс және шығыс қабырғалары негіздемесі бойынша биіктігі 0,18 м ағаш тақтаймен, ал солтүстік қабырғасы ағаш қабығымен қапталған. Шұңқыр диагоналы бойынша 1,2 м тереңдіктегі қамыс төсеніштен әйел адамның қаңқасы аршылған, оның басы оңтүстік-батысқа бағытталған, денесі арқасымен қойылған (шалқасынан жатқан), қол сүйектері денесін бойлай орналасқан. Шұңқырдың солтүстік-шығыс бұрышында банка тұрпатты қыш ыдыс тұрған. Оң қолының білек сүйектерінен шыны массадан дайындалған линза пішінді моншақтар табылған. Оң қол саусақтарының қасынан жанышталған түбі жалпақ, қалың қыш ыдыс бөліктері анықталған. Қасынан шіріп кеткен ағаш үстелше (ұзындығы 18 см, шеті қаусарылған) қалдықтары аршып алынған. Үстелшенің аяқтары өте қысқа – 1,5 см, диаметрі 3 см-ге жуық. Сол қолының саусақтары маңынан биіктігі 3,5 см алебастр ұршықбас шыққан. Шұңқырдың солтүстік-батыс бұрышынан қой сүйектері мен ағаш сапты темір пышақ бөлігі алынған. Пышақ жүзінің ұзындығы – 5,5 см. Қасынан ұзындығы 14 см сүйек қасық табылған.
Солтүстік-батыс бұрыштан дөңгелек (доңғалақ) қалдықтары – күпшек (ступица), кегей немесе сым шабақ (спица), шеңбер шыққан.
Бұл кезеңнің маңызды ерекшелігі Батыс Қазақстан тайпаларының Солтүстік Қара теңіз маңындағы тайпалармен байланысының күшеюі болып табылады. Мұны қола түйреуіш пен керамика, миниатюралы амфора, алебастр ыдыс, сәндік құралдардың сан алуан түрлері де айғақтайды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   73   74   75   76   77   78   79   80   ...   138




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет