Қазақстан археологиясы


Солтүстік Қазақстандағы тұрақтар мен жерлеу орындары



бет19/138
Дата02.10.2024
өлшемі0,76 Mb.
#146547
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   138
Байланысты:
атбасар (копия) (копия)

Солтүстік Қазақстандағы тұрақтар мен жерлеу орындары. Солтүстік Қазақстанның көптеген тұрақтарының ішіндегі ең назар аударатындары Ертістің Павлодар өңіріндегі көлдік типтегі тұрақтар.
Табылған заттардың ең ертедегі кешені Пеньки-1 тұрағынан шықты. Мұнда пышақ тәрізді тас тіліктері көп, олардан әр қилы қырғыштар, бұрғылар, жонғыштар, құрама құралдардың қыстырмалары, пышақтар, жебелердің ұштары жасалатын болған. Жебе ұштары­ның негізгі түрлері: үш бұрышты, сағасында ойығы бар немесе ойығы жоқ, көлемі кішкене, ішінара немесе екі жағынан түзетіліп өңделген. Қыстырмалардың ішінде геометриялық түрдегі, трапеция бітімді бұйымдар ерекше көзге түседі. Ондай трапециялар Батыс және Оңтүстік Қазақстанның, Оңтүстік-батыс Қарақұмның түрақтарында табылған. Әдетте мұндай заттар мезолиттік немесе ерте неолиттік кешендерге тән.
Тұрақтағы қыш ыдыстардың бүйірі тікше, түбі дөңгелек немесе сүйірболып келген. Олар құм қосылған саз балшықтан жасалған. Ыдыстардың бүкіл сыртына айқын өрнектер салынған; оларда аралары шұңқырша ойықтармен бөлінген кезектесіп келген тура сызықтар, бұраң немесе ирек сызықтар басым болып келеді. Пеньки-1 тұрағының ыдысы Орталық және Батыс Қазақстанның ыдысынан мүлдем өзгеше, бірақ Орал және Батыс Сібір ес­керткіштерінің, бәрінен бұрын Есіл мен Орта Ертіс аңғарларынан шыққан ескерткіштердің қыш ыдыстарына жақын. Материалдарды салыстыра талдау Солтүстік Қазақстандағы неолиттік кешендердің мынадай маңызды ерекшелігін айқындауға мүмкіндік берді: егер шақпақ сайман оңтүстік аудандардың материалдарына ұқсас болса, балшық ыдыстың бітімі мен өрнегі Батыс Сібір ескерткіштеріндегі ыдыспен бірдей екендігін аңғартады.
Пеньки-1 тұрағында жердің үстіндегі тік бұрышты баспаналар ашылды. Сірә, үйдің қамыспен жабылған ағаш қаңқасы болса керек. Үйлер қоныс-мекеннің шетіне айнала орналасқан; ортада бір қатар болып тізілген ашық жер ошақтары бар алаң болған. Оларда жазғы уақытта тамақ дайындалған. Үйдің ішін­де үш жер ошақ болды (бірі ортада, басқа екеуі екі жақта); мұның өзі үйде екі отбасы тұрған деп топшылауға мүмкіндік бе­реді.
Қазақстан аумағында әзірге бірнеше неолиттік жерлеу орны ашылды, олар негізінен Солтүстік Қазақстанда. Жер бетінде жерлеу орнының ешқандай сыртқы белгісі жок. Барлық молалар­дан сүйектермен бірге жебелердің ұштары шықты; мұның өзі біздің арғы бабаларымыздың аң аулау кәсібімен одан әрі шұғылданғанын ғана емес, сонымен қатар олардын жиі-жиі соғыс жанжалына қатысқанын да көрсетеді. Молаларда қыш ыдыстар өте аз, ал кейбіреулерінде мүлде жоқ.
Неолит дәуіріндегі жерлеу ғұрпы туралы Железинка ауылы (Пеньки тұрағынан 100 км жерде) жанындағы молаға қарап неғүрлым толық пікірге келуге болады. Мола, сірә, рулық ұйымдағы ерекше дәрежеге ие болған әйелдікі болса керек. Сәндік заттардың, еңбек құралдарының көптігі, оның үсітіне жерлеудің күнге табынуға байланысты ерекше ғүрпы осы­ны көрсетеді. Ондай әдет бойынша өлік кремацияланатын болған. Бұл жолы өлік толық өртелмеген; бұдан кейін денесінің қалдығы өлген адамның заттарымен бірге молаға көмілген; ол заттардың ішінде бас киімге тағылған, шеті ұсақ кертпешелермен сәнделген, орақ тәрізді сүйек қаптырма, жыртқыш аңдардың тістері, қауашақтан жасалған ірі моншақтар тізілген алқа бар. Мейлінше сәнделген киіммен бірге молаға еңбек құралдары (шот, сүйек біз), аңшылық құралдары (найзалардың, жебелердің тастан және сүйектен жасалған ұштары) және саз балшықтан жасалған, құты тәріздес, түбі домалақ, кішкене үш ыдыс салы­ныпты. Сол жерден құланның екі топайы табылды; бұлар қызыл жосамен боялған, бұл түс, ежелгі адамдардың ұғымынша, өртеу, отқа табыну рәсімін білдірген.
Академик Ә.Х.Марғұлан Жезқазған маңынан бірнеше неолиттік молаларды қазып, қызықты материалдар алған. Бұл жердегі Шом тауларынан қазылған аса терең емес қабірлерден еңбек құралдары, кентастар шыққан.
Қазақстанда мезолит пен неолит дәуірі кейбір өңірлерде жеткілікті дәрежеде зерттелмегеніне қарамастан, өзіне тән көптеген белгілері қазірдің өзінде-ақ мәлім. Ол дәуір дала аңшыларының мәдениеті дамыған уақыт еді; бұл аңшылар көшіп-қонып жүрді және қолайлы таби­ғат жағдайында өзендер мен көлдердің жағасында балық аулаумен де шұғылданды.
Аңшылар мен балықшылар дүниесі шеңберінде болған тығыз мәдени-шаруашылық байланыстар археологиялық материалдар­дан айқын көрінеді. Мұндай байланыстарды Орта Азияның солтүстік аймақтарын мекендеген келтеминар мәдениетінің немесе келтеминар мәдени қауымдастығының тайпалары жөнінде неғұрлым анық аңғаруға болады. Ол байланыстар бәрінен де гөрі Оңтүстік Қазақстанның және әсіресе Батыс Қазақстанның тайпаларында анық көрінді. Ежелгі байланыстар тізбегі сонау алыс солтүстік пен солтүстік-батыстағы Орал өңірі мен Батыс Сібірге жетіп жатыр. Солтүстік және Шығыс Қазақстан тайпаларының мәдениеті Орта Азия халқының мәдениетіне ұқсас белгілерін аңғарта отырып, сонымен бірге жаңа тас дәуіріндегі Алтай мен Байкал өңірі тайпаларына неғұрлым жақын болды. Сонымен, Қазақстанның неолиттік тайпалары мәдени дәстүрлерінің ерекшелігі мен өзгешелігін сақтай отырып, көршілес аймақтар мен аудандардың тайпаларымен тығыз байланыста дамыды.
Қазақстан жерінде неолит заманында бірнеше археологиялық мәдениеттер болғандығын соңғы жылдары атқарылған далалық ізденістер нақты көрсетіп отыр. Археологиялық мәдениеттер туралы (хронологиясы, аумағы, жеке белгілері, ерекшеліктері, ескерткіштерінің жай-күйі, т.б.) ғалымдар арасында пікір-таластар тоқтай қоймағанымен, біз жекелеген кейбір мәдениеттерге қысқаша шолу кеткенді жөн санадық.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   138




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет