Қазақстан археологиясы



бет30/138
Дата02.10.2024
өлшемі0,76 Mb.
#146547
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   138
Байланысты:
атбасар (копия) (копия)

Петров мәдениеті. Бұл мәдениеттің бекіністі қоныстары мен обалы қорымдары Оңтүстік Оралдан, Оңтүстік-Батыс Сібірден, сондай-ақ Батыс, Солтүстік және Орталық Қазақстаннан көптеп табылған. Қазақстан аумағынан ұшырасқан қоныстар мен қорымдар б.з.б. ХVІІІ-ХVІ ғасырларға жатады.
Қоныстар. Өңірде Амангелді-1, Кеңөткел-5, Семиозерное-2 секілді 3 бір мәдени қабатты қоныстар, Новоникольское-1, Петровка-2, Богоглюбово-1 сынды көп мәдени қабатты қоныстар толымды түрде зерттелінген.
Петров мәдениетіне жататын қоныстарға тән нәрсе – онда бекіністік (қорғаныстық) құрылыстардың болуы; әдетте қоныс айналасында тереңдігі 1,5-2,5 м-ге, ені 3,5 м-ге дейін жететін оры болды, оның ішкі және сыртқы бөлігі топырақ жалмен (үйіндімен) көтерілді. Ішкі жал негізгісі болды, ол кейде ағаш құрылыстарымен бекітіліп, күшейтілді. Жал мен ор периметрі бойынша қонысты қоршаған жүйені құрады, не болмаса қоныс орналасқан жердегі тік жарға, ойдымға жалғасты. Қоныс ауданы 5-9 мың шаршы метрге жетті. Қорғаныс құрылыстарымен кірер есікке немесе ордың тармақталып кеткен жерлеріне қарама-қарсы орналасқан шұңқырлар тікелей байланысты. Әдетте шұңқыр қабырғалары саз балшықпен мұқият сыланды. Шұңқырға малдың бас сүйегі мен қаңқасының үлкен бөліктері, қыш құмыралар, ғұрыптық оттар да салынды.
Қорғаныстық (бекіністік) құрылыс ішіндегі кенттерде баспаналар өте тығыз орналасқан еді. Баспаналар көбіне 1-2 қатар болып жапсарластырыла орналастырылды, сондай-ақ бос телімдер мен алаңқайлар да кездеседі. Баспаналардың дені жер бетіне салынған тік бұрышты тұрпаттағы қима ағашты, тамбур тәрізді есігі бар құрылыс еді.
Қола құюшылардың баспана-шеберханасы Семиозерное-2 (Қостанай облысы, Семиозерное ауылы) қонысынан анықталған. Бұл қоныс 5 баспана мен шаруашылық кешеннен тұрады. Жоспары бойынша баспана тік бұрышты, жер бетіне салынған, қима типінде, ұсақ қазаншұңқырлы. Кіретін есігі тамбур пішінді. Баспана көлденең қабырға арқылы екіге бөлінген. Ауданы үлкен бөлігінде шеберхана орналасқан, мұны қазба барысында табылған мыс кентастарын қорытатын пеш, шаруашылық шұқырлары, кентас пен күл қалдықтары нақты айғақтайды.
Баспананың кіші бөлігінде тұрмысқа арналған шаруашылық шұқырлары, 1-2 ошақ орны орналасқан.
Петров қоныстарындағы өзіндік деталь – баспаналардың едені астында балалар қабірінің болуы. Жерленгендердің бас жағынан сәбидің қаңқа қалдықтары мен қыш құмыра сынықтары табылған.
Солтүстік Қазақстан облысы Есіл бойындағы Петровка ауылы маңынан топырақпен тұрғызылған балалар қорымы зерттелген. Қорымнан ұзындығы 0,5 м-ден 1 м-ге шейін жететін, ені 0,4 м-ден 0,8 м-ге дейін баратын, тереңдігі 0,8-1,1 м болатын 32 қабір шұңқыры аршылған. Молалардан 1-3-ке дейін қыш құмыралар, кейде мал (қой, ешкі) сүйектері шыққан, біреуінен әшекейлер алынған.
Ерекше әлеуметтік топқа жататын жауынгер-еркектердің немесе арбалы-жауынгерлердің қабірлері Солтүстік Қазақстандағы Кеңес, Ұлубай, Берлік, Новоникольское қорымдарынан, Орталық Қазақстандағы Сатан қорымынан зерттелген.
Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданындағы Сатан қорымы 3 арбалы-жауынгерлердің оба асты қабірінен тұрады. Оба үйінділерінің диаметрі 8,6-13,3 м, биіктігі 0,6-1,15 м аралығында. Үйінді астынан ені 1,5-3,5 м, ені 0,35-0,85 м шамасындағы орлар және ордың ішкі жағынан айналдыра тігінен жерге қазылып қойылған тас плиталарынан тұратын сақина тәрізді қоршау шығады. Әрбір оба астындағы алаңқайда бір-бір шұңқырдан кездеседі. Батыстан шығысқа қарай бағытталған қабір шұңқырларының көлемі – 3,5-3,8х2-2,65 м, тереңдігі – 1,07-1,37 м аралығында. Оңтүстік-батыс сектордағы қоршаудың плиталары жанынан берілген асты нақты айғақтайтын мал сүйектері мен қыш ыдыстар қалдықтары кездесіп отырады. Қорымдағы №1 обаның батыс бөлігінен жартылай күйген арба қалдығы сақталып қалғандығы анықталған. №3 обада көлденеңінен қойылған кеспелтек пен тас плиталарымен жабылған, тұрқы жонылған қалың бөренелерден тұратын қима сақталған. Оған қойылған мүрденің тонаушылық кезінде қатты бүлінгендігі байқалады. Моладан қыш құмыралардың сынықтары, тік бұрышты пішінде келген 15 шақты сүйектен жасалған сулық (әбзел жиынтығы), қоладан жасалған көз секілді алқа, паста моншақтар, шақпақ тастан жасалған жебе ұшы табылған. Басқа қорымдардағы оңтүстік-шығыс бағытындағы қабір шұңқырларының көлемі 4,0х2,5 м-ге, тереңдігі 1,2-1,5 м-ге жетті. Мүрделер бір бүйірімен қойылды.
Мүрделермен бірге бай да сан алуан заттар қойылғандығын Челябинск облысының оңтүстігіндегі тоналмаған Синташта қорымының кейбір обалары да нақтылай түседі. Мұнда зерттелген 40 шақты бейіттерден металдан, сүйектен, тастан жасалған 200-ден астам бұйымдар (мыс балта, төлкесі жабылмаған найза ұшы, тас түйреуіш, жебе ұштары, қыш құмыралар, т.б.) табылған. Бұл қорымнан алынған заттарға ұқсас бұйымдар Солтүстік Қазақстаннан да көптеп табылғандығын айта кетуіміз керек.
Кейбір оба астындағы алаңқайдан немесе топырақ қабаты жанындағы қабір шұңқырының шетіндегі саз балшықтан жасалған «көпшікке» жылқы қаңқалары «шауып бара жатқандай ат» секілді етіп орналастырылған. Кейде бейітке жылқының бас сүйегі мен тұяқтары ғана қойылды.
Екі доңғалақты (дөңгелекті) соғыс арбасы немесе күйме қалдықтары да табылған. Арба доңғалағы қабірдің түбіне қойылғандықтан, оның шеңбері мен кегейінің (спица) іздерін нақты анықтауға мүмкіндік алынған, байқалған іздері бойынша доңғалақ диаметрі 1-1,2 м, күпшегінің (ступица) аралығы 1,2-1,4 м болғандығы анықталған. Мұндай күйме Сатан қорымындағы материалдар бойынша қалпына келтіріліп отыр. Онда жартылай өртелген доңғалақтың, платформаның (бәлкім бүйірі де) қалдықтары бізге жетіп отыр.
Доңғалақ шеңбері (обод) терімен қапталғандығы туралы қосымша мәліметтер алуға да мүмкіндік алынды, сірә бастапқыда шеңбер шикі терімен қапталды, ол кепкеннен кейін шеңберді қысып тұрды да, кәдуілгі шина секілді қызмет атқарды. Тері ішкі жағынан сүйек шегелермен бекітілді. Мұндай 4 шеге табылған. Ішкі жалпақшаның ортасынан айналдырыла кертпе ойықтар түсірілді де, оларға күпшектер ораластырылды. Кегей орнатылған және білік (ось) өткен бір күпшек те сақталып қалған. Күйме-арбаның платформасы ағаштан жасалған, көлемі 1,2х0,67-0,75 м.
Жерлеу кешендеріндегі орталық бейітке жапсарластырыла салынған балалар мен жасөспірімдердің қабірлері сопақша келген шағын шұңқырлардан тұрды.
Сатан қорымындағы молалардан қыш құмыралар көптеп табылған. Олар көлденеңінен түсірілген сызықтармен, бүйірі тең үшбұрыштармен, ирек сызықтармен, қолмен ойылған ойықтармен көмкерілген.
Петров мәдениетінің құмыралары Орал мен Ертіс аралығындағы далалы және орманды-далалы аймақтарда біркелкілігімен ерекшеленеді. Ыдыстар матаға оралған үлгіде немесе қалыпта (шаблонда) жасалды.
Бұл кезеңге егіншілік, мал шаруашылығы мен қола құю өнері тән. Құмырашылық, сүйекті өңдеу ісі, арба жасау дамыды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   138




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет