Қазақстан археологиясы



бет31/138
Дата02.10.2024
өлшемі0,76 Mb.
#146547
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   138
Байланысты:
атбасар (копия) (копия)

Алакөл мәдениеті. Бұл мәдениеттің ескерткіштері б.з.б. ХҮ-ХІІІ ғасырлармен мерзімделінеді. Алакөлдіктер мәдениеті петров тайпаларының мәдениетіне негізделген болатын.
Мейлінше кеңінен танымал қоныстары – Алексеевское, Перелески-2, Явленка-1, Петровка-1, Атасу-1. Алынған мәліметтер қоныстар ауданы 10 мың шаршы метрден аспағандығын көрсетеді. Қоныстар өзендер жағалауларында орналасты. Баспаналары жартылай жертөле тәрізді, олардың тікбұрышты пішіндегі қазаншұңқыры 0,6-1,3 м тереңдікке жетті, ауданы 100 м-ден 200 м-ге дейін аумақты алып жатты. Өзен жақтан жасалған есігі, әдетте, дәліз тәрізді, оның ұзындығы 1-5 м аралығында болды. Баспана екі бөлікке бөлінді. Оның еденінен сопақша шұңқыр түріндегі, тас қаландысы немесе саз балшықпен көтеріліп жасалған 1-ден 8-ге дейін ошақ орындары аршылады. Кейбір баспаналардан өнімдерді сақтауға арналған шеті шыбықтармен өрілген немесе саз балшықпен қабырғасы бекітілген шұңқыр-құдықтар аршылған. Күл-қоқыс, тағам қалдықтары, сүйектер салынған көлемі шағын шаруашылық шұңқырлары да кездеседі.
Баспаналар қабырғасы мен жабынының (шатыры) құрылысы каркасты-бағаналы болды. Бағаналар қабырғаны бойлай белгілі бір аралықта қазылып қойылды да, тігінен кеспелтектермен, бөренелермен немесе саз балшықпен сыланған шыбықтармен бекітілді. Орталық қатардағы бағаналар баспана шатырын екі жақты (двухскатная) болған деп топшылауға мүмкіндік береді. Жалпақ шатырлардың, тіпті пирамидалы-текпішекті жабынның болуы да мүмкін екендігін естен шығармаған жөн. Баспана шатырлары ағаш бұтақтарымен, бұталармен жабылып, күл араластырылған саз балшықпен сыланды. Қабырғасы мен жабынының құрылысына қолдағы (жергілікті) материалдар пайдаланылды. Егер орманды-далалы және ішінара далалы аймақтарда құрылыс материалы ретінде ағаш қолданылса, онда Орталық Қазақстан секілді далалы аймақтарда биіктігі бір жарым метрге дейін жететін тас плиталар қабырғаға пайдаланылып келді. Баспаналардың еденге жақын қабаттарынан және толтырылған қазаншұңқырдан құмыралар, қола пышақ-найзалар, бір немесе екі жүзді пышақтар, бігіздер, тас балталар мен кетпендер, құйма қалыптар, жебе ұштары, ұршықтың бастары, т.б. тұрмыстық-шаруашылық заттар көптеп аршылып алынған.
Алакөлдіктер қайтыс болған өз руластарын қоныс маңындағы биік төбелерге жерледі. Солтүстік Қазақстанда мұндай қорымдар қатарына Перелески, Алексеевский, Конезавод жатады.
Кейбір бейіттерден бір немесе екі қатарлы бөренелі қималар кездесетіндігі анықталған. Айталық, Перелески қорымындағы №2 обаның қирамаған бөлігінен екі қатарлы бөренелі қима мен көлденеңінен тығыз етіп қойылған ағаш сабақтарынан жасалған жабын қалдықтары аршылған.
Орталық Қазақстаннан обалық үйінділер сирек кездеседі. Мұнда сақина тәрізді келген, бүйіріне дейін жерге көмілген қоршау түріндегі тас плиталар жиірек кездеседі. Көптеген қоршаулар 1-ден 9-ға дейін қосалқы құрылыстардан тұрады. Диаметрі 12-18 м болатын оба үйінділерінің биіктігі 0,9 м-ге дейін жетеді. Айталық, Қарағанды облысындағы Майтан қорымынан 51 (негізгі қоршау) мен 62 қосалқы құрылыс зерттелген. Көптеген қоршауларда 1-ден 5-ке дейін ғұрыптық орындар ұшырасқан, қазба барысында олардан қыш ыдыстар, мал сүйектері (бас сүйек, құйымшақ, т.б.) табылған. Қайтыс болған адамдарды көбіне сол бүйіріне және де ішінара оң бүйіріне жатқызып, аяқ-қолын бүгіп, қолдарын бетке жақындата орналастырып жерледі. Мұндай поза ана жатырында жатқан баланы, яғни жер-ана жатырында жатуды еске түсіреді. Екі адамның қатар жерленуі де кездеседі: ер адам мен әйел адам, балалы әйел адам, кейде олардың беттері бір-біріне қаратылды.
Қабірге қыш құмыралар, әшекейлер, еңбек құралдары қойылды. Молаға 1-3, кейде 4-5 ыдыс қойылды, олар мүрденің бас жағына, көкірек тұсына таяу қойылды, аяқ жағына қойылған ыдыстар өте сирек ұшырасады.
Әйел адам киіміне тағылған әшекейлер, негізінен, қоладан, кейбіреулері пастадан, сүйектен дайындалды. Айталық, Қостанай жеріндегі Тобыл өзені өңіріндегі қорымдардан моншақтар, қапсырмалар, алтын қаңылтырмен қапталған білезіктер, шашбаулар, сақиналар, бір жарым есе қайырылған самай алқалары, т.б. көптеп табылған.
Әшекейлердің күнделікті өмірде де, о дүниелік өмірде де өзіндік мән-мағынасы болды, өйткені олар эстетикалық талғамды көрсетті, сонымен қатар таңбалық, діни-магиялық қызметтерді атқарды. Олар адамдардың өмірінде маңызды рөл атқарды, одан дүниетанымдық, соның ішінде циклдық идея мен адам өмірінің толассыз дамитындығы туралы таным-түсініктерді аңғаруға болады. Мысал ретінде бұған кеңірек тоқтап кететін болсақ, Солтүстік және Орталық Қазақстан жеріндегі 7 петровтық-алакөлдік қорымдардан алынған 13 шашбаулықтарды зерттеген археолог Э.Р.Усманова пікірінше, олар әйел адамның қоғамдағы статусын білдірген: кәмелетке толған қыз (бірінші типтегі шашбаулық), қалыңдық (екінші тип).
Әдейілеп әшекейлер мен шашбаулықтарды жерлеу кезінде бүлдіру ғұрпы өлген адаммен ара-қатынасты үзу ретінде, ал бұларды молаға қою әлеуметтік статусын сақтауға ұмтылуды білдіруі мүмкін.
Ер адамдар жерленген молалардан еңбек құралдары мен қару-жарақтар (екі жүзді қола пышақтар, жебе ұштары, қайрақтастар, сүйек сулықтар, т.б.) көптеп аршылып алынады.
Алакөл ескерткіштерінде мейлінше көптеп кездесетін археологиялық материал қыш ыдыстары болып табылады. Олардың өзіндік белгілері, сипаттары бар және де осы археологиялық дереккөзі арқылы алакөл мәдениетінің өзіндік ерекшеліктері нақты аңғарылады. Алакөл типіндегі ыдыстарда мойын тұсынан денесіне өтер тұста кертпеші болады, денесінің екі немесе үш бөлігіне (мойын, дене, түбі) ою-өрнектер (топтастырылған көлденең және ирек сызықтар, тік бұрышты үшбұрыштар, жеңілдеілген меандр) түсіріледі. Ою-өрнектер кеспе сызық арқылы, кейде тарақты штамппен түсірілді, сондай-ақ түрлі пішіндегі қолмен басылған ойықтар да кездеседі. Өрнекті қыш құмыралармен қатар банка пішіндегі ою-өрнекті немесе өрнегі жоқ ыдыстар да ұшырасады.
Ою-өрнектің ең көп таралған комбинациялық элементтері – тең бүйірлі штрихты үшбұрыштармен үйлескен горизонтальды сызықтар, үшбұрышты ойықтармен қатар орналасқан ирек сызықтар, меандрлы тең бүйірлі үшбұрыштар, көлденең сызықтармен немесе үшбұрышты келген ойықтармен үйлескен меандр, көлденең сызықтар мен ирек сызықтар қатары.
Алакөл мәдениеті андронов қоғамының тұрақты түрде дамыған уақытын айғақтайды. Бұл кезде қоныстарды қоршаған бекіністік құрылыстар болмайды, арбамен қоса жерлеу ғұрпы кездесе қоймайды. Молалардағы арбалы-жауынгерді салт атты малшы алмастыра бастайды. Шаруашылықтың мал өсіру мен егіншілік секілді түрлері дами түседі, қола құю ісі, тоқымашылық, құмыра жасау мен үй кәсіпшілігі өркендейді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   138




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет