Қазақстан археологиясы


Шығыс Қазақстан ескерткіштері



бет28/138
Дата14.10.2023
өлшемі2,7 Mb.
#114115
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   138
Байланысты:
Учебник. Археология Казахстана

Шығыс Қазақстан ескерткіштері

Шығыс Қазақстанның өзіндік ландшафты Алтай, Қалба жотасы мен Тарбағатайдың таулы және биіктаулы аудандарынан, солтүстіктегі далалы аймақтардан, оңтүстікте жартылай шөлейттер мен шөлдерден тұрады. Негізгі су артериясы Ертіс пен оның көптеген Бұқтарма, Күршім, Үбе, Шар, Қызылсу секілді тармақтары болып табылады. Топырағы құнарлы кең алқаптар, жайылымдар, таулардағы көптеген мыс, қалайы, алтын кен орындары, өзендердегі балықтардың молдығы, ормандардағы аңдардың көптігі мұнда қола дәуірінің дамуына айрықша әсерін тигізді.


Қазақстанның шығыс өңіріндегі қола дәуірін зерттеуге С.С.Черников, А.Г.Максимова, Ә.М.Оразбаев, Ф.Х.Арсланова, А.С.Ермолаева, т.б. мамандар мол үлес қосты.
Шығыс Қазақстандағы қола дәуірі тайпаларының мәдениеттері ерте, орта (ортаңғы) және кейінгі кезеңдерді нақты көрсететін ескерткіштерден тұрады. Әсіресе ортаңғы қола кезеңіне жататын ескерткіштер өте жақсы зерттелінген.
Бұл уақыттағы тайпалардың негізгі шаруашылығы мал шаруашылығы мен егіншілік болды. Тау-кен ісі мен металлургия жоғары дәрежеге жетті. Шығыс Қазақстан мыс, қалайы кендері мен алтын өндіру ошақтарының біріне айналды. Мұнда үй кәсіпшілігі де дамыған болатын.
Шығыс Қазақстанның кейінгі қола тайпаларының мәдениеттері Сібірдегі қарасұқ, Оралдың сыртындағы замараев және Орталық Қазақстандағы беғазы-дәндібай мәдениеттерімен синхрондалынады.
Неолиттік ескерткіштерден кейінгі ерте кезге жататын нысандардың бірі Қанай ауылы жанындағы мола болып табылады. Оның жоғарғы бөлігі тас плиталары тігінен қойылған шаршы түріндегі қоршау болып табылады. Қоршаудың қабырғалары төрт тарапқа бағытталған. Топырақтан қазылған қабір шұңқырынан шалқасынан жатқызылып, басы батысқа қаратылған ер адам мен әйел адамның мүрделері аршылған. Қаңқа сүйектері ішінара қызыл жосамен боялған.
Мүрденің екеуі де андроновтық антропологиялық типке жатады.
Шығыс Қазақстан тұрғындарының орта (дамыған) қола кезеңіндегі мәдениеттері қоныстар мен қорымдардың үлкен-үлкен топтары бойынша айқын сипатталынады. Мұны айғақтайтын жарқын материалдар Қанай ауылы, Зевакино селосы, Сарыкөл көлі, Кіші Қойтас, Нұрмамбет шатқалдары маңындағы қоныстардан, қорымдардан және ғұрыптық орындардан алынған.
Ертістің оң жағалауында орналасқан Қанай ауылы жанындағы қоныстан шаруашылық құрылыстары жапсарластырыла соғылған тік бұрышты пішіндегі баспана (алаңы 50 шаршы м шамасында) аршылған. Баспана жартылай жертөле түрінде. Құрылыс қабырғасының негізін бағаналар құраған, олардың арасы қамыспен толтырылып, саз балшықпен сыланған. Жер бетіндегі еденнен таспен қаланған үш ошақ орны анықталған. Оның екеуі тамақ пісіруге, үшіншісі баспананы жылытуға пайдаланылған. Шаруашылық құрылыстар негізгі баспанамен бірге жалпақ шатырмен жабылған. Тар дәліз секілді баспанаға кірер есік өзен жақтан түсірілген. Орталық бөлігі кірер есіктен аса биік емес далдамен (қоршаумен) бөлінген. Бөлінген бөлік шаруашылыққа пайдаланылған болуы ықтимал, онда мал төлдері ұсталса керек (бұзау мен лақ қаңқалары табылған).
Құрылыстардың бірінен мыс кентастары мен күлдерінің іздері бар қыш ыдыстың сынығы, ал келесі біреуінен құйма тұрпатының жартысы табылған. Қоныстың оңтүстік-шығыс шетінен салмағы 6 кг болатын бөлшектелген мыс кентасы анықталған. Қоныс жанынан балқыту пешінің қалдықтарымен қатар ағаш көмірлерімен бірге кентастар (10 кг) да табылған. Кентас, сірә, Нарым жотасында орналасқан жақын маңайдағы кен орнынан тасымалдаған.
Қоныстың оңтүстік-шығыс бөлігінен үш қатар тас қаландысынан тұратын ғұрыптық орын қалдығы анықталған. Мал сүйектері, дәнүккіш сынығы, күл мен жанған отын қалдықтары, күйген сүйектер мұнда құрбандық шалу рәсімдері жүргізілгендігін нақты айғақтайды.
Сарыкөл көлі, Көкдомбақ пен Малый (Кіші) Қойтас ауылдары жанындағы қорымдар топырақпен үйілген обалардан тұрады, олардың түп жағында тізілген тас плиталары дөңгелек, шаршы және тік бұрышты қоршауларды құрайды. Бұл қорымдардағы заттай мәдениет пен жерлеу ғұрпы үйіндісі жоқ қоршауларға өте ұқсас болып келеді. Тас жәшіктерде, кейде тас плиталармен немесе ағаш жабындымен жабылған шұңқырларда әдетте мүрдені жерлеу жиірек ұшырасады, сонымен қатар ауық-ауық мүрдені өртеу ғұрпы да кездесіп тұрады. Ақсүйектердің қабірлері қыш ыдыстар мен сан алуан әшекейлердің көптеп шығуымен ерекшелінеді. Әшекейлердің көпшілігі қола немесе мысқа негізделген, алтын қаңылтырмен (фольга) қапталған. Бұлар ауызды (раструб) сырғалар, айналдырылған сым конустары, үшбұрыш, ойық пен каннелюр сипатындағы ою-өрнектермен көмкерілген «табанды» алқалар, параллель сызықтар түсірілген ромб пішінді пластинка, үш бұрышты пластинка, т.б.
Трушниково ауылы маңындағы қоныс, Мало-Красноярка аулы маңындағы қоныс пен қорым, Зевакино мен Измаилово қорымдарын зерттеу барысында алынған археологиялық мәліметтер кейінгі қола дәуірін біршама толымды түрде сипаттайды.
Трушниково қонысынан тік бұрышты пішіндегі жартылай жертөле түріндегі екі баспана аршылған. Бір баспана қабырғасының негізін жерге көміліп орнатылған бағаналар құраған, олардың арасы тоқылған ағаш бұтақтарымен немесе қоршауымен бекітілген. Қоныстан алынған қыш ыдыстар топтамасындағы құмыралардың мынадай түрі басым: иық тұсы дөңгеленген, ернеуі тік немесе аздап иілген және денесі мейлінше үлкен. Олардың мойындары біліктермен өрнектелген, сан алуан оюлар түсірілген. Сонымен қатар түбі дөңгелектене келген өрнекгі жоқ ыдыстар да ұшырасады.
Кейінгі қола дәуіріндегі жерлеу ғұрпы туралы Зевакино қорымының материалдары мол мағлұат береді. Бұл қорымнан жүзден астам жерлеу құрылыстары зерттелген. Құрылыстар беті тас плиталармен және ағаш жабындымен жабылған тас жәшіктерден, тік және сопақша тұрпаттағы қабір шұңқырларынан тұрады. Желеген қабірлер басым болғанымен, бір мола шұңқырында екеулік, сонымен қатар үш, төрт кісі жерленген қабірлер де кездеседі. Аяқ-қолы бүгілген мұндағы мүрделер көбіне оң жақ бүйірімен жатқызылған, сол бүйірімен, кейде шалқасынан немесе ет-бетінен жатқызу сирек ұшырасады. Кейбір қабірлерден қызыл жоса, ағаш көмірі мен күйдірілген ағаш қалдықтары, ақіреттік ас қалдықтары (жылқы мен қойдың бас сүйектері, жамбас сүйектері, жауырыны).
Жерлеу инвентары қола пышақтардан, қанжарлардан, қыш ыдыстардан, металдан, тастан және сүйектен жасалған әшекейлер мен тұрмыстық заттардан тұрады.
Измаилов қорымы. Ол А.С.Ермолаева тарапынан зерттелінген. Қорым қабірлеріне жекелеген жерлеу және қосымша құрылыстардың болмауы тән.
Құрылысына, жерлеу салтына, қабірге қойылған материалдарына қарағанда айтылып отырған кезеңдегі қабірлерді екі топқа бөліп қарастыруға болады.
Біріншісіне 10 жерлеу қабірі кіреді, ондағы конструкция негізін шаршы және шаршыға жақын тұрпаттағы бүтін немесе құрама гранит тақтайлардан тұратын жәшіктер құрайды; олар қоршауы бар 8 жәшіктен және қоршаусыз 2 жәшіктен тұрады.
Екінші топ күрделі қоршаулардан және бай қабірлерден, сонымен қатар соңғы аталған орындағы әшекейлердің культтық сипаты басым екендігін білдіретін кешендерден тұрады. Құрылыстардың екі түрінде де мүрденің басын шығысқа қаратып жарлеу кеңінен таралғандығын да айта кету керек.
№24 қоршаудан өртелген жабынды немесе жерлеу өртінің қалдығы шыққан. Бірақ адам қаңқасы мен мүрдеге о дүниеде қажетті заттар отқа шалынбаған. Ал №25 қоршаудан от қалдықтары байқалмаған, есесіне оны білдіретін қызыл және қоңыр түсті жосаның аздап себілген қалдықтары анықталған.
Измаилов қорымындағы құрылыстар конструкциясы жағынан Орталық Қазақстандағы Саңғыру-1, Былқылдақ-1, Еңбек сүйгіш, Айдарлы секілді беғазы-дәндібай ескерткіштеріне ұқсас.
Екі топтағы олжалардың арасынан 50 шақты бүтін және бөліктерден тұратын қыш ыдыстар маңызды орын алады. Барлық ыдыстар тұрпаты (пішіні), ою-өрнек элементтері мен дайындау технологиясы бойынша үш топқа жіктелген.
Бірінші топтаға ыдыстар тұрпаты мен ою-өрнек элементтері бойынша Орталық Қазақстандағы беғазы-дәндібай ескерткіштеріне, Оңтүстік Сібір мен Алтайдағы қарасұқ ескерткіштеріне, Солтүстік Түгіскендегі кесенелер ыдыстарына өте ұқсас.
Екінші топты 17 дана қыш құмыра сынды ыдыстар құрайды. Олардың алтауында тарақты штамп, немесе үш бұрыш не қолмен басылған ойық сияқты ою-өрнек бар. Қыш құмыралардың бірінің мойынында жапсырылған білік бар, ал қалған үшеуінің ернеуі төмен қарай қайырылған.
Тұрпаты мен дайындау технологиясы бойынша бұл топтағы ыдыстар Солтүстік және Орталық Қазақстандағы сарғары-алексеев типіндегі, сонымен бірге Шығыс Қазақстандағы трушниково типіндегі керамикаға ұқсас.
Үшінші топқа шартты түрде 8 құмыра біріктірілген. Олардың екеуіне тән нәрсе – түбі дөңгелек және жапсырындысы бар.
Олжалардың қалған бөлігін ат әбзелдері, қару-жарақтар, қоладан, алтыннан, күмістен, сүйектен жасалған әшекейлер құрайды.
Материалдар кешені тек кейінгі қола дәуіріне жататын мәдениеттермен ғана емес, сонымен бірге ерте көшпенділерге тән мәдениетпен де өзара араласып жатуымен ерекшелінеді. А.С.Ермолаева пікірінше, бұл әзірге кейінгі қола мен ерте темір дәуіріндегі көшпелілер арасындағы этногенетикалық байланысты көрсете қоймайды, олардың қатар өмір сүргендігін және бір-біріне өзіндік тигізген әсерін жорамалдауға ғана мүмкіндік береді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   138




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет