Қазақстан археологиясы


Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы



бет6/138
Дата14.10.2023
өлшемі2,7 Mb.
#114115
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   138
Байланысты:
Учебник. Археология Казахстана

Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы. Археология ғылымын дамытуға бірінші кезеңі 2004-2006 жылдарды, екінші кезеңі 2007-2009 жылдарды қамтыған Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы да зор қарқын берді. Бұл бағдарламаны Қазақстан Республикасы Президенті 2004 жылғы 13-қаңтарда (№1277) бекіткен. Бағдарламаның негізгі мақсаты деп, рухани және білім беру саласының дамытылуы, елдің мәдени мұрасын қорғау және тиімді пайдалануды атауға болады. Ал негізгі міндеттеріне елдегі маңызды архитектуралық және тарихи мәдени ескерткіштерді қайта қалпына келтіру, мәдени мұраны, соның ішінде ұлттық мәдениет, фольклор, салт-дәстүрді зерттеудің толық жүйесін жасау секілді күрделі мәселелер кіреді. Осыған орай мәдени мұраны сақтау мен қалпына келтірудің төмендегідей негізгі бағыттары нақтыланған:
- ерте және ортағасырлық ескерткіштерді археологиялық тұрғыдан зерттеу, солардың негізінде қорық-музейлер құру және оларды туризм инфрақұрылымы жүйесіне қосу;
- Қазақстанның бірегей тарихи, мәдени және архитектуралық ескерткіштерін реставрациялау, консервациялау және пайдалану;
- ғылыми білімді түсіндіріп тарату, тарих ғылымының теориялық мәселелерін жасау, ғылыми, көркем және энциклопедиялық әдебиеттерді шығару;
- республикадағы тарихи-мәдени мұраны қорғау мен белсенді түрде пайдаланудың ұтымды құрылымын жасау жөніндегі мәселелері мен оның міндеттері: облыстық инспекциялардың, реставрациялық ұйымдардың қызметтерінің басшылығын қамтамасыз ету, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі бекітілген бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру.
Міне, 2004-2006 жылдарға арналған Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының негізгі талап-мақсаттары мен міндеттері, жүргізілетін бағыттары осындай деп көрсетілген болатын. Нәтижесінде бұл бағдарлама бойынша көрсетілген мерзімде орасан зор жұмыстар атқарылған-ды. Бұл кездері – біріншіден, 35 тарих және мәдениет ескерткіштерінде реставрация жұмыстаыр аяқталды; екіншіден – маусымдық археологиялық қазба жұмыстары 30-дан астам көне қалаларда, қоныстар мен тұрақтарда, қорымдар мен обаларда атқарылды; үшіншіден - әрбір өңірдің ескерткіштер Жинаған жасауға ден қойылды.
Кез келген тарихи-мәдени кезеңнің ескерткіштерін бір ізге түсіретін осы Жинақтардың маңызы зор. Бұл жерде әңгіме облыстық тарихи және мәдени ескерткіштердің Жинағы туралы болып отыр. Бүгінгі таңда республикада Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл секілді бірнеше облыстың ғана Жинағы жарыққа шыққан. Керек болса Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи және мәдени ескерткіштер Жинағы кеңестік замандағы мағлұматтармен ғана шектелген. Яғни, Қазақстан археологиясының кеңестік кезеңдегі жетістіктері ғана Жинақта сөз болады. Одан бергі уақыт ішінде ашылған ескерткіштерді, археологиялық олжаларды көрсету үшін Оңтүстік Қазақстан тарихи және мәдени ескерткіштер Жинағын қайтадан басып шығаруды қажет етеді.
Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Алматы, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарының тарихи және мәдени ескерткіштер Жинақтары құрастырыла бастады. Бұл Жинақтарды құрастыру кезінде жаңадан археологиялық экспедициялар жасақталды. Мұның өзі Қазақстанда археологиялық ескерткіштерді іздестіруге тың серпін берді. Нәтижесінде бұрынғы сан алуан нысандар жайлы мағлұматтар бір ізге түсірілуімен қатар, бұрын белгісіз болып келген түрлі ескерткіштер ашылды. Сөйтіп, облыстық Жинақтарды құрастырудың арқасында түрлі тарихи дәуірлердің мұрасынан хабардар ететін деректік қор шоғырланды. Сол себепті біз атқарылған ауқымды жұмыстар арасынан тек осы Жинақтарды түзуге қатысты жайттарды баяндап өтеміз. Өйткені стационарлық жұмыстар жүргізілген түрлі тарихи-мәдени дәуір ескерткіштері жайлы мағлұматтардың көпшілігі осы еңбекте қамтылған.
Алматы облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді тауып ғылыми айналымға енгізу үшін 2004 жылы Еңбекшіқазақ, Райымбек, Көксу, Ақсу, Кербұлақ, Жамбыл, Алакөл аудандарында барлау-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Көксу ауданынан Мұқыр маңынан ерте темір дәуіріне жататын 10 қорым, Жамбыл ауданындағы Қарақыр мен Қарғалы-бастау тауларынан 5 қорым мен екі петроглифтер тобы, ғибадатхана, Лабасы тауынан екі шоғыр петроглифтер, қорым және қоныс, Көксу өзені алабынан 20 қорым, Ақсу ауданындағы Баянжүрек, Жоңғар Алатауы тауларынан ғұрыптық тастар, қоныс, сақ дәуіріне жататын ғұрыптық құрылыс және петроглифтер тобы анықталған. Кербұлақ ауданындағы Қоғалы, Жайнақ батыр, Тастыөзек, Шоқан, Кербұлақ ауылдары маңынан ірі обалардан тұратын темір дәуірінің қорымдары зерттелген. Еңбекшіқазақ ауданындағы Новоалексеевск, Есік, Қаракемер, Түрген қорымдары қайта қарастырылып, Шошанай-2, Сүмбе-4, Кіші Ақсу-1-2, Абат-1, Ақтам-1-3, Ардалаты-1-2, Мойынтоғай-1-2, Сарытоғай-1-2, Сөгетті-1 қорымдарының ғылыми анықтамасы қайтадан жасалды. Сонымен қатар 1958-1964 жылдары зерттелген Ақтасты қорымдары мен қоныстары қайтадан тексеруден өтті. Олардан басқа да ерте темір дәуіріне жататын бірқатар ескерткіштер ашылды.
2004 жылы Қызылорда облысының Жаңақорған, Шиелі аудандарындағы ескерткіштер тізімге алынды. Шиелі ауданынан анықталған ескерткіштердің жалпы саны 49 дана, олардың 38-і ерте темірден орта ғасырлар уақытына жататын қорымдар мен обалық қорымдардан (Бесбұлақ-1-5, Майтөбе, Егеулі, Дарбаза, Ақтөбе, Диірмен тау, Ақжар, Ақмая, Ақбұлақ, Дәуітбай саз, Берікқара, Қоскөл, т.б.) тұрады. Төрт жерден петроглифтер шоғыры шыққан. Ал Жаңақорған ауданынан көне заманнан кейінгі орта ғасырға дейінгі уақытқа жататын 68 қорым (Талап-1-11, Бесарық, Қараүңгір, Кепес, Қарауылтөбе, Қостөбе-1-2, Тоқтамыс, Бірлік, Қайнар, Аққолтық-1-2, Алашапан, Құмбұлақ-1-7, Қосүйеңкі, т.б.) анықталған.
Бұл жылы Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерінің Жинағын топтастырушы мамандар 6 маршрут бойынша жүріп өтіп, барлығы 312 тарихи нысандарды тізімге алды. Олардың басым бөлігі қола және ерте темір дәуірлерімен мерзімделінеді. Сонымен қатар 170-тен астам нысандардың сипаттамасы жасалынды.
2005 жылы Алматы облысының жоғарыда аталған аудандарынан басқа Ескелді, Қарасай аудандарында да археологиялық жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар басқа аудандардың елді мекендері маңындағы археологиялық нысандарды анықтау өз жалғасын тапты. Айталық, Еңбекшіқазақ ауданы аумағынан 70 шақты, Райымбек ауданынан 200-ге жуық, Қарасай мен Жамбыл аудандарынан 170-тей, Алакөл ауданының жерінен 38 археологиялық нысандар (қорымдар, петроглифтер тобы, қоныстар, ортағасырлық ескерткіштер, қоршаулар, т.б.) анықталған. Олардың басым бөлігі ерте темір дәуірімен мерзімделінеді.
Бұл жылы Қызылорда облысындағы Шиелі мен Жаңақорған аудандарында археологиялық зерттеулер жалғастырылды. Нәтижесінде Жаңақорған ауданындағы тарихи және мәдени ескерткіштер (жеке обалар, оба топтары мен қорымдар, ортағасырлық қоныстар, қалашықтар, қарауылтөбелер, петроглифтер тобы, дамбалар, кесенелер, тас құрылыстар) саны 256-ға жетті. Олардың ішіндегі жеке обалар саны 23, ал топты обалар мен қорымдар саны 160. Яғни, бұл ескерткіштер табылған нысандардың басым бөлігін құрайды. Шиелі ауданынан 22 жеке обалар, 30 топты обалар мен қорымдар, 11 ортағасырлық қоныстар, 5 қалашық, 1 қарауылтөбе, 17 петроглифтер тобы, 1 дамба, 14 кесене, 1 тас құрылысы анықталған.
Солтүстік Қазақстан облысында да археологиялық ескерткіштерді тізімге алу өз жалғасын тапты. Ақжар және Уәлиханов секілді аудандардан мезолит, неолит, қола ғасыры, ерте темір дәуірлеріне жататын тұрақ, қоныс, оба, топты оба, қорым, үйінді қорым, қыстау сынды 200-ден астам тарихи нысандар анықталған. Олардың арасындағы Ленинградское-1-6, Қарашай-1-3, Көмбайсор-1-4, Талшық-1-8, Ащысу-1, Қулыкөл-1-8 сынды ескерткіштер болашақта зерттелуі қажет деген ойдамыз.
2006 жылы да Алматы облысындағы ескерткіштерді сипаттап, тізімге алу және ішінара қазу жұмыстары жүргізіле берді. Әсіресе Түрген отряды Райымбек, Ұйғыр, Панфилов аудандарында нәтижелі жұмыстар жүргізді. Далалық зерттеулер барысында бұл аудандардан 355 археологиялық ескерткіштер анықталған. Бұл ескерткіштердің басым бөлігі ерте темір дәуіріне жатады. Кейбір ескерткіштердің диаметрі 100-ден асады. Ал Қарасай отряды Жамбыл және Қарасай аудандарының аумағынан 20-30 нысан, Көксу отряды аудан жерінен 50 ескерткіш, Ақсу ауданы аумағынан 30 археологиялық ескерткіштер тапқан. Сонымен қатар Іле, т.б. аудандарда да зерттеу жұмыстары атқарылған.
Қызылорда облысына тиесілі Жинақты құрастырушылар Арал, Қазалы және Қармақшы аудандандары аумағынан қола дәуірінен жаңа заман уақытына дейінгі ескерткіштер ретінде сипатталынатын 170-тей ескерткіштерді тізімге алған. Бірқатар ескерткіштердің ғылыми сипаттамасы қайта жасалғанымен, негізгі күш жаңа мағлұматтар алуға үшін жұмсалды.
Сонымен қатар, Ақтөбе облыстық тарихи және мәдени ескерткіштер Жинағын құрастыру жұмыстары да басталып кетті. Жекелген аудандардың ескерткіштері зерттеліне бастады. Солардың бірі Уіл ауданы болып табылады. Мұндағы Қайыңды, Көсембай, Саралжың, Қоңырат, Құмжарған, Қаратал, Қарасу, Көптоғай, Ақшатау, т.б. ауылдардың маңынан осы елді мекендермен аттас 55 тарихи ескерткіштер анықталған. Олардың арасынан бірегей деп 161 обадан тұратын Қырықоба кешенін де атауға болады.
Бағдарламаның 2007-2009 жылдардағы екінші кезеңінде де бірқатар ескерткіштерде қазба жүргізілді. Ендігі кезекте беғазы-дәндібай мәдениетінің ескерткіштеріне, солтүстік өңірдегі Кеңөткел археологиялық нысандарына, Жетісу жеріндегі жартас суреттеріне және де көптеген ортағасырлық қалаларға баса назар аударылды.
Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын халыққа және өскелең ұрпаққа берері мол ғибратты тарихи шара ретінде бағалауға болады. Бұл бағдарлама аясында археология ғылымы бойынша мол жұмыстар атқарылды. Айталық, тас (Қошқорған, Шоқтас кешендері, т.б.), мысты-тас (Ботай қонысы, Шідерті-3, т.б.), қола (Талдысай, Тоқсанбай, Айбас-Дарасы, Кент, Кеңөткел-18, т.б.), ерте темір (Шілікті, Берел, Қызыл-Үйік, Қырыоба, Шірік-Рабат, т.б.) дәуірлеріне жататын, сонымен қатар ортағасырлық кезеңге жататын көптеген ескерткіштер (Бұзоқ, Талғар, Отырар, Ақыртас, Қойлық, Сарайшық, Мерке, Жайсан, Сығанақ, Сауран, Жуантөбе, Сидақ, Қараспантөбе, Шымкент, Бөріжар, т.б.) соңғы ғылыми жетістіктер бойынша қазылып, орасан мол деректік қор жинақталды.
Әйтсе де, республикада бұл бағдарламадан басқа іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеу бағдарламалары бойынша көптеген жобалар атқарылып жатады. Олардың да үлесі жоғарыда аталған бағдарламадан артық болмаса, кем емес. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы осындай көп бағдарламалардың бірі ғана.
Сайып келгенде, Қазақстанның барлық өңірлерінде археологиялық ізденістер кеңейіп келеді, кешенді зерттеулер жүріп жатыр. Бұл мемлекет тарапынан өткенді зерттеуге қамқорлық туындағандығын көрсетеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   138




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет