Қазақстан археологиясы


Беғазы-дәндібай мәдениетінің ескерткіштері



бет33/138
Дата14.10.2023
өлшемі2,7 Mb.
#114115
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   138
Байланысты:
Учебник. Археология Казахстана

Беғазы-дәндібай мәдениетінің ескерткіштері. Кейінгі қола дәуіріне жататын ерте беғазылық кезең Ақсу-Аюлы-2 жерлеу кешені (Қарағанды қаласынан оңтүстікке қарай) бойынша толымды түрде сипатталынады. Ол біртекті топырақ обалардан тұрады, оның сақиналы қоршау негізі бүйірінен қазылып қойылған ірі гранит плиталардан құралады.
Ақсу-Аюлы-2 кешеніндегі ең үлкен обаның биіктігі 2 м, диаметрі 30 м. Үйінді астынан бір-бірімен қиыстырылған төрт тас құрылысы шыққан. Олар үш қоршаудан және төрт үлкен плиталардан тұратын өте ірі тас жәшігінен тұрады. Бірінші, сыртқы қоршаудың бүйірінен жерге қазылып қойылған ірі тас плиталарынан тұратындығы анықталған. Екіншісі арнайы таңдап алынған тікбұрышты плиталардан көлденеңінен қалау техникасы бойынша өрілген қоршау. Оны өру сол замандағы жер бетінен басталған. Түп жағындағы қабырғалары тік, жоғары қарай ол біршама ішке қарай ойыса түседі. Үшінші кіші қоршау екіншісімен қабысады. Жоспары бойынша ол тікбұрышты тұрпатта және де бұрыштары аздап дөңгелене түседі. Екінші қоршау сияқты ол да эллипс пішінді. Оның батыс және шығыс қабырғалары жанынан бір-бірден үлкен плита тік тұрғызылып қойылған. Бұл плиталарға құрылысты жапқан жабынның негізгі салмағы түскен. Жерлеу құрылысының орталық бөлігіндегі ауданы 4 шаршы метр және тереңдігі 1,5 м-ден астам топырақ қабатындағы шұңқырда көлемді тас жәшік орнатылған, оның беті екі үлкен плитамен жабылған. Жерлеу камерасының едені қиыршық тас, ұсақталған тас пен саз балшық араластырылып құйылған. Тас жәшікте ұзынынан созылып жатқан адамның қаңқасы болды.
Бұл обадан алынған қыш ыдыс өтпелі кезеңді көрсететін қыш құмыра үлгісі бола алады. Пішіні мен ою-өрнегі бойынша ол андроновтық құмыраларға өте жақын. Оның ернеуі сызықпен түрленген үшбұрыштармен және кертпешті ойықтармен көмкерілген. Денесінің жоғарғы бөлігін мәнерлі меандр жолағы мен үлкендігі бұршақтай дөңгелек ойықшалар алып жатыр. Мұндағы ою-өрнекті түсіру техникасы Орталық Қазақстандағы кейінгі қола дәуіріне тән болып келетін көлденең тісті ірі тарақты штамп болып табылады.
Беғазы-дәндібай мәдениетінің дамыған кезеңіне Беғазы, Айбас-Дарасы, Аққойтас, Дәндібай, Ортау-3, Саңғыру-3 некропольдері және де Ұлытау, Шортанды-бұлақ, Қарқаралы-3 қоныстары жатады. Бұл қорымдар мен қоныстар баспана мен культтық архитектуралық-құрылыстардың озық үлгілерін жасаудың біршама аяқталғандығын да білдіреді. Бұл кездері мейлінше әсем кесенелер салынды. Сонымен бірге бұл кез шар тәрізді қыш құмыралардың жаңа түрлерінің көптеп жасалуын да айғақтайды. Олардың арасынан Беғазы қорымының тас плиталардан тұрғызылған қоршаулары ерекше орын алады.
Беғазы құрылыстары бұрыштары әлемнің төрт тарапына бағытталған шаршы пішінді бір не болмаса екі камерадан тұратын кешендер болып табылады. Ішкі шаршының қабырғалары жерге қазылып қойылған, тігінен жалпақ гранит плиталармен қапталған немесе көлденеңінен бут тастарымен қаланған. Құрылыстың қазылған бөлігіндегі борттан жоғары қарай биіктігі бір метрден астам жер бетіне қабырға тұрғызылған. Ол айналдырыла тігінен қатарластырыла қазылып, бір-біріне тығыз қиюластырылған ірі гранит плиталармен қапталған.
Беғазы ескерткіштерін тұрғызуға сұр түсті гранит тастары таңдап алынған. Кейбір тікбұрышты плиталар салмағы үш тоннаға дейін жетеді. Беғазы кешендеріне жататын ірі құрылыстарының бірі шаршы түріндегі қоршаудың сыртқы жағындағы көлемі 9,6х9,6 м, ішкі жағының өлшемдері – 6х6 м. Қоршаудың ішкі қабырғасы плиталармен қапталған және 0,7 м-ге дейін қазылған. Қаландының жалпы биіктігі 2,1 м, оның жер бетіндегі биіктігі 1,3 м. Екінші ішкі қабырғаның да биіктігі 1,3 м. Қаптама қаланды арасы тас қиыршықтарымен толтырылған, оған саз балшық құйылып, мұқият тапталған.
Беғазы «кесенелерінің» қызықты ерекшеліктерінің бірі ғұрыптық заттар мен құрбандық шалуға арналған алтарьдың болуы. Бұл «жер үстел» немесе құрылыстың табанын қазу барысында қазаншұңқырда жасалған сөре. Үстелдің үстіне майлар және органикалық қалдықтар сіңіп қалған. Осында құрбандық шалу іздері мен қой сүйегінің үлкен шоғыры сақталынған. Құрбандық үстеліне қыш ыдыстар да қойылды. Мұнда әшекейлер мен қару-жарақ бұйымдары да тұрды.
Кейінгі кезеңде алдыңғы уақыттағы күрделі жерлеу құрылыстарын қоршаусыз ірі тас жәшіктер түріндегі қарапайым құрылыстар алмастыра бастайды. Бұны айғақтайтын ескерткіштер Қарақаралы маңындағы Кент тауларынан, Айдарлы, Бұғылы-2, Құрылыс шатқалдарынан да табылған.
Қыш ыдыс алдыңғы уақыттағы дәстүрді әлі де болса сақтап қалды. Бірақ бүйірі шығыңқы, мойыны қысқа, ернеуі сыртқа қайырылған қазандық пішінді ыдыстар, жағалы деп аталатын ыдыстар және де мойын тұсына білік жапсырылған ыдыстар үлесі басымдық таныта бастайды. Кертпеш, айқыш, шырша түріндегі ою-өрнек тегіс штамппен түсірілді. Кейбір ыдыстарға ойық түсірілді, тырнақпен басу жасалды, жарты ай, дақыл дәні (пісте) таяқша арқылы әсемделіне берілді. Жекелеген ыдыстардың мойын тұсы ыдыс ішінен дөңгелек таяқша арқылы шығарылған «маржандармен», яғни шығыңқы дөңгелекшелермен көмкерілді.
Кейінгі қола уақытына жерлеу құрылыстарынан басқа Суықбұлақ, Тәгібұлақ қоныстары да жатады.
Тас қабырғалы баспаналар конструкциясында өткен уақыттағы дәстүр сақталынғанымен жер бетінде тұрғызылған құрылыстар саны көбейе түседі. Үйлер тікбұрышты типте салынды, оның солтүстік және шығыс жағынан шығар есігі бар тас құрылыстары жапсарластырылды. Сыртқы қабырғалар қалың болып тұрғызылды, кейде тіпті 1,5-1,7 м-ге жетті; олар екі қатарлы жерге қазылып қаланған тас плиталарынан тұрды, олардың арасы ұсақ тастар аралас топырақпен толтырылды. Ішкі тұратын жер мен құрылыстар арасындағы далда (қалқа) да тастан соғылды, бірақ олар аса қалың емес еді.
Орталық Қазақстанның кейінгі қола дәуіріндегі тайпалары Оңтүстік Оралдың (замараев мәдениеті), Алтай мен Енисейдің (қарасұқ мәдениеті) туыстас тайпаларымен тығыз қарым-қатынаста дамыды. Дала кеңістіктері бір-бірінен бөліп жатқан бұл облыстардың материалдық мәдениетін сипаттайтын қыш құмыра бұйымдары, қола құралдар, тұрмыс заттары мен әшекейлердің жақындығы, көне тайпалардың тығыз мәдени және экономикалық өзара байланыс орнатқандығын дәлелдейді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   138




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет