Қазақстан археологиясы


Жетісу археологиялық ескерткіштері



бет35/138
Дата14.10.2023
өлшемі2,7 Mb.
#114115
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   138
Байланысты:
Учебник. Археология Казахстана

Жетісу археологиялық ескерткіштері

Жетісу жеріндегі қола дәуірі ұзақ жылдар бойы нақты зерттеліне қойған жоқ. Мұны ескерткіштердің жүйелі түрде зерттелмеуімен түсіндіруге болады. Әйтсе де қолдағы мағлұматтар қола дәуірінде Жетісу жері де ірі мәдени ошақтардың бірі болғандығын дәлелдеп отыр. Әсіресе соңғы 20 жылдай уақыттан бері атқарылған далалық ізденістер мұнда бірнеше археологиялық мәдениеттердің орнын анықтауға мүмкіндік берген болатын.


Кейбір тұжырымдар бойынша б.з.б. ХҮ ғасырдан бастап андроновтық тайпалар оңтүстікке қарай жылжи бастады. Дегенмен бұл кездерде орын алған дала тұрғындарының миграциясы туралы ғалымдар арасында біркелкі байлам жоқ. Кейбір мамандар осы уақыттарда халық саны артты, олардың оңтүстікке және оңтүстік-шығысқа жылжуы жайылым жерлердің жетіспеушілігінен туындады деп есептейді. Басқа зерттеушілер андроновтықтардың қоныс аударуының негізгі себебін б.з.б. ІІ-мыңжылдық ортасындағы құрғақшылықпен байланыстырады. Табиғатта орын алған өзгерістер андроновтықтарды Жетісудан жаңа жайылымдар іздестіруге мәжбүрледі. Бұл кезеңде жылқыны көлік ретінде мініп жүру кеңінен таралған болатын, мұның өзі алысқа қарай миграция жасауға да мол мүмкіндік берген. Дегенмен, бұл көзқарас археологиялық материалдар бойынша нақтылана қоймаған, себебі көпшілік мамандардың пікірінше: жылқыны мініп жүру кеңінен таралған уақыт андроновтықтардың қоныс аударуынан кейін орын алған. Расын айтқанда, табиғаттағы өзгерістер, халық санының артуы және жаңа жерлерді игеру андронов тайпаларының Жетісуға қоныс аударуына себепкер болған деуге болады.
Жоңғар Алатауындағы тау алдында, Іле Алатауының шығыс бөктерлерінде және Күнгей Алатауында сібірлік андронов мәдениетінің дәстүрі анық байқалады. Қорымдардан алынған әйел адамның әшекейлері арасынан кең ауызды сырғалар көптеп кездеседі, жерлеу ғұрпында мүрдені өртеу салты басымдық танытады. Десе де бірқатар ескерткіштердің өзіндік өзгешеліктері байқалады. Мысалы, Көлсайдан және Шелек өзенінің жоғарғы ағысындағы Ұзынбұлақ, Алғабас қорымдарынан ағаштан жасалған жерлеу камералары кездеседі. Ал Жетісудың оңтүстік-батысында мұндай белгілер сиректеу ұшырасады.
Жетісудың батыс бөлігінде андроновтықтар б.з.б. ІІ мыңжылдық ортасында пайда болса керек, өйткені Тамғалы шатқалындағы, Аңырақай мен Кіндіктас тауларындағы ең ежелгі ескерткіштер осы уақытпен мерзімделінеді. Шамамен осы кездері қоныстанушылардың бір бөлігі Көксу өзенінің аңғарына жылжыды, бірақ Жоңғар Алатауындағы тау алды жазығын қоныстанудың мерзімі б.з.б. ХІІ-Х ғасырларды қамтиды.
Б.з.б. ХІ-Х ғасырларда Түрген, Асы, Шелек, Кеген өзендерінің аңғарларындағы биік таулы жайылымдар игерілді.
Кейінгі қола дәуірінде Көксу өзеніндегі Талапты, қазіргі Алматы қаласының аумағындағы Тереңқара, Баянжүрек тауларындағы Тасбас қоныстарында адам баласы тіршілік етіп жатты. Олардан басқа көптеген ескерткіштердің материалдары Жетісу жеріндегі қола дәуірі жайлы мол мәлімет береді.
Сөйтіп, Жетісу аумағын қола дәуірі тайпаларының игеруі бірнеше жүз жылдықтарға, соның ішінде б.з.б. VІІІ ғасырға дейін созылды.
Жетісу аумағынан қола дәуірінің қорым, қоныс және жартас суреттерінен тұратын көптеген ескерткіштер ашылған. Жетісудың оңтүстік-батыс бөлігінде қорымдар Құлжабасы мен Шу-Іле тауларының жоталары аралығында; Ой-Жайлауда және Аңырақай тауларында орналасты. Жетісудың солтүстік-шығыс ескерткіштері Көксу өзені аңғары мен Жоңғар Алатауындағы биіктаулы үстірттен, Баянжүрек тауларынан, Көлсай мен Шелек өзендері алабынан табылған. Ал Жетісудың орталығындағы ескерткіштер Алматы маңындағы Майбұлақтан, Ақсай ауылы жанынан, Алматы қаласының аумағынан және де биік таулы аудандардан, Асы, Саты, Кеген өзендері алабтарынан ашылған.
Алғашқыда андроновтықтар даланың шағын өзендері жағалауын қоныстанды. Жетісудағы қоныстар баспаналар мен шаруашылық құрылыстардан тұрады. Б.з.б. ХІІ-Х ғасырларда халық тау алды аймақтарға жылжыды. Б.з.б. ІІ-І мыңжылдық шегінде Іленің сыртындағы Алатау, Күнгей Алатау мен Жоңғар Алатауы игерілді. Бірнеше ондаған баспаналардан тұратын қоныстар пайда бола бастайды. Солардың бірі – Мұздыбұлақ. Құрылыс салу техникалық тәсілдері де бұл кездері түрлене түседі. Егер алғашқы кездері андроновтықтар жартылай жертөле түріндегі баспаналар тұрғызса, кейінгі қола дәуірі кезеңінде баспаналарды тау баурайларын пайдалана отырып тұрғызды, яғни жартас жыныстарын табиғи қабырға ретінде қолданды. Қоныстар жылы әрі қысты күні температура мейлінше жоғары оңтүстік баурайларда орналасты.
Жетісу жерінде Орталық Қазақстанға тән малға арналған шаруашылық құрылысы мен жататын орны қатар тұрғызылған баспаналар өте сирек ұшырасады. Мұнда тас плиталарынан тұрғызылған құрылыстар да жоқтың қасы. Дөңгелек және тікбұрышты пішіндегі жартылай жертөлелер бұл өңірдегі кең таралған баспана еді. Кей жағдайларда бағана шұңқырларының орналасуы, бөренелер мен қамыстардың қалдығы бойынша баспана шатыры екі құламалы (двухскатный) болған деп анықтауға болады. Үлкен үйлерде кейде төрт құламалы шатырлар кездеседі. Көптеген баспаналарда біртіндеп үйдің ішіне түсетін дәліз болды.
Әдетте, бүйірінен жерге қазылып қойылған тас плиталардан соғылған ошақ үйдің ортасында орналасты, оның күлін қырнап алуға арналған ойығы болған еді. Кейбір қоныстардан саз балшықтан жасалған сопақша пішінді ошақтар ұшырасқан. Бір бөлмеден тұратын баспаналарда кейде екі-үш ошақ орны кездеседі, мұның өзі баспана әлденеше рет қайта жабдықталып отырғандығын аңартады.
Ендігі кезекте археологтар тауып, зерттеген кейбір қоныстарға сипаттама жасап кетелік.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   138




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет