Қазақстан археологиясы


Арал маңы сақтарының ескерткіштері



бет60/138
Дата14.10.2023
өлшемі2,7 Mb.
#114115
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   ...   138
Байланысты:
Учебник. Археология Казахстана

Арал маңы сақтарының ескерткіштері


Ерте сақ ескерткіштері. Бұл кезеңге Оңтүстік Түгіскен мен Ұйғарақ қорымындарындағы қабірлер жатады. Оңтүстік Түгіскен қорымынан 50 оба анықталған, оның 38-і қазылған, Ұйғарақтан 80 шақты оба анықталған, оның 70-і аршылған.
Оңтүстік Түгіскен қорымы екі кешенге бөлінеді. Олардың біріншісі 12 обадан, екіншісі – оңтүстік – 29 обадан тұрады. Солтүстік Түгіскен некрополында тоғыз оба орналасқан. Оңтүстік Түгіскен б.з.б. VІІ-V ғасырлармен мерзімделінеді, сондай-ақ б.з.б. V ғасыр обалары қорымның оңтүстік бөлігінде топталған, ал ең ерте кезге жататындары оның солтүстік шетінде шоғырланған. Ұйғарақ қорымының обалары б.з.б. VІІ-VІ ғасырлармен мерзімделінеді; б.з.б. V ғасыр обалары бірен-саран ғана, олар үш топта шоғырланған – шығыс (30 шақты), орталық (27) және батыс (21).
Оңтүстік Түгіскен мен Ұйғарақ қабірлерінде жерлеу ежелгі жер бетінен қазылған топырық шұңқырларға мүрдені қою (жерлеу) ғұрпы бойынша атқарылды, алайда мүрдені өртеу салты да кездеседі. Барлық жағдайда үстіне оба тұрғызылған. Обалардың сақталған биіктігі 0,3-2 м, диаметрі 10-40 м шамасында.
Мүрденің жерленуіне қарағанда қайтыс болған адамды шалқасынан қамыс төсенішке жатқызған, басын батысқа немесе оңтүстік-батысқа қаратып, бұтақтармен және қамыспен өрілген жеңіл ағаш каркас құрылыс ішіне қойған. Құрылыс іздері шіріп кеткен не болмаса жанып кеткен дөңгелек бағана шұңқырлары түрінде сақталған. Жерлеу құрылысының айналасы шыбық-шөпшектермен және қамыс қабатымен жабылған. Жоспары бойынша бұл құрылыстар дөңгелек, сопақша келген, тік бұрыштылары сирек кездеседі. Баған шұңқырларының шеңбері бір қатар, алайда оның ішіне шаршы бұрышында төрт бағанадан тұрғызылған камера секілді құрылыс жасалған. Кейде шеңбер екі бағаналар қатарынан да тұрды.
Оңтүстік Түгіскен мен Ұйғарақ обаларындағы жерлеу ірі тік бұрышты топырақ қабірлерінде жүзеге асырылған.
Бірінші, ең көп таралған типіне шығыстан батысқа қарай бағытталған көлемі 2,7х2,3 – 4,5х3,7 м, тереңдігі 1-2 м шұңқырдағы қабірлер жатады. Әдетте жерлеу шұңқырын көлденеңінен ағаш бөренелер жауып тұрды. Бұл конструкция үстіне қамыс қабаты немесе ұсақ бұтақтар төселді. Қамыс моладан шыққан топырақ пен шұңқыр айналасындағы жер бетіне де төселді, содан кейін барып оба тұрғызылды. Кейде шұңқырды айналдыра одан біршама қашықтықтан қамыс қабатымен жабылған аса терең емес ор қазылды. Оңтүстік Түгіскенде Ұйғараққақарағанда отпен байланысты салт іздері жиі кездеседі. Шұңқырдың ағаш жабындысын жиі өртеген, алайда оны дереу топырақпен сөндіріп отырған, нәтижесінде құрылыс толық жана қоймаған. Мүрдеге от тимеген.
Бірінші типтегі қабірлер б.з.б. VІІ-V ғасырлармен мерзімделінеді.
Екінші типтегі қабірлер тек қана Түгіскеннен кездескен. Бұл тік бұрышты келген топырақ шұңқырлары не болмаса бұл үш обаның камералары аласа жалмен қоршалған. Оба үйіндісі жал сақинасы шеңберінде тұрғызылған және қазіргі таңда сақтала қоймаған.
Барлық молалар ағаш жабындымен жабылған. Екінші типтегі қабірлер б.з.б. VІ ғасырмен мерзімделінеді.
Үшінші типтегі жерлеу құрылыстары тек Ұйғарақтан ғана анықталған, қазылған бұлардың саны 13. Басым бөлігі оба тобының батысында орналасқан. Салыстырмалы түрде алғанда бұлар тар тік бұрышты, сопақшаға жақындау келген, көлемі 1,75х1,4-3х1,63 м топырақ шұңқырлар. Олардың тереңдігі 0,62-1,35 м аралығында, сонымен қатар өте ұсақ молалар да кездеседі. Сырық негізінде жатқан шыбықпен және қамыспен жабылған. Үшінші типтегі қабірлер б.з.б. ҮІІ-ҮІ ғасырлармен мерзімделінеді.
Төртінші типтегі қабірлер Түгіскеннен белгілі және бай қабірлерімен ерекшеленеді (қазылғандарының саны алтау). Бұлар тік бұрышты қабір шұңқырлары (2,5х3-3х3 м, тереңдігі 2-2,5 м) болып табылады, қабір бұрыштары әлемнің төрт тарапына бағытталған және оңтүстік-шығыс жағында ұзын (5-12 м) дәліз-дромосы болады. Шұңқыр мен оған жақын дромостың бөлігі әдетте жиі өртеп, бірден сөндіріп тастап отырған ағашпен жабылған. Бір рет қана моланы айналдыра жер бетінде болған оттың іздері байқалған. Бұрыштарына бағана типіндегі шұңқырлар қазылған, ал мүрде мола қабырғасынан бөлініп тұрған ор арқылы жер «үстел» үстіне жатқызылған сияқты орналастырылған. Барлық молалардан өлікті жерлеу салты анықталған. Мүрденің басы шұңқырдың диагоналі бойынша шығысқа – солтүстік-шығысқа қаратылып, «салт атты кейпінде» арқасымен созыла жатқызылды. Барлық «дромосты молалар» б.з.б. Ү ғасырмен мерзімделінеді.
Оңтүстік Түгіскен мен Ұйғарақ обаларындағы жерлеу құрылыстарының орналасуы мен кейбір ғұрыптық элементтері Солтүстік Түгіскеннің кейінгі қола кесенелерімен үндеседі.
Оңтүстік Түгіскен мен Ұйғарақ қабірлерінің көпшілігі, өкінішке орай, тоналған.
Әдетте, барлық тоналған қабірлердегі құйымшақ сүйектері сол күйінде, ешкім тиіспеген қалпында сақталған, қаңқаның басқа бөліктері мен бас сүйектерін тонаушылар шашып немесе лақтырып кеткен. Бұл мейлінше құнды заттар басқа, кеудеге және қолға тағылған деп топшылау жасауға мүмкіндік береді. Сірә, мүрдені молаға киімімен және бас киімімен жерлеген, олар ұсақ моншақтармен және алтын қапсырмалармен әшекейленген. Түгіскен қорымындағы №54 обадан (б.з.б. V ғасыр) алтын қаңылтыршадан жасалып, аппликация түрінде белбеуге тағылған өрнекті жапсырмалар алынған. Көптеген қабірлерден халцедон, сердолик, т.б. тас жыныстарынан дайындалған моншақтар кездескен. Ұйғарақтағы әйел адам қабірлерінен білезік, ер адамдар моласынан сырға табылған. Қоладан және темірден жасалған пышақтар ер адамның да, әйел адамның да аяқ жағынан алынған. Сірә, жылқының жерленуін көрсетуі тиіс болған ат жүгендері, 100-ден астам қабірлерден кездескен, олардың көпшілігі ер адам мен әйелдердің аяқ тұсынан алынған.
Керамика әйелдердің және ер адамдардың қабірлерінен ұшырасқанымен, барлығында жоқ. Әдетте ол жапсырылған бір ыдыс, кейде оның саны екеуге дейін жеткен. Тәртіп бойынша олар мүрденің аяқ жағында тұрған.
Ер адамдардың қабір құрал-саймандарында қару-жарақ маңызды орын алады. Олар: қола жебе ұштары (кейде жебе ұштарының шоғыры кездеседі, сірә, олар қорамсаққа салынса керек), қайрақ таспен бірге болатын қоладан және темірден жасалған қанжарлар, ұзын темір семсерлер. Бір рет биметалл күрзі ұшырасқан.
Әйел адамдардың қабірлерінде жиі кездесетін құрал-саймандар: диск тәріздес қола айна, тас алтарь, жалпақ етіп өңделген сүйек (бояу езуге арналған), шаруашылық заттар (дәнүккіш, ұршықбас, т.б.).
Б.з.б. VІІ-V ғасырларындағы керамика жапсырмалы ыдыстар түрінен тұрады. Олар шамот пен ұсақ әктас бөлшектері қосылған саз балшықтан дайындалған, түсі сұр не болмаса қоңырқай, кейде сырты сұйық балшық қаптамамен көмкерілген, онда қызыл бояудың аққан іздері байқалады. Биік тік мойыны бар және жайпақ түпті, көбінесе жылтыратылған, алмұрт бітімдес ыдыстар керамиканың негізгі түрлері болып табылады. Шүмегі түтікше ыдыстар Түгіскен мен Ұйғарақтағы б.з.б. VI ғасырдағы қабірлерден табылды, Қазақстан аумағындағы басқа сақ кешендерінде олар ұшыраспады. Сонымен бірге Оңтүстік Түгіскен мен Ұйғарақта бір не екі тұтқасы бар жапсырма сапты аяқтар, ернеуі ішіне қарай аздап емеурілген, бүйірі шығыңқы тостағандар да кездесті.
Арал маңындағы ерте сақ қабірлерінен б.з.б. VІІ-V ғасырларда кездесетін тас алтарь немесе құрбандық ыдысының екі түрі бар: бірінің аяғы бар, екіншісінің аяғы жоқ. Аяқсыз құрбандық ыдыстар тұрпаты сопақша және тұмсық тәріздес болып бөлінеді. Олардың жанында бояу жағылған малта тастар жатады, құрбандық ыдыстардан бояу іздері немесе отты имитация жасайтын қызыл реальгар секілді заттар да ұшырасады. Алтарь кездескен әйел адамдардың қабірі абыз моласы ретінде қарастырылады, ал олардан табылған айналардың магиялық мәні де болған сияқты.
Ең көп таралған Арал өңірі сақтарының қару-жарағы садақ пен жебе болып табылады. Садақ қалдықтары табылмаған, алайда жебе ұштары молынан ұшырасқан. Молалардағы жебе ұштары әдетте қорамсақта жатқан. Түгіскендегі б.з.б. Ү ғасырға жататын обалардың бірінен 50 шақты жебелері (ұзындығы 70 см) бар қорамсақ табылған. Қорамсақ теріден жасалған. Оның төменгі шеті алтын жапсырма тоғалармен әшекейленген. Үстіңгі жағында алтын қапсырма қаусарып тұрған клапаны болса керек. Қорамсақты сол жаққа тағып жүрген, жебе ұштары тәртіп бойынша төмен қаратылған. Сүйек жебе ұштары (екі қалақшалы ромб түрінде, ұңғымалы) да кездесіп отырады. Мұнда да жебе ұштарының басты-басты екі түрі – қысқа сапты және ұңғылы түрі қатар қолданылған. Б.з.б. VІІ-V ғасырлардағы обалардан ұңғылы және сапты металл жебе ұштарының болуы тән. Қысқа мойынды жебе ұшының орнына б.з.б. VI ғасырдың екінші жартысында қанды басы үш қанатты немесе үш қырлы ұңғылы жебе ұшын қолдану басқа аудандарға қарағанда ертерек басталды. Б.з.б. V ғасырға қарай сапты жебе ұштарын ұңғылы (төлкелі) үш қалақты және үш қырлы жебе ұштары (б.з.б. VІ ғасырда кеңінен таралған) біртіндеп ығыстыра бастайды.
Қанжарлардың екі түрі белгілі. Бірі қоладан, келесісі темірден жасалды. Алғашқысының ұштығы саңырауқұлақ тәрізді, екіншісінің айқыштамасы (балдағы) көбелек түрінде.
«Савромат әлемімен», оның ықпалымен байланысты болған қару-жарақтардың біріне б.з.б. Ү ғасырға жататын обалардан алынған ұзын темір семсерлер жатады. Қазба кезінде табылған осындай бір семсердің ұзындығы 1,25 м-ге жеткен, оның сопақша келген сабы, көбелек тәрізді айқыштамасы бар. Семсер ағаш қынапта жатқан, қынаптың сырты алтын қаңылтыршадан жасалған қапсырмалармен сәнделген. Оның айқыштама тұсында арқардың басы бедерленген. Жүзінің орта бөлігіне қасқырға келіңкірейтін фантастикалық аңның бейнесі түсірілген. Тағы бір семсер (ұзындығы 1,1 м) сабының екі бүйіріне білік жасалып, бүйрек түріндегі айқыштама орнатылып, соңында ол тырнақ тәрізді ұштыққа айналған. Бізге қынаптар жете қоймаған, бірақ аң стилінде бейнелер түсірілген тік бұрышты алтын пластина сынығы соның жапсырмасы болуы ықтимал.
Ерте сақ жүгендері де ерекше қызығушылық туғызады. Ұйғарақтағы қабірлердің жартысынан дерлік жүгеннің калдықтары – ауыздықтар, айшықтар, әр түрлі қапсырмалар, сондай-ақ тартпалардың айылбастары табылған. Кейбір ауыздықтардың, айшықтардың түрлері мен оларды жасау әдістерінде, айылбастарында және жүген жиынтығының бірқатар заттарында ғана емес, сонымен қатар сол жиынтықгарға кіретін заттардың өз құрамында да ұқсастық байқалады. Алайда Ұйғарақтағы ер-тұрман ауыздық пен айшықты бірге құйып шығарған ерекше үлгіде болды. Сондай-ақ, үш тесікті мүйіз не қола айшықты, үзеңгі түріндегі шығыршықты ауыздықтары бар жүгендер де ерекше үйлесімімен көзге түседі. Ұштары тікбұрышты жұмыр келген және қосарлы қондырмалы айшықтары бар, бітімі өзгеше ауыздықтардың Арал өңірінен көптеп табылуы бұл ауданның осындай үлгідегі жүген жасайтын орталықтардың бірі болғанын көрсетеді. Ат әбзелдері құрамына кірген заттардағы алтын қапсырмалар, тоғалар мен жапсырмаларға аңның бейнелері түсірілген. Хайуанаттар бейнелерінің арасында бұғы, киік, жылқы, таутеке, қабан, арыстан, барыс не қабылан, жыртқыш құс, түйе бар. Бұл заттардың жасалу әдістері мен стилі Арал өңірі сақтарының мәдениетін скифтік-сібірлік өнер дүниесіне енгізеді.
Арыстанды бейнелеу Арал маңы сақтарының тұрақты тақырыптардың бірі болып табылады. Ең ерте кезге (б.з.б. VІІ-VІ ғасырлар) жататын төрт олжа бар, олар отырған арыстандар түсірілген төрт пластина. Жалпы алғанда, Оңтүстік Түгіскеннің № 45 обасындағы б.з.б. VII-VI ғасырларға жататын кешеннен отырған арыстанның бейнесі салынған тартпаның екі тоғасы (дәл сондай тоға Ұйғарақта да бар), басы артына қарай бұрулы отырған арыстандарды ойып салған төрт алтын тілік табылды. №31-обадан Алдыңғы Азиядағы ежелгі түріне ұқсас түрегеп тұрған арыстан мүсіні бар алтын қаптырма табылды. №53-обадан табылған жүріп келе жатқан арыстандардың мүсіндері осындай үлгіге еліктелінгені анық, бірақ аң мүсінін орналастыруда өзгеріс бар, көздерін дөңгелек дерлік етіп жасаған, жалы жоқ.
Скиф-сібір өнерінде кеңінен танымал жыртқыш құстың бейнесі Сырдарияның төменгі ағысындағы сақтардың да өнерінде көрініс тапты. Көбіне өз ерекшеліктерімен салынған жыртқыш құстың басы түріндегі қаптырмалар көп, әдетте оны өз ерекшеліктеріне әбден бейімдендіріп бейнелейді.
«Скиф әлемінде» кеңінен танылған жылқы бейнесі жекелген заттарға салынған. Әсіресе бұл жерде екі қола қапсырма өзіне ерекше назар аудартады, мұнда жылқылардың басы геральдикалық тұрғыдан берілген, олардың бірінде ат тұяғы түріндегі ілгек орналасқан.
Құйрығының ұшын қайқайта иген және аяғының нобайы бар белгісіз бір жыртқыштың мүсінінің бергі жағына өзінің көрнектілігі жөнінен екі бұғы өте тамаша бейнеленген алтынның жалпақ тілігі (Оңтүстік Түгіскен б.з.б VII ғасыр) Арал өңірі сақтарының бейнелеу өнерінің ертедегі үлгілері катарына жатады.
«Скиф әлемінде» кеңінен мәлім таутеке мен қабанды бейнелеу де Арал өңірі сақтары өнерінде кездескен. Олардың басқа заттарда бейнеленген түйенің басы секілді жергілікті мотивке жататындығы сөзсіз.
Аң стилі өнерінде фантастикалық хайуандардың бейнесі жиі кездесіп отырады. Олардың бейнесі хайуанаттар әлеміне кіретін түрлі өкілдердің бейнесімен астасып жатады. Оңтүстік Түгіскен қорымындағы обадан алынған семсер қынабына тағылған алтын жапсырма дәл осындай өнер туындысын көрсетеді. Онда жерге бірінен кейін бірі жабысып жатқан екі фантастикалық аң бейнеленген. Сауыры мен бұралаңдаған құйрығы мысық тұқымдас аңдарды еске түсіреді, басы аттың басына ұқсас, тістерін ақситқан араны қасқырдыңкіне ұқсайды. Иық тұсына үш бұрыш түрінде ою-өрнек түсірілген.
Оңтүстік Түгіскен мен Ұйғарақ кешендерінен сақ әлемінің оңтүстік ортаазиялық және алдыңғы азиялық елдермен байланыс жасағаны (бейнелеу өнерінде арыстан мен қабылан, шеттен әкелінген ыдыстар, моншақтар) нақты көрініс табады. Шығыс Арал маңындағы ерте сақ ескерткіштерінен табылған олжалар кейбір бейнелердің алдыңғы азиялық екендігін дәлелдейді. Сонымен қатар іргелес аймақтарға тән бірқатар олжалар да анықталып отыр.
Арал өңіріндегі, Орталық және Солтүстік Қазақстандағы, Жетісу жеріндегі ерте сақ мәдениеттерінің өзара жақындығы аңғарылады.
Арал маңындағы Жаңадарияның орта ағысындағы аңғардан табылған сақ ескерткіштерін зерттеу нәтижелері, олардың б.з.б. Ү ғасыр соңы мен б.з.б. V-ІV ғасырлар шебінен б.з.б. ІІ ғасырға дейінгі уақытты қамтитындығын дәлелдеп отыр. Мұндағы бірқатар ерекшеліктер (таралу типі, керамикалық кешен, жерлеу ғұрпы мен құрылыстар) Шірік-Рабат қаласының атауынан келіп шыққан шірік-рабат мәдениетінің ғылымда орын алуына мүмкіндік берді, қазіргі күнде археология тарихнамасында оның өзіндік орны бар.
Көрсетілген уақытқа алты бекіністі қоныстар (Шірік-Рабат, Бәбіш-Молда, Баланды, Қабұлқала (Шағырлы), Шірік-3, Сеңгірқала) мен 200 шақты бекінісі жоқ қоныстар жатады. Соңғы аталғандардың басым бөлігі ирригациялық құрылыстар аймағымен тығыз байланысты. Сондай-ақ екі жүзден астам жер бетіне салынған қабір құрылыстары, біраз оба үйінділері, екі топырақты оба мен бірнеше қолөнер кешендері (күйдіретін пештер, мүсін жасау өндірісі мен күйдіруге жерлер, шеберханалар) де белгілі. Аталған ескерткіштердің тек кейбіреулерінде ғана қазба жұмыстары жүргізілген.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   ...   138




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет