Қазақстан Қазан төңкерісі және кеңес үкіметінің орнауы кезеңінде


Қазақ жері: «ақтар» мен «қызылдар» текетіресі аясында. «Әскери коммунизм»



бет2/3
Дата26.11.2023
өлшемі33,5 Kb.
#128550
1   2   3
Байланысты:
Дәріс 10

2. Қазақ жері: «ақтар» мен «қызылдар» текетіресі аясында. «Әскери коммунизм».

Азамат соғысы – мемлекет ішінде билік үшін сол ел азаматтарының өзара соғысы. 1918-1920 жж. Азамат соғысының себептері:



  • Биліктің алмасуы және меншік түрлерінің өзгеруіне байланысты әлеуметтік-экономикалық және саяси қарама-қайшылықтардың шиеленісуі;

  • Құрылтай жиналысын большевиктердің күшпен таратуына байланысты демократиялық жолмен даму мүмкіндігінің жойылуы;

  • Әр түрлі саяси күштер мен әлеуметтік топтар арасында саяси және әлеуметтік ымырашылдық тәжірибесінің болмауы,большевиктердің ұлттық келісім тактикасына кеш түсуі;

  • Большевиктердің экономикалық саясаты және оны жүзеге асыру әдістері экономикалық дағдарысты жоя алмауы;

  • Шетел интервенттерінің Ресейдің ішкі істеріне араласуы.

«Ақтар» деп аталған контрреволюциялық күштер бірігіп большевиктерге қарсы ашық қарулы қарсылыққа дайындала бастады. Азамат соғысы билік үшін күрестің жалғасы болды, сол себепті де революция мен азамат соғысы арасында ешбір дәл шекара болған емес.
Азамат соғысының басталуына түрткі болған Чехословак корпусуның бүлігі болды. 1918 жылы мамырдың соңында контрреволюциялық күштер Петропавлды, маусымда Көкшетауды, Ақмоланы, Омбыны, Павлодарды, Семейді, Қостанайды басып алды.
Бүлікті пайдаланған атаман А.Дутов 1918 жылғы маусымда Орынборды алып, Қазақстанды Орталық Ресеймен байланыстыратын теміржолды кесіп тастады. Қызыл әскер темір жол бойымен Ақтөбеге қарай шегінді. Ақ гвардияшылар Ташкентке қарай жылжуын тоқтату мақсатымен Ақтөбе майданы құрылып, оның қолбасшысы болып Г.В.Зиновьев тағайындалды. Осы кезде Далалық өлкенің Төтенше комиссары Ә.Жангелдинның экспедициясы ұйымдастырылды. 1918 ж. 18 шілдесінде Мәскеуден шыққан экспедиция Волга, Каспий теңізі, Маңғышлақ арқылы жүріп 11 қарашада Шалқарға жетті. Олар Ақтөбе майданының бірнеше мың әскеріне қару-жарақ пен оқ-дәрі жеткізіп берді.
Ақтөбе майданы Азамат соғысында маңызды рөл атқарды, 1918 ж. қазанында ақ гвардияшылардың Орта Азия мен Қазақстаннның оңтүстігіне өту мақсатымен басталған шабуылын тоқтатып, қарсыласты кейін шегіндірді. 1919 ж. Орынбор, Орал, Орск қалалары азат етілгеннен кейін Ақтөбе майданының әскерлері Шығыс майданнының құрамына еніп, Ақтөбе майданы таратылды.
1918 ж. жазы мен күзінде Жетісу облысында соғыс қимылдары жанданды. Колчак әскері Іле өлкесін, Верныйды басып алып, ары қарай Қазақстанның оңтүстігі мен Орта Азияға жетуді көздеді. Сергиополь (Аягөз), Үржар, Сарқанд және басқа елді мекендер басып алынды. Ақ гвардияшылардың осы бағыттағы шабуылын тоқтату мақсатымен 1918 ж. жазында Солтүстік Жетісу майданы құрылды. 1918 жылдың аяғында Жетісу майданында атаман Анненковтың дивизиясы және басқа да ақ гвардияшыл бөлімдермен табан тірескен ұрыстар өрши түсті. Елде «ақ» және «қызыл» террор кең құлаш жайды.
Азамат соғысының басталуы жағдайында Кеңестер әскери құрылысқа Түркістан мен Қазақстанның жергілікті байырғы халқын тартты. «Мұсылман бөлімдері» деп аталатын әскери бөлімдер құрылды. Мұндай бөлімдер көбінесе ұзақ тұрақтамады. Оның себептері көп еді. Бір жағынан, ұлы державалық шовинистер қаруланған мұсылман Ресейдің жауы деп пайымдады. Екінші жағынан, қазақтар армия үшін «сенімсіз элемент және олар әскери қызмет құрметін көрсетуге жеткен жоқ, олардың адалдығына сенуге болмайды» деп санаған бұрынғы отаршыл отарлықтың сенбеулігі әсер етті.
1918 жылдың жазында кеңес елі үшін ең басты майдан – Шығыс майданы болды. 1919 жылғы қаңтар айында Қызыл армия Орынбор мен Оралды алды. Мұның өзі Кеңестік Ресейдің Қазақстанмен және Орта Азиямен тікелей байланысты қалпына келтіруге мүмкіндік берді.
Бүкіл Қазақстан аумағында ақ гвардияшыларға қарсы партизан қозғалысы өрістеді. Партизан қозғалысына әскерден қайтқан солдаттар мен матростар, Ақпан революциясы мен Қазан төңкерісіне, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына қатысқандар басшылық етті.
Солтүстік Жетісуда Кеңес үкіметін орнатуда Черкасск қорғанысы (1918 жылғы маусым -1919 жылғы қазан) үлкен рөл атқарды. Колчак тылында шаруалар шабуыл жасап, 1919 жылғы сәуірде Қостанайды шабуылмен алды. Көтеріліске шыққандар Әскери Кеңес, Әскери революциялық трибунал, партизан армиясының штабын сайлады. Алайда қалада орнығып қала алмады. Жақсы қаруланған Колчак отрядтары Қостанайды қайта басып алды. Шығыс Қазақстан территориясында «Таудың Қызыл Қырандары» партизан отряды ақ гвардияшыларға қарсы күрес жүргізді.
Қазақстандағы Колчак әскерлерін талқандау Шығыс майданның Солтүстік және Оңтүстік топтарына жүктелді. 1920 ж. басына қарай Қазақстан аумағы біртіндеп ақ гвардияшылардан азат етілді.
Азамат соғысының кескілескен қырғынында 8 миллион адам қаза тапты. Қызылдар мен ақтардың қимылынан алдымен қарапайым халық зардап шекті. Олардың қайсысы болса да малды, ең алдымен, аттарды өз қарамағаны алып, қазақтар арасында күштеп мобилизация жүргізді, ауылдарды және даланы өртке орады. Атамандар Дутов пен Анненковтың казактары ерекше қатыгездігімен көзге түсті. 1918 жылғы қазан айында атаман Анненков Өскеменге «Моңғол» деген кемемен келіп, Өскемен уездік кеңесінің тұңғыш төрағасы Яков Ушановты сулы киіз төсенішке орап, кеменің лаулап жанып жатқан ошағына тастайды.
Азамат соғысы жылдары «әскери коммунизм» саясаты енгізілді. Оның мақсаты - нарықтық, тауар-ақша қатынасын жойып, материалдық ынтаны экономикадан тыс, директивалық әдістермен ауыстыру, экономиканың барлық саласына қатаң мемлекеттік бақылау орнату. «Әскери коммунизм» саясатының шаралары:

  • Өнеркәсіпті национализациялау;

  • Жаппай еңбек міндеткерлігін енгізу;

  • Азық-түлікті бөлуде, жалақы төлеуде теңгерме ұстанымын қолдану;

  • Қала мен ауыл арасында тікелей тауар алмасуын енгізу әрекеттері;

  • Азық-түлік салғыртын енгізу;

  • Жеке саудаға тыйым салу;

  • Жерді жалға беруге және жалдамалы еңбекті пайдалануға тыйым салу.

Қызыл Армия мен еліміздің орталық өндіріс орындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету ерекше маңызды роль атқарды. Сондықтан азық-түлік салғырты соғыс коммунизмі саясатының негізгі құрамды бөлігі болды. Оның мәні: азық-түліктің артығын шаруалардың мемлекетке міндетті түрде өткізуі. Азық-түлік салғырты ХКК (Халық Комиссарлар Кеңесі) 1919 ж. 11 қаңтарындағы Декретімен енгізілді. Бұл шара шаруалардың жаппай наразылығын тудырып, олардың бір бөлігінің ақ гвардияшылар қатарына қосылуына алып келді. Алайда Кеңес үкіметі бұл төтенше шара тек соғыс уақытында қалыптасқан қиыншылықтарға байланысты енгізілді, соғыс аяқталған соң азық-түлік салғырты жойылады деп уәде берді.
Билікті қатаң орталықтандыру соғыс жағдайында ел ресурстарын мобилизациялау арқылы әскерді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Азамат соғысының қарсаңында Қазақстанда жаңа билік органдары құрыла бастады. Алайда басталған соғыс бұл шараларды біраз уақытқа шегерді. Қазақстан аумағы ақ гвардияшылардан азат етіле басталуына байланысты РСФСР Халық Комиссарлары Советінің 1919 жылғы 10 шілдедегі декреті бойынша Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет (Қазревком) құрылды.
Ол өлкедегі ең жоғарғы әскери-азаматтық басқарма болып саналды. Қазревком басшысы – С. Пестковский. Қазревкомның алғашқы құрамына В. Лукашев, Ә. Жангелдин, С. Меңдешев тағы басқалар кірді. Комитет құрамы жиі өзгеріп тұрды. Мұның өзі ревкомның іскер құрамын қалыптастыруға байланысты еді. Әр кездері қазақ революциялық комитетіне Т. Седельников, Ә.Әйтиев, С.Арғыншаев, А. Әлібеков, А. Авдеев, В. Покровский, С.Сейфуллин және басқалар мүше болып кірді. 1920 жылдың 26 тамызында С. Пестковскийдің Батыс майданға шақырылуына байланысты Қазревкомның председателі болып, В.А.Радус-Зенькович тағайындалды.
Қазревкомның міндеттері:

  1. Контррреволюция мен интервенцияға күресу;

  2. Өлкеде мемлекеттік шаруашылық, мәдени құрылыс орнату;

  3. Өлке кеңестерінің Құрылтай съезін әзірлеу

Қазревкомның алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – қазақ жерлерін біріктіру болды. Осы бағытта біраз жұмыс атқарылды. Қазревкомның губерниялық және уездік ревкомдардың нұсқаушы –ұйымдастырушылары еңбекші халыққа, жергілікті партия және кеңес белсенділеріне елеулі көмек көрсетті. Олар ревком ұйымдастырып, олардың жұмысын бастап кетуіне көмектесті. Қазақ жерлерінің бірігуіне қарсылық көрсеткен күштер де болды. Әсіресе, Сібір өлкесінің басшылығы Ақмола және Семей облыстарының жерлерін өз құрамында сақтап қалуға тырысты. Олардың басты дәйегі – тұрғылықты халықтың басым бөлігін орыстардың құрауы болды.
Соғыс жағдайы революциялық биліктің төтенше органы – Қазақ революциясының комитеттерден Қызыл Армияның ақ гвардияшыларды түпкілікті талқандауына көмектесуді талап етті. Олардың басшылығымен мобилизациялық және қорғаныс шаралары жүргізіліп, әскери командованиеге жан-жақты көмек берілді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет