Қазақстан Қазан төңкерісі және кеңес үкіметінің орнауы кезеңінде
Қазан төңкерісі және Қазақстандағы саяси өмір: Алаш және қоқан автономияларының құрылуы.
Қазақ жері: «ақтар» мен «қызылдар» текетіресі аясында. «Әскери коммунизм».
Кеңестік тоталитарлық басқару жүйесінің негіздерінің қалануы. Жаңа экономикалық саясат
1. Қазан төңкерісі және Қазақстандағы саяси өмір: Алаш және қоқан автономияларының құрылуы.
1917 ж. күзіне қарай Ресейде жаңа революциялық дағдарыс пісіп жетілді. Оның басты себебі бүкілресейлік әлеуметтік-экономикалық және мемлекеттік-саяси дағдарыс болды.
- Бірінші дүниежүзілік соғыс Ресейдің шаруашылық қирауына алып келді. (1917 ж. жазына қарай өнеркәсіптік сектордың өнімі 1916 ж. салыстырғанда 36,5 пайызға азайды. 1917 ж.наурызынан қазан айына дейін 800 жуық кәсіпорын жабылып, бұрын-соңды болмаған жұмыссыздыққа алып келді).
- Қаржы жүйесі толықтай істен шықты. (Уақытша үкімет өзі басқарған сегіз айдың ішінде 9 млрд. Сомның несиелік билеттерін басып шығарды, ал Николай ІІ үкіметі болса соғыс болған 32 ай ішінде 8,3 млрд. Сомның қағаз ақшасын шығарған болатын. «Керенка» (уақытша үкіметтің басшысы А.Ф.Керенский) аталатын қағаз ақшаның орасан зор көлемде Ресей экономикасына енгізілуі бұрын-соңды болмаған ауыр инфляцияға алып келді. 1917ж. қазанына қарай рубльдің сатып алу мүмкіншіліг бар-жоғы 6-7 тиынды құрады, ал жалақы 50 пайызға қысқарды).
- Соғыстан туындаған ауыр шаруашылық елдегі саяси дағдарыс одан әрі шиеленістіріп жіберді. Уақытша үкімет маңызды мәселені шеш алмады.
Елде қалыптасқан жағдай халықтың наразылығын күшейтті. 1917 ж. 24 қазанда Петроградта қарулы көтеріліс басталды. 25 қазанның таңертеңіне қарай қаладағы маңызды нысандар: вокзалдар, электростанциялар, телефон станциялары, мемлекеттік мекемелер, банктер, көпірлер кеңес өкіметін жақтаушылардың қарамағына өтті. Уақытша үкімет тұтқындалды. 25 қазанда таңертең В.И.Ленин әзірлеген «Ресей азаматтарына» деген үндеу жарияланды. 25 қазанның кешінде Смольныйда Кеңестердің Бүкілресейлік ІІ съезі ашылды. Съезд «Жұмысшыларға, солдаттарға және шаруаларға» үндеуінде бүкіл өкімет билігінің Кеңестерге өткенін мәлімдеп, қарулы көтерілістің жеңіп шыққанын баян етті. Съезд «Жер туралы декрет» және «Бітім туралы декрет» қабылдады. «Жер туралы декретте» жерге жеке меншік жойылып, ол мемлекет меншігіне өтетіндігі жарияланды. «Бітім туралы декрет» бойынша кеңес өкіметі «барлық соғысушы жақтарға аннекциясыз және контрибуциясыз демократиялық бітім жасау үшін тез арада келіссөздер бастауды ұсынады.
Кеңес үкіметінің алғашқы актілерінің бірі 1917ж. 3 қарашасында жарияланған «Ресей халықтары құқықтарының Декларациясы» болды. Онда жұмысшы-шаруа мемлекетінің ұлт саясатының негізгі принциптері:
Ресей халықтарының теңдігі мен егеменділігі, олардың өзінің мемлекет құрылысын өзі шешу құқығы жарияланды.
Кеңес өкіметінің ұлт саясатының бағдарламасы осындай болды. 1917 ж .20 қарашасында Кеңес үкіметінің «Ресей мен Шығыстың барлық еңбекші мұсылмандарына» Үндеуі жарияланып, онда мұсылмандардың діни сенімдері мен әдет-ғұрыптары, ұлттық және мәдени мекемелеріне еркіндік беріледі, қорғалады делінеді.
1917 ж. 30 қазанда Қазақстанда алғаш рет өкімет билігін Перовск (қазіргі Қызылорда) жұмысшылары мен солдаттары өз қолдарына алды. 3 қарашада қарулы қақтығыс нәтижесінде Кеңес өкіметі Ташкентте орнатылды. 6 қарашада Әулиеатада, қарашаның бас кезінде бейбіт жолмен Черняевте (қазіргі Шымкент) билік Кеңестердің қолына өтті. Желтоқсанда- Бөкей ордасында, Петропавлда, Көкшетауда, Атбасарда, Қостанайда 1918ж. қаңтарында –Ақтөбеде, 18 қаңтарда атаман А.Дутовтың қарулы қақтығысын басу нәтижесінде Орынборда кеңес өкіметі орнатылды. 17 ақпанда Семейде, кейіннен Өскеменде, Қарқаралыда, Зайсанда орнықты. 3 наурыз күні Верныйда, наурыз айының ішінде бүкіл Жетісу облысында Кеңестер билікті өз қолдарына алды. Оралда кеңес өкіметінің орнауы аса қиын жағдайда жүзеге асырылды. 1918ж. 15 қаңтарында орнатылған кеңестердің билігі 29 наурызда құлатылды, тек азамат соғысы жылдарында билік қалпына келтірілді.
Қазақстанда кеңес өкіметінің орнатылуы біркелкі жүрген жоқ. Оның аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму және саяси күштердің күш ара-қатынасына байланысты ерекшеліктері болды. Бірқатар аудандарда бұл үрдіс ұзаққа созылған қантөгіс қақтығыстар нәтижесінде жүзеге асырылса, кейбір аудандарда бейбіт жолмен өтті. Жаңа өкімет Торғай, Жетісу, Орал облыстарының көптеген аудандарында қарулы қақтығыстар барысында орнатылды. Шымкент, Әулиеата, Бөкей ордасы, Түркістан, Қазалы, Көкшетау, Ақмолада біршама бейбіт жолмен орнады. 1917 ж. қазанынан 1918 ж. наурызына дейін Кеңес өкіметі Қазақстанның барлық дерлік аймақтарында орнады. Жаңа өкіметке қарсылық негізінен Орынбор, Орал және Жетісу аймақтарында орын алды.
Кеңес өкіметінің алғашқы әлеуметтік-таптық іс-шаралары:
Экономикалық салада - өндіріс пен бөлуге жұмысшы бақылауын енгізу; банктерді национализациялау; өнеркәсіп пен көлікті национализациялау; жер мәселесі.
Әлеуметтік салада қолға алынған мәселелер - азық-түлік мәселесі, жұмыссыздықпен күрес, халық ағарту ісі, халықтың денсаулығын сақтау.
1917 ж. 26 қарашасында Қоқан қаласында мұсылмандардың өлкелік IV төтенше съезі ашылды. Оның жұмысында 30 астам делегат қатысты. Съездің белсенді қатысушыларының қатарында Ә. Бөкейханов, М. Тынышпаев, М. Шоқай, және тағы басқалар болды. 27 қарашада съезде Түркістан автономиясын (Түркістан мұхтариаты) құру туралы шешім қабылданды. Сол жерде 12 адамнан тұратын Уақытша үкімет құрылды, оның 8 - жергілікті халықтың өкілдерінен, 4 - басқа ұлт өкілдерінен сайланды. Автономия үкіметінің алғашқы басшысы Мұхамеджан Тынышбаев 1918 жылы қаңтарда өз еркімен қызметтен кетіп, орнына Мұстафа Шоқай сайланған. Сонымен бірге 54 адамнан тұратын Ұлттық жиналыстың (Милий мажлис) құрамы айқындалды, оның құрамының үштен бір бөлігі жергілікті емес халықтардың өкілдеріне берілді. 1917 ж. 1 желтоқсанында Түркістан автономиясының үкіметі өлке халқына Үндеу жолдап, онда Түркістан Ресей Федеративтік демократиялық республикасының автономиялық құрамдас бөлігі болып табылады деп жарияланды. Автономияның орталық органдарының Қоқан қаласында орналасқандығына байланысты ол Қоқан автономиясы деп те аталды.
1918 ж. қаңтарында Қоқан автономиясы большевиктер тарапына қысымға ұшырады. Олар М. Шоқайдан Кеңес үкіметін мойындауды және милицияны таратып, қарусыздануды үзілді-кесілді талап етті. Алайда, М. Шоқай бұл талаптарды орындаудын бас тартты. Автономияны жою мақсатымен Кеңес үкіметі 1918 ж. 6 ақпанында әскер жіберіп, Қоқанды қырғынға ұшыратып, автономияны жойды, «Шура-и-ислами» тарап кетті.
1917 ж. Қазан революциясынан кейін қалыптасқан жағдайды талқылап, іс-әрекет жоспарын қабылдау үшін 1917 ж. 5-13 желтоқсаны аралығында Орынборда Жалпықазақтық Екінші съезд болып өтті. Оның жұмысына Қазақстанның барлық аймақтарынан делегаттар қатысты. Ұйымдастырушылар Ә. Бөкейханов, М. Дулатов т.б. болды.
Съезд келесі мәселелерді талқылады: Сібір,Түркістан автономияларына және оңтүстік-шығыс одағына қатынасы; қазақ автономияларына және оңтүстік-шығыс одағына қатынасы; қазақ облыстарының автономиясы; милиция; ұлттық кеңес; білім беру; ұлттық қор; мүфтият; халық соты; ауылдық басқару; азық-түлік мәселесі.
Съезде талқыланған негізгі мәселе қазақ автономиясын құру болды. Автономия туралы баяндаманы Ә.Бөкейханов жасады, бұл баяндама мен қазақ автономиясын құру туралы мәселе арнайы құрылған комиссияның қарауына берілді. Комиссия атынан сөз алған Х.Ғаббасов «қазан айының соңында Уақытша үкіметтің құлауына байланысты Ресей мемлекеті заңды, беделді билік органынан айырылды. Елде азамат соғысы туындау қаупі бар. Осындай жағдайдан шығудың бірден бір жолы барлық қазақ облыстары мойындайтын билік құру болып табылады,» деп атап өтті. Съезд бірауыздан қазақ облыстарының автономиясын құрып, оны Алаш деп атау туралы шешім қабылдады. Алаш облыстарын «қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен» уақытша ұлттық комитет құрылып, ол Алашорда деп аталынды. «Алашорданың» үкімет құрамы 25 адамнан тұрып, оның 10 орны қазақтар арсындағы басқа ұлт өкілдеріне қалдырылды. Жаңа үкімет орталығы Семей қаласы болды. Алашорданың басшысы болып баламалы негізде Ә.Бөкейханов сайланды.
Алашордашылар Кеңес өкіметімен байланысқа шығып, бір-бірін мойындау туралы мәселе қойды. 1918 ж. сәуірдің 2-не дейін Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтар Мәскеуде автономия алу жөнінде В.И.Лениннің қабылдауында болды. Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасов, Ә.Ермековтар В.И.Ленин және И.В.Сталинмен Қазақ автономиясының жер көлемі, шекарасы туралы келіссөз жүргізді. Алайда, бұл келіссөздер нәтиже бермеді. Осыдан кейін алашордашылар Орынборда өз билігін орнатқан атаман А.Дутовпен, Самарадағы Құрылтай жиналысының комитетімен, Омбыдағы Уақытша Сібір үкіметімен қарым-қатынас орната бастады. Кеңес үкіметімен келісімге келу мүмкіндігінен айырылған соң Алашорда оған ашық қарсы шыға бастады. 1918 ж. маусымында Алашорда қаулы қабылдап, онда: «Кеңес өкіметі шығарған декреттер Қазақстан жерінде өз күшін жойды,» - деп жазды. Тамыз айында Семейде алғашқы Алаш атты әскер полкі құрылды.
1918 ж. 11-14 қыркүйегі аралығында Уфа директориясы деген атпен белгілі кеңес болып өтті. Оның құрамына кеңес өкіметіне қарсы саяси күштер біріктірілді. Уфа директориясы Ресейде бірыңғай орталық өкімет қалпына келтірілді, соған байланысты ендігі жерде жергілікті автономиялар, соның ішінде Алашорда да өмір сүруін тоқтатуы қажет деген шешім қабылдады. Сонымен, кеңестерге қарсы барлық күштерді біріктірген Уфа директориясы өз шешімімен Алашорданы жойды.
Бұл кезде Алашорда екіге бөлініп кетті. 1918 ж. 11 қыркүйекте Жымпитыда Х. Досмұхамедов басқарған Алашорданың Батыс бөлімі құрылды. Алашорданың Шығыс бөлігі Жаңа Семей қаласына көшірілді.
Азамат соғысы жылдарында Алашорда Кеңес үкіметіне жау күштерімен одақтас болды. Дегенмен Кеңес үкіметі Қазақстанда халықтың қалың бұқарасын өз жағына тарту Алашорда құрамында болған қазақ зиялыларының қолдауынсыз мүмкін емес екендігін жақсы түсінді. Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетінің (БОАК) 1919 ж. 4 сәуірдегі қаулысында «Кеңес өкіметіне қарсы азамат соғысына қатысқан қырғыздар (қазақтар), сондай-ақ қырғыздардың бұрынғы ұлттық «Алашорда» үкіметінің бұрынғы мүшелері өздерінің бұрынғы контрреволюциялық қызметі үшін ешқандай қуғынға салынып, жазаға тартылмауы тиісті»,- деп көрсетілген.
Сол жылдың 21 желтоқсанында Алашаорда Кеңестер жағына шығу туралы шешім қабылдады. 1920 ж. 9 наурызында Алашорданы жою туралы шешім қабылдағаннан кейін ол өмір сүруін тоқтатты.