Қазақстандағы ресми тізімге енген және болашағы бар дәрілік өсімдіктерсипаттамасы. Дәрілік өсімдіктерді жинаудың арнайы ережелері бар. Бұл ережелерді қатаң сақтау керек, өйткені оларды сақтамаған жағдайда құнды шикізаттың айтарлықтай бөлігі бұзылады. Дәрілік өсімдіктерден алынатын шикізаттың барлық түріне шикізаттың келбеті, нормасы, оны анықтауыш қасиеттері, сақтау, буып-түюдің және маркерлеудің мемлекеттік стандарттары, техникалық шарттары мен фармакопейлік мақалалары бар. Майдаланған өлшеп қапталған өсімдік текті шикізаттардың бір бөлігі дәріханаларға жеткізіледі. Шикізаттың негізгі бөлігі химикофармацевтика заводтарында препараттар жасау үшін қолданылады. Алынатын фитохимиялық препараттар әдетте әр түрлі дайын дәрілік түрде шығарылады. Дайындалатын дәрілік өсімдіктердің бір бөлігі шетелге экспортталады. Шикізаттың бұл түріне шетел рыноктарында үнемі сұраныс болады. Денсаулық сақтаудағы дәрілік өсімдіктерді пайдаланудың негізгі жолдары осындай. Бұл жұмыс күшін адамдарды талап ететіні түсінікті жағдай. Дәрілік өсімдіктерді жинайтын адамдардан басқа ауылдардың маманданған жұмысшылары, агрономдар т.б. болады. Көптеген ғылыми зерттеу институттары, фармакогнозия кафедралары және ботаниктер, фармацевтика институттарында әр түрлі бағытта дәрілік өсімдіктерді зерттеумен айналысады. Дәрілік өсімдіктердің таралу орындары мен ресурстарын анықтап, картаға түсіреді; олардың биологиялық ерекшеліктерін, жинап алғаннан кейінгі қалпына келуін зерттейді; емдік қасиетке ие өсімдік құрамындағы заттарды химиялық сараптамадан өткізеді. Дәрілік өсімдіктердің сырт пішіні мен микроскоптық құрылысы егжей-тегжейлі зерттеледі, себебі дәрілік өсімдіктерге ұқсас, бірақ емдік қасиеті жоқ өсімдіктерден ажырата білу керек. Бұл жұмыс өсімдік бүтін болған кезде онша қиыншылақтар тудырмайды, алайда ол кептірілген және майдаланған ұнтақ түрінде болса, тек микроскоп арқылы ғана анықтауға тура келеді.
Дәрілік өсімдіктерден алынатын шипалық қасиеті бар шикізатын толық зерттеу фармакогнозия ғылымы зерттейтін басты мәселелер болып табылады. Фармакогнозия-мамандардан химия мен ботаниканы, сонымен қатар медицинаның бір қатар салаларын білуді талап ететін күрделі ғылым. Фармакология ғылымының өкілдері де дәрілік өсімдіктерді зерттеуде қалыс қалмайды. Фармакология-өсімдіктерден және химиялық жолмен алынған дәрілік заттардың жануарлар мен адам организміне әсерін зерттейтін ғылым. Фармакологтар квалификациясы бойынша дәрігерлер.
Жаңа дәрілік өсімдікті фармакогнозиялық зерттеу – бұл өсімдікті медицинаға енгізудің алғашқы сатысы. Екінші саты – фармакологиялық зерттеу нәтижесінде өсімдік улы ма, улы болса қандай дәрежеде және қанша мөлшерде улы екенін анықтайды. Осыдан кейін фармакологтар дәрілік препараттың лабораториялық жануарлар организмдерінің қызметіне – жүректің жұмысына, жүйке жүйесіне, тыныс алу және асқорытуға физиологиялық әсерін анықтайды.
Фармакологиялық, химиялық және басқа да зерттеулер аяқталып, жаңа емдік препараттың негізгі қасиеттерімен улылық дәрежесі анықталған соң, оны ауруханада клиникалық сынақтан өткізуге беріледі. Клиникада дәрігерлер жаңа препараттың тағдырын шешеді. Алынған барлық нәтижелерді басқа препараттармен салыстырады, осындан кейін бұл препаратты денсаулық сақтау министрлігі бекітіп, химико-фармацевтикалық зводтарға препаратты дайындау туралы тапсырма беріледі.
Дәрілік өсімдіктің табиғи өсетін жерінен науқасқа дейінгі әдеттегі жолы осындай болады. Осы секілді фармацевтер мен химиктердің зерттеулерінен кейін дәрілік өсімдіктегі емдік қасиеті бар қосылыс анықталғанан кейін бұл қосылысты лабораторияда бөліп алып, құрылысын өзгертіп, жақсартуға болмас па екен? деген сұрақ туындайды. Бұл ойлар бұрыннан-ақ зерттеушілерде болған және дәл осы ойлардың дамуына барлық синтетикалық дәрілер химиясы тәуелді.
Мүлде жаңа, табиғатта бұрын соңды болмаған қосылыстарды жасап, олардың жануарлар организіміне әсерін зерттеп, сол препараттармен адамдарды емдей бастауға болады. Қазіргі күні осының барлығы әлемнің көптеген зертханаларында жүзеге асуда. Мұнда заттың құрылысы мен оның биологиялық белсенділігі арасындағы белгілі байланыс анықталады. Осы білімді пайдаланып органикалық молекулалардың бағытталған синтезі арқылы бізге қажетті белгілерге ие биологиялық белсенді заттарды алуға болады.
Қазіргі кезде емдік препараттар ретінде өсімдіктерден жеке биологиялық белсенді заттарды бөліп алу мен пайдалану сонымен бірге жаңа дәрілік заттарды талдау жаңа емдік препараттарды жасаудағы ғылыми жұмыстың басты бағыттары болып есептеледі.
Алайда, химиктер, фармакологтар мен клиницистер қызық бір жағдайға тап болды: дәрілік препараттың тиімділігі барлық кезде оны тазартқанда артпайтыны анықталды. Мысалы, таза аскорбин қышқылы итмұрын жидектерінен жасалған сығындыны толық алмастыра алмайды. Итмұрын жидектерінде С витаминінен басқа каротин, В2, К, Р витаминдері, қанттар, илік заттар мен органикалық қышқылдар болады. Витаминдердің табиғи комплексі басқа заттармен бірге таза аскорбин қышқылына қарағанда басқаша әсер етеді.
Көптеген жағдайда фармацептикалық өндіріс дәрілік өсімдіктерден алынатын заттарды қазіргі күні талданған заттармен алмастыра алмайды. Өсімдіктерден алынған дәрілік препараттардың химиктер зертханада талдаған заттардан бір қатар айырмашылықтары бар. Ең бірінші артықшылығы – бұл заттар тірі клеткада түзіледі. Өсімдіктер мен жануарлар клеткалары арасында айтарлықтар айырмашылықтар болғанымен, бір қатар ұқсастықтары (өсімдіктердің де, жануарлардың да денелерін құрайтын негізгі құрылымдық бірліктер) да бар. Бұлардың тек клеткаларының құрылысы ғана емес, сонымен қатар клеткаларда жүретін көптеген маңызды биохимиялық процестерде ұқсас келеді. Тірі клеткада болатын әр түрлі текті биологиялық белсенді заттар олар улы болса да химиктің қолбасында алынған кейбір заттар секілді жануарлар мен адамдардың тірі клеткаларында барлық химиялық реакцияларды бірден өзгертіп жібермейді.
Өсімдіктерде түзілетін және емдік препараттар ретінде қолданылатын бұл заттардың ерекшеліктері өсімдіктерден алынатын дәрілік препараттардың екінші артықшылығы болып табылады. Жануарлардың дамуы мен эволюциясы өсімдіктердің эволюциясымен тығыз байланысты. Жануарлар өсімдіктер сияқты өз денелерін бейорганикалық заттардан түзе алмағандықтан, органикалық заттармен (өсімдіктер, басқа жануарлар) қоректенеді. Сәйкесінше, жануарлар миллиондаған жылдар бойы өсімдіктермен қоректенуге және олардан өз денелерін түзуге бейімделді. Өсімдіктер мен жануарлардың арасындағы дәл осы тікелей қоректік байланыс өсімдіктердің химиялық құрамы және жануарлар мен адамдардың барлық мүшелерінің қалыпты жұмысы арасындағы тығыз байланыстың себебі болып табылады.
Болашақтың фармацевтикалық химиясының жағдайы қандай болатының болжау өте қиын, алайда, қазіргі күні ол тірі табиғатпен салыстырғанда тиімсіз жұмыс жасауда. Егер тірі клеткада ең қиын процестер айтарлықтай жоғары емес температурада, сирек 25-30 С-та қалыпты қысымда, көп энергия жұмсамай жүрсе, зертханадағы синтетикалық процестер өте күрделі аппараттарда жоғары температура мен қысымда, көп энергия жұмсап жүзеге асады. Көп жағдайда синтездеу үшін материал ретінде сүрек, тас көмір мен мұнай алынады. Ал өсімдіктер болса органикалық заттарды су, СО мен топырақтағы минералды заттар сияқты қарапайым заттардан түзеді.
Қазақстанның өсімдік әлемі әр түрлі пайдалы өсімдіктерге бай, оның ішінде дәрілік өсімдіктердің алатын орны ерекше. Дәрілік препараттардың 40 пайызынан астамы дәрілік өсімдіктерден жасалған. Шөптерден жасалынған препараттардың химиялық құрамы адамға улы әсерінің аздығымен және көп мөлшерде пайдалануға болатын қасиетімен ерекшеленеді.
Дәрілік өсімдіктердің шипалы қасиеттері ерте заманнан (Египет, Үндістан, Қытай, Греция) белгілі. Дәрілік шөптер әлемі әлі де болса толық зерттелген жоқ. Бұл жағынан келгенде Қазақстан құпиясы мол шипалы қойма іспеттес. Мысалы Оңтүстік Қазақстанның әр түрлі дәрілік шөптерге бай өсімдік әлемінде 3000-дай түрлі шөптер өседі, солардың ішінде көп мөлшерде дәрілік өсімдіктер бар. Қазақстанда бірқатар эндемикалық өсімдіктер бар. Бұларға дала жусаны, сүйекті аққурай, және т.б. жатады.
Басқада дәрілік шөптер: мысалы итошаған, мыңжапырақ, түйме шетен, ермен, дәрмене, қалақай, өгейшөп, левзея, бақ-бақ, шай шөп, рауғаш, қызылтаспа, жанаргүл, жұмыршақ, долана, есек мия, ақ мия, дәрілік жоңышқа, киікот, тасшөп, т.б. жатады.
Медицина саласының жетістіктері көбінесе дәрілік өсімдіктерге байланысты. Дәрілік өсімдіктер бұрынғы кездері де адамға өте пайдалы болған және солай болып қалады. Кейінгі кездерде дәрілік өсімдіктерге деген талаптар біршама өсті. Дәрілік өсімдіктер адам ағзасына зиянын тигізбейді, оларды үй жағдайында да адам өзі дайындап қабылдай беруіне болады. Дәрілік өсімдіктерге деген сұраныс Орта Азияда 1970-1980 жылдарда 250 пайызға өсті, оларды дайындау мүмкіншілігі – 75 пайыз, соған қарағанда дәрілік шөптердің жиналуы әлі де болса қалыпты мөлшерде емес. Қазіргі кезде ғалымдар дәрілік шөпке барынша ден қойып, әр шөптің ағзаға қаншалықты пайдалы екенін кеңінен дәлелдеуде. Бұл жөнінде айтарлықтай табысқа жетуде. Осындай пайдалы өсімдіктерді тексере келе дәрілік өсімдіктерді мәдени түрде көбейтуге көңіл аударылуда.
Бұл жерлерде және басқа жақтан әкелінетін жылылық сүйетін дәрілік өсімдіктерді біздің ТМД елдері жағдайына бейімдеп өсіріп, жетілдіруге жағдай туғызылуда. Олардың қатарына: Solanum laciniatum Forst., Cassia abovata Del., Althaea officinalis L., Calendula officinalis L., Rutae graveolentis L., Tanacetum vulgare L., Hyssopus ambiguous (Trautv.) Ilgin, Valeriana officinalis L., Salvia sclarea., Foeniculum vulgare Mill., Aerva lanata (L.) Guss. және т.б. жатады.
Адам денсаулығын қорғау, ауруларға медициналық көмек көрсету денсаулықты қорғаудың басты мәселесі болып табылады. Жыл сайын қолданылатын дәрілік өсімдіктер саны өсуде. Олардың ішінде қазіргі уақытта онкологиялық емдеуге, қан тамыры ауруларына, туберкулез, қант диабетіне қолданылатын дәрілік өсімдіктерге көп көңіл аударылуда.
Мәденилендірілген дәрілік өсімдіктерді зерттеу мен қолдану фармацевтикалық және медициналық өндірістің дамуымен байланысты. Қазіргі заманғы жағдайларда Қазақстанның фармацевтика өндірісін ең перспективті бағыт ретінде дамыту қажет болып табылады, ол бай шикізат базасына негізделеді. Бірақ кейбір жабайы дәрілік өсімдіктердің өндірістік қорларының мөлшері аз және олар қорғауды қажет етеді.
Барлық елдерге дәрілік заттарды қолданудың көп жылдық тәжірибесі халықтық медицина негізінде жатыр. Бірақта өсімдіктерді дәрі ретінде қолдану көптеген уақыт эмприкалық болып қала береді. Тек адам ағзасына күшті физиологиялық әрекет көрсететін табиғи қосылыстарды синтездеу және жинау қабілетін анықтағанда оларды қолдану процестерін түпкілікті өзгертуге мүмкіндік береді.
Дүниежүзілік денсаулықты сақтау ұйымының болжауынша жақын онжылдықта фитопрепараттардың бөлігі жалпы көлемде дәрілік заттардың 60%-ын құрайтын болады.
Дәрілік өсімдіктер бүгінгі күні денсаулық сақтауда маңызды орын алады. Оларды жинау, өсіру және өңдеумен көптеген мемлекеттік және кооперативтік мекемелер айналысады. Сонымен қатар, ескі және жаңа дәрілік өсімдіктерді зерттеу жұмыстары үнемі жүргізілуде.