Қазақстанның дербес сыртқы саясатын жүргізу алғышарттары егемендіктің қалыптасуымен қатар жүрді. 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесі елді алғаш рет халықаралық құқықтың субьектісі деп анықтаған «Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияны» қабылдады. Бұл тарихи құжатта:«Қазақ КСР-нің халықаралық қатынастардың дербес субьектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеуге, дипломатиялық және консулдық өкілдіктер алмасуға, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға құқығы бар», – деп жарияланды.