3 тақырып. Жемқорлық әрекет табиғатының психологиялық ерекшеліктері Жоспар:
1. Жемқорлық мінез-құлықтарының тетіктері.
2. Жемқорлық мінез-құлықтарының тұлғалық детерминанты.
3. Жемқорлықты факторлар ықпалына түспейтін тұлғаны тәрбиелеу ерекшеліктері
Сыбайлас жемқорлық әрекетінің психологиясы, сыбайлас жемқорлық проблемасына арналған көптеген зерттеулер көлемі экономикалық, әлеуметтік және заң тұрғысынан бағалауға ұшырайды. Алайда, сыбайлас жемқорлық әрекеттің психологиялық көзқарасы бойынша қазіргі кездегі түсінігі әртүрлі. Сыбайлас жемқорлық проблемасын психологиялық тілде сипаттау үшін бірқатар негізгі ұғымдар мен олардың анықтамаларын енгізу қажет: сыбайлас жемқорлық әрекет – бұл лауазымды адамның қызметтік жағдайын асыра пайдалану арқылы жеке пайда табуға бағытталған әрекеті; сыбайлас жемқорлық қысымы – лауазымды адамға бұл жеке пайда табу үшін билік өкілеттіктерін асыра пайдалану немесе одан бас тарту арасында таңдау жасауға әкелетін ықпал етудің әлеуметтік және психологиялық факторлар жиынтығы; сыбайлас жемқорлыққа қарсы орнықтылық – бұл сыбайлас жемқорлық қысымына қарсы тұру және қылмыс пен заңға мойынсұнатын әрекет арасында соңғысының пайдасына таңдау жасауды жүзеге асыру қабілетімен көрінетін тұлғалық жүйелік қасиет; сыбайлас жемқорлыққа бейімделу – сыбайлас жемқорлық қысым жағдайында сыбайлас жемқорлық әрекетін таңдауға жеке бейімділік; сыбайлас жемқорлығы дендеген адам – сыбайлас жемқорлыққа жоғары бейімділік және төмен сыбайлас жемқорлыққа қарсы орнықтылықты игерген белгілі бір әлеуметтік тип [1]. Сыбайлас жемқорлық әрекет факторлары сыртқы (сыбайлас жемқорлық қысым) және ішкі (сыбайлас жемқорлыққа бейімділік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы орнықтылық) болып жіктеледі. Әлеуметтік тұрғыдан сыбайлас – бұл жалпы қабылданған әлеуметтік нормаларды бұзу, бұрмалау, зақымдану және кейіннен белгілі бір қоғамдастықта оларды жасырын егу. Егер, бір жағынан, қоғамда және мемлекетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жалпы қабылданған норма ретінде ресми түрде айтылған, ал екінші жағынан, күнделікті қатынастарда тұрмыстық сыбайлас жемқорлық кең таралған болса, ресми айтылған және нақты қолданыстағы мінез-құлық нормалары арасындағы қарама-қайшылық айқын. Салдарынан да, мемлекеттік қызметшілер мен олардың қызметтерін тұтынушылары ретіндегі азаматтардың мүдделер қақтығысы орын алады. Осылайша, әрекеттердің «қосарлы стандарты» психологиясы сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін фактор болып табылады. Бұл ретте қоғамдық қатынастарға қатысушылардың екі жағы да (мемлекеттік қызметшілер мен азаматтар) сыбайлас жемқорлық қысымын сезінеді. Сонымен қатар, ешқандай сыртқы жағдайлар, егер олар сыбайлас жемқорлық тұлғасының ішкі қасиеттерімен келіспесе,құқыққа қарсы әрекеттердің себептерін айқындай алмайды.
Сыбайлас жемқорлық әрекетінің күрделі психологиялық тетігін және оның әрбір элементі қажетті өзара байланыс пен өзара тәуелділікте қаншалықты болғанын түсіну үшін қазіргі заманғы сыбайлас жемқордың бейіні мен оның психологиялық портретін қарастыру керек. Сыбайлас жемқорлық үшін сотталған адамдар арасында жүргізілген психологиялық зерттеу психологиялық бейінді және олардың аз ғана адамдар тобымен араласуға ұмтылысы, жақын қарым-қатынастар орнату кезінде абай болу, сыбайлас жемқорлық құрбандарына қатысты аяушылықтың жоқтығы сияқты бірқатар қасиеттерді айқындап берді. Олар, әдетте өздерінің сыбайлас жемқорлық әрекеті үшін ешқашан жаза болмайды деп ойлайды. Атап айтқанда, қазіргі сыбайлас жемқорлықтың ашықтық және арсыздық сияқты сипаттамасы анықталып отыр. Жасырын, «қауіпсіз» парақорлық үздіксіз дамитынын атап өту керек, өйткені, жемқорлар жасампаздығының жоғарылығы күмән тудырмайды. Шетелдік зерттеулердің деректеріне сәйкес сыбайлас жемқорлық бойынша айлашарғыларда зияткерлігі жоғары және мәселелерді стандартты түрде емес шешетін шығармашыл адамдардың мейлінше жолы болады. Нәтижесінде кейбір сыбайлас жемқорлық сұлбалары мен сыбайлас жемқорлық әрекетін ұйымдастыру тәсілдері әккілікпен және жетілгендігімен таң қалдырады. Сыбайлас жемқорлыққа дендеген тұлғаның психологиялық портреті: өмірді материалдық игіліктер алу арқылы бағалау, молшылық өмірге ұмтылуды бақыт көрсеткіші деп санау, рухани әрекет ұстанымдарын ой елегінен өткізбей уәждеу және құрылымдау, өмірге қанағаттанушылықтың төмен деңгейі, өзін-өзі барабар бағаламау, сыртқы бақылау фокусы (адамның өз өміріндегі оқиғалар үшін жауапкершілікті сыртқы факторларға: басқа адамдарға, тағдырға, кездейсоқтыққа, қоршаған ортаға жабу бейімділігі), әрекет етудің серпінді типі (сыртқы әсерлерге аяқ асты эмоциональдық әрекет жасайтын мінезі бар адам). Сыбайлас жемқорлық әрекеті құрылымындағы психологиялық тетікті талдау. «Психологиялық тетік» деп кейбір функционалдық тұтастықты сипаттау түсініледі және қандай себептерге орай қандайда бір феноменнің пайда болатыны сипатталады. «Сыбайлас жемқорлық әрекетінің психологиялық тетігін» сипаттау үшін бұл процесс қалай, қандай түрде жүзеге асырылатын, адамның бұл әлеуметтік әрекетін қоғам мен өзі қалай реттейтінін, бұл әлеуметтік құбылыс негізінде қандай психологиялық процестер, функциялар, феномендер жатқанын ұғыну қажет. Сыбайлас жемқорлық әрекетінің психологиялық тетігін талдау ауытқитын әрекеттің психологиялық тұжырымдарына негізделген. Оларға фрустрация теориясын (Дж. Доллард, 1939; Э. Фромм, 1994), «үйретудің» бихевиористік теориясын (В.И. Полтавец, 1998) жатқызуға болады. Бірінші теорияның мәні ауытқымалы әрекеттің өмірлік маңызды жеке қажеттіліктердің фрустрация (қол жеткізудің мүмкін еместігі) нәтижесі ретінде сипатталатынын білдіреді. Осылайша ол пайда болған кедергілерді еңсеруге және ұмтылған нәрсеге қол жеткізуге бағытталады. Екінші теория әрекеттегі девиация дегеніміз адамның тәрбие процесінде алған әрекеттік қорғану тәсіліне еліктеу нәтижесі екенін байыптайды. Алайда, құндылық ұстанымдарды адам көбіне сезінбейді. Бұл адам өмірінің стиль тұтастығын айқындайтын және оның ұстанымдарын ұзақ өмірлік бағдарламаларға қалыптастыратын базалық діни-философиялық, рухани, эстетикалық критерилер және мұның бәрі тұлғалық әрекеттің нақты-ахуалдық нормаларын тікелей айқындайды. Сыбайлас жемқорлық әрекетінің психологиялық тетігін, ауытқитын әрекеттің психологиялық тұжырымдарына талдау жасай келе, жемқорлық мінез – құлық тетігін айқындаймыз.
Жемқорлық мінез-құлық тетігі дегеніміз объективтік шындықтың сыртқы факторлары мен жемқорлыққа бару шешімін детерминациялайтын, бағыттайтын және оның орындалуын бақылайтын ішкі, психикалық процестер мен жағдайлардың байланысы мен өзара ықпалдастығы. Жемқорлық мінез-құлықтарының тетігі тұлға мен сыртқы ортаның өзара ықпалдасуы нәтижесінде орын алады. Қылмыс жасау тетігі әр сатысында сыртқы орта жауап беріп отырады, ал тұлға болса, өз кезегінде осы жауаптарға қатысты шешім қабылдайды.
Бұл көрініске қарап отырсақ, жемқорлықтың ең бастауы, түбірі мотив сияқты болып көрінеді. Тіпті, қылмыстық құқық та қылмыс мотивін қарастырады және қылмыстық субъективтік жағының қосымша белгісі ретінде адамның мінез-құлқының ішкі түркісі деп қарастырады. Шынында да мотив ең бір әрекеттің бастауы болып табылады, дегенмен, осы мотивтің қалыптасуының өзіне де бірнеше факторлар ықпал етеді. Олардың да белгілі бір жолдан өтетін тізбегі бар.
Бұл тізбек тек қана жемқорлық мінез-құлыққа ғана тән емес, барлық заңды мінез-құлыққа да тән. Мұқтаждықтар ең алғашқы және адаммен туа бітті мотивтің қайнар көзі болып табылады. Бірақ жалғыз ғана емес. Әлеуметтік субъект ретінде адамда одан да басқа мотив көздері пайда болады. Олар - өмірлік жоспарлар мен проблемалық жағдайлар. Осы үшеуінен барып мүдде туындайды. Мүдде мұқтаждықпен тығыз байланысты. Мүдде категориясының әлеуметтік, философиялық және құқықтық мағыналары бар. Өз кезегінде мұқтаждық мүддеге айнала алады. Қарапайым мысалмен айтқанда ‗‘Қарным ашып тұр‘‘- дегеніміз мұқтаждық та, ‗‘Қалай тамақ тауып жеймін?‘‘- дегеніміз мүдде. Демек, мұқтаждық адам санасымен сезілген уақытта мүддеге айналады. Ол ―өз мұқтаждықтарын қанағаттандыру жолындағы субъектінің объектіге қатынасы‖. Мүдде сонымен бірге, мұқтаждық, құндылық т.б. сияқты қоғам дамуының қозғаушы күштерінің қатарына жатады. Қоғам дамуының секірістері үшін әлеуметтік қайшылық және оны шешуге ұмтылыс қажет. Осы қайшылықтарды шешуге ұмтылған әлеуметтік субъектілердің прогрессивтік әрекетіне түрткі болатын олардың мұқтаждық-мүдделері және т.б. итермелеуші күштер. Маркстің сөзімен айтқанда ‗‘ескі мұқтаждықтарды қанағаттандырып болған соң жаңа мұқтаждықтардың туындауының өзі - тарихи процесс‘‘. Егер де мұқтаждықтар өспей, жаңасы туындамай, бір деңгейде қала берсе, онда адамзат әлі алма теріп, арба итеріп жүрген болар еді немесе әлі де homo sapіens sapіens-ке жете алмай жануар тектес кейіпте қалған болар ме еді?!! ―Егер мұқтаждық, ең алдымен, мұқтаждық затына бағытталса, мүдде мұқтаждықты қанағаттандыра алатын заттарды, құндылықтарды, игіліктерді тарату соларға байланысты болатын әлеуметтік қатынастарға, институттарға, құрылымдарға бет түзейді‖. Гегельше айтсақ, - ештеңе де мүддеден тыс жүзеге асырылмайды‖. Ол мүдделер нақты шешім қабылдауға негіз болатын мотивті қалыптастыру үшін әлі де мүмкіндіктерге сүйенуі тиіс. Мүмкіндіктің философиялық ұғымы мүддеден де кем түспейді. Ол да жанжақты. Ол тұлғаның қандайда бір өзгерістерді жасай алуы.
Ары қарай өз жолымен дамып келген осы көздерді құндылық бағдарларына сүйене отырып, бағыттау керек, содан соң ғана осылардың нәтижесінде белгілі бір актіге деген мотив пайда болады. Мысалға, Жемқорлық деген өте сан-салалы күрделі әрекетті алмай-ақ, қарапайым бір-ақ актіден тұратын әрекетті алайық. Айталық, студент сабақ үстінде мұғалімнен далаға шығып келуге рұқсат беруін өтінуі керек. Осы бір ‗‘Ағай, далаға шығып келейінші‘‘ деген түрткінің қалыптасуына ең алдымен, мұқтаждық пен әйестік ықпал етеді, яғни, не болмаса белгілі бір табиғи мұқтаждықтар не болмаса басқа да мұқтаждықтар (үйге телефон шалып келу, су ішіп келу) немесе әуестіктер (дәлізде сенделіп жүріп қайту, өзге топтағы досқа барып әңгіме айтып келу т.б.) ықпал етеді. Бірақ ол сұранбас бұрын проблемалық жағдайлармен де санасуы керек: ол ағай қатаң - ешкімді жібермейді, сұранғанды жақсы көрмейді, өткенде жасаған шалыс әрекетіме өш сақтауы мүмкін т.б. Сол сияқты, демнің арасында іштей санада әуелден шынайы қалыптасып қалған өмірлік жоспарлар да жанасып өтеді: мен білім алу үшін бір минутты да жібермеймін деп өзіме уәде бергенмін, бос нәрсеге әуес болма. Осылардың нәтижесінде олар мүддеге (енді қалай сұранамын?), одан мүмкіндікке (мен семинарда отырмын ба, әлде курстық дәрістемін бе, деканат тексеріп қалмай ма?), одан құндылық бағдарларына (маған білім керек пе, әлде арасында сабақтарды түсінбей қалсам да бола ма?) ұласады. Одан әрі осы мотивтің негізінде далаға шығуға шешім қабылданып, жоспарлай бастайды (дәл қай уақытта сұранамын?), содан соң ғана, студент ‗‘Далаға шығып келуге бола ма?‘‘- деп қолын көтереді. Жаңағы тізбек бір демнің ішінде бір-бірімен біте қайнасып зу етіп өте шығады. Бұл бір ғана акт, ал дәл осындай ‗‘кримино хирургиялық операцияны‘‘ адам әрекетінің күрделі түрлерінің бірі қылмысты жасауға тура келеді. Енді осы жерде айта кетелік, мұқтаждық барлық мінез-құлықтың бастауы екені рас, бірақ оның да түртүрі және деңгейі бар.
Адамзат өзінің мыңдаған жылдық тарихында мұқтаждықтарды жоғары деңгейлерге көтере алды. Мотивтің қалыптасуына осы аталған ішкі факторлар ғана емес, сыртқы тұлғаның өз ерекшеліктері, тәрбие де ықпал етеді. Әдетте, адамның мотивациялық аясының ерекшеліктерін тұлғаның өзін талдау шегінде қарастырады. Жемқор тұлғасын зерттей келе зерттеушілер төмендегідей типтік мотив түрлерін бөледі: 1) мотивтердің антиәлеуметтік түрлері; 2) материалдық немесе табиғи түрткілердің рухани түрткілерден артық болуы; 3) борыштан гөрі түрткінің (ниеттің, әуестіктің) басым болуы; 4) алыс және өмірлік маңызды болашақтан гөрі жақын мақсатты түрткілердің алда болуы; 5) біздің қоғамның құндылық жүйесінде түрткілердің төмен деңгейде болуы.
Бұл бұрмаланған қасиеттер, жалпы алғанда әлі де қылмыстық мотивацияның қалыптасуына негіз болмайды. Тұлғаның азғындауы оның мінез-құлқында ешқашан жүзеге аспауы мүмкін. Мысалға, материалдық мүдделердің рухани мүдделерден жоғары қойылуы ол тек қана қылмыстық жолмен байиды дегенді білдірмейді; бұл мүдделер заң шеңберінде де толыққанды жүзеге асуы мүмкін. Жемқорлық мінез-құлық тетігінде есі дұрыстықты жоққа шығармайтын аномалиялар да маңызды орын алады. Жалпы халықтың ішіндегі психикалық аномалиясы барлардың үлес салмағынан гөрі олардың үлесі қылмыскердердің арасында басым болса да, кейбір кеңес дәуірінде жүргізілген зерттеулерге орай, ол ауытқушылықтар жемқорлық мінез-құлық тетігінде басты рөл атқармайды.
Жемқорлық мінез-құлыққа ықпал ете алатын тұлғаның қоғамға жат көзқарастары бағыттары, қоғам қолдамайтын мұқтаждықтары мен мүдделерінің түбі әлеуметтік. Осы жерде бірден тұлғаға ықпал ететін сыртқы ортаның екі деңгей болатынын айта кеткен абзал, олар: микроорта және макроорта. Екеуінің арасындағы бөліну шартты. Микроорта - ол тұлға тікелей байланысқа түсетін қоғамның институттары (жанұя, достар, өзге де топтар). Адам макроортаны микроорта арқылы ғана бойына сіңіреді, өйткені ‗‘ұстап көруге болатын‘‘ макроорта болмайды, макроорта микрорталардың жиынтығы ғана емес, ол тұтастай алғандағы қоғамды, тіпті, қоғамда бұрын өмір сүргенмен қазір жоқ әсер етуші институттарды да білдіреді. Мысалға, Робин Гуд шет ел аңызынан алынған персонаж, ол өмірде жоқ, бірақ жалпы қоғамдық көзқарастарды қалыптастыруға ықпал етуші тұлға. Мысалға, 1994 жылы Ресейде жатып интернет жүйесі арқылы АҚШ-тың беделді банк жүйесіне сақтандыру құралдарын бұза отырып еніп, әр мемлекеттердің басқа банктеріндегі есеп-шоттарға ондаған миллион АҚШ доллары көлеміндегі қаржыны бірнеше сағаттың көлемінде аударып жіберген, кейіннен Ресейге де көп мөлшерде ақша ‗‘аударған‘‘. Оны жасаған 24 жасар Ресей азаматы АҚШ-та ұсталып, сот алдында жауап бергенде, судьяның ‗‘Бұл істі не үшін жасадың?‘‘- деген сұрағына, мектепте төменгі сыныпта оқып жүргендегі әңгімесін баяндап берген. Онда мұғалім бұлардан өскенде кім болатындығы туралы сұрақ қойып, кезек бұған келгенде ол: ‗‘Ол мамандықтың қалай аталатынын білмеймін, бірақ ондай мамандықтың бар екенін білемін, ол – байлардан ақшаны алып кедейлерге бөліп беретін мамандық деп жауап берген‘‘. Жауап берген оқушылардың ішіндегі ең дұрыс жауап деп мұғалім осы болашақ ‗‘хакердің‘‘ жауабын тапқан. Бұл әрекет аңыздағы Робин Гудтің әрекетіне сай келеді. Ондай қасиеттерді ол макроортаны құраушы Робин Гудті көргесін емес, тікелей байланыстағы микроортаның айтуымен сіңіреді.
Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеуде бейнефильмдердің маңызы зор. Сұралғандардың 90%-ы бос уақыттарында кинотеатрлар мен үйлерінде кино көретіндігін мәлімдеген. Қазіргі күнде дендеп еніп жатқан зорлық-зомбылығы бар фильмдерді өркениетті елдерде қоғамдық бірлестіктер, мемлекеттік мекемелер ғана емес, халықаралық ұйымдар да бақылайды.
2003 жылғы Павлодар қаласында мектеп оқушыларының адамды пышақтап өлтіру фактісіне өздері Ресей фильмі ''Бригада'' әсер етті деп мойындаған. Мультфильмдердегі кейіпкерлердің өзі сәбиді өзіндей болуға еліктетеді. Микроортаның ішінде тұлғаның өмірге келген алғашқы күндерінен ықпал ететін ол - жанұя. Бала жанұяны дүниенің кіндігі деп есептейді, әртүрлі қылықтарды жанұя мүшелерінің мінез-құлқымен салыстыра отырып қана ‗‘жақсы-жаман‘‘ деп бағалайды. Өз оң-солын таныған соң ғана көңіл көкжиегін кеңейте бастайды, жанұя мүшелерінің әрекетінің де қате екендігін түсінеді, бірақ ол кезде тым кеш болуы мүмкін, өйткені, қалыптасып қалған қасиеттерін өзгертіп, өзін-өзі қайта тәрбиелеу қиын, ал оны сыртқы күштер тарапына қайта тәрбиелеу мүлде қиын. Бірақ Абай қарасөздерінде ‗‘Егер мен қолымда закон қуаты бар адам болсам, адамды қайта тәрбиелеуге болмайды деген адамның тілін кесер едім‘‘,- демеп пе еді?!!
Микроортада тағы бір ықпал ететін әлеуметтік негізгі институт – ол мектеп. Бала өзіне достарды, үйірмелерді де осы мектеп арқылы табады. Жеткіншек қандай әлеуметтік топты жанына жақын көрсе, сол топтың (жанұядан соң) көзқарасымен өлшейді. Бұл жолда ұстаздары да қатты ықпал етеді. Егер де мектепте ер мұғалімдерге қарағанда әйел мұғалімдердің үлес салмағы өте басым болса, онда мектептегі балалардың мінез-құлқында да еркекке емес, әйелге тән мінез көп көрініс табады. Мысалға, 5-сыныпта оқитын екі ұлдың төбелесіп қалу фактісіне орай төбелестен соң әйел мұғалім мен ер мұғалім екі түрлі реакция береді. Мысалға, ер адам ''Төбелессеңдер ана жаққа барып төбелесіңдер, ешкім көріп қалмасын. Бір-біріңнің көздеріңді шығарып, бастарыңды жарып жүрмесеңдер болар'', - деп жауап беруі мүмкін, ал әйел адам болса, ''Егер де біріңнің көзің шықса мен жауап беремін, неге ол сенің сөмкеңді жыртып тастағанда маған келіп айтпадың? Мен оның төбесін оятын едім. Сол үшін міндетті түрде төбелесу керек пе?'',- деуі мүмкін. Осыдан кейін олар да, басқа сыныптастар да ''сөмке жыртқан'' баланы мұғалімге жеткізіп тұруы мүмкін, өйткені 5-сынып оқушысы үшін мұғалімнің айтқаны қашан да дұрыс.
Жоғарыда айтып кеткендей, жемқорлық мінез-құлық тетігі ол объективтік шындықтың сыртқы факторлары мен жемқорлыққа бару шешімін детерминациялайтын, бағыттайтын және оның орындалуын бақылайтын ішкі, психикалық процестер мен жағдайлардың байланысы мен өзара ықпалдастығы деген болатынбыз. Ал енді детерминация дегеніміз не?
Детерминация - латынның determіnare (анықтау, айқындау) деген сөзінен шыққан. Яғни, детерминация - ол айқындау, анықтау процесі. Дүниедегі барлық құбылыстар, процестер бір-біріне тәуелді: бір құбылыстың пайда болуы, дамуы, жойылуы өзгелеріне тікелей байланысты, соңғысының тағдырын алғашқы құбылыстар айқындайды. Детерминизмнің негізгі мазмұнын себептілік құрайды. Дүние үлкен бір тізбекке бағынышты, әлбетте осы тізбектің қалай түзілуіне адамның қомақты үлесі бар. Ломоносов айтпақшы, ештеңе де жоқтан пайда болмайды, пайда болған нәрсе өмірде бар молекулалардың қосылысы, ажырауы нәтижесінде өмірге келеді. Детерминация процесі тек қана себептілік байланысын білдірмейді, сонымен қоса, байланыстың өзге нысандарын да білдіреді: функционалдық, статистикалық тәуелділік, жағдайлардың тәуелділігі, т.б.
Қоғамдағы қылмыстардың себептері туралы көзқарастарды әртүрлі теориялардың маңына шоғырландыруға болады. Профессор Е.І. Қайыржановтың ізімен жүрсек, оларды биологиялық, генетикалық, психологиялық және социологиялық деп топтастыруға болады, сондай-ақ бұдан басқа да теологиялық, астрологиялық, астрономиялық т.б. теориялар бар.
Қылмыстылықтың себептері туралы психологиялық теориялардың да екі ағымы бар: бірі - психопатиялық ағым, келесісі-психоаналитикалық. Психопатиялық ағымның негізін қалаушы неміс психиатры Курт Шнейдер өз еңбегінде (1923 ж.) психопаттардың он типін бөліп, оның кем дегенде жетеуі қылмыс жасауға бейім деп есептейді. Келесі бір неміс психиатры Кречмер Эрнест (1888-1964) антропологиялық көзқараспен де қабыса кететін психикалық жағынан гөрі сыртқы жағы көзге түсетін психопаттардың төрт типін келтіреді. Ю.М. Антонянның ойынша зорлықшыл қылмыскерлердің арасында психопаттардың үлесі 30%-ды құрайды.
Психоаналитикалықағымның негізін қалаушы австриялық психолог Зигмунд Фрейд (1856-1940). Оның айтуынша, адамның екі негізгі қорғаушы инстинкті бар: бірі – өзін-өзі қорғау инстинкті, екіншісі - жыныстық инстинкт (либидо). Алғашқысы тіршілік иесінің өзін ғана қорғау үшін болса, соңғысы сол эволюциялық түрді қорғау үшін қажет. З.Фрейдтің өзі сананы екі деңгейге бөледі және санадан да жоғарғы нәрсені атап өтеді. Сананың астыңғы бөлігі, яғни, бейсана құбылыс ''ол'' деп, ал сана ''эго'' (мен) деп аталады. Ал оларда да жоғары тұрған қоғамдық тәртіпті ''Жоғары эго'' деп атайды. Либидо бейсана деңгейде (ол) пайда болып, эгоға көтеріледі. Ал либидоның жасағысы келген әрекетіне жоғарғы эго рұқсат бермейді, осы кезде қайшылық туындайды және қайшылықтың орын алатын жері - эго. Осыдан ''Былай тартсаң, өгіз өлетін, былай тартсаң, арба сынатын'' жағдай туындайды. Яғни, оны қанағаттандырсаң қоғамдық тәртіпті бұзып қылмыс жасайсың, қанағаттандырмасаң сананың қызметі бұзылып аномалияға алып келеді. Сондықтан да, автор ''мұқтаждықтарды сублимациялау'' жолын ұсынады, яғни, келіп тұрған жағымсыз энергияны қоғамдық тәртіпке қайшы емес, қайта қоғам өзі қолпаштайтын бағыттарға, арналарға бұрып жіберу. Спортқа, көркем өнерге, ғылымға т.б. жолдарға. Мысалға, жануар инстинкті ұрып-соғуға итермелесе, онда спортпен айналыс. Аталған мұқтаждықты қылмыстық жолмен қанағаттандырсаң, түрмеге қамайтын болса, спорт арқылы қанағаттандырсаң, түрмеге қамамақ түгілі, қолпаштап, алақанға салып жүреді: чемпион боласың! Басқаша әсірелеп айтқанда, ''Ол'' дегеніміз асау ат сияқты, ал ''Эго'' - оны үйретуші шабандоз, ал ''Жоғары эго'' - аттың жүруге тиісті жолы. Жабайы жылқы өз бетінше шапқысы келеді, жол жалғыз-ақ, ал адам үстінде тізгінге ие бола алмай дал болады.