2.Егін шаруашылығы. XVIII-XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтардың шарушылығында егіншілік біршама маңызды орын алды. Бұған дейін қазақтарда егін шаруашылығы мүлдем болған жоқ, олар таза көшпелі мал шаруашылығымен айналысады деген пікір үстем болып келді. Мұның негізгі себебі, деректерді дұрыс зерттемеу, этнографиялық материалдарға дұрыс сүйенбеу. Өткен ғасырдың авторлары өздерінің пікірлерінде дәйекті мағлұмат бере алмады. Мысалы, Қазақстанның Оңтүстік аудандарында 1859-1860 жылдары болып қайтқан М.И.Венюков өз еңбегінде қазақтардың аз ғана бөлігі егін шаруашылығымен айналысатынын айта келіп, “халық нанды пайдалануды әлі үйренген жоқ, оны етпен, құрт және мал шаруашылығының басқа да өнімдерімен алмастырып отырды” - деп жазды.
Керісінше XVIII ғасырдағы Шығыс деректері қазақтардың егіншілікпен айналысатындығы жөнінде деректер келтіреді. Мысалы, XVIII ғасырдың екінші жартысында Цинь үкіметі комитетінің құрастырған “Батыс аймақтардың географиялық суреттемесі” деген еңбекте: “қазақтар мал шаруашылығын қуаттайды, алайда олар жер өңдеумен де айналысады” – деген.Шынында да деректерді дұрыс пайдалану XVIII ғасырда Қазақстанның экономикалық өмірінде егіншіліктің зор роль атқаратындын көрсетеді. Ферғананың тамаша білгірі В.Наливкин қазақ малшыларының егіншілікпен айналысуын экономикалық қажеттіліктермен түсіндіреді. “Бір ғана мал шаруашылығы негізгі қажеттіліктерді қанағаттандыра алмағандықтан, қазақтардың көп бөлігі егіс далаларын иеленуге тырысты” [201, с 39].
XVIII-XIX ғасырларда өмір сүрген көптеген авторлар қазақ арасында жер өңдеу кәсібі өркендемеген, тіпті жер өңдеу кәсібімен айналысушылардың өзі де “оған оншалықты мән бермеген” деген тұжырым жасамақ болған. Орынбордан Бұхараға дейін аралаған барон Мейендорф қазақтарды тек көшпелі шаруашылықпен айналысушылар, жер жырту кәсібіне ешқандай икемі жоқ халық деп сендіргісі келеді. Бұл мәселеге Г.И.Спасский басқаша көзқараспен қарады. Көшпелі халықтар арасында егін салу жағынан қазақтарға ешкім тең келе алмады. “Құрғақ құмдақ жерлерді де құнарлы аймаққа айналдыра алады”,- деп жазды Г.И.Спасский .Қазақ малшыларының егін шаруашылығына көшуіне Қоқан хандығы тұсындағы өзбек егіншілерімен тығыз байланыс та әсер етті. Қазақ еңбекшілері өзбектермен жер өңдеуді және көрші бола отырып, олардан ирригация жұмысын атқаруды үйренді, еңбек құралдарын жетілдірді, тұқымды сақтау әдістері және т.б. егіншіге керекті білімдерін толықтырып отырды.
Орта Азия мен Қазақстанда егін шаруашылығы ежелгі заманнан жасанды суландыру негізінде өңделген әр түрлі егіншілік дақылдар орналасқан тау бөктері мен алқаптарда шоғырланды. Егін шаруашылғының екі түрі дамыды; суармалы және богарлық (қолдан суарылмайтын) егістік, суармалы егіншілік Оңтүстік Қазақстан территориясы арқылы өтетін Сырдария, Қуаңдария, Жаңадария, Арыс, Шаян, Сарысу, Келес, Талас, Шу т.б. сияқты өзенді алқаптарға негізделді. Олардың ішіндегі ірісі – Сырдария. Атақты шығыстанушы С.П.Толстов былай деп жазады:“Хорезм және онымен қатарлас аудандар суармалы егіншіліктің ежелгі орталықтары болып табылады. Ежелгі уақыттан мұнда дәнді және техникалық дақылдар егу дамыды, сонымен қатар мақталық, жүзімдік, бау-бақшалық та болды. Мұны археологиялық қазбалар кезінде табылған бидайдың, тарының, арпаның, мақтаның, жүзімнің, қауынның дәндері, өріктің және басқа да жеміс-жидектердің сүйектері растайды. Осы ауыл шаруашылық дақылдары б.д. бірінші мыңжылдықтың ортасында белгілі болды”.
Сырдария өңіріндегі егіншілік жайлы Тәуке ханның ордасына барған орыс елшісі В.Кобяков былай деп еске алды:“Ал, Тәуке ханда астық, бидай, арпа да, тары да көп шығады, ал астықтан күздік және жаздық бидай егеді” . Бұл ауданда XVIII ғасырдың 20-30-шы жылдарында жоңғар феодалдарының жойқын шапқыншылығына байланысты егіншіліктің біраз құлдырағаны байқалады. Талас, Шу, Жетісу өзендерінің бойлары ежелден егіншілік мәдениетінің орталықтары деп есептеледі, ежелгі мекен-жайлардың көптеген жұрттары Ұлы жүз жерінде егін салудың тәуір тарағандығы туралы И.Г.Георги былай деп жазды: “Үлкен Орданың қазақтары…тұрақты қысқы қыстауларында тұрады, бірақ жазда көбінесе қамыс күркелерде мекендейді, алайда өз үйінің тұрған жерін ілуде бір ғана өзгертеді. Олардың бірсыпырасы егіншілікпен анағұрлым ыждағатты, тыңғылықты және қажырлы шұғылданады” .
Орталық және Шығыс Қазақстанда дәнді дақылдардың өсірілетіні туралы Н.П.Рычков пен И.Г.Андреев жазған болатын. Онда:“Қазақтардың егістігінде бидай, тары, арпа және мақта өсіріледі”– деді.
Сырдария қазақ даласындағы егіншіліктің маңызды орталығы болып қала берді. Бұл туралы Сырдария сағасында болған көптеген орыс зерттеушілері мен саяхатшылары жазған: Н.Н.Каразин “Орынбордан Ташкентке дейін” деп аталатын еңбегінде:“Сырдариядағы ежелгі суландыру жүйесінің іздері бұрынғы отырықшы халықтың тұрған аймақтарының жақсы тұрмыс жағдайы туралы куәландырады. Сырдарияға жақындай берсеңіз, бұл іздер айқын көрінеді. Ақырында жақын маңдағы ауылдар мен қалалардың құрылысы және де бау-бақшаның көрінісі сіз тани алмайтын енсіз, көк алқапты шалғындыққа әкеп соғады” .
XVIII ғасырдың ақыры мен XIX ғасырдың бас кезінде Қоқан, Хиуа феодалдарының үздіксіз жасаған шабуылына қарамай, Сырдария бойында егін шаруашылығы кең өріс алады, біртіндеп ол дербес шаруашылық болып бөлініп шықты. Сырдария аңғарында жер игеру кәсібінің етек алуына байланысты суармалы егінішілік жоғары дәрежеде өркендеді.
Әсіресе Әмудария мен Сырдария бассейндеріндегі қарама-қайшылық мынадан көрінді: мұнда мал шаруашылығынан гөрі егіншілік басым түсіп, қалалар мен ауылдар пайда болды, Орта Азиялық хандықтардың негізін құраған отырықшылық қалыптасты. Бұған қатысты ерекше сипаттар Сыр өзендерінің төменгі ағысында сақталып қалды және Әму жағасы мен Сырдың жоғарғы ағысында көшпеліден отырықшылыққа өтуді құрайды. Егіншілердің көшпелілермен тілектерінің тұрақты қақтығысынан және мұнда егіншілердің өмір сүруіне әсер ететін жергілікті жердің қасиетінің арқасында бұл өзгешелік мүмкіндігінше дамыды.
Сырдың төменгі ағысы егіншілер үшін өте маңызды болды. Жазда Орта Азиялық далада аптап ыстық болды, жаңбыр жаумады, сондықтан егін жасанды жолмен суарылды. Кішкентай өзендер суландыру үшін қолайлы болмағандықтан, сонымен қатар суландыру үшін қолайлы Сырдарияның төменгі бөлігі ойпаң жазық бойынша ағады. Жердің топарығы тұзды немесе құмды және жерді өңдеуге тиімсіз, бірақ суару екі түрлі пайда әкелді:
жерге егіннің өсуі үшін қажетті ылғалдылық береді; 2) өзеннен бөлінген шөгіндінің нәтижесінде жыртылған жер құнарланады. Бұған егіс топырағы тұзды Хиуа мен Бұхар оазистеріндегі және Сырдағы жақсы егін өнімі дәлел бола алады.
Кіші және Орта жүздерде егіншілік едәуір дәрежеде орыс қоныс аударушыларының ықпалымен дамыды. Орыстармен жиі қарым-қатынас жасап, шаруашылығымен, тұрмысымен танысқан қазақтар олардың шаруашылық әдістерін тез игеріп алды. Егер егіншілікке көшуге жердің тарлығы әсер еткен болса, егіншілікті тез меңгеруге көбінесе орыс шаруаларының себі тиді. Қазақтар негізінен алғанда көлдер мен өзендердің жағалауларында егін салды. Өйткені, батыс аудандарды есепке алмағанда, Қазақстанда егіншілікпен тек қолдан суландыру жағдайында ғана айналысуға болатын еді. Қазақтардың егіншілігін сипаттайтын қолда бар жазбаларға қарағанда, қазақтар барлық жерде өздерінің егістіктерін қолдан суарумен айналысқанын 1847 жылы губернатор Обручев Арал теңізіне барғанда, соның қасына еріп жүрген Нешельдің. қазақтардың ирригациялық жүйесін суреттеген еңбегінен байқаймыз. Оның әңгімелеуіне қарағанда, қазақтар өз учаскелерін үстіңгі жағынан көлемдері әртүрлі шаршыларға бөлген, осы шаршылардың ең үлкендері бір бағытқа есептегенде 8 фут болды. Осы шаршылар арқылы жыралар жүйесі жүргізілді, олар бір жағынан өзенмен немесе көлмен, ал екінші жағынан – ең қашық немесе дөңес болса, қыруар еңбек жұмсаудың нәтижесінде жоғары көтерілген су төмен қарай ағып кетпеуі үшін жыралар көлденең үйінділермен бөгеледі. Су бассейнінен әуелі ең дөңес шаршыға су құйылады, мұның өзі әлгі шаршылар суға әбден кемеріне келіп, толып кеткенге дейін жүргізіледі. Содан кейін жоғарғы шаршылар мен оларға жақын орналасқан шаршылардың арасындағы үйінді топырақты жырып, оларға су жіберді. Қазақтардың өз егістіктеріне қолдан суландыру әдісін қолданғаны жайында генерал майор Броневский де жазды:“Бұқтырма қамалының бас жағынан, Нарын тауының етегі мен тау бұлақтарынан жыралар арқылы келіп жатқан сумен толтырылған едәуір көлемді егістік жерлерді көрдім. Жердің топырағы тастақ болғанымен, ылғалдың, қолдан суарудың нәтижесінде мұнда тары дақылы бітік өседі”.
XIX ғасырдың ортасында Сырдарияда егіншілік кәсібі кедей шаруалар үшін кең түрде жайыла бастады. Әрине, ол кездегі егін салу жұмысы жер кәсібінің ең артта қалған түрі еді. Өйткені, қазақ шаруаларының егіндік жерді жыртарда қолданған қарулары атам заманғы “ерағаш” пен кетпен болған. Қазақтар бидай, тары, ал Оңтүстікте бұлардан басқа жүгері де еккен. Жер өңдеу ісі сондай өте нашар бола тұрса да, тың жер бір десятинасынан 150-200 пұтқа дейін өнім беріп отыратын.
1851 жылы Кіші жүздің барлық үш бөлімін билеуші басшылардың жасаған мәліметтеріне қарағанда, Кіші жүздің тек бір орта бөлімінің өзінде ғана 3755 үй егін кәсібімен шұғылданғанын ашық көреміз. “Жалпы барлық рулардың қазақтары, - делінген сол кездегі бір мәліметте, - мысал үшін айтқанда 20 мың десятинадай жер жыртады. Жерге, көбінесе тары, аздап қана бидай себеді. Сырдария маңында көшіп жүретін қазақтар көбінесе арпа егеді” .
Мал өсіруші байларда жатақтардың тегін еңбектерін пайдаланып, бұларға егін салдыра бастайды. Байдың өзі жаз шығысымен ауыл-аймағымен жайлауға көшіп кететін кезде, қыстау маңындағы егінін бағып-қағып өсіру жұмысын сонда қалатын жатақ-кедейлерге тапсыратын. Мысалы, 27 станцияда 316 десятинаға дейін егін салынған, сонда Жағалбайлы руынан Тәуірбек Арызбаев деген бай қазақтың 30 десятина, осы рудың Саркие аталығынан шыққан Төлеп Тонов деген бай қазақтардың 25 десятина, бұлардан басқа байлардың 10-18 десятинаға дейін салатын егіні болған. Бұл айтылып отырған байлар өздеріне еңбек еткен жатақ кедейлерге еңбек ақы беруді қолданбайтын еді, өйткені ол жалданған кедейлер баймен рулас, аталас болғандығын сылтау қылып, олардың еңбектерін тегін, кең түрде, ерікті түрде пайдаланатын болған.
Сырдарияда жер кәсібі шекара өкіметтерінің тиым салуына қарамастан қарқын алып дами бастады. Бұлар, егер қазақтардың өздері егін егетін болса, онда біріншіден, Ресейдің Қазақстанмен арадағы астық саудасына кеселі тиеді, екіншіден мал басының келіп құлдырауына әкеліп соғады, мал басы азайған соң Ресей империясының ішкі базарларына әкелетін малдан түсетін шикізаттың саны кемиді деп есептейтін. Мысал үшін, Орынбор өлкесіндегі шекара өкіметінің өкілі Бларамбергтің мәліметінше: “Әрине, қырғыздардағы (қазақтардағы - Ө.Қ.) жер кәсібі соншалық қарқын алып кетеді дей қоюға болмайды, ал енді әлдеқалай жағдайда қарқындап дами қалса, онда орыстарға зиян келтірер еді және шекарада тұрушы елдермен алыста жатқан рулардың арасындағы астық айырбастау саудасына қатты зиян келтірген болар еді. Қайсақтардың алыстағы рулары орыстан гөрі мұндағы қайсақтарға сенеді, малдарын соларға айырбастайды. Сондықтан Ресейге мал өсірумен ғана пайдалы болып отырған қырғыздарды жер кәсібімен шұғылдандыру оларда мал шаруашылығын өркендетуге мүмкіндік бермейді, сөйтіп шекарадағы елдердің көбі өздерінің өндіретін заттарын оңай өткізетін орындарынан айрылады... Қазақтардың жер кәсібімен айналысуын шектеу қажет, сол үшін мал шаруашылығын өсіруге оларды қызықтырып, мал басын көбейткендеріне марапат және әртүрлі жеңілдіктер беру керек”. Осы пікірді ұстай отыра шекара өкіметі Қазақстанда жер кәсібінің күшеюіне қарсы түрлі әрекет жасауға тырысады. Дегенмен, Перовскийдің егіншілердің жер үйлерін мүлде көміп тастаңдар деп берген бұйрықтары сияқты жасаған шаралары да іс жүзінде ешқандай нәтиже бермеген. Қалай дегенмен де қазақтар жер кәсібінің мәдениетін меңгеру және жарым-жартылай жерге орналасу ісіне ақырындап болса да бейімделіп, кәсіптері аз да болса ілгерілей берді.
Жер кәсібіне төселіп үйренуде қазақ егіншілері орыс шаруаларының жұмыс тәжірибесінен өте көп үлгі алған. Қазақ егіншілерінің кейбір жерлерінде ерағаш орнына бері келе соқа қолданылады. Қазақ еңбекшілері біртіндеп жерді өңдеудің пайдалы екендігіне көздері жетіп, түсіне бастайды. Сол мақсатпен олар өздерінің егісті жерлеріне қысы-күзі егіс маңайындағы ауылдастарының қойларын жайып, жазғытұрым осы көңді жерді егін егу үшін жыртатын болды. Қамыт, дәрте сияқты орыс шаруалары қолданатын ауыл шаруашылығына керекті саймандар қазақ егіншілері арасына тарала бастайды.
Достарыңызбен бөлісу: |