Шәкірт – медреселер мен ауыл мектептерінде оқыған жастарлы «шәкірт» деп атаған.
Жұлдызшы есепші – халық арасында аспан әлемі мен жердегі болатын табиғат құбылыстарын ерте болжай білетін талантты адамдар болған. Олар бұлтқа, жан-жануарлар мен жәндіктердің іс-әрекеттеріне, мінезіне қарап күнделікті ауа райын немесе келер қыс пен жаздың қалай болатынын бұрын біліп, халыққа айтып отырған. Бұл болжамжардың көпшілігі айна-қатесіз келіп отырған. Мұндай адамдарды «жұлдызшы» немесе «есепші» деп атаған.
Көріпкел – адам өмірі мен келешегін, ел ішінде болғалы тұрған жақсылық пен жамандықты, әртүрлі апатты жайларды күні бұрын білетін сирек талатты адамдарды халық «көріпкел» деп бағалап, сенім білдірген. Олардың қасиетті есімдері әлі ұмытылған жоқ. Қойлыбай бақсы – баянауылдық, Мәшһүр Жүсіп, Қималық Шерхан – осындай көріпкел кісілер болған.
Бақсы – тылсым күш иесі. Олар небір ғажайып көріністерді көз алдына әкеліп көрсететін, жынмен, аруақпен сөйлесетін ғажайыптар әлемінің құдыретін игерген.
Құмалақшы – алдын ала болжай білетін, яғни құпиялық, сезімдік сыры бар адамдардың бірі – осы құмалақшы. Бұлар құмалақ тарту арқылы болжап айта алады. Құмалақшыға халық сенім білдірген.
Жауырыншы - бақсы, құмалақшы сияқты жауырыншылар да болашақты болжап айта алған. Олар қойдың отқа күйдірген жауырынына қарап айтқан. Жауырыншылар және құмалақшылар туралы әңгімелер батырлар жырында жиі кездеседі.
Сынықшы - осы күнге дейін жалғасып және өз ісін дәлелдеп көрсетіп жүрген сирек мамандықтың бірі – осы сынықшылық. Сынықшылар арнайы білім, оқу орындарында оқымай-ақ сүйегі сынған адамдарды емдеудің ғажап өнері мен құпиясын толық игерген емсек адамдар. Олар сынған мүшелерді сырттай сипап отырып, уатылып кеткен сүйектерді орны-орнына салып, емдеген.
Емші – бұлар ауру-сырқауларды емдеп, адамдардың денсаулығы үшін қызмет еткен. Емшілер көкірек, буын, жүйке және балалар ауруын емдеудің әдіс-тәсілдерін меңгерген.
Үйші - киіз үй сүйектерін жасайтын үйшілердің қазақ қоғамында алатын орны өте жоғары. Қазақтың атын шығарған және оның ғасырлық баспанасы болған, әсемдің этнографиялық көрмелерде еуропалықтарды таң қалдырып, бірнеше дүркін жүлде алған киіз үйді осы үйшілер жасаған. Шеберлер үйді 4 қанатты 24, тіпті 30 қанатқа дейін құрастырып шығарған.
Ерші - қазақ елінің ең көп пайдаланатын мүлкі - кәдімгі ер. Оның шеберлерін халық «ерші» деп атаған. Ер қайың, емен, жөке сияқты қатты ағаштардан тұтас шабылып та немесе әр бөлшегі жеке-жеке құрастырылып жасалған. Мұндайды «Ер қосу» дейді. Ер қосылғаннан кейін оны былғарымен қаптап, алдыңғы қасын алтын, күміспен, сүйекпен зерлейді.
Бәдізші – тастан бұйым жасап, өрнек салатын адамдар . Олар көбінесе құлпытас қашап, диірмен жасау, тастан белгі орнату сияқты жұмыстармен айналысқан.
Зергер – алтын, күміс, асыл тастан тұратын әсемдік бұйымдарды жасайтын шебер. М, сақина, жүзік, қапсырма, өңіржиек, тана, сырға, кісе белбеу, күміс пышақ, т.б.
Өрімші – бұрын кең тараған, бұл күндері азайып келе жатқан сирек өнердің бірі. Олар көбінесе сиыр терісін илеп, одан көбіне ер тұрман әбзелдерін (қамшы, божы, тұсаман, шыбықты, бишік, шідер, шылбыр, жүген) жасаған. Өрімшілер иленген теріні таспалап тіліп, одан 3-тен бастап 40 таспаға дейін қамшы өрген.
Етікші – қой, ешкі , сиыр терілерін илеп, өндеп, етік, мәсі, кебіс сияқты аяқ киімдер тіккен. Аяқ киімдерді олар әр түрлі әсем жіптермен өрнектеп, яғни көксуырлап тіккен.
Тігінші – халақты ұлттық киім-кешектермен қамтамасыз етіп, киіндіруде тігіншілер атқарған жұмыстары өте зор. Бас киімдер, ішкі-сыртқы киімдер, соның ішінде қымбат тымақ, қаптал шапан, жылы ішік, әсем қамзол, желбіршек көйлек, ең ақыры жейде, ыстандарға дейінгі киімдерді тігіншілер тіккен.
Тоқымашы – кілем, алаша, басқұр, желбеу, таңғыштар тоқу арқылы жасайтын шеберлер. Текемет басу, оған әр түрлі ою салу, кестелеу сияқты қолөнердің түрлері бұрын ел ішінде жақсы дамып, оның шеберлерінің де қатары көп болған.
Ағаш шебері – ел ішінде ең көп дамыған өнер. Өйткені ел-жұрт ағаш бұйымдарын көп тұтынған. Ыдыс аяқ, күбі, бесік, адалбақан, ас, бұым сақтайтын қобди, сандық, абдыра, ең ақыры есік, терезеге дейңн ағаштан жасаған.
Достарыңызбен бөлісу: |