Қазақстан жаңа заман тарихты пәнінен оқу-әдістемелік кешені



бет93/149
Дата06.01.2022
өлшемі0,68 Mb.
#14253
1   ...   89   90   91   92   93   94   95   96   ...   149
Бекіту сұрақтары:

1.Ресей патша әкімшілігінің Қазақстандағы ХҮІІІ-ХІХ ғ. басындағы саясатының сипаты қандай болды?

2. Жоңғаряның талқандалуының себептерін айтыңыз?

3.Қазақ-жоңғар қатынастарының тарихы туралы кімнің еңбектерін білесіз?

4.Өлке бастығы Рейсендорптың қазақтарды әскермен жазалауды сұрақанда ІІ Екатерина не себепті рұқсат бермеді ?
Әдебиеттер: Н-14,4,7,9.Қ- 9,15,18.24,27,32,33,38,42,45.

Лекция №13 Қазақтардың ХҮІІІ-ХІХ ғ. басындағы әлуметтік –экономикалық шаруашылығы
Негізгі ұғымдар: Номадизм, Көшпелі мал шаруашылығы, шабындық жерлер, “Көлденең бағыттағы” көшу, мал өнімдері,жұт, арғымақ, “қазақы”жылқы.
Жоспар:

1. Мал шаруашылығы

2.Егін шаруашылығы.
Мақсаты. Қазақ халқының мал және егін шаруашылығы кәсібінің тарихымен таныстыру.

Лекция
1. Мал шаруашылығы.XVIII-XIX ғасырдың басында қазақтың кең даласында, Арал маңы мен Үстіртте, Қазақстанның тау маңы мен таулы аймақтарында, Ташкент пен Хорезм жазираларында қазақтар көрші Орталық Азияның басқа да халықтарымен тығыз, экономикалық байланыс жасап, олармен еңбек тәжірибесі және шаруашылық өмірдің жетістіктерін алмастырып пайдаланды. Сонымен қатар өзінің бойына көп ғасырлық тәжірбиені сіңіре отырып, негізінен қазақтардың мал шаруашылығы өзге халықтардың көшпелі мал шаруашылығы кәсібімен ұқсас болды. Сонымен қатар айырмашылықтар да болды. Қазақтар көшіп-қонудың қайталанып отыратын белгілі бір маршрутын меридиандық тік бағытта пайдаланды. Қазақтарда тұрақты қыстаулар болды, олар осы мезгілде көшіп-қонуды тоқтата тұрды. Сондықтан, монғол көшпелі мал шаруашылығына қарағанда қазақ мал шаруашылығын жартылай көшпелі деп атауға болады. Бірақ қазақтар жылдың көп бөлігін (шамамен 2/3 бөлігін) “қозғалыста” өткізіп, белгілі бір территорияға (маусымды – тік бағыттағы цикл) орнығып тұрса да, оларды көшпелі халық деп атайды. Қазақ көшпелілерінің өмір сүру түрі әдет-ғұрып, салты, жалпы бүкіл өмірі мен тіршілігі әрдайым көшіп отырумен тығыз байланыста еді.

XIX ғасырда мал шаруашылығы сырттай қарағанда, ғасырлар бойы қайталанып келе жатқан процесс болғандықтан, өндіргіш күштер тоқтап қалғандай әсер қалдырады. Алайда шын мәнінде олай болған жоқ. Қоқан хандығындағы шығыстық-феодалдық деспотияның артта қалуына, қазақтарда патриархалдық-феодалдық қатынастардың кенже дамуына қарамастан өндіргіш күштерде нақты қозғалыс байқалды. Рулық-тайпалық бөліну және ішкі феодалдық қырқыс өндіргіш күштердің дамуында күрделі кедергі болды. Қоғамдық құрылыс алға қарай жылжымайды, бірақ еңбек әдістері шаруашылықты дұрыс жүргізу үшін қолданылды. Көшпелі және жартылай көшпелі қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық құрылысының ықпал етуімен эволюцияланды.

“Әрбір көшпелі қоғамының тоқыраушылығына қарамастан, оның алға жылжуға деген тенденциясы, яғни шаруашылықтың біршама дамыған формасына деген ұмтылысы болады”, - деп жазды В.Ф Шахматов. Әрине бұл жерде мәселе “Номадизмнің” идеализациясы жөнінде немесе патиархалдықты мадақтау емес, әрбір қоғамға тән объективтік процесс жөнінде болып отыр. Көшпелі қоғам бір-бірімен қырқысқан феодалдық топтардан ғана емес, еңбек процесінде көрші отырықшы елдермен байланысып отырған еңбекші бұқарадан да тұрады.

XVIII ғасырдың тарихи деректері бірінші кезекте қазақтардың көшпелі өмір салтын, олардың мал шаруашылығын сипаттайды. “Көшпелі мал шаруашылығы олардың негізгі кәсібі, ал ет олардың азығы”-деп жазады XVIII ғасырдағы Қытай деректері. Сол кездегі екінші бір деректе былай делінген:“Нағыз буруттар қауым боп сулы жерге көшіп жүреді, мал шаруашылығымен айналысады”. Көшпелі мал шаруашылығы толығымен натуралды болды.

Мал шаруашылығымен айналысқан қазақтар қырлы өңірлерде қой, жылқы, түйе және сиыр өсірді, бұл төрт түлік мал деп аталды. Мал жылдың төрт маусымында табиғи жайылымдарда бағылды. Мұның өзі кең байтақ жайылым болуын және шөптің шүйгінін таңдап көшіп-қонып отыруды қажет етті. Талай ғасырлық тәжірбиеден шаруашылық басқару тәсілі жайылымдарды маусымға қарай пайдалану тәртібін қалыптастырды, төрт маусымның төрт қонысы болды. Бұлар: жазда - жайлау, қыста - қыстау, көктемде - көктеу, күзде - күзеу.

Жазғы жайлауға – бетегелі белестер, өзендер мен көлдердің алқаптары, ауасы салқын, шыбын-шіркейі аз биік таулардың қойнаулары пайдаланылды. Қысқы қыстауға – ызғырық желден паналайтын ықтасын, жылы, күнгейлі таулы жерлер, төбе-төбе құмды адырлар немесе малды бораннан сақтайтын тоғайлы жерлер таңдап алынды. Көктеулік көбінесе мал төлдетуге және жас төлді аяқтандырып ширатуға қолайлы, жері жатық, суы мол жерлер болса, күзеулік - бір жерде болды.

Қазақтың әрбір руының өзінің көші-қон жолдары болды. Мұндай жолдардың ұзындығы кейде 800-100 шақырымға жетті. Көшпелі мал шаруашылығына ұлан-ғайыр жайылым өріс керек болды.

Малдың түліктік құрамы, бір жағынан қазақтардың үй шаруашылығында белгілі бір түліктің маңызына, бертін келе сауданың дамуымен және рыноктың өскелең қажеттеріне қарай, ал екінші жағынан жайылымдардың ерекшелігі мен кеңдігіне және жергілікті малдың оған бейімділігіне қарай анықталды. “Бұл халықтың байлығы мен дәулеті, - деп жазды сол кездегілердің бірі, басқадан да гөрі жылқысы мен қойының көптігінде. Қай салада болсын қажетті де пайдалы малымен осы екі ордадан (Кіші жүз бен Орта жүз) басым басқа халық бар деуге келе қоймас, бірақ, осының бәріне қоса бұлардың көші-қон үшін ұстайтын түйелері де аз емес”.

Қазақтар жайылымды ұтымды пайдаланды. Жайлауға шығу мен қыстауға оралу, осы мәселені әр жылдың табиғи ерекшеліктерін ескере отырып шешкен ақсақалдардың өзара келісімімен басталды. “Түркістан жинағында” жазылған:“Жалпы жайылым абайлап пайдаланылады және бар ынтамен қорғалады, жазда пайдаланатын жерді тапталудан қорғау қажет, күзде жайылым болатын шөпті сақтау керек. Қыстыгүні бай қырғыздар малымен құмға, сексеуіл немесе қамысты тоғайға кетеді, ал қалған халық қыстауда малдарын бағады”. Сонымен бірге қазақтардың ортақ пайдаланатын жайылымдары да болды. Халықтар үлкен құмды алқап пен сексеуілді қопаны да пайдаланған. “Жергілікті халық ортақ пайдаланған ауданда мал бағу құқы екі фактіге негізделеді: бұл жерді қырғыз (қазақ) руларының бұрыннан пайдалануы және құдық қазу жұмыстары бойынша” . Дәулетті қазақтар жақсы шабындық жерлерін иеленді. Оларға қысқы шөп дайындауға мүмкіндік берді. Кедей шаруалар оларды жайылым шөптермен қамтамасыз етті. Көптеген қазақтардың отырықшылануына байланысты мал қоралар салынды.

Мал өсіруге байланысты жақсы жерлерді іздестіру қазақтардың маңызды жұмысы болды. Себебі барлық шаруашылық жайылымға байланысты еді. Ұлы жүз қазақтарының шаруашылығы сол кезде натуралды және тұйықталған болды. Натуралды шаруашылық өте жай тарады, ал тауар өндірісі артта қалды.

Мал шаруашылығы қазақ қоғамында маңызды рөл атқарды. Ю.Южаков, Монастырский, Маев т.б. авторлардың зерттеуінше малдың санын төмендегі кестелерден байқауға болады.

Шымкент пен Әулиеата ауданында қазақтар 112060 жылқы, 76540 бас ірі қара, 1218000 қой, 4500 түйе, 10300 ешкі, 2240 есек пен қашырды иеленді. Мұнда барлығы 1470140 бас мал болды.

Лепсі, Қапал, Верный аудандарында 196056 жылқы, 49161 ірі қара мал, 1440173 қой, 28678 ешкі, 63471 түйе, барлығы 1917619 бас мал болды.

Бұл цифрлар қазақтардың егіншіліктен басқа өмір сүрудің негізгі қайнар көздерінің бірі болған мал шаруашылығымен де айналысқанын көрсетеді.

Қазақтардың көшпелі мал шаруашылығында көп ғасырлық тәжірибенің негізінде жайылым ауыстырудың “көлденең бағыттағы”, “тіке бағыттағы” және “тұрақты” үш түрінің болғаны белгілі. Олар ең алдымен малдың түріне және көшпелі қауым өмір сүрген табиғи ауа райы жағдайларына байланысты болған.“Көлденең бағыттағы” көшу жүйесінде табында ұзақ жүрістің қиындығына төзімді, тебінге қабілетті қой-ешкі, түйе мен жылқыға, сиыр қосылған. “Тұрақты” немесе қыстау маңындағы көшіп-қонуда төрт түліктің бәрі кездесетін.

Қазақ бүкіл өмір тіршілігін, табиғат аясында өткеріп, көшіп-қонып жүргендіктен жер бедерінің сан алуан түрлерін тауларды, ормандарды, шөлдерді, даланы, өзен-көлдерді көп кездестірген және олардың әрқайсысына лайықты әсем аттар қойып отырған. Мысалы: Бетпақ-дала, Нарын құмы, Арал теңізі, Балқаш көлі, Жайық өзені, Көкше-тау, Сары Арқа т.б. Бұл олардың біріншіден, табиғатқа деген сүйіспеншілігін тудырса, екіншіден олардың дүниетанымын кеңейтіп, мінез-құлқының, әдеп-ғұрпының, салт-дәстүрінің қалыптасуына оң әсер еткен.

Олар сол баққан малдарының жағдайы үшін қыста қыстауда, жазда жайлауда киіз үйде, ауыл-ауыл болып тұратын. Негізгі кәсібі мал шаруашылығы болғандықтан, олар малдың жағдайын өте жақсы білді және натуралдық шаруашылықпен айналысып, күнделікті тұрмысқа қажетті заттарын осы мал өнімдерінен алып отырған.

Олар үшін күйреуге әкелетін барымта деп аталатын тонау түрі жүргізілді. Бір ру әлсіз болса, екіншісі қарулы күшпен мал-мүлікті тартып алады. Осындай әрекеттерімен бір-біріне қауіп төндіріп өзара әлсірейді. Сұлтандар мен басқа да билік басындағылар ақылмен жауап қайтарудың орнына өздері соның жақтаушысы мен қатысушысы болады. Осындай тонаудан кейін екі жақтың пікірі біржақты болуы мүмкін емес. Кейде тонаудың көп болғандығы сондай саудагерлердің керуендері бұдан қашып құтыла алмады.

Қазақ халқының ата кәсібі мал шаруашылығы болғандықтан: жылқы, түйе, ірі қара, қой тіршілік көзі болып есептелді. Мал шаруашылығынан өзіне қажетті өнімдер алды. Өздері өндірмейтін тауар өнімдеріне Ресеймен, Қытаймен, Бұқармен, Ташкентпен айырбас жасайды.

Қазақтардың мал шаруашылығы жайында кезінде С.Б.Броновский өзінің еңбегінде :“Қырғыздардың бар байлығын сан мыңдаған жылқы үйірлері, түйе, ірі қара мал табындары мен қой-ешкі отарлары құрайды. Олардың жылқылары ірі әрі жүйрік келеді. Түйелерінің барлығы да қос өркешті, 12-20 пұт жүк көтеретін, шөлге шыдамды жануарлар. Орыс саудагерлері олардың ақбас сиырларын көптеп сатып алып, Екатеринбургке, тіпті, Мәскеуге дейін әкеледі. Қойлары ірі, салмақтары 80-100 килограмға дейін жетеді,”-деп, өз таңданысын жасыра алмаған.

Төңкеріске дейінгі Қазақстанның белгілі статистерінің бірі Л.К.Чермак 1897 жылы Атбасар қазақтарының шаруашылығын сипаттай келіп, “Оңтүстікті мекендеуші қазақтар бір жылда Шудан Атбасар қаласына дейінгі ұлан-байтақ даланы кесіп өтіп, әрі-бері көшті және жалпы ұзындығы екі мың шақырым болатын арақашықтықты жүрді”-деп жазды.

Мал өсіру әдісінің артта қалуы себепті қысқы жайылымға жер көп керек болған. “Қолдағы сиыр, түйе сияқты ірі қара малға жақын жерден жайылыс қалсын деп, қазақтар жылқыларын қыстаудан шалғай жатқан салт аттыға апталық немесе одан алысырақ жерге айдап кетеді” - дейді Рычков. Әрине, бұл сөзге сенуге болады. Шаруалар қысқы жайылыста наурыз айының ортасына дейін, яғни жазғы жайлауға көшуге тақағанша отырған. Жазғы жайлауда қыркүйекке дейін, яғни күзеуге көшкенге дейін отырған. Қараша айында қыстауға қайтып келген. Әрбір рудың көшіп-қонып жүретін белгілі жері болып, бұған басқа рулар қол сұға алмаған. Н.Аристов өткен ғасырда былай деп жазған:“Жерге иеліктің негізі – ежелден қалыптасқан. Бірақ ру мүшелері әрдайым бір жерден екінші бір жерге көшіп отырды. Көшпеліні жерге ешкім еріксіз байламайды, белгілі ру немесе бір әулет талай жыл көшіп-қонып жүрген аймақ сол рудың иелігі болып саналады”.Жайылымдарды пайдалану дәстүрге сай жүргізілді. Бірақ іс жүзінде кейде ол тұрақты шиеленістердің объектісіне айналды. “Тұрмысы жақсы, күшті рулар қолайсыз жерлерді пайдаланбай, өздерінің әлсіз қарсыластарын ығыстырып отырды. Ал олар өз кезегінде одан да әлсіз руларды шеттетті”. Қазақтардың төңкеріске дейінгі, әсіресе Қоқан хандығы тұсындағы көші-қон жерлері жөніндегі деректерде жазғы жайылымдар ақсақалдар кеңесінде руларға бекітілді. Оларды ру-тайпа көсемдері басқарды.

Қазақтардың мал шаруашылығының дамуына орасан зор апат әкелген қыс, көктем ызғырығында малдың жейтін шөбі болмай, қырылуы, яғни жұт үлкен әсерін тигізді. Жұт негізінен қолайсыз ауа райының әсерінен, яғни құрғақшылық, қарлы қыс, боран немесе көктемде жер көктегенде қар, бұршақ жауып, малдардың тебінге шыға алмауынан болды. Кей жылдары 500-1000 жылқылы табындар қатпаған, беті қармен жабылған сортаңды көлдерге түсіп кетіп, қырылғандары болған.

Жұт негізінен Қазақстанның барлық аймақтарын қамтып отырды. Жұт көбінесе 10-12 жылда бір рет, кейде 3-5 жылда қайталанып отырды.

Қазақ даласында мал тек қана жұт емес, сондай-ақ боран, үскірік аяздан, жем-шөп тапшылығынан да, ауру-сырқаудан да шетінеп отырған. Мысалы, егер 1870 жылы Сырдария өңірінде да барлық мал саны 1988270 бас болса, 1877 жылы 4111999, ал 1885 жылы 2751700 басқа дейін кеміген. Жұт табиғаттың қолайсыз ауа райы, көшпенді мал шаруашылығының дамуын тежеді. Бұдан көбінесе кедей және орташа шаруашылықтар қатты зардап шекті, жұт олардың бар малын жайпап кетуші еді. Жұттың ауыр салдары туралы Г.Загряжский былай деп жазды:“Халық аштықтан қырылып жатты, ал ата-аналар болса бір қап астық үшін балаларын сатуға дейін барды”. Жұттан малы қырылған шаруаларды босқындық, аштық, ауру сияқты нәрселер өкшелей қуып, елді күйзелтіп кететін болған. Сондықтан қазақ арасында “жұт жеті ағайынды” деген мәтел қалған.

Қазақтардың мал шаруашылығында XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың өн бойында мал саны бойынша бірінші орында қой тұрды. Егер XIX ғасырдың екінші жартысындағы материалдарға сүйенетін болсақ, онда қой санының басым болуында ешқандай күмән жоқ. В.Вельяминов-Зернов 50-жылдардағы өзінің қолжазбасында былай деп көрсеткен: “Қоқан хандығының көшпелілері барлық мал түріне қарағанда қойды көп өсірген”. XIX ғасырдың ортасындағы қазақтардың тұрмысымен жақсы таныс болған И.Бардашев та олардың қой өсіруге көп көңіл бөлгенін жазады.

Қазақтың союға ең қолайлы түлігі қой. Ең алдымен “малды жисаң қойды жи, майы кетпес шарадан”, “қойдың сүті қорғасын, қойды сөккен оңбасын” деген мақал-мәтелдер осыған байланысты айтылса керек. Қой қазақтар үшін ақшаға немесе затқа айырбастайтын бірден-бір түлік болып табылған. Оларда ақша өте аз болды. Байларының сандықтарында ділда мен Қоқан сақталса (ділда қоқандықтардың алтын теңгесі, күміске шаққанда 3 сом 80 тиын тұрған, Қоқан – күміс ақшамен 20 тиын), кедейлердің қолында шек (чек-күміс ақшаның 1 тиынның 1/3 бөлігіндей мыс теңге) қана болған, ал көпшілгінде ол да болмаған. Қоқандықтар Шымкент өлкесі халқының бар қойының 1/40 бөлігін зекетке алып, 20 000 қойды айдап әкетіп отырды. Сондай-ақ бұл өлкеде қой санының көбеюіне осы барымта көп кедергі келтірген. Ал қыс айларында қойдың шығыны аз болған. Себебі, қой түлігі басқа малдарға қарағанда өз керегін оңай тауып жейді. Зерттеуші А.Левшиннің мәліметтеріне қарағанда, жеке қазақ байларының қолында 20 000 қой, 400-500 түйе, 8-9 мың жылқы болған. Капиталистік қатынастардың Орта Азияға енуіне байланысты мал шаруашылығы, әсіресе қой шаруашылығы тауарлық сипат ала бастады. Орта Азиялық сауданы белгілі зерттеуші А.Н.Тетеревников XIX ғасырдың ортасында былай деп жазады: “Қазақтардың экономикалық өмірінде қой маңызды роль атқарды. Бұл малды Орта Азиялық көпестер сияқты орыстар да ерекше бағалайды”. Ресейлік және Орта Азиялық сауда орталықтары жылдан-жылға мал шаруашылығы, әсіресе, қой шаруашылығы өнімдерін пайдалануды ұлғайтты. Негізгі жабдықтаушы - Оңтүстік Қазақстанның көшпелі және жартылай көшпелі халқы.

Оңтүстік өңірінде қылшық жүнді қойлар өсірілді. Қаракөл қойлар Қызылқұм құмдарында, Шымкент уезінде және де Әмудария бөлігінде өсірілді. Бұл туралы “Түркістан жинағы” былай деп жазды: “Қаракөл қойын өсіру тәжірбиелері жасалуда. Бірінші тәжірибе (1892 ж.) Ташкент пен Шымкенттің кейбір аудандарының табиғатына қаракөл өмір сүре алмайды деген жергілікті ауылбасыларының қоғамдық пікіріне қарамастан, жоғарыда аталған өңірлердің жайылымы мен климаттық жағдайы қаракөлді өсіруге мүмкіндігі барын дәлелдеді және оны көп табыспен қамтамасыз етеді”. Сырдария облысында құйрықты қойдың екі тұқымы өсірілді, Жетісулық қылшық жүнді және Түркістандық жұмсақ және ұзын жүнді қой.

1895 жылы Ташкент, Шымкент, Перовск, Қазалы уездерінде, сонымен қатар Әмудария бөлімі мен Ташкент қаласында қойдың жалпы саны 4 млн, 625600 басқа жеткен. Бұл сан көрсеткіштері Орта Азия мен Ресейдің ішкі рыноктарының қажеттілігінің өсуіне байланысты Қазақстанның оңтүстігінде арнайы сату үшін қой өсірілгенін көрсетеді. Оның ішінде Орталық Ресейдің тоқыма өнеркәсібін шикізатпен қамтамасыз ететін биязы жүнді қой түрін өсірудің ұлғайғанын да байқатады. Жылдан-жылға тоқыма өнеркәсібінің интенсивті дамуы биязы жүнді қойдың жүнін пайдалануды жоғарылатты. “Биязы жүнді қойды өсіру 2000-ға жуық бас қойы бар Шымкент уезінде басталды. Олардың негізін салушы Обручево селосында болып және Ставрополь губерниясынан қоныс аударушылардың бірі айдап әкелген аз ғана табыны болды”. Қой шаруашылғымен бірге қазақтар ешкіні де өсірген. Көп сүт беретін, ерекше қарауды қажет етпейтін, тез көбейетін ешкі кедейлердің негізгі малы болды.

Ғасырдан-ғасырға қазақтар қой шаруашылығымен қатар жылқы шаруашылығымен де айналысқан. Негізінен көнбістігімен және төзімділігімен ерекшеленетін қазақ жылқыларын өсірді. Қазақ жылқылары көріксіз болады. Сондықтан бай және отырықшы қазақтардың шаруашылығында және салт жүріс үшін олар басқа тұқымдармен ауыстырылды. Осыған байланысты Ұлы жүз жерінде қазақ тұқымдарымен қатар арғымақтар, қарабайырлар, өзбек жылқылары да өсірілді.Арғымақтар - бірыңғай салт мінетін ат, жүйріктігімен қатар өте қымбат асыл тұқымды жылқы, бұған тек байлардың қолы жетті. Ерекше күтімге түрікпендерден әкелінген арғымақ-ақалтекелер мен сол арғымақтардың қазақ жылқысымен буданынан алынған қарабидайлар ғана алынатын болған. Мұндай бәйге арғымақтарының құны 50 сомнан 200 сомға дейін, тіпте 300 сомға дейін өсіп отырған.Ең ірі малшылар Орта жүзде жеке қазақ байларында 20 мыңға дейін жылқысы барлар бар деп жазды XVIII ғасырдың соңында Н.Рычков.

Жылқы малын денесіне қарап, қазақ “қазанат” және “қара етті” деп екіге бөледі. Қазанаты майды сыртына жинайтындар, ал қара еттісі керісінше майды ішіне жинайды, қазанат жүріске шыдамды, еті тез арымайды, қайта тез семіреді, еті дәмді, қазысы қалың, іші майлы келеді. Сондықтан мүмкіндігі бар қазақ жылқының қазанатты тұқымын ұстауға тырысады. Жылқыны қазақ арғымақ және жабы деп екіге бөледі. Қазақта арғымақты жоғары бағалайды. Өлеңдерінде жақсы атты “арғымақтан туған қазанат” деп, “арғымақ аттың белгісі, арыған сайын тың жортар, артымда жүгім қалар деп”, “қара арғымақ арыса – қарға адым жер мұң болар” деп арғымақ жылқыны мақтауы содан.

Бірақ арғымақ көшпелі елдің пайдалануына қолайсыз, сондықтан қазақтың атам заманнан өсіретін жылқысы “қазақы” аталатын-жабы. Қазақтың тәжірибесінде, қазақы жылқы көшпелі тұрмыстың бар жағдайына да төзімді, көліктік жағынан да шыдамды, еті де, сүті де асыл.

Жылқы малының шығыны соғымға қанша сойылатындығына, өлім-жітіміне, аң-құстың аз-көптігіне және қоқандықтар тұсында ерекше белең алған барымтаға байланысты болды. Қазақтар жылқының күтіміне онша мән бермейді. Бұл қайта сарттарда дұрыс жолға қойылған. Бірақ, олардың өздері де жылқы тұқымын көбейту мен асылдандыруды ұмыт қалдырып, тек қана жылқының үстін тазалау, оның тұратын орнын тазарту мен мерзімімен жем, суын берумен шектелген.

Халыққа көмек ретінде жылқы тұқымдарының асылдануына көп әсерін тигізген Түркістанның мемлекеттік жылқы шаруашылығы болды. Бұл туралы А.И.Добромыслов былай деп жазды: “1878 жылы белгілі түркістандық коммерсант Н.И.Иванов жабылған Константиновский зауытынан қарабайыр және қырғыз (қазақ - Ө.Қ.) биелерін сатып алды және жекелеген адамдардан желісті айғырлар мен бірнеше бас түркістандық қарабайырлық және башқұрттық тұқымдарды сатып алып, Әулиеата жылқы зауытының негізін салды.

Н.И.Иванов Кардон шатқалында жеңіл шартпен қазынадан 326 десятина шабындық жерді алғаннан кейін 1880 жылы зауыт дұрыс ұйымдастырылды. Ал мемлекеттік қазынашылық оған 11 салт шала буданды ақысыз береді, сонымен бірге зауыт маңынан жергілікті халықтардың қажеттілігі үшін тегін атқоралар ашу оған жүктелді. Сол кезде Н.И.Иванов 70-ке жуық қырғыз және хиуалық биелерді сатып алған”. Зауыттың құрылуы Қазақстанда жылқы шаруашылығының дамуында маңызды роль атқарды. Биенің сүтінен қазақтар ежелгі сусын – қымыз дайындады. Халық арасында “қымыз қуат мереке мен ұзақ өмір сүрудің кепілі болатын сусын” – болып табылады және бірде-бір қазақ отбасы қымызсыз отырмайтын. Қымыз, сондай-ақ, Орта Азияның қалаларының базарларында сататын өнім еді. Көкірек аурулардың (өкпе туберкулезі) көбі қымыз ішіп сауығып кеткен. Мысалы, сондай-ақ ауруға шалдыққан орыстың атақты жазушысы Лев Толстой кезінде Башқұртстандағы Шафрановка қымыз курортына барып дертінен айыққан. Жылқының етінен әртүрлі ас – қазы-қарта, жал-жая, шұжық және сүрленген ет дайындалған. Қарастырып отырған кезеңде Қазақстаның Оңтүстігінде тұратын өзбектер, атап айтсақ, Түркістан, Сайрам және Манкент, Сұлтан-Рабат т.б. ауыл тұрғындары айналасындағы қазақ тұрғындарынан аталған дәмдерді айырбасқа алып, оларды дайындаудың әдістерін жақсы білген. Жылқы терісінен аяқ киім, қамыт доға, саба (қымыз құйылатын ыдыс) жасалып, әр түрлі киімдер, жылқы терісінен тігілген.

Өте ерте кезден бастап-ақ Орталық Азияның шөлді аймақтарында түйе өсіруге үлкен көңіл бөлінген. Түйе – жүк көлігі. Көшпелілердің, олардың ішінде қазақтың ғасырлар бойы көбінесе жүгін көтерген мал осы түйе. Оның ішінде ең төзімдісі, әрі мықтысы жалғыз өркешті – нар. Қазақтың “нар жолында жүк қалмайды” деуі содан. Сондықтан да түйенің құны, И.П.Фальктің мәліметі бойынша 6-10 жылқы бағасына тең, 40-60 сомға бағаланған. Алайда Қазақстанның территориясында аруана - бір өркешті түйенің пайда болу уақыты туралы айту мүмкін емес. Отаны Египет және Қосөзен елдері болып табылатын бұл шөлге бейім тұқымның жазба деректерде Еуроазияның солтүстік аудандарында кездесуі тек түрік заманында айтылған. Кейінгі орта ғасыр мен жаңа заманда Арал өңірі мен оған көрші аудан қазақтары түйенің екі түрін: қос өркешті – айыр түйе және бір өркешті нар түйені өсірген, бірақ Қазақстанның оңтүстік аудандарының климат жағдайына бейім түрі қос өркештіге көп көңіл бөлген.

Көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықта түйелер жыл бойына ашық аспан астында жүрген. Өте суық кездерде П.С.Паластың айтуынша, түйелердің кеудесіне “жүн мен қамыстан тоқылған жабу жапқан”, ал қысқы борандарда қараша үйлер арасынан ықтырма жасаған.

Қызылқұм, Қарақұм, Үстірттің табиғи ерекшеліктері мал шаруашылығының осы бір саласы үшін аса ыңғайлы болды. Оңтүстік Қазақстанның көшпелі қазақтарының шаруашылығында түйе өсіру маңызды орын алды. Бұл аймақта малдың екі тұқымы өсірілді: бір өркешті (нар) және екі өркешті. Түйелердің саны 1895 жылғы мәліметтерінде 501200 басқа жеткен. Оңтүстіктің жағдайы түйе өсіруге қолайлы болды. “Түйелерді өте көп өсіретіндер, әсіресе, Ұлы жүздің қазақтары мен Оңтүстіктегі құмды алқапта мекендейтіндер. Өйткені түйе бұл арада өте қажетті түлік болды. Ең алдымен түйелер бір жерден екінші жерге көшкен кезде теңдеп жүк артылатын көлік ретінде пайдаланылды. Сонымен бірге, олар сүт пен жүн де берді. Түйе сүтінен жасалған шұбат ішуге жарамды, емдік қасиеті жағынан қымыздан кем емес. Базардағы көшпелілерде түйе жүні ерекше бағаланды, жүнді алу үшін түйелерді қырықпайды, көктемгі түлеу кезінде жүні сыпырылып алынады. Түйе суыққа өте сезімтал, сондықтан оның денсаулығына қырықтық зиян келтіреді. Сондай-ақ түйені шөлді, құмды жерлерде ең ауыр жүк көтеретін күш ретінде пайдаланған, шығырды айналдыруға жеккен және құдықтан су тартқызу үшін пайдаланған.

Түйенің түбіті мен шудалары қымбат саналады: түбіттен иіріп тоқыған киім, ең жылы, ең төзімді болады, шудадан жіп арқан еседі.

Қазақстанның Оңтүстігінде бір өркешті түйелердің жеті түрі ерекшеленген: таза қанды нар, бекбатша-нар, қолбатша-нар, жөнек-нар, қылағай-нар және соқпақ-нар. Екі өркешті түйенің үш түрі болған: таза қанды айыр түйе, мырза-қоспақ және қырқысты-қоспақ. Өзгелерінен бағалырақ болып бір өркешті түйе мен қос өркешті түйеден алынған бекбатша-нар, қолбатша-нар, жампоз-нар және мырза-қоспақ саналады. Бұл түйелер толық, әрі мықты сирақтарымен, дамыған бұлшық еттерімен айрықшаланады және таза қанды түйелерге қарағанда екі, үш есе ауыр жүкті көтерген.

XVIII ғасырдың екінші жартысы XIX ғасырдың басында Қазақстанның көпшілік аудандарында ірі қара мал өсірген Академиялық экспедиция мүшелері қазақтардың бұл мал түріне “жақын уақыттан бастап қолға ұстай бастағанын” атап көрсетеді. Я.П.Гавердовскийдің айтуынша, 1771 жылы қалмақтардың Ресейден Жоңғарияға үдере көшкен уақытынан және “оған онша асық болмағанын” айтады. Сондай-ақ Я.П.Гавердовскийдің пікірінше “Сиырлар,-деп жазады ол: қазақтарда басқа малға қарағанда аз болған. Олар жазғы уақытта көшуге жарамсыз, сондай-ақ қыста қорек іздеуге шамасы онша келмейді деп” есептеген .

Мал өсірушілер ірі қараның тұқымдарын асылдандыруда көп көңіл бөлді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   89   90   91   92   93   94   95   96   ...   149




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет