Негізгі бөлім
Транскаспий дәлізі – Қытай, Қазақстан, Каспий теңізі акваториясы, Әзербайжан, Грузия арқылы Түркияға, одан әрі Еуропаға жол бастайтын транспорттық маршрут.
Осы жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға ресми сапармен барды және Илхам Әлиевпен бірге бірқатар маңызды жобаларға қол қойды. Әрине, сапар аясында Транскаспий дәлізі туралы келісім сөз болмауы мүмкін емес. Тіпті, осы сапардың түпкі мақсаты да сол болуы әбден мүмкін. Өйткені біз үшін қазір жедел қимылдап, мұнай тасымалдауын әртараптандыруға күш салатын уақыт.
Сапар барысында «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясы мен Баку порты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. ҚТЖ баспасөз қызметінің ақпарынша, меморандум екі елдің транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін Транскаспий халықаралық көлік бағытын одан әрі дамытуға бағытталған.
Сондай-ақ Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Әзербайжанның Цифрлық даму және көлік министрлігі арасындағы транзиттік жүктерді тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандум да тың бағыттың көсегесін көгертуді меңзейді.
Президенттер кездесуіне дейін пікір білдірген «Южный Кавказ» зерттеу орталығының басшысы Фархад Мамедов екі ел арасын тікелей жалғайтын құбыр қажеттігін айтады.
«Баку – Тбилиси – Жейхан» мен «Баку – Супса» құбырлары қазір жартылай қуаттылықпен жұмыс істеп тұр. Бізге қазір осы инфрақұрылымды толықтыру керек. Бірақ Қазақстан мен Әзербайжан арасында құбыр желісі жоқ болғандықтан шектеулі түрде танкермен тасуға мәжбүр»,
Қазір біз Транскаспий дәлізіне тек Ақтау мен Құрық порты арқылы ғана қатысып отырмыз. Екеуінікін қоса алғанда өткізу қуаты жылына 21 млн тоннаны ғана құрайды.
«Қазақстан осы жерде Транскаспий үшін «тар тесік» саналады. Тесікті тез арада кеңейту қажет. Порттардан басқа, бізде Достық – Мойынты, Алматы торабы бойынша темір жолдардың өткізу мүмкіндігі шектеулі. Ал Каспий теңізінде сауда флотымыз өте шағын, яғни паромдар, контейнерлік кемелер жетпей жатыр. Әзербайжанда да осындай «тар тесіктер» бар. Оларда порттағы ауыстырып тиеу инфрақұрылымы тым кішкентай. Сонымен бірге фитингтік платформалар дефициті байқалады. Тоқаев пен Әлиев осы кептеліс проблемасын шеше ала ма? Қазақстан Президенті бұған аса мүдделі. 2022 жылдың бес айында ғана ТМТМ бағыты бойынша 732,5 мың тонна жүк тасымалданған. Яғни, 2021 жылға қарағанда 2,5 есе өсім бар. Биыл жоспар бойынша 3,2 миллион тонна өтеді деп жоспарланған. Егер тарифтік бірыңғай кеңістік қалыптасса, осы көрсеткішті 10 есе арттыруға болады», деп жазады телеграмдағы dalainside каналы.
Саясаттанушы Асхат Қасенғалидің айтуынша, жақын аралықта Зангезур дәлізі ашылады. Бұл Армениямен келісімде бар дүние. Қарабақ пен Нахичеванды жалғайтын бұл дәліз арқылы Қазақстан Түркияға шығуға мүмкіндік алмақ.
«Жалпы Әзербайжанның біз үшін маңызы артып келеді. Біз Әзербайжан арқылы Грузияға шығып, Грузия порттары арқылы Қара теңізбен Батыс Еуропаға бет алсақ болады. Екінші жол Әзербайжанның Қарабағы арқылы Зангезур дәлізімен өтіп, Нахичеванға жетіп, Түркияға барсақ болады. Бұл дегеніміз ары-бері тауар жөнелту, ақша және кәсіп жасау мүмкіндігі, экономикаға серпін берудің бір жолы деген сөз», дейді сарапшылар.
Достарыңызбен бөлісу: |