Аллаһтың қалауы əрі сүйікті Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ерекше парасаттылығы мен
фəтанатының арқасында азулы Мекке мүшріктері біртіндеп мұсылмандықты қабылдады.
Икрима алғашқыда Йеменге қашқан еді. Алайда мұсылмандықты қабылдаған əйелі Үммі
Хаким басын сауғалап елден жырақ кеткен Икриманы тауып алып: «Мен ең абзал адамның
қасынан келе жатырмын. Аллаһ елшісі сені кешірді» деген сүйінші хабар айтады. Икрима
жүрексінсе де əйеліне еріп, Пайғамбарымыздың алдында Исламды қабылдады. Аллаһ елшісі
уəде бергеніндей Икриманы жылы қарсы алып, оның сол күнге дейінгі жасаған барлық
дұшпандықтарын кешірді.
Аллаһ елшісі қаскөй мүшріктердің қатарында мұсылмандықты қабылдаған Сафуан ибн
Үмайяны, Абдуллаһ ибн Зəбариды, тіпті Уахши мен Хиндті де кешірді. Хинд кезінде Ухуд
соғысында хазірет Хамзаны (р.а.) өлтірткен əрі қарнын жарып, мұрнын, құлағын кесіп өзіне
алқа ғып таққан Аллаһ елшісіне қаны қас мүшрік əйел еді.
Ал, Əсуад ибн Хаббар кезінде Меккеден Мəдинаға хижрет етіп жолға шыққан аяғы ауыр
Аллаһ елшісінің қызы Зейнепті түйеден құлатып, Зейнептің өліміне себепкер болған адам еді.
Аллаһ елшісі оны да кешірді.
Рақым пайғамбарының кең кешірімінен ешбірі кенде қалмады.
Мекке алынғаннан кейін алыс-жақын аймақтардан тайпалар топ-тобымен, Ислам дінін
қабылдап жатты.
Достарыңызбен бөлісу: