ҚАЗАҚСТАН МУЗЕЙЛЕРІНІҢ БҮГІНГІ АХУАЛЫ
А.Ғ. Ибраева, т.ғ.д.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ.
Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін музей саласы құрылымдық, саяси-
идеологиялық, ұйымдық, түбегейлі өзгерістерді бастан өткерді. Бүгінгі
Тәуелсіз Қазақстан үшін музейлер тек ғылыми-зерттеу, мәдени-білім
мекемесі ғана емес, ол ұлттың ұлылығын айғақтайтын ерекше мәнді символ,
мемлекеттік атрибуттардың бірі болып табылады.
Музейлердің қатал идеялық-ақпараттық бағыттан арыла бастауы музей
мен көрермен арасындағы қарым-қатынас түрін өзгертті. Музейлер
көрерменге тәрбиелік әрекет нысаны емес, сұхбаттасушыға айналды.
Музейлердің қатал идеялық-ақпараттық бағыттан арыла бастауы музей мен
көрермен арасындағы қарым-қатынасты өзгертті. Музейлер көрерменге тек
тәрбиелік әрекет нысаны емес, сұхбаттасушыға да айналды. Бүгінгі таңда
республикамызда тарихи-мәдени мұраны сақтау және насихаттау
саласындағы мемлекеттік саясаттың белсенді таратушысы болып табылатын
музейлерді тамашалауға 1 млн. 300 мың адам келіп 20 мыңнан астам
көрмелер мен дәрістер ұйымдастырылған. Кеңестік идеологияның
қыспағында болған музейлерге бүгінгі күні мүмкіндіктер ашылып, оны
жүзеге асыруда жағдайлар жасалып отыр. Осындай мүмкіндіктерге ие болып
отырған Қазақстан музейлері ең алдымен, халықтың баға жетпес
материалдық, рухани байлығын жиақтаушы әрі насихаттаушы, сол арқылы
Қазақстан азаматтарының бойына отансүйгіштікті, патриоттық сезімді
ұялатушы ғылыми, мәдени, біліми орда болуға тиісті. Жасалып жатқан игі
істер де баршылық.
Біріншіден, халыққа қызмет көрсетіп келген музейлердің бұрынғы
құрылымы өзгеріп, жұмыс бағыты түбегейлі қайта құрылды. Сонымен қатар,
Тәуелсіздік тұсында өзінің көрнекілігі, болмыс-бітімімен ерекшеленетін
музейлер дүниеге келді. Мәселен, Президенттік Мәдениет орталығы,
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі, саяси қуғын-сүргін
құрбандарына арналған музейлер, халқымыздың аяулы тұлғаларына арналған
мемориалдық музейлер мен музей-үйлер, ашық аспан аясындағы музей-
қорықтар. Бұл музейлер бүгінгі тарихымыздың көрнектемесі ғана емес,
азаттық, теңдік, тәуелсіздік үшін алысқан ата-бабаларымыздың сан ғасырлық
күресінің шежіресі міндетін атқаруы тиіс.
Жас ұрпақты ерлік, елдік рухқа тәрбиелейтін, көшпелі өркениеттің
қайталанбас туындыларын қастерлеп, туған елдің ұлы тұлғаларынының
еңбегі мен ерлігін көрсетіп, насихаттай алатын, сол арқылы өз Отанын сүюге
деген құлшынысын арттыратын рухани орталықтар болуы керек. Мәселен,
ҚР Тұңғыш Президентінің музейі қазіргі посткеңестік мемлекеттер
кеңістігенде тұңғыш ұйымдастырылған музей. Музейдің құрылымы мен
жұмысының
тұжырымдамалық
бағыт-бағдары еліміздің тәуелсіздік
тарихымен тығыз байланысып жатыр. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы
Егемендік туралы декларациядан бастап бүгінгі күнге дейінгі саяси,
әлеуметтік-экономикалық, мәдени үрдістер музей көрнектемесінің негізі
болып отыр. Осыған орай, мәдениеттанушы ғалым К. Матыжанның мына бір
пікіріне назар аударсақ: «Тәуелсіз дамудың көш басында Қазақстан халқы
әлденеше рет сенім білдіріп, ел тізгінін қолына ұстатқан Қазақстан
Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың келе
жатқаны – тарихи шындық. Сондықтан бұл музей – Елбасы ғұмырнамасы
мен қызметі арқылы бейнеленетін азаттық үшін күрес пен тәуелсіз
тарихымыздың шежіресі» – деп музейдің мақсаттық бағытын нақты
айқындай білген [1].
ҚР Президенттік Мәдениет орталығына келетін болсақ, бүгінгі таңда
қоғам дамуының ағымына орай, ол өз жұмысын оңтайлы жолға қоя білген,
мәдени ошақтардың бірі болып табылады. Кезінде Елбасы идеясының
негізінде дүниеге келген әмбебап орталық бүгінде халықтың көңілінен
шығып, Елордадағы демалыс орындарының біріне айналды. 2004 жылы
белгілі ғалым М. Жолдасбековтың Орталық басшылығына келуімен 2006-
2010 жылдарға арналған ғылыми тұжырымдамасы әзірленіп, онда
Орталықтың концерт, кітапхана, музей бөлімдеріне түбегейлі құрылымдық
өзгерістер енгізу және жұмыс бағытының негізгі қағидаттарын анықтау
мақсаты көзделді. М. Жодасбековтың пайымдауынша: «...Концерт залы мен
кітапхананың жұмысы белгілі. Сондықтан бұл жерде негізгісі – музей.
Қазақстанда негізгі бағыты айқындалмаған музейлер көп. Біздің мақсатымыз
– Президенттік Мәдениет орталығында халқымыздың тарихының музейін
жасақтау. 2500 жылдық тарихы бар еліміздің көне замандардан жеткен
бағалы заттарын осында орналастырып, оларды халыққа көрсете білсек
дейміз. Сонау сақ дәуірінен бастап, Түрік қағанаты, Алтын Орда, Ақ Орда
хандықтарынан бізге жеткен жәдігерлерді тауып, бұрыннан барларды дұрыс
бағалап, музейге қою басты мақсат» – деп жаңа ұйымдастырылғалы отырған
музейдің негізгі идеялық мәнін жеткізе білді [2].
Осыған орай, ҚР ПМО-да «Қазақстан Республикасы мемлекеттілігінің
тарихы» атты музейі жасақталуда. Онда қазақ мемлекетінің скиф-сақ, ежелгі
түрік, Қазақ хандығы және басқа да көшпелі және жартылай көшпелі,
отырықшы билеуші ақсүйектерінің мемлекеттік және мәдени қызметінің,
сондай-ақ қазіргі Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылысының
музейлендірген үлгісін көрсетеді. Бүгінгі таңда тұжырымдама негізінде
музейдің
тақырыптық-экспозициялық
жоспары
жасалып,
мынадай
бөлімдерді қамтып отыр: 1. «Менің Қазақстаным» атты Қазақстан
мемлекеттілігі залы; 2. Қазақстан халықтар достығы немесе Қазақстан
халықтарының Ассамблеясы залы; 3. «Сақ көсемдері» атты Алтын зал; 4.
«Түрік қағанаты» Көк зал; 5. «Қазақ хандығы» Қызыл зал; 6. «Тәуелсіз
Қазақстан» Көгілдір зал; 7. «Астана – жаңарған Қазақстанның символы»
Күміс зал [3]. Тақырыптық-экспозициялық жоспар негізінде әр бөлімге
қойылатын жәдігерлер жинақталып сұрыпталуда. Мәселен, «Сақ көсемдері»,
«Түрік қағанаты», «Қазақ хандығы» бөлімдері қазақ мемлекетілігінің
президенттік билікке дейінгі қалыптасу және даму тарихының негізгі
кезеңдерін көрсетуге бағытталған.
Әлемге әйгілі Эрмитаждағыдай музей кешенінде асыл тастар мен
алтыннан жасалған құнды бұйымдарды шоғырландыратын «Асыл мұра»
атты қойма залын жасақтау көзделген. «Асыл мұра» ҚР Президенттік
Мәдениет орталығындағы қазақ халқының ұлттық мұрасын сақтаушы,
насихаттаушы орын болмақ. «Сақ көсемдері» залына қорына жинақталған
жәдігерлермен бірге, «Берел» қорғанынан табылған патша тұқымы
мүшелерінің қаңқаларын қалпына келтіру (реставрациялау) жұмыстары
жүргізілсе, «Қазақ хандығы» бөліміне Абылай ханның қамқа тоны, Төле,
Қазыбек, Әйтеке сынды әйгілі билердің жеке заттары, батырлар туралы
мәліметтер, дәстүрлі қазақ қоғамының саяси өмірінде елеулі рөл атқарған
атақты Тәуке, Абылай, Әбілқайыр, Керей хандардың, Қабанбай,
Наурызбайдай батырлардың, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов,
Міржақып Дулатов, Абай Құнанбаев, Мұстафа Шоқай, Шәкәрім
Құдайбердіұлы, Мұхамеджан Тынышпаев, Дінмұхамед Қонаев, Қаныш
Сәтпаев, Мұхтар Әуезов т.б. белгілі тұлғалар мүсіндеріне арнайы тапсырыс
бойынша жасату жоспарланып, басқа да құнды заттай, жазбаша деректер
жинақталуда. Жинақталған заттардың ғылыми жағынан сұрыпталуы орталық
қызметкерлерінен терең білімді, тәжірибені талап ететіні сөзсіз [3, 25 б.].
Екіншіден, музейлерде мәдени мұраны ұлықтау – қазақстандық
патриотизмді қалыптастырудың пәрменді тетігі болып табылады. Бәрімізге
белгілі, бүгінде Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың:
«Қазір елдің жағдайы жақсарды, енді ұлы мұраларымызға қайырылып
қарауымыз керек, бүкіл әлемдік рухани байлықты мемлекеттік тілімізде
сөйлетуіміз керек, ол үшін орнықты бағдарлама керек, қаржы қарастыру
керек. Бұл біздің болашақ алдындағы парызымыз. Тарихи парызымыз» –
деген сөздері барша халыққа күш-жігер қосады [4]. «Мәдени мұра»
Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысына Қазақстан музейлерінің
де өзіндік үлесі баршылық. Мәселен, Қазақстан Республикасы Орталық
Мемлекеттік музейі бағдарлама аясында музей ісі, антропология, археология,
этнография, деректану салалары бойыша ғылыми-қолданбаы жобаларды іске
асыруда. 2005-2006 жылдар аралығында музей ҚР Білім және ғылым
министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан қолдау
тапқан мына тақырыптағы ғылыми жобалар бойынша жұмыс істеді: «Қазақ
халқының тарихи антропологиясы», «Қазақстан Республикасы Орталық
Мемлекеттік музейінің археологиялық коллекциялары», «Қазақстан
Республикасы
Орталық
Мемлекеттік
музейінің
этнографиялық
коллекциялары», «Қазақтардың дәстүрлі жүйесіндегі этнографиялық атаулар,
категориялар және түсініктер», «ҚР Орталық Мемлекеттік музейі қорындағы
сирек кездесетін қолжазбалар, басылымдар және шығыстық нумизматика
каталогы», «Қазақстандағы музей ісі: қалыптасуы, даму үрдісі, мәселелері».
Ғылыми зерттеуді қажет етіп отырған мәселелер музейтану ғылымында
өзектілігімен, қажеттілігімен ерекшеленеді.
Үшіншіден, Тәуелсіздік лебімен құрылып жатқан музейлердің тарихи
сананы қалыптастыруда, ұлттық рухани-мәдени мұраны жинақтап,
насихаттау мақсатын жүзеге асыру үшін жаңаша бағытта қызмет атқарып
жатқандығы.
Музейлердің
тақырыптық-экспозициялық
жоспарында
«Тәуелсіз Қазақстан» атты көрнектемелік кешен пайда болды. Бұл бөлімдегі
тәуелсіздік тарихының шежіресін саралап көрсететін қойылымдар жас
ұрпақты ел тарихының қайнарынан бастау алатын, терең білім нәрімен
сусындатады. Жұмысын түбегейлі қайта құрған бұрынғы тарихи-өлкетану
музейлерінде аталмыш бөлім жасақталып, талай жылдар бойы жинақталған
тәжірибе негізінде істер атқарылуда. Әрине, мұндай көрсеткіштер
республика көлеміндегі барлық музейлерге тән емес. Себебі, музей жұмысын
ұйымдастыру тетіктерінің мемлекеттік көлемде назар аударылатын түрлі
деңгейдегі қажеттіліктері мен қиыншылықтары бар.
Төртіншіден, тәуелсіздік алғаннан кейін музейлер жұмысын қайта құру,
жаңа музейлердің ашылуы және музейлердің тақырыптық-экспозициялық
жоспарларындағы түбегейлі өзгерістер еліміздің тәуелсіздік жолындағы
күресінің нәтижесінде қол жеткізген еркіндігімізбен, елдігімізді баяндайтын
жәдігерлермен баяндалуын талап етті. Алайда сан ғасырлық тарихымыз бен
халқымыздың осы тарих қойнауында жүріп өткен жолын, ұлттық
мәдениетімізді саралап көрсететін жәдіргелеріміз жеткілікті ме? Бұл сұрақ
бәрімізді де толғандырмай қоймайды. Әр кезеңде түрлі себептерге
байланысты жоғалған және елден тысқары әкетілген құндылықтарды
іздестіру және мүмкіндік болса кейін қайтару жұмыстарының музейлер
тарапынан жүзеге асырылуы бүгінгі таңда кезек күттірмейтін маңызды шара
болып отыр. Ғаламда қайталанбас сән-салтанатымен таңдай қақтыратын
Лувр, Эрмитаж, Третьяков, Дрезден галереясы сынды өнер, мәдениет, тарих
ошақтары аз емес. Олардың жинақтаған қайталанбас құндылықтарын
миллиондаған адамдар тамашалайды. Қазақстан музейлерінің ішінен
лайықтысын сондай деңгейге көтеретіндей мүмкіндіктер барма деген сұрақ
еріксіз туындайды. Әрине бар. Қазақ жерінде мұндай материалдық, рухани
құндылықтар жоқ па? Олай деуге ауыз бармайды. Қазақстандағы рухани
байлық екі елдің бірінде жоқ. Ендеше сол рухани байлықты ұқсатып, талан-
таражға түскенін қайтарып, өскелең ұрпақты ата-баба дәстүрінде тәрбиелеу,
қайталанбас мәдениетті әлемге паш ету, халықтың игілігіне қызмет еткізу
қажет.
Міне, бүгінгі музейдің алдында тұрған басты міндет жоғалған
жәдігерлерді іздестіру жұмыстарын жандандыру, табылған жағдайда
мемлекеттік көлемде назар аударылып, ұлттық құндылықтардың өзінің
лайықты орнын табуға барынша атсалысу. Мәселен осы мақсатта аянбай
еңбек етіп жатқан Президенттік мәдениет орталығы Абылай ханның
шапанын тауып, музейдің қорына қабылдады. Сол сияқты Төле би
бабамыздың шапанының жұрнағы, үйінің маңдайшасы, Құраны, оны ораған
заттың дерегі оңтүстіктен табылып, музейге алдыру жұмыстары жүргізілуде.
Қазыбек бидің шапанының дерегі Егіндібұлақтан шыққанын Орталық
директоры М. Жолдасбекұлы мәлімдеді. Кенесары ханның күлдір мамай
мылтығы Омбы тарихи-өлкетану музейнің қорынан табылса, Жәңгір ханның
баға жетпес құнды коллекциясы кейбір жәдігерлері Мәскеу және Санкт-
Петербург музейлерінің қорында сақталғандығы анықталды. Мәселен, белгілі
Қазақстан журналисі И. Аманжол Санкт-Петербургке сапары барысында
Жәңгір хан коллекциясын әдейі іздеп жүріп оған тиесілі дулығаның
этнография музейінде сақталғанын анықтады [5, с. 14].
Бесіншіден, Қазақстан музейлерінің қалыптасуы мен даму тарихында
тұңғыш рет «Мәдени мұра», «Мирас», «ҚР Орталық Мемлекеттік музейінің
еңбектері» сынды музей басылымдарының дүниеге келуі, тарих тағылымы
аясында тартымды, өнегелі материалдарды бұқараға жеткізуге мүмкіндік
тудырып отыр. «Мәдени мұра», «Экспедициялар, зерттеулер», «Көнеден
жеткен бір белгі», «Жауһар жәдігерлер», «Көрмелер туралы», «Тұңғыш
Президент музейінен», «Өнегелі өмір» тағы басқа өзекті мәселелерді
көпшілік назарына ұсынған басылымдардың ашылуы көңілге қонымды
бастама.
Алтыншыдан,
музей
жұмысының
компьютрленуі,
жаңа
технологиялық әдіс-тәсілдердің ендірілуі Қазақстан музейлеріне әлемдік
кеңістікте өзінің лайықты орнын алуына мол мүмкіндіктер тудыруда.
Мәселен, Қазақстан Орталық Мемлекеттік музейінің коллекциялық қорын
«Музеолог» бағдарламасы аясында өз интернет желісі арқылы бүкіл әлем
тамашалауға мүмкіндігі бар.
Бүгінгі музей ісіндегі жаңалықтардың бірі музейлік педагогиканының
қолданысқа ендірілуі. Тәуелсіз мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі,
әлеуметтік-экономикалық жағдайының артуы және оларды жүзеге асырудың
аса маңызды құралы білім саласы. Осыған орай, республикамыздың бірқатар
музейлерінде атап айтсақ, ҚР Тұңғыш Президентінің музейі, ҚР Орталық
Мемлекеттік музейінде, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде,
Шығыс Қазақстан тарихи-өлкетану музейінде отансүйгіштікке тәрбиелеу
мақсатында арнайы тәрбие сағаттары жүргізіледі. Мәселен, Қазақстан
Республикасы Тұңғыш Президентінің музейінде арнайы музейлік педагогика
орталығы құрылып, онда Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның
қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі мен рөлі туралы мәселелер
қарастырылады. Сонымен қатар, «Қазақстанның тарихы және мәдениеті»,
«Бала және мәдениет» атты жобалар аясында жұмыс атқарылуда.
Пайдаланған әдебиеттер:
1 Матыжанов К. Тәуелсіздік тарихының тағылымды ордасы // Егемен
Қазақстан. – 2002. – 20 шілде.
2 Жолдасбеков М. Ұлттық сана қалыптастыру үшін Ұлы дала тарихын
ұрпақ санасында тірілту керек // Егемен Қазақстан. – 2006. – 28 қазан.
3 2006 жылы бекітілген 2006-2010 жылдарға арналған Қазақстан
Республикасы Президенттік Мәдениет орталығының даму тұжырымдамасы.
– Астана, 2006.
4 Қасқабасов С. Өзіміз де таниық, өзгеге де танытайық // Егемен
Қазақстан. – 2006. – 16 желтоқсан.
5 Аманжол И. Музейные трагедии // Деловая неделя. – 2007. – 15 июня
23 (751). – С. 14.
Достарыңызбен бөлісу: |